"Бақай" тобының негізін қалаушы Бек Шәріп не себепті сахнадан көрінбей кеткенін айтты
Өз уақытында хит болған «Кім кінәлі?» әні әлі күнге дейін талайдың есінде. Тіпті, қазақ эстрадасына алғаш рэп бағытын әкелген де осы «Бақай» тобы еді. Алайда,топтың ғұмыры көпке бармады. «Бақай» ыдырады, топтың мүшелері мүлдем сахнадан жоғалды. Араға бірнеше жыл салып «Бақайдың» негізін қалаушы Бек Шәріп жеке әнші ретінде шығып, топтың да құрамын жаңартып, қайта шығармашылықты қолға алды. Үзілістен кейінгі жаңалықтарымен ортақтасу мақсатында Stan.kz тілшісі арнайы сұхбаттасып қайтт, - деп хабарлайды Alashainasy.kz.
– Бек мырза, көргенімізге өте қуаныштымыз. Ұзаққа созылған демалыстан кейін қандай сүйінші жаңалықтарыңыз бар?
– Қазір «Бақай» тобының бірнеше жаңа әндер жазудамыз. Одан бөлек өзімнің жеке шығармашылығымды да қолға алдым. Қазір 6-дан астам жеке әндерімді жазып, тыңдарманға ұсындым. Қазір Youtube әлеуметтік желісінен өзімнің жеке каналымды ашып, сол жаққа барлық әндерімді жүктеудемін. Құдайға тәубе, каналдағы адам саны да өсіп жатыр. Яғни, шығармашылығыма қызығушылық бар деп ойлаймын.
– Талай жылғы үзілістен соң эстрададан өз орныңызды табу қиынға соғып жатқан жоқ па?
– Қазір интернет желісі дамыған заман ғой. Байырғы кассетаның заманы жақсырақ еді. Өйткені қазір ақпарат өте көп және қазақ тілді әндерді тыңдайтын аудиторияның көп-аз екенін нақты айта алмаймын. Бірақ шетелдік әндерге деген қызығушылық өте жоғары. Қаралым сандары да өте үлкен. Сондықтан бұрынғыдай хит шығару, тез танымал болу қиын. Қазір жақсы нәрсені көрсетсеңіз халыққа қызық емес. Халық қазір жеңіл-желпі, мағынасыз дүниелерге құмар болып кетті. Қазір бір шалыс бассақ, соның қаралымы көп, таралымы тез болады. Ал жақсы нәрсені көрмейді, елемейді. Неге екенін өзім де білмеймін.
– Яғни, сіздің де замандастарыңыз секілді жастардың әндері мен тыңдарман талғамынан көңіліңіз толмайды ғой. Дұрыс түсіндім бе?!
– Әркімнің өз тыңдарманы бар. Бөліп-жаратын нәрсе жоқ. Әрине, қазір «шайма» әндер тез таралып жатыр. Жаман сөз, боғауызы бар әндерді халық қолдап, қошымет ететіні бар. Тәрбиелік мағынасы бар әндерді елемейді. Жеке шығармашылығыма үңіліп қарасаңыз, жақсы әндер бар. Заманауи аранжировкамен жазылған «Өсиет» деген ән бар. Мойындау керек, оның таралымы «Ұйқым келмейді» деген әндікіндей болмады.
– Бәлкім, сізге де сол бағытпен жұмыс жасау қажет шығар. Яғни, бір хайп жасап, көрермен назарын өзіңізге аудартып алып сосын асықпай тәлім-тәрбиеге толы туындыларыңызды ұсыну туралы ой болмады ма?
– «Кеменің атын қалай қойсаңыз, солай жүзеді» деген сөз бар. Сондықтан мен өз шығармашылығымды жақсы туындылардан бастауды жөн санадым. Мен хайп жасауға аса құмар емеспін.
– Әңгіме барысында YouTube каналыңыз туралы айтып қалдыңыз. Мақсатыңыз аталмыш каналға монитизация жасап, табыс табу ма? Әлде тек тегін жарнама арнасы ретінде қолдану ма?
– Монитизация, табыс табу – болашақтың еншісіндегі дүние ғой. Қазіргі мақсатым –өзімнің шығармашылығымды бір арнаға жинап, халыққа ұсыну. Қажет адам керегін табады деген ойдамын.
– Жалпы өнерден алшақтауыңыздың басты себебі не? Бұл аралықта сіз немен айналыстыңыз?
– Мен бұған дейін дубляж саласында жұмыс жасадым. «Балапан» арнасының көптеген мультфильмдерінде дубляж режиссері қызметін атқардым. Жалпы сахнадан кетуімнің бір себебі «Бақай» тобының тоқырауы болса, екінші ең басты себеп өзімнің денсаулығымның сыр беруі болды. 13 жыл бойы аллергиямен ауырдым. Мен мүлдем ән айта алмай қалдым. Ән айтқан кезде тыныс дұрыс болу керек, мұрным бітеліп қала берді. Мүлдем ән айта алмайтын деңгейге жеттім. Сондықтан сахнамен қоштасуға тура келді. Дертті берген Алла шипасын да береді. Қазір Аллаға шүкір емін тауып, қалыпқа келдім. Сондықтан «Бақайдың» және өзімнің жеке шығармашылығымды қолға алдым.
– Ендеше шығармашылық жетістіктер тілейміз. Сүйінші жаңалықтарыңыз көп болсын.
Бек Шәріптің өзге де жаңалықтары мен cұхбатымыздың видео нұсқасын YouTube арнамыздан көре аласыздар: