Бар киноны қайта түсіру қаншалықты қисынды?

Бар киноны қайта түсіру қаншалықты қисынды?

Күн сайын құбылған дүниеде жаңа сөздер мен ұғымдар ұдайы алға шығып отырады. Соның ішінде кино саласы жайлы айтсақ, ремейк, сиквел, триквел дегендер осыдан азғана жылдар бұрын тіпті түсімізге еніп те көрмеген сөздер еді. Ал бүгін әлем киногерлері кезінде көрерменнің көзайымына айналған, әлі күнге сүйіп көретін ескі фильмдерді «ремейк» жасаудан жарысқа түсіп кеткендей.


Қазақша айтқанда, ремейк – қайта жаң­ғырту. Әсіресе ол – кинорежиссер Ти­мур Бекмамбетовтің «сүйікті ісі». «Қыз­меттестер хикаясы», «Тағдыр тәлкегі неме­се жеңіл буыңызбен» секілді кеңестік ки­но­­ларды қайта жаңғырту арқылы ре­жиссер Ресей киноқоржынын қам­пайтып қана қойған жоқ, сонымен қатар осы іс арқылы кине­матографиядан өз соқпағын тауып алғандай. Ендігіде ол «Жолы болғыш жігіттерді» қолға алып жатыр. Режиссер Ресейдің немесе шетелдің кинемато­гра­фиясына қызмет етіп жүр ғой десек, онда бізде де «Менің де атым Қожа», «Астанаға көктем кеш келеді» сынды дүниелер жасап жүрген Еркін Рақышев іспеттес режис­сер­лер осы соқпаққа түсіп өз бақтарын сынап көрмек болды. Жә, біз бұл жерде «анау өйтті, мынау сөйтті» деген секілді ұсақ-түйек әңгіме айтқымыз келіп отырған жоқ. Бұл құбылыстың пайда болуына не түрткі болды, ескіні жаңғыртудың астарында не жатыр, соны түсінгіміз келеді. Былайша айтқанда, сиквелдер мен ремейктердің пайда болуы бүгінгі күнде оқиға, кейіпкер жоқ деген сөз бе болмаса бүгінгінің сце­нарийшілері соншалық дәрменсіз бе? Кино­герлерге ауыз салайын десек, ескі картина­ның қайта жаңғырған нұсқасының құл­­пы­рып шыға келуі, түрлі эффектілер, бір сөзбен айтсақ, жаңа бояуы көздің жауын аларлықтай.
Бекмамбетовтің туындылары да жерде жатқан жоқ, жұрт премьераға жапа-тар­мағай барып, киноларының қай-қайсысы болсын кассаны артығымен толтырды. Алайда соның өзінде «Л.Гайдай мен Э.Ря­занов секілді теңдессіз режис­серлер мен Л.Гурченко, А.Фрейндлих секілді әр­тіс­тердің шеберлігінің шаңына да жете ал­маса, несіне сондай ұлылардың биігіне ұмтылады?» дейін көрермендер мен ки­носыншылары да жетерлік. «Мейлі, – дейді олар, – бүгінгінің режиссерлері егер өз жан­дарынан бір нәрсе қоса алса, ак­терлер де сол түпнұсқадағылардай жанын салып ойнай алса құптарлық, алайда олай болып тұрған жоқ, жасалған жұмыстар ешқандай да шедевр емес, жаңғыртылған нұсқа, керісінше, нағыз шедеврлердің еңбегін құр мазаққа айналдырған пародия ғана. Иә, спецэффектілер, компьютерлік графика, жан-жақтан шақырылған кино­жұлдыз­дарға сөз жоқ».
Ал қазақ көрермені, қазақ мәдениеті өкілдері осыған қандай көзқараста? Әзірге бізде, абырой болғанда, ол соншалық дамып, дари қойған жоқ. Сондықтан бізге әлі де болса бұл құбылыстың алдын алуы­мызға болады. Әлде біздің көрермендер мен мамандар басқа пікірде ме? Жалпы, ремейк қазаққа керек дүние ме? Не үшін қажет? Егер қажет деп тапса, қан­дай кинолардың жаңғырғанын қалар екен? Осы тұрғыда пікірталас ұйымдастырған едік.
Мамандар пікірі
Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы, драматург:
– Бұрынғыны қайталау деген, былайша айтқанда, ескіні жуып қайта киген сияқты нәрсе ғой. Меніңше, осылай ету – бұрынғы елге кеңінен танылған шығармалардың атын пайдалану, басқа ештеңе де емес. Бұрынғы шедеврлердің жаңғырығы сияқ­ты қылып, елдің есіне түсіргенсіп, ретронұсқа жасап, елдің қалтасын қағып алады. Шын мықты болса өздері неге сондай бестселлер жасамайды? Көкейімде ылғи осындай сұрақ тұрады да қояды. Мен де, мәселен, «Соғыс жөнінде естелік» деп жазсам болады немесе «Анна Каренина», болмаса «Абай жолы» романы деп, бұрынғы классиктерді қайта жаң­ғыртқансып... Бірақ мәселе сонда, жазу­шылар арасынан сондай біреу шықса, баяғыда-ақ ала қарға секілді топтан қуып шыққан болар еді. Ал кинода емін-еркін жасай береді, маған ең түсініксіз тұсы – соны қолдайтындардың табылатын­дығы. Тіпті соны керемет жаңалық деп мақалалар мен сюжеттер арнап, сол фильмдерді көрсететін ақпарат құралдары да бар.
– Бізде де соны қолдап, «Менің де атым Қожа» деп шығарды емес пе?
– Соны көрдің бе өзің? Қалай?
 – ... баяғы Қожадай емес қой енді...
– Ондай бола да алмайды. Бұл, қазақша айтқанда, «Мата даңқымен бөз өтер, ата даңқымен қыз өтер» дегеннің нақ өзі. Сол сияқты «мата даңқымен» бұлар өздерінің «бөзін» өткізіп отыр. Менің ремейк, яғни қайталау дегенге айтарым – осы.
Әшірбек СЫҒАЙ, сыншы:
– Меніңше, ол классикаға айналған фильмдерді жаңғырту емес, керісінше, бұрынғыдан да гөрі бүкіл көркемдік әрінен айыру деп есептеймін. Нағыз шығарма бір-ақ рет жазылады. Оны қайтадан жазып шығу не дәл сол деңгейде екінші рет жасап шығу деген – жай далбаса бір нәрсе. Біздің бір қазақстандық режиссер әйгілі Э.Ря­зановтың туындыларын қайталап жа­сады. Мен сол түсірген бірнеше фильмді көрдім, мүмкін, бір жаңа көзқарас, жаңа ұмтылыс­тар бар шығар деп, амал не, түк тартқан жоқ. Кезіндегі ғажайып әртіс­тердің еңбегіне жету қайда?!. Сонда бұл не өзі, түсін­бей­мін?!. Біреулер ізін салып кеткен нәрсені қайтадан шиырлап және оны төмен дең­гейге түсіруден не пайда? Бәлкім, біреулерге ұнайтын шығар, мен оны еш қабылдай алмаймын. Мәселен, «Қыз Жібекті» қайта түсірсе, ешкімнің оны қайта қабылдамасы анық. Себебі шынайы нәрсе өмірде бір-ақ рет жасалады. Менің­ше, ремейк деген – қазақша айтқанда, өзінің әйелін кәрісініп, жас қыз алған кейбір еркектердің тірлігі сияқты бір нәрсе.
Көрермен пікірі
Бүгінде әлеуметтік желілер ел пікірін білудің ең тиімді құралына айналды. Біз осы тұрғыда Фэйсбук желісінде сауалнама жүргізгенімізде, пікірлер былай өрбіді:
Мейіржан:
– Қайта жаңғырту керек болса, мен бі­рінші кезекте «Қыз Жібек» фильмін атар едім.
Абай Омар:
– 1976 жылғы түсірілген The Message немесе «Послание» (қазақшасын біл­меймін), яғни Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) туралы фильмнің ремейкін түсірсе дер едім. Себебі Қадір түні ескі фильмді қай­та-қайта көріп жалықтық. Меніңше, фильмді заманға сай жаңғыртса, соғыс­тағы сюжеттерін спецэффектілермен тү­сіруге керемет мүмкіндік туар еді. «Троя» секілді.
Айгүл Рахипова:
– Ешбір фильмді жаңғыртудың қажеті жоқ, жаңадан түсірсін.      
Қанат Әуесбай:
– Жаңғыртуды қайдам, одан бұрын, меніңше, Екінші дүниежүзілік соғыста шейіт болған қазақ жауынгерлері туралы фильмдер керек.
Ақансері Сұлтанбеков:
– Қазақтың батырлары мен ару, ақыл­ды қыздары жайлы осы заманға лайық­­ты жақсы тарихи фильмдер кажет секілді. Қазіргі қазақ жастары барлық жағынан ұсақталып барады. Ел болашағы – жастар. Алдымен бесігімізді түзейік.
Дәуренбек Мерғалиев:
– Тарихи туынды­ларды жаңғырту керек, егер ол фильм тарихи дерек бойын­ша дұрыс түсірілмеген, яғни ауытқып кеткен болса. Ал қалғаны қолдан келсе...
Әйгерім Қожахметова:
– Балаларға арналған кинолар түсіруді қолға алу керек. Кино, мультфильм – тәр­бие құралы. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» демекші, менің екі ұлым бар. Сол екеуі үйде «Америка адамы» немесе «Халк» болып ойнайды. Мен оларға «біреуің Алпамыс батыр, бірің Қобыланды болсаң­даршы» деп қанша айтсам да, күнделікті көріп жүрген Өрмекші адамы немесе Темір адамы оған әлдеқайда жақын әрі таныс болған соң, менің ұсынысыма тіпті пыс­қырып та қарамайды. Мен шарасызбын, себебі өз батырларымыз жөнінде көр­сететін қолымда еш туынды жоқ. Бала­ларымның болашағы үшін қорқамын.

Тобықтай түйін
Қазақ зиялылары мен көрермені осылай дегенімен, тұтастай алғанда, ремэйк ат-тонымызды ала қашатын нәрсе емес. Бұл жерде біз біржақты ремэйкті жақтап не даттағалы тұрғанымыз жоқ. Бастысы – таразылау керек. Мәселен, әлемдік киноға көз тастасақ, Стивен Соммер жасаған «Му­мияны» нашар дүние деп кім айтады? От­басымен отырып көруге болатын шытыр­ман оқиғалы кинолардың шедеврі деуге тұрарлық дүние. Міне, сол фильм – 1932 жылы түсірілген «Мумияның» жаңғырығы. Сондай-ақ әйел біткенді бейжай қалдырмайтын «Сізге хат» атты туынды 1998 жылы түсірілгенімен, 1940 жылғы «Бұрыштағы дүкен» атты көне киноның қайта түсірілген нұсқасы еді. Әйгілі Аль Пачиноға «Оскар» сыйлаған «Әйел иісі» де – 1974 жылғы итальян лентасының жаңғырған түрі. Аталған туындылардың қайсысын алсақ та, түпнұсқадан артық болмаса, кем түспеген, себебі заманның тамырын тап баса алған. Бірақ біз әзірге техникалық жағынан да, шығармашылық жағынан да шедевр дүние жасауға дайын емес сияқтымыз. Бір ескерте кетерлігі, дайын болмасақ, біз ремэйк жасап, өткен жылдарда өмір сүрген режиссерлер мен актерлерге ғана емес, көрерменге қиянат жасамай-ақ қоялық. Себебі қашанда қай салада болсын «көшірме» жасаушы емес, қарап отырып біз ұяламыз...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста