Азаттықтың ақыны

Азаттықтың ақыны

Көне мақамды жаңаша жаңғыртып түрлендірген, қазаққа ғана тән айтыс өнерін тың белеске көтеріп, табиғи дарынымен барша қазақтың жүрегінен орын алған айтыскер ақын Оразалы Досбосыновтың дүниеден озғанына биыл жетінші жылдың жүзі болды. «От ауызды, орақ тілді ақын» атанған оғылан ұл небәрі 29 жыл өмір сүрді.
Отызға толмай жатып-ақ орда бұзып топ жарған таланттың көкірегін қарс айы­рып шыққан шыншыл да шымыр сөздер мен тегеурінді тіркестер ел жадынан мәңгі өш­пек емес. Қазақы рухтың туын көкке кө­тер­ген оның әрбір айтысы қара домбыра асынған кейінгілерге үлгі болары хақ. Қазір қарап отырсақ, Оразалы дәл мағынасында Азаттықтың ақыны болғандығына ешкім шүбә келтірмес. Жасынан-ақ қара өлеңді құ­лағына құйып өскен ауылдың қара ба­ласы күллі қазақтың жанындай жақсы кө­ріп, сүбелі сөзін сағына күтіп, тамсана тың­дайтын ақынына айнала білді. Хантәңірі бау­райында, Құдайдың уысы, таудың қуысында елеусіз тірлік етіп жатқан қараша ауылдың абыз ақсақалдарынан жыр, қисса, дастандарды бойына сіңіріп өскен бала Ораз қысқа уақыт ішінде өз қа­та­рынан оза шығып, дара Оразға айналған еді. Әттең, мезгілсіз ажал ұлтымыздың маң­дайына біткен артық туған ұланды қапияда бұл дүниеден алып кетті. Қара­ша­да туған ұл қарашада көз жұмды. Араға жеті жыл салып ақынның жары, белгілі әнші Ажар Түзелбекқызы да дүние салды. Бі­рінен – жалындаған жыр, бірінен сырлы әндер қалды. Ендігі медет – өнерді өзек еткен осы отбасының шырағын сөн­дір­мей­тін, Оразалы мен Ажардың ғұмырын жал­ғас­тыратын ұрпағында.
Бүгінде Оразалыдан қалған сүбелі сөздер ел ау­зында шашырап, әр жерден әр­түрлі ай­ты­лып жүр. Сол себепті басты мін­дет ақын мұрасын шашау шығармай жи­нас­ты­рып, жарыққа шығару болса керек. Айтыс әлемінде өзіндік қайталанбас қол­таңбасын қалдырып, өз мектебін қа­лып­тастырып кет­кен Оразалының жазба еңбектері мен жекелеген айтыстары әлі де терең талдап, зерделі зерттеуді қажет етеді. Бұл бағытта бастамалар да жоқ емес. Қа­зір­гі уақытта айтыс­кер ақынымыздың шы­ғар­машылығы бірқатар университеттерде тақырыптық ғылыми еңбектерге арқау болып ке­леді. Демек, бұл – ақын мұра­сы­ның жай ғана айтылып қой­май, ғылыми айналымға түсе баста­ға­ны­ның бір белгісі.
Осындай ізденіс жолындағы ал­ғашқы қарлығаштардың бірі ретінде жас ғалым, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситеті филология факультетінің тү­легі Әйгерім Әлімжанның еңбегін айрықша атап өтуге болады. Осыдан біраз жыл бұ­рын оның «Айтыстың көркемдік әлемі (О.Дос­бо­сынов шығармалары негізінде)» атты зерттеу кітабы жарық көрген болатын. Атал­ған зерттеу еңбек қазіргі кезеңде ке­меліне келген әдеби тіліміздің ілгері басып, да­муына ақындық үлесін қосқан Оразалы ақын­ның шығармашылығына арналған. Ғылыми негізге сүйеніп жазыл­ған кітапта Ора­залының айтыстарындағы формалық ізденістер мен көркемдік тәсіл­дердің ерек­шеліктері арнайы қарас­ты­рылып, бұрынғы ақындар Біржан мен Сара, ұлы Абай өлең­дері, түркі жазба ес­керт­­кіштерінің көр­кем­дік сипаттарымен салыстырылып қарас­ты­рыл­ған. Бұл зерттеу кітабына жазған алғы­сөзінде филология ғылымының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы «О.Дос­бо­сынов айтыстары негізінде алғаш рет жа­зыл­ған бұл зерттеу айтыскер ақын­ның көр­кемсөз образ­да­ры­ның көркемдік-тілдік бейнесінің мәні ту­ралы пайымдаулар жа­сауы­мен құнды. Ақын тіліндегі троптар­дың, көркемдік тәсіл­дердің қолданыс аясы арқылы бүгінгі айтыстың көркемдік әлемін танытады» деген пікір айтқан. Ізденімпаз жас ғалым­ның нәтижелі зерттеуі «Кие» лингвоелтану ин­новациялық орталығының баспасында 1000 дана таралыммен жа­рық­қа шыққан. Жас ғалымдар тарапынан туындап отырған мұндай талпыныстар ал­дағы уақытта да жал­ғасын тауып оты­ратынына сеніміміз бар.
Оразалы дүниеден озғалы бері туған ауылы Тегістікте, Нарынқолда арнайы еске алу кештері мен кішігірім айтыстар ұйым­дас­тырылған болатын. Ал ақынның өзі көрігін қыздырған Алматыдай алып қалада осы күнге дейін бірде-бір үлкен мәдени ша­ра өткізіле қойған жоқ. Кезінде ақынның бір топ қанаттас достары, қаламдас бауыр­ла­ры Оразалының есімін дәріптеу мақ­са­тында атқарылуға тиіс біршама шаруа­лар­ды мәселе ретінде көтеріп еді. Осы тұста жоғарыға сөзі өтетін ағаларымызға қадап тұрып айтарымыз: кезінде өзі еңбек жолын бастаған туған ауылы Тегістіктегі мәдениет үйіне, сол ауылдағы бір көше мен өзі оқы­ған мектепке немесе аудан орталығындағы бір көшеге Оразалы Досбосыновтың есімі берілсе... Ақынды дәріптеу туған ауылынан бас­тау алса, келешекте айтарлықтай игі істерді Алматыдай алып шаһарда да жүзеге асыруға мүмкіндіктер туар еді.
Сауапты істерге әлі де болса назар ауда­ратын тізгінұстар азаматтар табы­ла­ты­нына бек сенгіміз келеді. Жақында ақын­ның өзі білім алған қара шаңырақ – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті игілікті істің бастамашысы ретінде көрінді. Осы орайда оқу орнының үлкен залында «Ақынмын сөзі жетер сан ғасырға» деген атпен еске алу кеші мен уни­верситетаралық жас ақындар айтысы өткі­зілді. Бұл сөзтартысқа Қазақ мем­ле­кет­тік қыздар педагогикалық университетінің, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінің, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің, Қ.Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық универ­си­те­тінің, Қазақ ұлттық аграрлық уни­вер­си­те­тінің, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының, С.Демирел атын­дағы университеттің айтыскер студенттері қатысты. Оразалы рухына арналған ау­қым­ды мәдени шараны ақынның кезіндегі қаламдас бауыры, университетте бірге оқыған досы, талантты ақын Бақыт Бедел­хан­ұлы жүргізді. Белгілі қаламгер, «Ан-Арыс» баспасының бас редакторы Кәдірбек Құныпияұлы бастаған қазылар алқасы Оразалының ізін басқан жас айтыс­кер­лер­дің өнерлерін барынша әділ бағалап, жүлдегерлерге арнайы диплом мен бағалы сыйлықтар табыс етті.
«Сұрасаң менің атым – Оразалы,
Тұяғым жыр жолында тозады әлі.
Қолдаса бабалардың аруағы,
Бұл Ораз талай топтан озады әлі!»
– деп, сонау мектеп қабырғасында оқып жүр­ген кезінде-ақ үлкен ақындарға тән тұшымды сөз айта білген Оразалы өзінің түбінде талай тартысты додаларда топтан озып, ақындықтың биік белесіне көте­рі­летінін сезіп, бағамдап кеткендей. Осы­лай­ша, Тегістіктен басталған ақын жолы бір­жолата кеңістікке бет алды...

Жандауыс
Елге кетем...
Елге кетем жетті енді, елге кетем,
Есек құрлы жоқпын ба, еңбек етем.
Желігімді жерлеймін де желден ескен,
Ендігі қобыз қылын елмен есем.
Екіге орап белбеуді белге бекем,
Семсер ұстап қайтпекпін сермемесем?!
Семсер өрлік, сертті ерлік, өртім де бар,
Сегіз қырдың біреуі кем демесең.
Сегіз қырым жоқ бірақ сенімдімін,
Бос өкпелік жоқ менде өгіз мұрын.
Үзбес үшін кей-кейде көңіл жібін,
Көк итіне таланам көп игінің.
Сұлтан көп қой, май мұрын, қозы қарын,
Қомдап жүрген боқтағы қоңыз арын.
Білгісі келмейтіндер сезеді анық,
Өрмекшінің өткелде торы барын.
Бақа-шаян ұрпақтың соры қалың,
Елге кетем жетті енді, елге кетем,
Ел жекімес... жерісе жерге кетем.
Себебі атам – Адам, анам – Хауа,
Осы біз таптап жүрген жерден екен.
Өз үстінде асқынтқан ауруымды,
Болмас енді астында емдемесем.
Жер де мекен пендеге, көр де мекен.
Сондықтан да мен кетсем көрге кетем, –
Деп жүрмеңдер ақыры өлген екен.

                                                         Оразалы


Темірхан ТЕБЕГЕНОВ, филология ғылымының докторы, профессор:
– Оразалы Досбосынов менің шәкірттерімнің ішіндегі ерекше қабілеті бар талант иесі еді. Ол университетке оқуға қабылданған күннен бастап оқу орнының барлық мә­дени өміріне белсене араласып жүрді. Ол кездер бір қиындау заман болатын. Сту­денттердің жағдайы белгілі. Дегенмен Ораз сабағына тыңғылықты болды. Рас, бойында өнері тұнып тұрған ол көбіне ел-елдегі түрлі шараларға, айтыстарға сапар­лап кететін. Бұған ұстаздар қауымы кешіріммен қарап, қайта оның есімімен мақ­та­натын болдық. Ол көбіне әрі бауыр, әрі досы, бүгінде танылған ақын – Бақыт Бе­делхан екеуі қатар жүретін. Жалпы, Оразалы қашан көрсең де жалғыз жүрмейтін. Оның қасында үлкені бар, кішісі бар – өлеңге құмар жандар топтасып жүретін. Ораз­дың сөз саптасы да, ойы да өз қатарластарына қарағанда анағұрлым биік екендігі кө­рініп тұратын. Бұрын Ораздың айтысын біздің университет студенттері сабақтан қа­шып барып көретін. Айтыс сахнасында жаңа құбылыс болып келген оның феномені ке­лешектегі зерттеулерге арқау болары анық.

Жанарбек ӘШІМЖАН, ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты:
– Кешегі қара өлеңнен дауыл тұрғызған ұлы бабаларымыз Сүйінбай мен Жам­был­дың, Шарғын мен Таңжарықтың, Құлмамбет пен Көдек дәстүрінің бірден-бір жал­ғастырушысы болған, халық ауыз әдебиетінің қаймағы мен қайнарын қанып ішкен, таудың дана шалдары сақалына орап жүріп өсірген Оразалы ақын қазақ ай­тысына абыздардың көне сарыны мен өрдің мөлдір бұлағындай тазалықты алып келді. Суырыпсалма өнердің тұма табиғатын сарайларда сан рет паш етті. Ішкі мә­дениеті мен бойын кернеген бұла таланты, қалақтай ғана бітіміндегі бас бермес асау мі­незі Жаратушының жүрегіне құйған жылы ағысын жасандылықтан, жолбикеліктен, жәр­кештіктен, жарамсақтықтан ада болуға көп септесті.

Қадыр Мырза Әлі бірде: «Қазақтың ірі ақындарының тіл сындырып, әліп таныған мектебі домбыраның бауырынан өрбіген өлең-жырлар әлемі еді. Қазір қазақ жы­рына домбырадан келетін ақындар аз, ендігі жерде ондайлар азая да бермек. Бар­дың нарқын, жоқтың парқын білмеумен күресу керек», – деген еді. Біздіңше, бұл анықтама жазба ақындармен қатар, айтыс өнерінде айрықша ізі бар айбоздарға да ар­налып айтылғаны сөзсіз. Бұл тізімнің жуан ортасында орақ тілді Оразалы шайыр­дың барына қапысыз сенесіз.
Бақыт БЕДЕЛХАНҰЛЫ, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Әдебиетшілер үйінің директоры:
– «Бір ақынның ашылса тіл мен жағы,
Мың адамның айтылар мұң мен зары» – деп, талай әдемі нақыл мен сөз тір­кес­терін тудырған Оразалы ақынды қайта түлетіп, есімін дәріптеп, өлең-жырларын на­сихаттау – бұл біздің тіліміз бен ділімізді, рухымыз бен намысымызды қайта жаң­ғыртумен пара-пар деп есептеуге болады. Оразалы – мына сапырылысқан заманды қабылдай алмаған ақын. Ол, керісінше, өткен ғасырдағы бабаларымыздың аталы қа­ғидаттарын қасиеттеп, қастерлеп, ішіне тоқып, пәтуалы сөз етіп елге жеткізуші болды. Ақындар әрқилы сипатта өлең өріп, әркім өз хал-қадерінше өнерге қызмет етеді. Біреу сұрап айтады, біреу құрап айтады, енді басқалары жылап айтады. Оразалы сол ел мұңын жоқтап, шындық үшін шырылдап, жылап айтатындардың көш басында тұрды.

Біз екеуміз бір үйдің баласындай қатар өстік. Арамызда туыстығымыз да, дос­тығымыз да бар болғандықтан, етене жақын жүрдік. Биыл тірі болса мүшелге толар еді. 13 жасынан өлең салған өрен жүйрік Оразалы бауырымыз қазақ айтысының тө­рінен ойып тұрып орын алды. Ендігі парызымыз – оның терең де мазмұнды мұрасын үнемі насихаттап, жас ұрпақтың жадына сіңіріп отыру.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста