Барбидың орнына неге Қарақатты таңдамасқа?
Қазақ эстрадасында өзіндік орны бар Қарақат Әбілдина тыңдарман қауымның сүйікті әншісі. Жары Қыдырәлі Болманмен сахнада нақышына келтіре ән салатын ол осыдан бес жыл бұрын Астанадан мектеп студиясын ашқан-ды. Бастапқыда талабы таудай 30 бүлдіршіннің басын қосып, шәкірт тәрбиелеу жұмысын бастаған Қарақат бес жыл ішінде айтулы табысқа жетіп үлгеріпті. Қазір 170 баланы өнерге баулып, талабын ұштап жатқан Қарақат мектеп студиясы Елордадағы еңселі өнер ошағының баспалдағына айналды. 28 ұстаз сабақ беретін өнер мектебі музыкаға ғана емес, айтыс өнеріне де баулиды, жетіген, домбыра секілді ұлттық аспаптардан бөлек фортопиано, гитараны да үйретеді.
Мамырдың 28-і күні бес жылдық жұмыстың нәтижесін көрсетпек үшін Қарақат мектебінің шәкірттері концерт бергелі жатыр дегенді естігенбіз. «Қазақ эстрадасының жұлдыздары да бұл концертке қатысады», - дейді Қарақат Әбілдина бізбен әңгімесінде. «Неліктен мектеп студиясының шәкірттерімен бірге өнер жұлдыздары қатысады?», - деген сауалға әнші оның мәнін түсіндіріп, құпиясын ашып қойды: «Қыдырәлінің жетекшілігімен бұл кеш шоу сипатында өтпек. Әрі көрерменді таң қалдыратын біраз тосын сыйлар бар». Ең қызықтысы, айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева бұл кеште жұртты таңқалдырмақшы екен. «Айнұр Тұрсынбаева концерт барысында біздің жас өнерпаздармен айтысады. Біле білсеңіздер, Айнұр біздің мектеп студиямызда шәкірт тәрбиелеп, айтысқа баулуда. Соның нәтижесін концерттен көре аласыздар», - дейді Қарақат концертке дайындық турасында. Ал продюссер Қыдырәлі Болман концерт өткізудегі мақсатты өзінше салмақтайды. «Бала сахнаға шығып ән айтуды сезінуі керек. Сол себепті 2-3 ай сайын концерт өткізіліп тұрады. Бұған ата-аналар шақырылып, балаларының қай деңгейде өсіп келе жатқанын көреді. Сосын бала да көрерменге осылайша үйренеді. Сахнаға шыққанда аяғы дірілдемейтін, нақты қандай мақсатпен жүргенін санасына сіңіреміз. Қарақат мектеп студиясының ерекшілігі осы. Шәкірттердің арасында түрлі конкурстардың 47 лауреаты бар. Ешқандай мұғалім оларға сахнада қандай сезімде болу керектігін айтып түсіндіре алмайды. Сондықтан сөйлеуге, ән айтуға баулып, сахнаға шығарып тұруды жөн деп санаймыз», - дегенді алға тартады Қыдырәлі.
Қарақат ӘБІЛДИНА, әнші:
– Бес жыл ішінде біздің санымыз артып, сапамыз жақсарды. Бұл мектепте негізгі басымдықты ұлттық өнерге бердік. Халық әндерін үйретуді қолға алдық. Кеше ғана Киевте өткен халықаралық байқауда біздің мектеп студияның шәкірті жүлде алды. Расында, біз шетелді эстрадалық әнмен таңқалдыра алмаймыз. Өзіміздің ұлттық өнеріміз болмаса, оларды мойындату оңай емес. Киевте өткен «Академия Евровидение» байқауында хас таланттар қатысқан болатын. Сайыс нәтижесінде қазылар ұлттық аспаппен ән айтқан өренімізге бір ауыздан бас жүлдені табыстады. Түркияның Анталия қаласында өткен халықаралық байқауда Жадыра деген шәкіртім бас жүлдеге ие болды. Бұл біздің ортақ жетістік. Негізгі мақсатымыз жасөспірімдердің ұлттық өнерге деген махаббатын арттыру.
Сөйтіп, екі жүзге жуық баланың талабын ұштап, томағасын сыпырып өнерге баулитын Қарақат мектеп студиясы Астанадағы бірегей өнер ошағына айналған. Әуелде 30 баланың басын қосқан студияға қазіргі ғимарат тарлық ете бастағанға ұқсайды. Әңгіме барысында мектеп-студиясын кеңейтіп, үлкен оқу ордасына айналудың көкселетінін де аңғардық. Өйткені, бір ғана Астананың өзінде Қарақат мектеп студиясында оқуға ниет білдіргендер жүздеп саналады екен. Алайда қазір олардың бәрін бірдей қабылдау мүмкін болмай тұрған сыңайлы. Сондықтан да, болашақта бұл мектеп таланттар акедемиясына айналуы тиіс секілді. Бақсақ, Қыдырәлі мен Қарақат та осындай жоспарды жобалап жүрген сыңайлы. «Расында, қанатты кеңге жайған соң, жас өнерпаздарды осында тұрып оқитын етсек» дейді олар.
Барбидың орнына неге Қарақатты таңдамасқа?
Продюссер Қыдырәлі Болман соңғы бес жыл ішінде Қарақат мектеп студиясымен қатар қазақша сайрайтын қуыршақтарды да нарыққа шығып үлгергені есте. Қуыршақ кейіпкерлердің авторы – Болманның өзі. Айтпайқшы, Алдар көсе секілді түрлі аңыз кейіпкерлер бейнеленген ойыншықтарға әркімнің қолы жете бермейтіні де белгілі. Себебі, бағасы базардағы қуыршаққа қарағанда анағұрлым қымбат. Әңгіме кезінде Қыдырәлі Болманнан осы мәселені сұраған едік. Шетелдік Барбиді қуыршақпен бәсекеге түсе алатын Қарақат деген әйдік қуыршақ пайда болғанын да білдік.
Қыдырәлі БОЛМАН, продюсер:
– Кәсіпкер ретінде қуыршақ шығаруды қолға алғанымды жұрт біледі. Шетелді аралап, ағзаға зияның тигізбейтін ойыншық жасап беретін зауыттармен келістім. Осы үшін Тайвань, Гуанджоу, Ганконг секілді ірі қалалардың қуыршақ зауыттарын жағалап біраз жүрдім. Осы кәсіпке салған ақшаны басқа салаға жұмсап, шаш етектен қыруар пайдаға батуыма болатын еді. Бірақ ұлттық нақыштағы ойыншық шығарып, жас ұрпақтың қазақы болмыста тәрбиеленуіне өз үлесімді қосқым келді. Қуыршақ дайын болғаннан соң оның өзінің құнымен бірге жасауға кеткен қаржысы арзанға түскен жоқ. Сол себепті бағасы жоғары. Айтатыны, бұл қуыршақтың сертификаты бар. Онымен ойнаған бала аузына салса да, қолмен ұстаса да ешқандай зиян шекпейді. Мысалы, Қытайдан Қазақстанға келетін қуыршақтардың бағасы арзан болғанымен, оның сапасында ешкімнің шаруасы жоқ. Үкімет оны талап етпейді. Ал тұтынушылар лицензиясын сұрамайды. Біле білсек, оның балаға келтіретін зияны ұшан-теңіз.
Балбала деп аталатын брендке айналған қуыршақты жасаған Қыдырәлі алдағы уақытта бұл істі жалғастырып, тынбастан тер төгемін деп отыр. Құптарлық жайт. Ең өкініштісі, қазір әрбір сәби шетелдік мультфильмдерді көріп, айфон, айпат сынды заманауи құрылғылардың құлағында ойнайды. Қуыршағы да сол шетелдік кейіпкерлерге айналып барады. Оған қуанатын ештеңе жоқ. Себебі, бала ұлттық құндылықты бойына сіңірмей тәрбиеленуде. Қыдырәлі Болман мырза, балалар ойыншығы үшін «қара нарықта» миллиардтаған қаржы ойыншыққа жұмсалып жатқанын айтады. Мысалы, қазір Қазақстанға 47 мемлекеттен ойыншық жеткізіледі екен. «Қытайдың қуыршақ зауыттарының 25-30 пайызы сапалы ойыншық шығарады. Бірақ олардың бәрін АҚШ пен Еуропаға жөнелтеді. Қалғандары ойына не келсе соны істейді. Олар қолына түскен пласмассаны қортып, ойыншық жасап шығара береді. Бір вагонын сатып алсаңыз, екінші вагонды сыйлайды. Оның толып тұрған у екенін біз біле бермейміз», - дейді ол.
Қуыршақ нарығы да бірталайға ұласатынын аңғардық. Айталық, былтыр АҚШ-тан Қазақстанға 70 млн., долларға татитын қуыршақ жеткізілсе, араға бір тоқсан салып 14 млн доллардың тауарын тағы басыпты. Қытай 50 млн., Ресей 10 млн. доллардың ойыншығын жеткізгені тағы бар. Оның барлығының қазаққа тіл жағынан, не сөйлеу жағынан еш пайдасы жоқ. Базардағы қуыршақтың 70 пайыз сертификатсыз екен. «Айтпақшы, біз караоке микрофон жасап шығардық. Бұл жапон технологиясымен дайындалды. Арнайы кітаптары бар. Бұл микрофон ертегі, бесік жырын айтумен қатар, әнді де орындайды. Ең жақсы жері бұл ойыншық караокенің де рөлін атқара алады. Үйде болатын отырыстарда ән айтамын дегендерге бұл таптырмас құрал екені анық. Кішкентай бөбектің ойыншығы іспеттес бұл микрофон бесік жыры мен ертегілер айтып береді», - дейді Қыдырәлі.
Әңгіме барысында «Балбала» ойыншықтарын тендермен балабақшаға беру мәселесі қатысты Қыдырәлі Болман бірқатар жайттарды айтып қынжылыс білдірді. Заңға сәйкес, тендерді арзан дүние ұсынатындар ұтады. Ал балабақшаларды ойыншықпен қамтудың соңы тендерге келіп тіреледі. Бұл орайда «Балбаланың» өнімдері арзанға түспейтінін жоғарыда айттық. Ал балабақшаның тендеріне таласатындар базардағы ойыншықты тықпалап, арзан бағамен ұтып кетеді екен. Дегенмен, өздері сұранып, Болман жасаған қуыршақты алатын балабақшалар бар көрінеді. Бірақ саусақпен санаулы...
Кездесу барысында Қыдырәлі жаңа бір қуыршақты көрсетті. Кәдімгі қонжық. Сұрақ қойсаңыз жауап береді. Кез-келген сұраққа жауабы дайын. Және әдеби тілде сөйлейтін мұндай дүниенің баланың тілінің дұрыс қалыптасуына орасан зор үлес қосатынын айта кеткен жөн. «Осы үшін бес мың адамның даусын жаздық. Қуыршақ сұрақ қойылғанда бір сұраққа қайта қойыла берсе бір жауапты айта бермейді. Үш түрлі жауап айтады», - деді ол. Бала тұрмақ, үлкендер қызығатын қуыршақ екен. Бәрінен де бізді қызықтырғаны ойыншық микрофон болды. Бесік жыры мен ертегі айтатын, қаласаңыз ән салатын, тіпті әннің әуенінің сүйемелдеп тұратын микрофонның авторы қазақ баласы екеніне шын қуандық. Енді әрбір баланың қолында осы дүние жүрсе ұлттық құндылықтарды жадына сіңіріп өсетіні сөзсіз.