Ахаңның әліпбиі
Дүниетаным тұрғысынан келсек, әліпби сауат ашудың баспалдағы ғана емес, жазу-сызу, ғылым-білім үйренудің негізгі іргетасы екені анық. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы тіл туралы өзекті мақалаларында: «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. ...Біздің заманымыз – жазу заманы, жазу мен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман», – деп жазған екен.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Шындығында, А.Байтұрсынұлы қазақ әліпбиін түзеп, түрлеудің, ана тілінде оқулықтар жазудың мәні зор екенін ғасыр басында түсініп, ұлт тілінің келешегі үшін күрескен кемеңгеріміз һәм рухани көсеміміз. Кемеңгерлігі сол: әркімнің тіліне еріп, адасып жүрген жұртына қазақ әліпбиін тайға таңба басқандай жасап берді.
Ахмет түрлеген әліпбиді күллі түркі жұрты, сонымен бірге орыс ғалымы Е.Поливанов: «...енді түзетуді қажет етпейтін, тарихи тұрғыдан алғанда кемелденген, жетілген ұлттық графика», – деп бағалаған. Түркітанушының танымына жүгінсек, «...эту последную форму, которую приняла казах-киргизская графика, я (…) считаю уже не нуждающейся в исправлениях и представляющей последний шаг в историческом формировании национальной графики, которым с полным правом могут гордиться киргизские деятели просвещения – создатели реформы как крупным культурным завоеванием» деген. Бұл – тарихи шындық һәм әділ баға.
Ахмет Байтұрсынұлының әліппесі «Оқу құралы» деген атпен 1912-1925 жылдар арасында жеті рет қайта басылып, оқыту ісінде ұзақ әрі кең пайдаланылды. Міне, сол әліпбиге биыл 100 жыл толып отыр! «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, баба мұрасымен алға жылжудың орнына, әліпбиді әлі күнге өзекті мәселе етіп көтеріп, текке даурығудамыз... Бұл «даулы мәселемен» ғалым атындағы ғылым ордасына қарасты Тіл білімі институтының зерттеушілері айналысып, шешімін табар деген үміттеміз. Десек те, Ахаң әліпбиінің қалыптасу тарихына тағы бір зер салсақ, артық болмас дейміз. Ол түзген әліпбидің заманында-ақ қазақ халқының мәдени дүниесінде зор серпілістер әкелгенін, қалың жұртты жаппай сауаттандыру ісіне, жазба дүниелердің жедел дамуына, баспа жұмысының жандануына ықпалы болғандығы туралы М.Дулатұлы, Е.Омаров, Т.Шонанұлы, С.Сейфуллин, М.Әуезов т.б. сол кездің өзінде мақалаларында қадау-қадау пікірлерін білдіріп, тарихи әділ бағасын бергені бұл күні баршамызға мәлім.
Ақиқатында, ХХ ғасыр басындағы қазақ тіл білімі мен әдебиетінде сан түрлі зерттеу жұмыстарын жүргізумен бірге, мектептің пән оқулықтарын жасаудың да қажеттілігі сезіліп, аса маңызды мәселе ретінде алға қойылған тұста Ахмет Байтұрсынұлы ұлт тілі мәселесіне аса сақтықпен қараған. Ол кирилл таңбасындағы қазақ алфавитіне мойынсұнбаған. Қазақ жұртының төл, ана тілін саф қалпында сақтау үшін қандай таңбаны алу керектігіне зор мән бере отырып, осы жолда төте жол іздеді. Ағартушы өзінің ұзақ жылдар бойғы ізденісі барысында кириллше жазудың бодандағы қазақ үшін тіл саясатындағы «тұсау», тіпті «бұғау» деп түсінді. Ол сол себептен де ұлтының болмысын жоғалтпайтын, дыбыстық ерекшеліктерін бере алатын әрі «исламды діл мен діннің лұғаты» деп зерделегендіктен, араб графикасын таңдағаны белгілі.
Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовше айтсақ, Ақаң ашқан қазақ мектебінің ұстанымы қазақ баласын ана тілінде сауатын аштырып қана қоймай, оның дүниетанымын қазақша қалыптастыру болған. Өйткені сол тұстағы оқыған, сауатты жандардың басым көпшілігінің тілі не татарша, не орысша шыққаны әрі сол тілдермен өз тілін араластырып, «қойыртпақ тіл» жасағаны да – тарихи шындық. Сондықтан да ағартушы қазақ ұлтының табиғи болмысын сақтау мақсатында білім беру жүйесінде ана тілімен оқыту тәсілін ұстанды. Әрі осы жолда қазақ баласы үшін түрен жол салып берді: «...Қазақша дұрыстап қат жаза білуге бір, екі-ақ жыл керек. Қазақша оқу дегенде мен осы күнгі мұсылманша оқып жүрген жолменен оқуды айтпаймын, қазақтың тіліменен оқуды айтамын. Бұл күнгі мұсылманша оқып жүрген жолдың бұлғалақ-жырғалағы көп, оныменен жүріп қат жаза білуге жеткенше русша білуден уақыт кем кетпейді. Себебі қазақ тіліменен оқытпай, ноғай, түрік, парсы, араб тілінде жазылған кітаптар араласып, бас қатып, мый ашып, балалар әуре-тәуре болады. Сондықтан оқу керектігі даусыз болса, оқуға керек құралдарды сайлау керектігі де даусыз. Жақсы құралменен іс істегенде көпке тиіп жанды қинамайды. Оқу құралы да сондай жан қинамайтұғын болса, жақсы болады. Әр істің басы қиын. Басында қиналмай кетсе, онан әрі тың кетеді. Бұлай болған соң әуелі оқу құралы жақсы болып жан қинамасына не керек?» деп, «ана тіл» пәнсөзінің негізгі мәні атау тұлғалы ұғым екеніне салмақ салып, төл оқулықтың басын ашып алады.
Асты сызылған тіркестердің мағынасын ашып жатудың өзі артық, бірақ осы «...қазақша оқу дегенде мен осы күнгі мұсылманша оқып жүрген жолменен оқуды айтпаймын, қазақтың тіліменен оқуды айтамын» деп, таза арабшамен тіл сындырушылардың да ана тілінен ажырайтынын, қазақша болмысын жоғалтатынын жанайқаймен айтып отыр. Ағартушы «қазақтың тіліменен оқытуды» көксейді, сол қазақ тілінде оқытудың амал-тәсілдерін соқырға таяқ ұстатқандай көрсетіп те берді. Ең бастысы, «әліпби түзелмей, іс оңалмайтынын» білген ағартушы, әліпби түзеп, түрлеуді қолға алған!
Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиіндегі ғылыми жетістіктерді лингвист-ғалым Құдайберген Жұбанов өте жоғары бағалаған. Мәселен: «...возражение не выдерживают критики, потому что всякие культурное и иное достижение, оставленное нам нашими врагами – это наше законное наследие (...). Отказываться от подобного наследия так же глупо (...) мы не откажемся ни от чего, что составляет лучшее творениях предыдущей истории, если оно в наших руках может быть полезно для нас» деген айшығынан оның кім көрінгенге әліпбиді таптатпағанын әрі қорғағанының куәсі боламыз. Құдайберген Ахметтің сол тұста «халық жауы» деп қудаланғанына қарамастан, оның еңбегін «асыл мұра» деп таниды, «ұрпақ қажетін өтеуге лайық пайдалы іс» деп біледі.
Кеңес дәуірі тұсында А.Байтұрсынұлы мұрасының негізінде мектеп оқулықтары – қазақ тілі мен әдебиетінің жазылып әрі оқытылып келгені анық. Алаш ардагері Ахметтің атын атауға Кеңес үкіметі тыйым салғанымен, оның «затын» қолдануға тыйым сала алмағаны да – бұл күні баршамызға белгілі тарихи ащы шындық. Бұған дәлел ретінде ғалым-реформатор қалыптастырған қазақ тілі мен әдебиеті пәндеріне қажетті ұғым-атаулар мен оларға берілген ережелер мен қисындардың күні бүгінге дейін қолданыста болуын атасақ та жеткілікті!
Қазақ мектебінің негізін салған тұңғыш ағартушы Ы.Алтынсарин орыс тіліндегі «Имя существительное» дегенді «Нәрселердің атауы» десе, А.Байтұрсынұлы «Зат есім» деген атау береді. «Имя прилагательное», «Имя числительное» сөз таптарына тұңғыш ағартушы «Зат-мақұлықтың қасиеттерінің аттары», «Есеп аттары» деп балама берсе, Ахмет «Сын есім», «Сан есім» деген атау-ұғым берді. «Наречие» деген орыс терминін алғашқы ұстаз «Ақыры өзгерілмейтін сөздер» деп аударса, кейінгі әдіскер-ғалым «Үстеу», «Демеу» дейді. Бүгінде бұлар – қазақ тілінде қалыптасып кеткен атау-ұғымдар. Осы атаулардың қалыптасуы үшін алдыңғы буын өкілдерінің жіберген кемшіліктерін түзеп-түрлеу арқылы ХХ ғасырдың басында қазақ мектебінің керегін жасаушы, қазақ оқығандарының көшбасшысы А.Байтұрсынұлы болғаны даусыз.
Қазіргі күні бастауыш мектептерге арналған 1-сынып әліппесіндегі «Қазақ алфавитінің» авторын ажырата алмайтын оқытушылар бар екені де жасырын емес. Ақиқатында, есімі аталмаса да, Байтұрсынұлының төте жазудағы түзілген әліпбиі аз ғана өзгеріспен кеңес кезеңіндегі мектепке, яғни алғашында – латын, соңыра кирилл әрпіне қопарылып, көшіп отырды... Осылайша ғалымның еңбегі ұрпағына қызметін көрсете берді. Жалпы, «Қазақ әліпбиі немесе ұлт жазуын жетілдірудегі Ахмет Байтұрсынұлының рөлі» деген тақырып аясында арнайы сағат бөліп, оны орта мектептердің жоғары сыныптарында оқыту өзекті мәселелердің бірі деп білген жөн.
Орыстың тіл зерттеуші ғалымдары төте жазудағы әліпбиге 1924, 1931 жылдары «Байтурсыновская графика», «Байтурсыновский алфавит» деген атау берген. Біздің бүгінгі жетілген қазақ тіліндегі 40 (жуан, жіңішке белгіні есептеу шарт емес) әріптің түп негізі А.Байтұрсынұлы емлесімен тығыз байланысты екенін түсіне бермейміз. Және ғасыр басында Байтұрсынұлы таңдаған төте жолдың байыбын дұрыс ұғынбаудың салдарынан жазу мәдениетінде өркениетті елдерден кейін қалып, әлі күнге «қай жазуды алу керек» деген дауасыз мәселенің жетегінде лағып жүрміз. Төте жазуға тұрақтамауға, мүмкін, сол тұстағы саясат әсер еткен болуы керек. Дегенмен өркениетті елдердің зерттеушілері әділ бағалаған А.Байтұрсынұлы емлесінде тұрақтылық танытқан болсақ, оңынан жазылатын харіптің қасиетін басқаша ұғар ма едік... Ислам дінімен бірге келген әріптің адамзат баласын игілікті істерге жетелері хақ екенін ой-түйсігімізбен қабылдағанмен, ұзақ жылдар кирилл әрпімен құрсауланған құлдық сана шырмауынан шыға алмай жүргеніміз ащы болса да ақиқат.
Қорыта айтқанда, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану теориясының негізін салушы, ұлт мектебінің ұлы ұстазы Ахаң әліпбиін ұлттық мұрамыз деп мақтан тұту ұрпақ парызы екенін ұмытпайық! Әрі ғалым мұрасына мейлінше адалдық танытып, қажетті деңгейде қадірлей білсек екен. А.Байтұрсынұлының тіл саласындағы мұрасын бүгінгі таңдағы мемлекеттік тілді оқыту әдіснамасының негізіне айналдыра алсақ, қазақ тілі кәсіп тілі ғана емес, іс жүргізу тіліне айналары анық.
Райхан ИМАХАНБЕТОВА, Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры, ХБУ(UIB) доценті