«Бәйтерек» балаларға ой салды
Соңғы жылдары қазақ киносында балалар фильмін түсіруге ешқандай режиссердің тісі батпай жүрді ме, әлде сұраныс аз болды ма немесе сапалы сценарий болмады ма, кім білсін, әйтеуір, қазақ балалары кино шеберлерінің назарынан тыс қалған еді. Тек өткен жылы ғана «Қазақфильм» киностудиясында жас көрермендерге арналған бірді-екілі фильмдер жарық көріп, аз да болса балалар фильміне жан біткендей болды. Балаларға арналған өткен жылғы картиналардың бірі – режиссер Данияр Саламаттың «Бәйтерек» фильмі. Таяуда Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ Алматы қаласындағы «Арман» кинотеатрымен бірлесе отырып, алғаш рет балалар үйі мен мектеп-интернат оқушылары үшін «Бәйтерек» фильмінің қайырымдылық көрсетілімін өткізді.
Естеріңізде болса, Санжар атты бас кейіпкердің балалық арманын фильмге арқау еткен режиссер Данияр Саламаттың «Бәйтерегі» алғаш эфирге шыққанда біз бұл қуанышты жаңалықты алғашқылардың бірі болып оқырманға жеткізген едік. Кез келген ересек адамды өз балалық шағына бір саяхат жасатып алатын «Бәйтерек» фильмі еліміздегі барша қала, ауыл балаларына, мектеп оқушыларына көрсетілсе екен деген тілегімізді де сол уақытта білдіргенбіз. Міне, осы тілегіміз орындалып, бүгінде фильм балақайларға да жетті.
«Қазақфильм» киностудиясы басшылығының бастамасымен ата-ана қамқорлығынан айырылған, мейірімді алақанның жылуына зәру балаларға ендігі уақытта қазақ киносының жаңа туындылары, оның ішінде балаларға арналған картиналар кинотеатрларда жиі-жиі тегін көрсетіліп тұратын болды. Қатал өмірдің ащы дәмін ерте сезініп, ата-анадан жетім қалған қаракөз бүлдіршіндердің болашаққа деген ынта-жігерін арттыру мақсатында қолға алынған қайырымдылық шарасы бірінші рет Алматы қаласындағы «Арман» кинотеатрында өтті. Кіп-кішкентай актерлер түскен «Бәйтерек» фильмін бірінші болып Алматы қаласының №1 балалар үйі және Алматы облыстық Шалтай Смағұл атындағы мектеп-интернаттың 5-6 сынып оқушылары тамашалады. Фильмдегі өздерімен шамалас кейіпкерлердің әрбір іс-қимылын қалт жібермей қарап, Санжар, Мадиярлардың қызық қылықтарына шын пейілдерімен күліп, бір-бірімен сыбыр-күбір етіп фильмді талқылап отырған кішкене көрермендерді сыртынан бақылағанның өзі қызық.
Мерекелік шара барысында оқушылар «Бәйтерек» фильмінің түсіру тобымен жақын араласып, суретке түсіп, қолтаңбаларын алу мүмкіндігіне ие болды. Кино- залдан шығысымен балалар бас кейіпкердің рөлін ойнаған Орынбек Сатанбаевты көре салып, «Санжар, Санжар!» деп оны ортаға алып, суретке түсумен болды. Кейбіреуі тіпті Орынбектен: «Дана апай қайда?» – деп сұрап қояды. Фильмдегі Дана апай – өмірдегі Мөлдір Мырзақасымова белгілі себептермен бұл шараға қатыса алмады. Естеріңізге сала кетейік, фильмде Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі Меруерт Өтекешова, дарынды жас актер Ернар Жұмабаев т.б актерлер ойнайды.
Арман СҰЛТАНОВ, 5-сынып оқушысы:
– Маған «Бәйтерек» фильмі қатты ұнады. Мен Астана қаласын тек теледидардан көргенмін. Мен де Астанаға барсам, ол жақтағы әдемі жерлерге қыдырсам, Бәйтеректі көрсем деп армандаймын. Мен өскенде Астана қаласына барып, биік ғимаратта жұмыс істеймін, балаларға арналған киімдер, ойыншықтар жасаймын. Фильмдегі Санжар менің досыма ұқсайды екен. Досымның аты – Данияр, ол да Санжар секілді қияли және көзілдірік тағады.
Балалардың кіршіксіз әлемін, әсіресе қазақ баласына тән аңғалдық пен ұяңдықты фильмде артық бояусыз суреттей білген режиссердің бұл картинасы балаларды армандай білуге, армандарының ақиқатқа айналатынына сенуге, болашаққа деген зор мақсаттарға жетелейді. Ендеше, болашақта балаларға арналған фильмдер көбейе түссін және мұндай фильмдерді әр бала өз ата-анасымен бірге тамашаласын деп тілейік.