Баян - Өлгей аймағынан ұлттық жәдігерлеріміз табылды
Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының оқытушылары мен студенттерінен құралған ғылыми топ Баян-Өлгей аймағында кең таралған ән-күйлерді зерттеп қайтты.
Фольклорлық экспедиция өз жұмысын екі жыл бұрын бастаған екен. 2013-2014 жылдың жаз айларында Моңғолия жеріндегі қазақтармен жүздесіп, бұрын-соңды кездеспеген халықтық музыкаларды жазып алып қайтқан. Нәтижесінде «Назқоңыр» СD дискісі мен «Ақшоқы» ноталық кітабы жарық көріп отыр. Ұлттық жәдігерлердің таныстырылымына Түркия, Моңғолия, Қырғызстан, Башқұртстан елдерінен дәстүрлі орындаушылар келіп, түркітілдес халықтардың көне әуен-саздарын орындады. Бұл жобаны бұған дейін қазіргі Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қолға алыпты.
«Мұндағы мақсат – қазақ даласын айтпағанда, шет мемлекеттерде әлі де хатқа түсіріліп, бізге жете қоймаған ұлттық құндылықтарымызды жи-настыру. Келер ұрпаққа аманаттап қалдыру. Екі жыл ішінде бұрын-соңды біз естімеген, естісек те түпнұсқалары сақталмаған халық әндері мен күйлерінің жаңа түрлері жазылып алынды. Былтырғы жылдың қорытындысында халықаралық конференция өтіп, әдістемелік ретінде «Арнау» күй кітабын шығардық. Биыл «Асыл мұра» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел ұйымдастырып, «Ақшоқы» партитуралар жинағын құрастырдық», - дейді «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының меңгерушісі, әнші Рамазан Стамғазиев. Ел арасында әлі де қағазға түспеген музыкалық мұраларымыздың мол екенін айтады зерттеушілер. «Бүгінгі заманның ең өзекті мәселелерінің бірі – қазақтың дәстүрлі мәдениетін қайта жаңғыртып, халықаралық дәрежеге шығару. Осы тұрғыда қазақ мәдениетінің қаймағы бұзылмаған, аспан астындағы музей тәрізді Баян-Өлгей қазақтарының ұлт үшін мәні өте терең. Кең-байтақ даланың төл перзенті болып табылатын, түркі дүниесінің қара шаңырағында өмір кешіп жатқан Моңғолияның Баян-Өлгей аймағын мекендейтін қазақтардың музыка мәдениетінде ерекше орын алатын рухани байлықтарының бірі – ән мен күй. Еліміздің шығыс өңірінде калыптасқан күйшілік-әншілік дәстүрдің бір тармағы болып саналатын Баян-Өлгей аймағының музыкалық мұрасы аса бай және өзіндік ерекше үнімен, орындаушылық мәнерімен ерекшеленеді. Осы өңірдің музыкалық мұрасы болашақта зерттеп, зерделеуді әлі де қажет етеді», - дейді күйші, зерттеуші Мұрат Әбуғазы.
Айта кетейік Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының фольклорлық кабинетінің меңгерушісі, профессор Қайырғазы Төленнің қатысуымен жиналған материалдар негізінде бірнеше жинақ жарық көрді. Атап айтқанда, 2008 жылы «Арман» деген атпен Моңғолия мәдениетінің озат қызметкері, сазгер, күйші Сейіт Жұмаханұлының 30-дан астам төл күйлері, 2009 жылы «Телқоңыр» партитуралар жинағы және 2010 жылы «Телқоңыр» атты 2 күйтабағы тыңдарман қолына тиді ( 40 домбыра және 30 сыбызғы күйлері).