"Байып кетемін деп құмар ойындарға салынбадым": Рүстем Қайыртайұлы осал тұсы, кеш үйленуі мен айтыстың болашағы жайында

"Байып кетемін деп құмар ойындарға салынбадым": Рүстем Қайыртайұлы осал тұсы, кеш үйленуі мен айтыстың болашағы жайында

VIII "Алтын домбыра" республикалық ақындар айтысының жеңімпазы, айтыскер-ақын Рүстем Қайыртайұлы өмірінің кейбір сәттері туралы сыр шертті. Орда бұзар отыз жасынан асқанда шаңырақ көтерген ол Stan.kz тілшісіне не үшін кеш үйленгенін айтты. Жүрсін Ерманнан соң айтыстың бет-бейнесі, тізгіншісі ретінде Ринат Зайытовты көретінін жеткізді.

 Айтыскер ақындардан кімді үлгі тұтасыз?

 
- Әркімге өз әкесі Қаратаудай көрінеді. Айтыста басты үлгі тұтар адамым - әкем. Сол заманда қайтіп бала-шағамды асыраймын деген оймен айтыстан қол үзіп қалды. Білгенін маған үйретті. Өйткені басқаларына қарағанда менің айтысқа ебім болды. Қыр-сырын үйретіп, баулыды. Мені бүкіл айтыстарға қатыстырды. Айтыста қандай да бір жеңіске жетсем, әкемнің еңбегінің жемісі. 

Одан кейін мен айтыста үлгі тұтқан ақын - Мұхамеджан Тазабек. Әуенімді де, сөз саптауымды да сол кісіге қарай кішкене бағыттадым. Теңеумен сөйлеуді, астарлап жеткізуді, мәтелдеп-көркемдеуді, ешқашан бетін тіліп тіке айтпай, айтқың келгенді қазақы қалыппен, дәстүр-салтымен жеткізуді үйрендім. Бекарыс Шойбеков ағамыздың шапшаңдығын, тауып айтатын тапқырлығын, Оразәлі Досбасынов ағамыздың қазақылығын өзіме "жұқтырдым". 

Бұдан бөлек қалған ағаларымыздың да жақсы қасиеттерін боймызға сіңіруге тырыстық. 

- Айтыста сізге катысты әділетсіздіктер болды ма? 

- Айтыста әділетсіздік көрдім деп айта алмаймын. Керісінше, мені көтеріп, қамшылап, жүлдені қанжығама байлап жатады. Бәйге алмай қиналып жүрген кездері "Рүстем де бәйге алсын" деп жүлдені жұлып берген кездері болған. 2006 жылы Өскеменде өткен Оралхан Бөкейді еске алу кешінде Балғынбек ағаның балы жоғары болып, көлік ұтып тұрғанда: "Рүстем менен көрі жақсы айтысты, жастарды жетелеу керек" деп жүлдені маған берген. Қазір шүкір екі айтыстың бірінде жүлдені өзім алып жүрмін. Дайындығымның пісіп-жетілгенінен де болар. Әйтпесе, жүлдені бетіме қарап бере салмайды. Дегенмен әлі де көп дайындық, ізденіс керек, әлі де жақсы айтыс өрнегін көрсету керек. 

Дегенмен әділетсіздік жайлы сөз қозғағанда іш күйетін кейбір жайттар бар. Мысалы, бір апайларымыз бар, Дидар Қамиевті жақсы көретін. Айтыстан бас жүлде алдым десем, "ол айтыста Дидар Қамиев та айтысты, сенің Дидардан еш жерің артық емес, неге Дидар бас жүлде алмайды" деген пікір айтады.

Дидар әдемі әнші шығар, жақсы ақын шығар, бірақ танымал екен деп бетіне қарап бас жүлде бере беретін болса, дұрыс емес. 

- Өзіңізге емес, өзгелерге жасалған әділетсіздікті байқадыңыз ба?

- Бекарыс Шойбековтың "Алтын домбыра" алатын кезі болды. Айтыстың ең басты жүлдесіне лайық адам. Алдағы болатын айтыста Бекарыс ағаға белден басып болсын, "Алтын домбыраны" беру керек деп ойлаймын. Өйткені айтысқа көрермен жинап, айтыстың абыройын арттырған ақын. 

- Әріптесіңіз Айбек Қалиев біршама мәселенің бетін ашып, сынағаны үшін қорқытқан кездер болды дейді. Сізде ше?

- Айбек Қалиевті, Ринат Зайтовты ел-жұрт шындықты шырылдатып айтатын айтыскерлер ретінде таниды. Өз ауыздарынан да қорқытып жатыр дегенді естігенбіз. Бірақ мені қорқытып, бопса жасаған кезі болған емес. Себебі мен ешқашан аузыма сыймайтын, ақылым жетпейтін дүниені айтпаймын. Өрем жететін дүниені қозғаймын. Ешқашан қылыш алып, ханға, ақжағалыға қарсы шығып, "өзіме көп алмаймын". 

Не айтсам да өз шеңберінде. Айтысқа өнер ретінде қараймын. Ел шындықты біледі. Айтыстың өнер ретіндегі сипаты басым болуы керек. Айтысты көрген жұрт сүйсініп отыруы керек. Айтысты шындық айту құралы деп емес, ұлттық өнер ретінде, қазақты қазақ етіп тұрған бренд ретінде қарау керек.

Айтыстағы сөзім үшін қоңырау шалып, қорқытқан адамдар болмады. Мемлекетке, үкіметке, қоғамға қатысты сөздерімді әбден сылап-сипап, артық-кемін алып, өнер ретінде жеткіземін.

- Жас кезіңізде Ринат Зайытовпен етене жақын араластаңыз әрі жерлессіз. Қазір қандай қарым-қатынастасыз ?

- Ринат екеуміздің бір-бірімізді танитынымызға 25 жылдан асты. Бір сахнада 20 шақты рет айтыстық. Бірақ бізде ешқашан бет жыртысу болмапты. Сырласып қана айтысып келе жатырмыз. Ринат көп ақынмен шайнасып, тістесіп айтысады. Табиғаты сондай. 

Бірақ біздің бала кезімізден құлын-тайтай тебісіп өскен соң, сыйласып отырып-ақ қоғамдағы өзекті мәселелерді жеткізе алған жақсы айтысымыз көп. Қазір ол - менің бастығым. Бір жерде жұмыс істейміз. Ақылшы-досым.

- Ринаттың жұрт білмейтін қыры мен сыры сізге белгілі шығар ...

- Жұрт білмейтін Ринаттың бір қасиетін айту керек. Ринаттың ішкі әділдігі мықты. "Жүлдені ала салайыншы" деп жылы-жұмсақ сөйлеген кезін көрген жоқпын. Мысалы, айтыс ұйымдастырушылары "Ринат, шындық айтсаң да қатты айтпашы, жұмсартып айтшы, бас жүлде онсыз да сенікі" деп келгенде "маған жүлделерің керегі жоқ, не айтқым келеді, соны айтамын, аузыма қақпақ болмаңдар" деген сөзі әлі есімде.  

Шындықты шырылдатып, бетіңді тіліп жіберіп, тоқпақпен басыңа қойып қалғандай айту - Ринатқа ғана жарасады. Айтысқа бір Ринат керек. Бір тентек бір елге керек дегендей, Ринат сияқты бір "тентек" ақын жүруі керек. 

Ринат жаңа лауазымға отырған соң сынаушылар көбейіп кетті. Бұл - Ринаттың өнерге қызмет етейінші дегені. Осыдан Ринатты тоқтатып қояды, аузын майлады деп ойлайтын да дүние емес. Ол біреудің көңілі үшін өз позициясынан бас тартпайды. 

- Осыдан 10-15 жыл бұрын Тазабеков Меккеге қажылыққа апарған өнерпаздардың ішінде болдыңыз. Қазір дінге жақынсыз ба?

- Қазақтың обал болады, ұят болады, жаман болады дегенінің өзі дін ғой. Біреуге қиянат жасамау, біреудің алдында ұялып қалмау деген де - дін. Діннің басты қағидасы жақсы, жүйелі өмір сүру. Дінді солай қабылдаймын. Мен аса діншіл, тақуа адам емеспін. 17-18 жасымызда Мұхамеджан ағамен қажылыққа да бардық. Ол кезде діннің, исламның қадірін біле қоймайтын жастамыз. Ол жаққа барғандағы бағытымыз тақуалыққа қарағанда туризмге жақын болды. Ол кісілер де бізге қиянат жасайын деп ойлаған жоқ. Білсін, көрсін деп екінің бірі табаны тимейтін жерге алып барды.

Мұхамеджан ағаға әркім әртүрлі пікірлер айтады. Бірақ мен оны ешқашан  жамандыққа қиғам жоқ, қимаймын да. Өйткені ол кісінің жанында жүрген азамат ретінде, ғақлиясын, жақсы бір насихаттарын тыңдаған адам ретінде бір білетінім қазаққа жамандық ойламайтын адам. Елдер тас атып, топырақ шашып жатқанда, басқа-басқа Мұхамеджан мен Бекболат ағаларымызды ішкі дүниемде жамандықа қимаймын. Қазаққа қиянат істейтін адамдар емес. Көзім жеткені - қазаққа жаны ашитын азаматтар. 

- Бір кездері құмар ойынға салынғаныңыз белгілі. Оны көп жерде айтып та жүрсіз, жасырмайсыз. Оған түсуге не себеп болды деп ойлайсыз? 

- Жастық деген сөздің өзі жартылай ақымақтық деген сөз. Елуге келіп, етбетіңнен құлап, алпысқа келіп, алқымнан алып, жетпіске келіп те сүрініп жүргендер көп. Әркімнің тағдырында әр түрлі сынақ кездеседі. Бірі ішімдікке салынса, бірі жұлдыз ауруына шалдығады, біреу ағайын-туыспен қарым қатынас үзіп кетеді, біреуі тәкаппар болып кетеді. Менің осал жерім - осы. Мың түрлі мықтылық бар болғанымен, бір осалы тұсы болады. Жүйкемнің, жандүниемнің осал жері шығар. Байып кету үшін немесе шалқып тасып өмір сүрем деп ойнаған емеспін. 

Құмардың емі - бауырларыңмен дұрыс қатынаста болу, ата-анаңмен жиі сөйлесіп тұру, шынымен жаны ашитын жолдастарыңның қасында отырып шай ішу.  Жалғыз қалып қалған адам тұнғиықтан-тұнғиыққа бата береді. 

- Ең көп ұтылған сомаңыз және ең көп ұтысыңыз қандай болды?

- Бір отырған кездегі ең үлкен ұтыс 1-2 миллион шығар. Мен бір қатты салынып ойнадым деп айта алмаймын. Ұсақ-түйектен ұтылып шығынға батқаным бар. Бірақ көлігін, үйін салып жіберетіндей деңгейде болмады. Осы жағдайды санамнан өшіріп жүрген адаммын. Әр әулетте бір адам құмар ойынмен ауырып жүр. Құмар ойын - қазігі қоғамның обыры.

- Айтыстағы табыс тұрақты табыс емес екені түсінікті. Жай күндері нәпақаңызды қайтіп табасыз?

- "Алатау" театрында тұрақты түрде жұмыс істеймін. 150 мыңнан аса айлығым бар. Алматыда екі үйім бар. Ата-анам, сосын Дулат Тастекеев деген айтысқа жанашыр болып жүрген азамат көмектесіп, Алматының қақ ортасынан үш бөлмелі үй алып берді. Ұлттық өнерді қолдайтын жанашыр азаматтар көп. Жомарт Омар деген ағамыз "өнер адамысыңдар, карантинде табыссыз қалдыңдар" деп картама 400-500 мыңдап ақша салып жіберетіні бар. Ешкімге күнің қарамасын, қол жайып қарыз сұрама деп соғым сойып салып жібертін, жаяу жүрме деп көлігін беріп қоятын ағаларым бар. Келініміздің бетін ашып бер деп шапан жауып, ат мінгізетін сыйлас ағайынан кенде емеспін.

- Әйеліңіз туралы ақпарат жоқтың қасы, ол немен айналысады, қалай таныстыңыз?

- Әйелім өзімнен жеті жас кіші. Бір қызым бар. Кеш үйлендім. Неге кеш үйленгенімді өзім де білмеймін. Бірақ менен кейін үш інім, бір қарындасым болды. Әке-шешем ауылда тұратын қарапайым адамдар. Мен сол үш інімді, қарындасымды оқыттым, үйлі-жайлы еттім. Ең қызығы, үш інім менен бұрын үйленді (күліп - ред.). 

Өнер адамдары отбасы бар екенін жасырып жатады. Әмиянды жасыруға болады, бірақ жанұяңды жасыра алмайсың. Ердің ері отбасын ешқашан тастамау керек. Қазір өнер азаматтары әр түрлі жағдайда ажырасыпты, тастап кетіпті дегенді естіп жүрек ауырады, жиіркенішті жаңалық деп қабылдаймын. Өйткені алдымен өзіңнің отбасыңды сақта. Олай істемеген жағдайда елге ән айтып ақыл айтпай-ақ қой. Отбасын сақтау - отанды сақтау. Қазір айтыста "отан үшін отқа түспей-ақ, отан үшін отбасыңды сақташы" деп айтамыз. 

Әйеліммен жолдастарым арқылы аяқасты танысқанмын. Келіншегімді алғашқы танысып көргеннен кейін екі минуттан кейін далаға шықтым да әке-шешеме қоңырау шалып, үйленем деп күнін белгілеп тастадым. Бір көрген де әйелім болатынын жүрегім сезді. Оған дейін де телефонмен сөйлесіп, хат хабар алмасып жүр едік. Маған оның қазақылығы мен қарапайымдылығы ұнады.

- Жүрсін ағаның орнын кім басады деп болжайсыз?

- Жүрсін аға да уақыт-сағаты жеткенде айтыс тізгінін өзге бір азаматқа ұстататыны рас. Өзім осы орынға Ринат Зайытовты көре аламын. Өйткені Ринатта мінез бар. Көп ақында талант пен ақындық бар шығар, бірақ мінез жетіспей жатады. Ринатта тентектік, берместі жұлып алатын, қолынан тартып алатын қасиет бар. Жүрсін аға сияқты қайратты, қағылез, қатты болмаса айтысты ұйымдастыру оңай емес. Жүрсін ағаның жұмысын басқа бермесін. "Айтыс үшін сайтанмен де тіл табыстым" деген сөзі бар. Айтыс үшін бәріне барған адам. 

Өзімді бұл орыннан көрмеймін. Менің мінезім момын, ұйымдастырушы жұмысқа табиғатым келмейді. Одан кейін Серікзат Дүйсенғазы мен Аманжол Әлтаев ағаларымыз да бұл орынға әбден лайық. Ақындардың бәрін жақсы білетін, айтыстың қыр-сырына қаныққан адамдар.

 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста