Ахмет Байтұрсыновтың мұражай-үйі Алматының меншігіне қайтарылды (ФОТО)
Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев көрнекті ағартушының тарихи-мәдени мұрасын сақтау мақсатында тиісті шешім қабылдады.
Жұмыс сапары барысында қала әкімі А. Байтұрсыновтың мұражай-үйіне барды. Ол мұражай-үйді қоғамдық қордан коммуналдық меншікке беру туралы шешім қабылданғанын айтты.
«Келер жылы көрнекті ағартушы А. Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толады. Мерейтойға дайындық барысында қоғам қайраткері тұрған мұражай-үйді қала меншігіне қайтардық. Оның мұрасы мәңгілік сақталады», - деп жазды Сағынтаев өзінің Twitter-дегі аккаунтында.
ХХ ғасырдың басында салынған мұражай ғимараты республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Ғимараттың жалпы ауданы – 160 ш.м.
Мұражай 1993 жылы құрылды және 1998 жылы ресми түрде ашылды. Мұражайда А. Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылығы туралы 500-ге жуық материал сақталған.
sn.kz