Балалар детективі жарық көрді
Ақтөбе тұрғыны, зейнеткер Зияш Телеудің балаларға арналған детектив шығармасы жарық көрді. «АБКА» тобы ашқан қылмыс» атты шытырман әңгіме 2000 данамен «Жеті жарғы» баспасынан жарық көріп отыр.
Әңгімеге бүгінгі заман оқиғалары, қаланың тірлігі, жалғызбасты қариялардың алаяқтарға жем болуы, сөйтіп, баспанасынан айырылып қалуы секілді жайттар арқау болған.
Осыған дейін автордың үш кітабы, негізінен, өлеңдер жинағы шыққан. Ал «Банкирдің өлімі» атты заманауи туындысы баспаға әзірленіп жатыр. Ресейлік авторлардың детективтерін тәржімалаумен айналысқан зейнеткердің қорында балаларға арналған «Құпия шеф туралы іс», «Қара елестің жұмбағы» және «Жоғалған миллионер туралы іс» деп аталатын шығармалар бар.
– Бір күні кітап дүкеніне кірсем, әсем безендірілген небір кітап тұр екен. Сол арада жүрген бес-алты баланың біреуі әлгі кітаптардың бірін сатып алғысы келген. Екіншісі «оны қайтпексің, орысша түсінбейсің» деп салды. Тағы біреуі «әттең, осы кітаптар қазақ тілінде болса ғой» деді. Сол кезде маған «неге осындай туындыларды аударумен айналыспасқа» деген ой келді», – дейді Зияш Телеу.
Дегенмен қаламгердің орыс тілінен аударылған шығармалары әзірге тек қолжазба күйінде сақтаулы. Оның электронды нұсқасын жасау ойда бар. Тіпті ғаламтордағы сайттардың біріне орналастырғысы келетінін де жасырмайды. Тағы бір жайт, Ресейде «Авторлық құқық туралы» заң талаптары қатаң сақталатындықтан, Зияш Телеу алдағы уақытта ресейлік авторлармен байланысқа шығып, алдарынан өткісі келетінін жеткізді.