Авторлар ақы талап етсе, Ата Заң ақпаратты тегін бер дейді...

Авторлар ақы талап етсе, Ата Заң ақпаратты тегін бер дейді...

Таяуда Алматыда ТМД елдері кітапханашыларының конференциясы өтті. Ол «Еуразия кітапханаларының жаңа форматы. Ақпараттық жүйелер және жаңа технологиялар» деп аталады. Кітапхана мамандарына таныс терминдер болғанымен, бұл атау көпшіліктің бәріне түсінікті бола бермесі анық. Сондықтан осы ретте біз осы басқосуға келген Қазақстан кітапханашылар қауымдастығының президенті, талай жылдар Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхананың, кейін Астанадағы Ұлттық кітапхананың тұңғыш директоры болған Роза Бердіғалиевамен аталған мәселелер жайлы толығырақ әңгімелескен едік.

Кітапханаларды жаңа форматқа көшіру деген не?
Жаңа заманға сай кітапхана ісі қандай ба­ғытпен жүруі керек деген мәселе бүгін­де өзектілігі жағынан ең бірінші орынға шы­ғып отыр. 1995 жылы Түркияда өткен кі­тап­ханашылардың кезекті басқосуында бір баян­дамашы ортаға шығып былай деді: «Сіз­дер, кітапханашылар, дәл қазір жер жүзінің түкпір-түкпірінен жиналып, кон­фе­ренция өткізіп жатырсыздар. Бірақ шын­дықтың бетіне тура қарайтын болсақ, онда кітапхана атаулының бола­ша­ғы бұ­лың­ғыр, яғни ол өзінің соңғы тұяқ­серпер әрекетіне кірісіп кеткендей. Себебі ХХІ ға­сырда кітап­ханалар болмайды. Неге десе­ңіз, кітаптарды жаңа технология бо­йынша сандық жүйеге көшіргеннен кейін әр оқыр­ман өз үйінде отырып, әлемнің әр түкпі­рінде қан­дай кітап бар, соны ашып оқи бе­реді. Қа­дір­лі кітапхана мамандары, сіз қорқы­ныш­ты болса да, түбі бір болатын осы құбы­лыс­қа дайын болыңыз», – деп ай­тып салды. Яғни бұдан шығатын қоры­тын­ды: жаңа за­ман талабына сай форматқа көшу­ге қадам жасай отырып, біз өзіміз отыр­ған бұтақты өзіміз кескен болып шығамыз. Әрине, дәл сол сәтте мұндай сөз сон­дағы әр кітапхана ісінің маманы, қала берді, қа­рапайым оқырманның да құла­ғына түр­підей тиді. Тіпті «мынау не тантып тұр өзі?» деп күлгендер де табылды. Өйт­кені ол болжамның болашағын көру үшін сұң­ғыла болу керек еді. Қазір де біз әлі он­шалықты бір қорқынышты қауіптің төніп келе жат­қанын көріп тұрғанымыз жоқ, қа­рап тұр­сақ, еліміздің түкпір-түкпірінде кітапханалар жарыса ашылып жатыр. Біз өзі­міздің бір замандарда көзден таса бол­ған, тыйым салынған, тарихи себептермен жан-­жаққа шашылып кеткен мәдени мұра­ла­рымызды түгендеп жатырмыз. Мұны көр­ген кім де болса кітапхана керек деген тұжырымға келеді. Оптимистік ой әлі де қо­­ғамда үстемдік құрып тұр. Ендігі заман­ның талабы бізге қалайда қолда бар кітаптарымызды сандық жүйеге көшіріп, электронды кітапхана жасақтауды қажет етеді.
Google деген алпауыт бар немесе электронды кітапханаға кірер есік
Конференцияға келген Ресей Ұлттық кітапханасының директоры Виктор Феодоров баяндамасы барысында кітаптарды түгел сандық жүйеге көшіруден ұтқаннан гөрі ұтыларымызды, әлем кітаптарының үштен бірін өздеріне көшіріп алған Google сынды әлемдік алпауытпен бәсекелесе алмағандықтан, жем болуымыз кәдік, сон­дықтан ол форматқа асықпау керек дегенді алға тартты. Сонда сандық форматқа көшу­дің қажеттілігі қандай? Біз Роза Аман­ғалиқызына осы сұрақты қойдық:
– Біріншіден, қолда бар құнды мұраны қандай да бір болуы мүмкін қатерден сақтау үшін керек. Кезінде бұл бастаманы осы Алматыдағы Ұлттық кітапхананың директоры болып тұрғанда өзім бастап кеткен болатынмын. Қазір де қолымда осы еліміздегі электронды кітапхана жүйесінің авторы деген сертификатым бар. Екіншіден, біз осы жүйеге көшу арқылы бүкіләлемдік мәдениеттер арасында өз қазақы мәдение­тімізді контент ретінде таныта аламыз. Алайда таяқтың екі ұшы барын ескерсек, осы тұста бізде қайшылықты жағдайлар орын алып отыр. Интеллектуалдық меншіктік құқық туралы заңға қатысты бізде шешілмей отырған бір мәселе бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын біз кітаптарды сандық жүйеге енгізе бастаған тұста ешбір автордан рұқсат сұрау деген мәселе көлденең тұрған жоқ-ты. Уақыт өте келе арнайы заң қабылданды да, ол бойынша біз автордың келісімінсіз ешбір туындыны әлгіндей жү­йеге енгізе алмайтын болдық. Егер автор­дың көзі тірі болса, өзінің рұқсаты керек, тек қана өмірден кеткеніне 70 жыл толған авторлардың еңбектері ғана ешкімнен рұқ­сат алмай-ақ сандық жүйеге енгізіле бе­реді. Сон­дықтан дәл қазіргі таңда көне қол­жазба, көне кітаптармен жұмыс істеп жатыр­мыз. Ал бірақ одан бергі 70 жыл көле­мінде шыққан кітаптар ескерусіз қалып қойып жатыр. Әрине, біз соның өзінде ама­лын тауып, ұрпақтарынан рұқсат алып, ілгері жылжуға жанталасып бағудамыз.
Мінеки, қайшылықтың түбі қайдан шығып жатыр? Бір қарағанда, кітапхана мәдениеттің ісі секілді көрінгенімен, оның экономикаға да әсері бар. Дәлірек айтсақ, ДСҰ-ға кіруімізге тап осы авторлық құқық­қа қатысты шешілмеген мәселеле­ріміз кедергі келтіреді екен. Қалай дерсіз? Себебі ДСҰ-ның негізгі шарттарының бірі – автор­лық меншіктік құқықтың сақталуы. Бұл – біз еліміздегі кез келген автордың құқығын қорғауымыз керек деген сөз. Егер де біз өз авторларымыздың құқығын қорғай алма­сақ, онда біз дамыған елдер санатынан са­нал­маймыз. Авторлық құқық сақталуы үшін әрбір кітапты оқыған оқырман оның ақысын төлеп, сол арқылы автор қалама­қысын алуы керек. Демек, еліміздегі кітап­хана атаулы оқырманға ақылы қызмет көрсетуі керек болып шығады. Ал біздің Конституциямызда «әр адам ақпаратқа тегін қол жеткізуге құқылы» деп жазылған. Авторлық туралы заң Ата Заңға қайшы келіп тұр. Алайда бүгінгі таңда осы мәсе­леде шырылдап жүрген жалғыз кітапханашылар секілді. Олар осы жағын реттейтін бір шешімді талап етуде. Елімізде авторлық құқықты қадағалап, сол бойынша жұмыс істеп отырған да ұйымдар бар. Олар өз тараптарынан авторлардың мүд­де­сіне жұ­мыс істеп, әр кітапханаға кіріп, авторлық және интеллектуалдық-меншіктік құқық қаншалықты сақталып отырғанын тексереді. Осыған дейін ақылы қызмет көрсеткен ең кемінде бір кітапхананы көрдіңіз бе? Жоқ. Себебі бізде бәрі тегін. Ата Заң оған жол бермейді, оған қоса, қазір интернет деген алып кеңістік бар, студент қаласа ақ­паратты содан да ала алады. Тегін ақ­парат тұрғанда ақылы кітапты кім оқиды? Бұдан шығатын қорытынды не, кітапханалар елі­міздің Конституциясын сақтап, бір қолымен оқырманға тегін ақпарат берсе, екінші қолымен авторлық құқықты бұзған болып саналады. Ендеше, осы мәселені кім реттеуі тиіс?
– Еліміз кітапханашылар қауымдас­ты­ғы­ның президенті бола отырып, мен осы орайда былай ойлаймын, – деді Роза Аман­ғалиқызы, – елімізде 12 мың кітапхана бар, солардың жағдайын жаңа формат­қа сай реттеу — ел Үкіметінің құзырында. Се­бебі Ата Заңымыздағы әр адамды тегін ақ­паратпен қамтамасыз ету талабын қой­ған басшылығымыз осы ретте әр оқыр­ман­ның кітап оқу ақысын авторларға өзі төлеуге тиіс. Әр кітапхана тиісінше қай оқыр­манға қандай кітап берді, соның ав­тор­ларының тізімін ай сайын беріп тұруды өз мойнына алады.

Кітапхана дерек
Еліміздің электронды кітапхана жүйесінің тарихы 2008 жылдан бастау алады. Қазіргі таңда бізде шамамен 15 мыңдай кітап сандық жүйеге көшкен, бұл – біздің электронды кітапхана қоры осындай көлемде деген сөз.

Түйін
– Авторлық құқық дегеннен шығады, қазір жаһанға өрмекшідей өрмегін таратып алған Google-дің өзі соттан шықпайды. Басты себебі – авторлық құқықтың аяқасты болғандығы. Алайда соттасушыларға бұл алып ақпарат иесі миллиондаған айып төлесе, есесіне миллиардтаған пайда түсіріп отыр. Миллион шығын етіп, миллиард кіріс табу деген ол кез келген бизнесте қол жеткізу мүмкін бола бермейтін табыс қой. Google болса әлемде 30 миллион кітапты сандық жүйеге өткізіп, өз қорына алып алған. Алпауыттар осылай кітапханадан ақша сауып отырса, біз олардың қасында «тас ғасырында» жүргенмен бірдейміз. Себебі сандық жүйеге көшіру кезеңінде әлі жүрміз. Онда да әркім өз бетінше, білгенінше көшіріп бағуда. Кооперация, координация деген жоқ. Ал бір ізге, бір жүйеге түсу үшін алдымен қаржы, маман т.б құралдар қажет екен. Дегенмен ерте ме, кеш пе, кітапханалардың басын қосатын арнайы бағдарлама қажет, – деп бітірді сөз соңын кітапханашылар қауымдастығының президенті.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста