Балаларға – мультфильм, мамандарға – сөздік, оқырманға – аудиокітап
Өзгенің «өрмекші адамы» мен «тасбақа батырларын» пір тұтып өсіп келе жатқан қаракөз құлыншақтарымыз қазақтың қаһармандарымен қауышар күн болар ма екен деп жүр едік. Қалауымыз табылып, «қар жанатын» секілді. Қазақ аңыздарының белді кейіпкері, күлкі менен тапқырлықтың түп атасы Алдар Көсе жайлы бір емес, екі, тіпті он да емес, отыз сериялы алғашқы қазақ мультфильмі дүниеге келді. Және де бұл – жалғыз жаңалық емес! «Тағы айтарым тағы бар» дегендей, осы игі істің ұйытқысы Алматы қаласы тілдерді дамыту басқармасы мұнымен қатар әрқайсысы 16 сағаттық «Асыл сөз», «Шәкірттерге шашу» атты қазақ әдебиетінің үздік үлгілерінен құралған аудиокітаптар да шығарды.
Мемлекеттік тілдің мұңы жайлы айта-айта, қайран тілдің қадірін қашыра жаздағанымыз жасырын емес. Алайда қазіргідей ақпараттық технологиялар тасқыны үстемдік құрып тұрған заманда сөзден гөрі істің, яғни жобаның тиімділігі маңызды екені айтпай-ақ түсінікті. Бұл не дегеніміз? Яғни бесіктен белі шықпай жатып, компьютердің құлағына жармасқан балаға «ана мультфильмді көрме, ол жаман» дегеннен гөрі оған барлық жағынан балама бола алатын өз туындымызды ұсыну қажет болатын. Ендеше, біз біртіндеп соған да жеттік. Алаш баласы Алдардай атасының тапқырлығына тәнті болсын. Басқа емес, талапқа сай 3D форматында. Айтпақшы, мультфильмнің аты ғана Алдар демесе, оның ішінде біздің Дәу секілді басқа да ұлттық қаһармандарымыз бар. Ендеше, өскелең ұрпақ төл әдебиетіміздің өкілдерімен таныса отырып, қазақша сөйлеп өсетін болады.
Кеңсе тілінің қазақшаланбасқа амалы жоқ
Сәкендей сері, ақын, Алашымыздың ардағы сонау ХХ ғасыр басында-ақ «қазақ тілінің кеңсе тіліне айналмай, көсегесінің көгермейтінін» айтып кеткені естеріңізде болар. Ғасыр жаңарса да, сол талаптың үдесінен шыға алмай отырғанымыз ұят та болса, ақиқат. «Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім» дегендей, іс-қағаздарын қазақшалауға талап қойылғанмен, іс жүзінде құжат атаулы орысша ойқастап жүр. Осы жағынан да Алматы қаласы Тілдерді дамыту департаменті қамытты өз мойнына киіп, «ҚР Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бойынша, көптеген кәсіби салаларда ресми іс-қағаздарының мемлекеттік тілдегі үлгісінің электронды нұсқаларын, терминдік сөздіктер мен тілдескіштер шығарды.
Мамай АХЕТ, Алматы қаласы тілдерді дамыту басқармасының төрағасы:
– Соңғы үш жылда құжаттардың мемлекеттік тілдегі үлгілерін кітап түрінде және электронды нұсқаларын дайындау біздің үрдісімізге айналып үлгерді. Биылғы жылы тұрғын үй және жер қатынастары, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, энергетика және коммуналдық шаруашылық саласына қатысты құжат үлгілерін екі тілде компьютерде қолдана беретіндей етіп жасап шығардық. Осы сала мамандарына, басқармаларға және халыққа қызмет көрсету орталықтарына таратып береміз.
Естеріңізде болса, мұның алдында санитарлық-эпидемиологиялық және медицина мен қаржы салалары бойынша, қысқасы, Алматы қаласы бойынша қанша басқармалар болса, солардың барлығына арнап осындай үлгілер шығарылған болатын. Сондықтан бұл істі сол бұрынғының заңды жалғасы дегеніміз орынды. Тағы бір айтарлығы, биыл сондай-ақ бұрыннан басталған салалар бойынша терминдік сөздіктер шығару ісі жалғасын тауып, спорт және туризм, сақтандыру салалары бойынша терминдердің орысша-қазақша анықтамалық сөздігі жарыққа шықты. Базалық терминдерден бастап, барлық атаулардың, кәсіби ұғымдардың орысша-қазақша түсіндірмесі жүйелі түрде берілгендіктен, ендігіде қай сала маманы болсын жалтарса, сылтау іздеп тұр деп түсінбекпіз.
Көркем шығармалар күйтабағы
«Құлақтан кіріп, бойды алар» деп хакім Абай әсем ән мен тәтті күйді айтса, енді бүгін әдебиетіміздің асыл жауһарларын да тыңдайтын күнге жеттік. Аудиокітаптың әлемде шыға бастағанына көп бола қойған жоқ, шүкір, қазаққа да жетті. Осыған дейін «Жазушы» баспасынан шыққан аудиокітаптар қатарын енді аталған басқарманың арнайы тапсырысымен шығарылған «Асыл сөз» аудиокітаптары толықтырды. Үш CD таспадан тұратын бұл жинақтың жалпы хронометражы 16 сағатты құрайды. Мұхтар Әуезовтің «Қыр суреттері», «Қаралы сұлу», «Қорғансыздың күні», Жүсіпбек Аймауытовтың «Әнші», «Елес» әңгімелері, Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі», «Күлпаш», «Арыстанбайдың Мұқышы» секілді әңгімелерінен бастап, бергісі Ғабит Мүсіреповтің «Ананың анасы» бірінші таспаға енсе, екінші таспада Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа», Сайын Мұратбековтің «Жусан исі», ал үшінші таспаға Мұхтар Мағауиннің «Әскержанның анасы», «Гимн», «Жындыбас» секілді шығармалары т.б. енген. Ал шығармаларды оқығандар: еліміздің өнер саңлақтары Бауыржан Қаптағай, Гүлнәзит Омарова және Аманжан Серіков.
Түйін
Ақсақал тұрып, баланы төрге шығарғандай, ұлт үшін маңызды Тәуелсіздік мерекесін тойламай тұрып, шыршалар шамының жағылуы намысымызға қозғау салғаны жасырын емес. Осы ретте бесіктегі баладан көпті көрген данаға дейін қуанатын мынадай іс, яғни ұлттық қаһармандарымызды дәріптейтін мультфильмдер, тіл ашатын сөздіктер және құлақтан кірер кітаптар Алаш баласына Тәуелсіздік мейрамына арналған тарту болғандай.