Балғынбек Имашев: “Жүрсіннің жүйрігі” болсақ та, жекеменшік ақыны емеспіз

Балғынбек Имашев: “Жүрсіннің жүйрігі” болсақ та, жекеменшік ақыны емеспіз

Жүрсін Ерманның “радикал” деп жүрген ақындары кімдер? “Алтын домбыра” төңірегіндегі дау неден шықты? Балғынбек Имашевтің көңіліне кірбің ұялатқан не? Айтыскер ақын тоқал алуға қалай қарайды?
Өнер адамы саясатқа ауысуы мүмкін бе? Белгілі айтыскер ақын Балғынбек Имашев Sputnik Қазақстан агенттігіне берген сұқбатында осы және өзге де сұрақтарға кеңінен жауап берді.

– Аға, әңгімемізді алтыншы мәрте өткен “Алтын домбыра” айтысының төңірегіндегі даудан бастасақ. Жүрсін Ерман ағамыз бір сұқбатында министрлік айтысты басқа ағымда жүрген бірнеше ақынға “сендер өткізіңдер” деп тапсырып жіберді деп ренжіген еді. Ал көп ұзамай, сіз және тағы екі-үш ақын (Жандарбек Бұлғақов, Айнұр Тұрсынбаева, Сара Тоқтамысова) бар мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қабылдауында болдыңыздар. Одан кейін Ақтөбедегі айтысқа жол жүргендеріңіз белгілі. Осы орайда бір сұрақ туындайды. Жүрсін аға кімдерге ренжіп жүр?

– Осындай ыңғайсыз әңгіме туғаны рас. Бірақ Жүрсін ағамыз неге оны дінге байланыстырып айтқанын білмеймін. “Алтын домбыраның” алдында маған министрліктен хабарласып, байланысқа шықты. “Алтын домбыра” айтысына қатысуға ұсыныс жасады. Мен соңғы екі айтысқа қатыспағанымды айтып, үшіншісінен де бас тарттым. Содан кейін менен “қандай ақындар қатысқаны дұрыс?” деп сұрады. Мен “жыл бойы өткізілген айтыстың қорытындысы бойынша жеңімпаздар қатысатын шығар, ақындардың барлығымен хабарласып көріңіздер” дедім. “Кімдерді ұсынасыз?” деді. Жиырма шақты ақынның тізімін жазып бердім. Оларға министрліктің өкілдері өздері хабарласты. Қатысқандары қатысты, қалғандары Жүрсін Ерман жүргізбесе, қатыспаймыз деп бас тартты. Соның қарсаңында бізді Арыстанбек Мұхамедиұлы қабылдады. Бұл министрліктің негізгі жобасы екенін, алты жыл бойы министрлік өткізіп келе жатқанын, Жүрсін Ерман тек жүргізуші ретінде шақырылғанын хабарлады.

Ал енді “Жас алаш” газетінде жарияланған “айтысты бір топ радикалдар өткізейін деп жатыр” деген әңгімеге келер болсам, радикал деп кімді айтып тұр? Нақты жауабы жоқ. Соған қарағанда, министрлік пен Жүрсін ағаның арасында келіспеушілік болған сияқты. “Суға кеткен тал қармайды” демекші, қолынан жылдың қорытынды айтысы сусып бара жатқаннан кейін, ол кісі айтысты тартып алғалы жатыр деп байбалам салды. Әйтпесе радикал деп кімді айтамыз?! Радикал Айнұр ма, жоқ әлде Сара ма, Жандарбек пе, мен бе? Менің сақал қойғаныма 20 жылдан асып кетті. Ал енді айтысты қатарластарымның бәрі қойып кеткеннен кейін қойдым. Менімен айтысқан Бекарыс, Бекжан Әшірбаев, Айбек Қалиев, Мұхамеджан, Дәулеткерей, ешқайсысы қазір айтысқа шықпайды.

Өзімнің қатарым азайған соң, саналы түрде қойып жатырмын. Жүрсін ағамыз соны алып келіп айтыстан кеткенімді діни сенімге байлап жатыр. Әйтпесе намаз оқып жүргенімізге де он жыл болды, сол он жыл бойы айтыстық. Қазір де үлкен жиын-тойларда айтысамыз. Соған қарағанда, Жүрсін ағаға айтыстың өзінің қатысуынсыз өтуі ауыр тиді-ау деймін. Сондықтан қасындағы ақындардың барлығына “ол айтысқа қатыспайсыңдар” деп бұйрық берген сияқты.

– Қалай ойлайсыз, министрліктің “Алтын домбыраны” Жүрсін ағасыз өткізуі ақындар арасына салқындық түсірген жоқ па?

– Әрине, біріншіден, айтыс деген бір адамның жекеменшігі емес. Жүрсін ағамызды бәріміз бағалаймыз, жақсы көреміз. Қанша жерден сұқбат беріп, бізді іліп-шалып, әртүрлі әңгімелер айтып қалса да, жүрген жерімде Жүрсін ағаның еңбегін, әкемдей қамқорлығын айтып жүремін. Бірақ мен айтысқа шықпасам, ол кісі мені кешірмейді-ау.

Ақындардың арасына салқындық түсіретін не нәрсе? Мұның алдында біз “Нұр Отан” партиясы өткізген бірнеше айтысқа қатыстық. Ол кезде Жүрсін аға ұйымдастырмаған болатын. Сөйтіп Жүрсінсіз өткізген бірнеше айтысқа қатысып қойып, қара тізімге еніп кеткен сияқтымыз. Партия өкілдері, басқа азаматтар бар, хабарласып, айтысқа шақырғаннан кейін “жоқ, Жүрсін Ермансыз бармаймыз” деп айта алмадық. “Жүрсіннің жүйріктері” атанғанмен, Жүрсіннің жекеменшік ақындары емеспіз. Біз елдің, қазақтың ақындарымыз. Қай жерге шақырса, соған баруымыз міндетті. “Жүрсін ол айтысты жүргізбейді екен, оны шақырмапты” деп бас тартсақ, азаматтығымызға да, ақындығымызға үлкен сын болатын дүние. Ал енді Жүрсін ағаның бір ауыз сөзін қимай, онсыз айтысқа шықпаймыз деп жүрген ақындарды да түсінуге болады.

Олар сол кісінің қамқорлығында болғаннан кейін, әкесіндей көргеннен кейін, сол кісінің арқасында бала-шағасын асырап отырғанна кейін ондай қадамға баруға мәжбүр. Сондықтан ешкімді сынамаймыз, әркімнің өз ойы, деңгейі біледі. 16 өңірде өткен айтыстың жеңімпаздарына министрліктен шақыру түсті. Олар өздері бас тартты. Ал кейін 16 жеңімпазды айтысқа қатыстырмады деген ақпарат таратты. Ешқандай айтысқа айтыскерлерді қатыстырмай қою деген әңгіме жоқ.

– Қазір Жүрсін Ерман ағамен араларыңыз қалай?
–Жүрсін ағамен хабарласпағалы көп болды. Соңғы рет бірнеше жыл бұрын туған күнімен құттықтап хабарластым. Оның алдында Еуразия арнасы шақырғанда, ол кісі туралы жақсы хабарға қатысқан болатынбыз. Одан кейін ол кісі мен туралы әр жерде әртүрлі сұқбат беріп, ақылға қонбайтын әңгімелер айтылды. Мен оған ренжіген емеспін. Бірақ адамның сыртынан тон пішіп, жала жауып, қиынсыз әңгіме айтқаны көңілімізге кірбің ұялатты. Сондықтан қазір хабарласпаймыз. “Мен өзім хабарласып, бірнеше айтысқа шақырдым, бірақ Балғынбек діни сенімге байланысты бас тартып жүр” деп әртүрлі айыптаулар айтты. Алайда Жүрсін аға маған тікелей хабарласып, айтысқа шақырған емес. Әйтпесе, әкеміздей адамның сөзін жерге тастамаймыз ғой. “Бет көрсе, жүз ұялады” дейді. Сақалды басын кішірейтіп айтқан болса, біз оны жерге қаратып, кішірейтіп кетпейміз ғой. Айтыскерлер мен жыраулар одағы деген бар ғой, сондағы орынбасарлары хабарласты.

– Ренішіңізді білдіріп, өзіне айттыңыз ба?

– Ол кісі осы уақытқа дейін де ақынды қамшылау үшін әр жерде шымшып-шымшып қалып, айтып қалатын сөздері бар. “Енесі тепкен құлынның еті ауырмас” деп, ол кісінің сөзін елемейтінбіз. Бірақ кейбір сөзі бізден асып, дінге тиіп жатқаннан кейін, намаз оқыған ақындарды радикализмге қиып жібергеннен кейін үнсіз қалуға болмас. Біздің бүкіл болмысымыз, сөзіміз, айтысымыз халықтың көз алдында ғой.

Басымызда тақия, аяғымызда қазақтың етігі, илеп жүргеніміз бір терінің пұшпағы. Қазақтың айтысына үлес қосып, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жатырмыз. Халықты басқа бір бағытқа сілтеп, алауыздыққа шақырып жатқан жеріміз жоқ, керісінше бірлікке, ынтымаққа шақырғанымыз болмаса. Қай сөзімізден алып, мұндай үкім тағатынын білмеймін. Жала жапқанда да орынды болуы керек қой. Мұсылман болғаннан кейін сабыр етеміз.

Біріншіден, жасымыз кіші, екіншіден, мұсылмандығымыз бар ағаға қарсы шықпайтын. Өзіне жеке шығып айтқан жоқпын. Бірақ артық кетіп жатқан тұстарын өзі де біледі-ау.

– “Алтын домбыра” республикалық айтысында “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісімен марапатталдыңыз. Еңбектің еленгені кімге ұнамайды?! Жалпы сіз үшін еңбектің өтеуі не?

–Мәдениеттің үздігі деген екінің бірі алып жатқан атақ, мәдениетте он-он бес жыл жасағандар ала беретін, өнер адамын қолпаштау үшін берілетін марапат қой. Біз ешқашан үкіметтен үлкен марапат күткен емеспіз. Айтыскерлердің көбісі ондай атаққа құмар емес. Біз өлеңімізді сатып, мемлекеттен марапат алайық деп жасап жүрген жоқпыз. Әрине, еңбегің өтеліп жатса, мемлекет оны мойындап, мәртебемізді асырып жатса, оның несі жаман. Бірақ, қазір атақтың құны түсіп кеткен сияқты өзіме. Өнерге жаңа келген, жылт етіп өлең айтып, бір бәйгеде бағы жанған, мемлекеттік марапаттарды алып, сандары жалаңаш, көкіректерін ашып жүрген өнердегі іні-қарындастарымызды көрген кезде, бұл атақты алмай-ақ қойған жақсы ма деп қаламын кейде. Әйтпесе көрген жерде сәлем беріп, суретке түсіп, алғысын айтып жатқан халықтың құрметінен артық атақ жоқ деп ойлаймын.

Кезінде Шәмші, Мұқағалилар мемлекеттен атақ-марапат алмаса да, халықтың оларға деген махаббаты сол кезде де, қазір де бәсеңсіген емес. Керісінше, жыл өткен сайын даңқы биіктей бермесе, кеміп қалған жоқ. Сондықтан адамның өнері халықтың мойындауымен, баға беруімен өлшенеді деп ойлаймын. Әйтпесе, қазір атақтың кімге қалай беріліп жатқаны белгілі ғой, әке-көкемен, басқа-басқамен дегендей.

Халықтың махаббатына ие болу оңай дүние емес. Халықтың құрметін ақшамен сатып алу мүмкін емес. Ал министрлікке кіріп шыққан кезде, Арыстанбек ағаның осыншама жыл атақ алмағанымызға таңғалып, біздің еңбегімізді бағалап, бергеніне алғысымыз, әрине, шексіз. Оны бермесе де ренішіміз жоқ еді.

– Әңгіме ауанын өзіңізге қарай бұрсақ. Осыдан үш жыл бұрын “айтыстан капитан шенінде отставкаға кетіп барамын” деген едіңіз. Бірақ кейін бір-екі рет айтысқа шыққаныңыз есімізде. Сөз додасын сағындыңыз ба, жоқ әлде қаражат жағы себеп болды ма қайта оралуыңызға?

–Қандай айтыста бой көрсеттім? Мен ресми ешқандай айтысқа қатысқан жоқпын…

– Қателеспесем, Ескелді бабамыздың 325 жылдығына арналған айтыс болуы керек.

–Иә, ол кезде мен қазылар алқасында едім. Бірақ бір ақынның келмей қалуына байланысты аяқ астынан айтысқа қатысып кеттім. Ақынның келмей қалуы ғана себеп болды, ал былай ресми ешқандай үлкен айтысқа шыққан жоқпын. Әртүрлі жерде өтіп жатқан бейресми, бәйге тігілмейтін айтыстарға барып тұрамыз. Атырауда “Ембі мұнайдың” айтысына қатыстым. Сіз де соны көріп, айтып тұрған шығарсыз. Ол сөз додасында Айнұр екеуміз айтыстық. Сол кезде Балғынбек айтысқа қайта шықты деген әңгіме тарады. Ол айтыста да ешқандай бәйге болған жоқ. Мұнайшыларға, Атырау халқына деген құрметіміз үшін жай барып, айтысып келдік.

Қаржылық мәселе дегенге келсек. Әрине, ресми қызметте болмағанмен, біздің күнкөрісіміз елдің арқасында ғой. Жұрт атағымызға қарап, бай, ақшасы көп екен деп ойлайды, әйтпесе ешқандай жерде ресми қызмет етпейміз. Халықтың той-томалағы, қуанышы таусылмасын, өздері шақырып, ат мінгізіп, шапан жауып жатады. Халықтың арқасында, Алланың мейірімімен ризығымызды тауып жатырмыз.

– Халықтың арқасы демекші, әдетте қолы ашық, жомарт жандар өнер адамдарына қымбат сыйлық жасап, құрметін көрсетіп жатады ғой. Сізге мәрттік танытқандар болды ма?

– Ең үлкен сыйлықты “Алматықұрылыстың айтысында алған едім. Бас бәйге алып тұрып, оны Айнұрға беріп кеткен кезде, Өмірзақ Сәрсенов соған риза болып, маған пәтер сыйлаған болатын. Өмірзақ Сәрсенов өте парасатты, сөзі мен ісі үйлесетін қазақтың ақсақалы. Соңғы жылдары айтыстан ол кісі де көрінбей кетті. Одан бөлек, әр жерде ат мінгізіп, шапан жауып жатады. Соңғы шыққан айфонды сыйлап жататындар болады (күлді). Десек те, ең қымбат сыйлық халықтың батасы мен ықыласы ғой.

– Бүгінгі қоғамда ең көп талқыланатын, дау туғызатын бұл – көп әйел алу мәселесі. Сіздің көзқарасыңыз қандай? Көп әйел алу жайында ойланып көрдіңіз бе?

– Мұны ойламайтын еркек болмайтын шығар. Мен ғана емес, бүкіл еркек осы тақырып көтеріле қалса, жымыңдап, бойларына қан жүгіріп, көздері жайнап қалады. Мен ойлап қана қоймаймын, бұл жөнінде талай хабарға да қатыстым. Оң пікірімді білдіріп, инстаграм парақшамда анда-санда осы мәселені көтеріп қоямын. Мұның басқа адамдарға, әйелдердің шамына тиіп кететінін білеміз, бірақ халықтың санын көтеру үшін, жетім-жесірлер азаюы үшін қазаққа өте қажет. Шариғатта Алла Тағала не нәрсеге рұқсат берген болса, оның ешқандай зияны болмайды. Алла Тағала нені тыятын болса, оның қоғамға тигізетін зияны көп. Алла Тағала Құранда «зинаға жақындамаңдар, ол өте жаман жол» деп зинаны түпкілікті тыйып тастады да, екі, үш, төрт әйелге үйленіңдер деп, жақсылығы мол жағынан рұқсат беріп отыр. Бізде көбіне «екінші, үшінші әйел алады да, ажырасып кетеді» деген сын айтады. Бір әйел алғандар ажыраспай жатыр ма сонда?! Қалада әрбір үйленген екінші, ал Қазақстан бойынша әрбір үшінші адам ажырасып жатыр қазір. Осыншама ажырасқандар ертең кімге тиеді, оларды кім алады?

Өз басым көп әйел алуды құптаймын, қолымнан келгенше мен де сүннети амал жасаймын. Бала тәрбиесін қайдан бастаймыз дегенде, оның анасын таңдаудан баста дейді ғой. Сондықтан мен болашақ ұрпағыма жақсы ана іздеп жүрген адаммын, егер тағдырымда ондай адам кездесіп жатса, екінші, үшінші, төртінші әйел алудан ешқашан бас тартпайтынымды елге ресми мәлімдемесем де, Алланың бұйырғаны болады. Тағдырымызға не жазылғанын білмейміз ғой, аламын деген алмай, алмаймын дегендер керісінше алып қалуы мүмкін. Сондықтан бұл мәселеге мен оң көзқарастамын, жүрген жерімде мейлінше насихаттап жүруге тырысамын.

– Қазір иегіне екі-үш тал сақал өсірген жап-жас жігіттерді жиі көресің. Сақал қойғаннан кейін оны бет-пішіміне сай, жарасымды етіп жүру керек деп ойлаймын өз басым. Соған қарағанда жастар иманды сақалмен өлшейтін сияқты. Қалай ойлайсыз?

– Әрине, иман, мұсылмандық дегенде, біз көбіне сыртқы формасына мән беріп кеттік. Имандылықтан, ішкі тазалықтан, мейірім, махаббаттан гөрі сақал қою, намаз оқу, тақия кию, әйелді орандыру деген сияқты сыртқы мәселесіне көп мән беріп кеттік. Оған да мән беру керек әрине, бірақ діннің негізгі келген себебі – қоғамды біріктіру, адамдардың ішіне мейірімділік жаю, көркем мінез-құлықты насихаттау. Бұл тұрғыдан сіздің сөзіңізбен келісемін. Бірақ сақал жараспайтын еркек болмайды. Сақал әйелге ғана жараспайды. Ал енді жарасымды қою, қоймау деген мәселе әркімнің өз еркі. Содан кейін сақалды сүйкімділеп қою деген сіздің өзіңіздің жеке көзқарасыңыз.

Әйтпесе, айта берсең, сақалдың пайдасы өте көп. Еркекке сес береді, мидың жақсы істеуіне күш береді, сақалды тарамдап, сипалап отыру жүрекке массаж сияқты әсер ететіні болады. Сақалды былай қою керек деп ешкім ешкімге нұсқау бере алмайды. Қазақта “сөздің көркі – мақал, ердің көркі – сақал” деген сөз бар. Қазіргі қоғамда қызтекелердің көбейіп кетуі еркектердің сақалды қыра бергенінің себебі. Сақалды қырған сайын еркектік қасиетке келетін зиян көп. Сыртқы форма сыртқы пішін, ал негізі адам ішімен алысып, нәпсісімен күресіп, жүрегіндегі дертті емдеуге тырысуы керек.

– Бір сұқбатыңызда “балаларымның тілі шұбарланып кетті” деген екенсіз. Қазір қалай? Үштілділік – заман талабы болғанымен, ана тіліміздің қанат жаюына кедергі келтіріп жатқан жоқ па?

– Кедергі келтірмек түгілі, ұлтымызды мәңгүрттендіріп жатыр. Балаларым шұбар тілді болып кетті деген жоқпын, болып бара жатқанына алаңдап, кабельді, спутникті телеарналардан бас тартып, өзіміздің отандық “Отау ТV” қалдырдық. “Балапан” арнасын біз сынай береміз ғой, бірақ жоқтан бар жасап, таза қазақ тілінде балаларға канал ашып беріп отырған үкіметтің еңбегін айтуымыз керек. Жоққа шығаруға болмайды. Әрине, кемшіліктер жоқ емес, көп. Аударма мультфильмдер де зиян беруі мүмкін, батырларымыз туралы өзіміз мультфильм түсіріп тастасақ болады ғой. Өз басым “Сақ” студиясының бірнеше мультфильмін мақтауға тұрарлық деп есептеймін.

Ұлтымыз бар да, тіліміз жойылмайды деп ойлаймыз. Бірақ жасалып жатқан тірліктің бәрі тіліміздің жойылуына, халқымыздың мәңгүрттенуіне алып келе жатыр ма, мен түсінбеймін. Білім саласында жасалып жатқан реформаларды еш түсінбеймін. Бұл туралы жаман ойларға берілемін. Бірінші сыныптан бастап адамдарды мәңгүрттендіріп, балаларымызды білімсіз, санасыз, топас, рухани діңінен ажыраған, дүбара қып шығаруға жасап жатқан саясат па деп те ойлаймын. Орыс тілден құтыла алмай жүр едік, үшінші ағылшын тілі енді. Ағылшын тілі керек, оған дауымыз жоқ. Бірақ сол керек нәрсені ер жеткеннен кейін, саналы болған кезде де үйреніп алуға болады ғой. Батыстық ойлау жүйе мен біздің ойлау жүйеміз, екеуі екі түрлі нәрсе. Соның бәрін араластыру тілімізге жасалып жатқан үлкен бір шабуыл, қастандық деп білемін.

Отбасыма келетін болсам, менің балаларым орысша білмейді, орысша сөйлей алмайды. Отау Тв қосқаннан кейін, балаларымның тілі түзелді. Бірақ білімсіз емес, ең үлкен ұлым Еуразия ұлттық университетінде 2-курста оқып жатыр. Ағылшын тілінде таза сөйлейді. “ЭКСПО” көрмесі кезінде үш ай жұмыс істеді. Екінші ұлым да ағылшын тілін жақсы меңгерген.

– Сіздің ойыңызша, қазіргі жігіттер неге ұсақталып кетті? Басты үш себепті атай аласыз ба?

– Бірінші, отбасындағы тәрбиеден. Атаның тәрбиесі кемшін болып жатыр, әрине, ата түздікі, еркек – мал табудың адамы, тәрбиеге көп көңіл бөле алмайды. Бірақ оның әр істеген ісі баланың көз алдында. Бала әкесіне еліктейді. Ал қазір біз қыздарымызды ана болуға, ұлдарымызды бір отаудың егесі болуға дайындап жатқан жоқпыз. Екінші себеп – отбасынан кейінгі тәлім-тәрбие беретін жерлердің барлығында дерлік әйелдердің көбейіп кетуі. Бұрын балабақшадан бастап, мектеп, университетке дейін ер азаматтар көп болатын. Қазір бәрі керісінше. Үшіншісі, мемлекеттің жүргізіп отырған гендерлік саясаты. Бізге гендерлік емес, керісінше, еркектің мәртебесін көтеретін саясат жүргізетін уақыт келді деп ойлаймын. Министр қылып, телевидениенің басшысы қылып, әр жерге әйелдерді сүйрей бергеннен, қоғам берекелі болып жатыр ма? Жоқ!

Мемлекеттің тарапынан әйелдерге баса көңіл бөлініп, еркектің құқығы тапталып жатыр. Ажырасқан жағдайда әйел кінәлі болса да, бүкіл азаптың бәрін еркек тартып, алимент төлеп, әйел балаларын, үйін, мүлкін алып қалады. Балаларға деген құқықтың өзі еркекке берілмей жатыр. Жақсы көрген басқа еркегіне тиіп, бұрынғы ұнатпаған еркегінен алимент алуды өзінше пайда көріп, тайраңдап жүрген қыз-келіншектерді өзім араласқан ортамда да көріп жүрмін, жүрегім ауырады. Үкіметтің еркектерді сонша солпайтып, төмендетіп қойғанына. Осы үш себептен арылу мүмкін емес шығар, десек те соны түзеуге күш салуымыз керек.

– Айтыстағы үзеңгілесіңіз Айнұр ханымға инстаграм, твиттерде көп отырады деп әзіл-қалжыңмен тиісіп қоясыз. Ал сіздің өміріңізде әлеуметтік желі қандай орын алады? Жалпы әлеуметтік желі сіз үшін не – ақпарат көзі ме, жоқ әлде уақыт өткізу ме?

– Мен әлеуметтік желіге көп кіре бермеймін. Бұрын mail.ru болды, кейін твиттерге кірдім, фейсбукке тіркеліп, ұқпай көп кіре алмадым. Инстаграмға анда-санда кіріп тұрамын. Инстаграм парақшамды көрсеңіз, үш жылдан артық уақытта онша көп сурет салынбаған. Аптасына бір немесе екі сурет қана саламын. Тіпті екі айдан бері әлеуметтік желілерге кірген де жоқпын. Әдейі саналы түрде. Өйткені мұның көп уақыт алатынын білемін, пайда-зиянын өлшеймін. Ақпаратты ешқашан әлеуметтік желіден алған емеспін.

– Сонда қайдан аласыз? Газет оқисыз ба, теледидар көресіз бе әлде?

– Ақпаратты алудың түрі көп болып кетті ғой, бұрындары теледидардағы жаңалықтарды жібермейтін едім. Әрбір жаңалықты көруге тырысатынмын, қазір ол жаңалықтардың ешқандай пайдасы жоқ екенін білдім. Өйткені қазіргі тарап жатқан ақпарат бізге қажетті ақпарат емес. Мен кейде министрлердің, облыс әкімдерінің ауысып жатқанын үш-төрт күннен кейін елден естіп қалып жатамын.

Қазір ақпаратты тыңдамасаң да, қасыңда жүретіндерден, отырған отырыстан-ақ қанығуға болады. Ақпарат іздеймін десең, барлық жерде тек негатив. Кілең азғындық, кілең жаманшылық. Былай қарап отырсаң, айналаңда тек мейірімсіз, күнәһар, қылмыскерлер жүрген сияқты әсерде қаласың. Ал негізінде олай емес, Аллаға шүкір, қоғамда қаншама жақсылық, игілік болып жатыр, бірақ соны бұқаралық ақпарат құралдары жазбайды. Қазір БАҚ жамандықты жаюдың құралына айналыпты, бірақ өздері де білмей жүр соны. Рейтинг, сенсация деп, болар-болмас дүниені жаңалыққа айналдырады.

– Өнерде, спортта жүріп саясатқа ауысқандар аз емес. Сізде ондай ой бар ма?

–Саясатпен айналысып, елге пайдаң тиетін, маңызды шешімдер қабылдайтын жерде отырып, жамандықтан гөрі, жақсы шешімдердің қабылдауына үлесіңді қосып жатсаң, әрине. Соны қалайтын едік. Бірақ мен ондай ұсыныс жасай қоятын адамдарды көріп тұрған жоқпын. Өйткені менің ислам жолында жүруім, сақал қоюым, жүрген жерімде үнемі дінді насихаттап, ішкен жерлерден бойымды аулақ ұстап жүруім ол салаға барғыза қоймайтын сияқты. Балғынбекті сол салаға шақырайық деген ешкімнің ойына келмейтін сияқты. Және біздің билікке иманды, Құдайдан қорқатындардан гөрі, намаз оқымайтын, тез сатып алуға ыңғайлы адамдар керек сықылды. Әйтпесе үйде отырып алып, үйтіңдер-бүйтіңдер дегеннен гөрі, мүмкіндігінше ұлтыңа пайдаң тиетін жерлерде жүргенге не жетсін!

– Қазір немен айналысып жүрсіз?

– Өзімді түзетумен, бала-шағама тәрбие берумен айналысып жүрмін. Ресми қызметке шақырып жатқан жерлер бар, бірақ көңілімнен шығып жатқан жоқ. Ешкімге бағынбай, еркін болғанды қалаймын. Шынымен бір елдің тағдырын шеше алатындай жер болмаса, бес-он тиын үшін біреуге бағынышты болып, өзімнің бүкіл мүмкіндігімді тар аяға салып қойғым келмейді.

– Уақытыңызды бөліп, сұқбат бергеніңізге көп рақмет! 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста