"Ауыздан авария болдыңыз": Асхат Садырбай сұхбаттан кейін өзін сынаған кәсіпкерге жауап берді
Асхат Садырбай өзіне сұхбат барысында баспанасыз қазақтарды адам деп санамайтынын айтқан белгілі кәсіпкер Ахметбек Нұрсилаға шүйлікті. Белгілі журналист "Бизнес бастау" шеберлік мектебінің жетекшісін өз айтқан сөзін мойындауға шақырған деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Ахметбек Нұрсила "Алматы" арнасындағы "Не істейміз?" бағдарламасына сұхбат беріп, үй-күйі жоқ қазақтарды суырларға теңеген болатын.
Бизнес-тренердің бұл сөздері халық арасында кеңінен тарап, қызу талқыға түсті. Көпшілік оның бұл мәлімдемесіне қатысты наразылығын ашық білдірген. Бұл тұрғыда, Ахметбек Нұрсила елдің сынына жауап беріп, бұлай айтуының себебін түсіндірді.
"Менің берген сұхбатым хит болып, талқыға түсіп жатыр екен. Бұл жайтқа қатысты жауап беріп кетуді дұрыс деп санадым. Менің дәл сол контексте солай айтуым, туған халқымды қорлау мақсатында емес еді. Әлеуметтік желіде менің адам намысын оятатын қаншама видеоларым бар. Мен адам бойындағы алапат күш - намысты оятумен айналысып жүрмін. Қаншама қазақтар басында ренжиді, бірақ қайтып келіп алғысын білдіріп жатыр. Осы әңгіме телеарнада толықтырылып осылай айтылу керек еді. Мен қойылған сұрақтарға жауап беріп отырдым.
Тізгін жүргізушіде ғой. Менің сол жүргізушіге, "Алматы" телеканалына ренішім бар ма? дейсіздер ғой. Ренішім жоқ. Неге менің жанағы сөздерімді аударып, контекстен жұлып алып, айқайлатып тақырып қойып, маған бүкіл Қазақстанға лағынет жауғызып жатқан адамға мен неге ренжімеуім керек? Ренжімеймін. Бірінші себебі: Ол - тәуелді журналист. Оның иелері оған қандай тапсырма берді, ол соны орындауға мәжбүр.
Енді телеарнаға, кез келген хабарға қазіргі заманда не керек? Хайп, хит болатын, айқай-шу шығаратын тақырып керек. Осы хайп деген нәрсе бәле болды. Сол хайпты мақсат қойды. Олар мені шақырып, сұхбатты дайындаған кездегі ниеттері. Менің халыққа қаншама сабақтар өткізіп жатырмын, Қазақстанды аралай қаншама тегін мастер-класстар жасап жатырмын, Youtube-та да қаншама тегін видеоларым бар.
Соларды көріп, қаншама адам кәсіптерін жасап, өмірлерін өзгертіп жатыр. Олар соны халыққа көрсету үшін емес, тырнақ астынан кір іздеп, хайп дүние шығарғысы келді. Ниетіне жетті. Ниеті солай болды. Енді оның ниеті солай болғанын ол да кінәлі емес. Тәрбиесі тегі солай" , - дейді кәсіпкер.
Ахметбек Нұрсиланың бұл жауабы аталмыш сұхбатты жүргізген Асхат Садырбайға ұнамай қалса керек, журналист Instagram парақшасында арнайы жазба қалдырып, кәсіпкердің айтқанына қатысты пікір білдірген.
"Аңқау елге арамза молда. Ахметбек Нұрсила мырза маған берген сұхбатынан кейін осымен екінші видео үндеу жасап ақталып әлек. Мына видеоны соңына дейін көрсеңіз Ахметбек мырза үш күнде үш түрлі құбылып сөйлегенін көресіз. Аға, не үшін сонша ақталып әуре болып жатырсыз? Аузыңыздан шыққан сөзді мойындасаңызшы. Еркек, ел ағасы деген атыңыз бар.
Біз сізді бағдарламаға сыйлап шақырдық, жап-жақсы рухани әңгіме айта ма деп әртүрлі сұрақтар қойдық. Дәл сізбен хайп жасау арнаның да, біздің де ниетімізде болмағанын. Құдай көріп тұр. Бізге оның түк керегі жоқ. Осы жобада қызмет етіп жүрген бала-шағаңызбен жасты жастар, ұжым куә оған. Ауыздан авария болған өзіңіз ғой. Ниетіңіз, мақсатыңыз керемет шығар. Бірақ дәл осы мысалыңыз өте сәтсіз. Әлде жұрттың бәрі ақымақ сіз ғана данасыз ба?
Сізге қалай түсіндірсем екен. Суыр мен адамды салыстырудың өзі қате! Ол аң, сіз бен біз адамбыз, ақыл иелеріміз! Мен сізге сұхбат барысында жайлап айттым оны. Тіпті шатасып отырған шығар деп қайталап тағы бір рет сұрадым. Сіз өз дегеніңізде қалдыңыз. Бұл ешқандай монтаж емес. Қалай жазылды солай берілген жазба.
Видео үндеуіңізге жауап жазам! Дайындала беріңіз! Оған дейін тағы бір серия шығарып қоймасаңыз. Тәрбие, тек туралы әңгіме бөлек болады" , - деп жазды Асхат Садырбай.