Бабаларға белгітас қойылды
Алматы облысының Алтынемел өңірінде осыдан бір жарым ғасыр бұрын аға сұлтан Тезек төре Нұралыұлы мен белгілі сөз өнерінің майталманы Бөлтірік шешен жер дауын әділ шешкен деседі. Алматы облысы әкімінің ұйғаруымен Алтынемел асуы маңындағы Жоңғар Алатауы бөктеріндегі сол жерге бабаларымызға арнап ескерткіш белгі қойылды.
Белгітастың ашылу салтанатында облыс әкімі Серік Үмбетов, қоғам қайраткері Ізбасар Балтағұлов, ғалым Қасқабай Мұқанов, қаламгер Зернебек Шілдебайұлы сөз сөйлеп, белгітастың ұрпақ сабақтастығы, ел бірлігі, тарихты тану жолында үлкен ұлағат екенін атап өтті. Сонымен қатар еңбек ардагері Шернияз Нұғманов Аралтөбе ауылындағы мектепке Тезек төренің аты берілсе деген ұсынысын жеткізді.
«Мәдени мұра» бағдарламасының аясында жүзеге асырылған, елді татулық пен бірлікке шақыратын ескерткіштің бас сәулетшісі – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген сәулетшісі Қазбек Жарылғапов. Жобаның жалпы құны – 12 млн 300 мың теңге. Күрті гранитінен қашалып жасалған монумент жалпы алаңы 144 шаршы метр жерді алып жатыр.
Белгітаста Бөлтірік шешеннің «Білектің күшінде кеткеніңді биліктің күшімен қайтардым, найзаның ұшында кеткеніңді тілдің ұшымен қайтардым» деген даналығы мен Тезек төренің «Көріңдер Абылайдың Тезек ханын, Тезектің бір жағы – ақын, бір жағы – әкім. Береке-бірлік және татулықта, Бабаның өсиетін ұстан, халқым!» дейтін сөзі қашалып жазылған.