«Бәрін қайта бастайтын секілденем...»
Қарағанды облысының Ұлытау ауданындағы Байқоңыр ауылында 1951 жылы дүниеге келген Жүрсін Ерманның балалық шағы соғыстан соң жұрт есін әлі жия қоймаған қиын-қыстау жылдармен тұспа-тұс келеді. Сол кезеңнің жағдайын:
– Шықпаған кез елдің әлі бүйірі,
Ең тәуір ас – жүгерінің түйірі... – деп, өзі өлеңмен өрнектегендей, ақынның ана ертегісіне елітіп, алаңсыз өсердей мүмкіндігі болған жоқ. Содан да ол:
– Есейтті, есейтті ғой өмір бізді,
Өткіздік басымыздан небір күзді, – дейді соның бәрін бір ауыз сөзбен түйіндеп.
Осылайша өмірдің өзі шыңдаған Жүрсін ақын тез есейіп, ересек өмірге ерте араласады. 17 жасында шаңырақ көтереді. Сүйген жары Бақытжамал екеуі жетектесе жүріп, жоғары оқу орнына түседі. Іркес-тіркес дүниеге келген ұл-қызын үлпілдетіп өсіріп, әке ретінде де, қарымды қаламгер, дарынды журналист ретінде де өмірдің қызығын да, шыжығын да бір кісідей көтереді.
Жүрсін Ерманның Қарағанды облысы, Жезді аудандық «Октябрь туы» газетінде әдеби қызметкерліктен басталған еңбек жолы Жезқазған телевизиясында аға редактор, республикалық теледидарда бас редактор, «Қазақ әдебиеті» газетінің, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, Қазақ радиосының бас директоры қызметтеріне дейін ұласқаны белгілі. Бұл ретте, Жүрсін Ерманның қай қызметте болсын өз ісінің білгірі ретінде танылып, ақын, азамат, қайраткер ретінде ел-жұртты тәнті етіп жүргені даусыз.
Әуелден-ақ ақын ретінде танылған Жүрсін Ерман бүгінгі поэзияны қазақы қоңыр үнмен, әсіребояусыз ұлттық нақышпен мейлінше байыта түсті деуге болады. Ақынның:
– Жастықтың қызығын бірге кешкен,
Шығар ма шырайлы күндер естен.
Жылуын сезініп махаббаттың,
Бірге асып келеміз мың белестен, – деп, көзіқарақты қауым әнге қосып жүрген «Сыңарым» әнінен бастап,
– Қай жерде, мейлі қай елде,
Әлемнің мәні – Әйелде.
Шын мықты болсаң, оныңды
Әйелге барып дәлелде!
...Әйелсіз қонды бақ қашан?
Әйел деп түстік отқа сан.
Әлемнің тілін таппайсың,
Әйелдің тілін таппасаң! – деген «Әйелге одасы» немесе:
...Сенің жолың кешеден кесілуде,
Жатсың үнсіз табыттың бесігінде.
Жібергісі келмей ме Алматының,
Самолеті Торғайдың кешігуде.
...Кейіме енді досқа да, жарыңа да,
Бітер жері ғұмырың – бәрі нала.
Жаяу-жалпы жетіп ең Алматыға,
Ұшайын деп жатырсың, Сары бала!.. – сынды «Кеңшілік Мырзабековті Алматыдан аттандыруына» дейін оқырманның көңіл түкпірінен берік орын алған шығармалар. Жалпы, көркем сөз, кестелі тілмен өрнектелген мұндай шуақты ой ұшқындарын ақынның әр жылдарда жарық көрген «Жанартау», «Арайлы күн, армысың!», «Ұлытауға бардың ба?», «Құдіретке жүгіну», «Екі тізгін, бір шылбыр», «Құстың көлеңкесі» атты жыр жинақтарының қай-қайсысынан да көптеп кездестіруге болады.
Қасым Аманжолов ағасын ерекше қадірлейтін Жүрсін Ерманның «Мен Қасымның бүкіл жырларын, тіпті кеңестік дәуірді мадақтаған өлеңдеріне дейін сүйемін» деген бір сөзі бар. Сол сияқты Жүрсін поэзиясын да өте жоғары бағалайтын, оның осыдан бірер жыл бұрын жарық көрген «Таңдамалы 70 өлеңін» әлдебір ақындардың 70 томына айырбастамайтын сыйлас, сырлас замандас көп. Ендігі сырды солардан тыңдасақ...
Көпен ӘМІР БЕК, сатирик:
Жүрсін – ақындар университетінің ешқандай бұйрықсыз бекітілген ректоры
– Егер әдебиетті циркке теңесең, ондағы барлық хайуанаттар адамның айтқанына көнеді, айдағанына жүреді. Бүкіл жан-жануардың ішінде тек қасқыр ғана циркке бағынбайды екен. Менің досым Жүрсін Ерманов әдебиеттегі қасқыр сияқты. Оны үйрете алмайсың, таяқтың үстінен секірте алмайсың. Ол – өзіндік мінезі, өзіндік қаны бар қаламгер.
Егер әдебиетті арғымаққа теңейтін болсақ, біздің көптеген әдебиетшілер аяғын үзеңгіге салып барып ерге қонады. Ал Жүрсін Ерманов – ерге бірден қарғып мінетін жігіт. Ол өзінің мінезіне байланысты. Жұрт атқа мініп, алға қарап зымырайтын болса, бұл аттың бауырында жатып та бәйгені іле береді. Өйткені оның өзі қандай болса, сөзі де сондай ерекше. Ешкімге ұқсамайды. Бұл біраз жылдан бері жатып қалған тұлпар сияқты көрінді маған. Тұлпарды тұрғызу үшін не істейді? Тұлпар шылбырынан сүйресең де, құйрығынан тартсаң да, шыбықпен сабасаң да тұрмайды. Тек жанынан бір үйір жылқыны дүбірлетіп, кісінетіп өткізсең, нағыз тұлпар болса, ол тұрады. Жүрсін – дүбірге үйренген, дүбірді көрсе, кісінеп, оқыранып, соған қосылып кететін жүйрік. Ақындар айтысы арқылы ол талай жүйрікті тәрбиелеп шығарды. Мысалы, біз ақын қыздарымыздан Сара Тастамбекқызы, Зияш Қалауова, Мәриям Хакімжанова, Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева сынды бұрынғы-соңғы бірен-саран таланттарды ғана білетін едік. Яғни олар қамшының шашағындай ғана болатын. Ал Жүрсін қаншама ақын қыздардың бағын ашты! Олардың бәрінің бірдей атын атап, түсін түстеп шығу тіпті мүмкін емес. Бұл тұрғыдан алғанда, Жүрсін үлкен сауапкерлік жасады. Оларды «Қазақтың қыздарының бәрі де ақын екен» дейтіндей дәрежеге жеткізді. Яғни Жүрсін – былай алып қарағанда, ешқандай мемлекеттік бұйрықпен, мемлекеттік рәсіммен бекітілмеген, ақындар университетінің ректоры.
Жұрттар Жүрсіннің пошымын, бет әлпетін көріп шошиды, өйткені ешкім бетіне тура келе алмайтындай сұсты, айбатты жігіт. Бірақ оның бергі жағы бетпақ болғанымен, арғы жағы – аппақ. Мұның бетпақтығы да, аппақтығы да бірдей. Бірақ бетпақтығы бетінде тұрады да, аппақтығы жүрегінде тұрады...
Қорыта айтқанда...
Қанша жерден уақыт өз әмірін жүргізіп, өмірдің тамылжыған тамызы есік қаққанымен, ақын жүрегі арманшыл қалпынан танбайды. Оның:
– Қыран ғұмыр қиялдап жетілген ем, –
Қырандыққа жоқ әлі кепілдемем.
Кешіп жүрген өмірім әншейін де,
Бәрін қайта бастайтын секілденем! – деп жырлайтыны да содан. Өзі айтқандай, сезім-сәуле лып еткенде ақын қаламынан төгілмейтін сыр кемде-кем. Жан-жүрегіне тыншу бермеген бір мұңын қағазға көшіріп болғанша көңілін келесі мұң торлайды. Бір ойды жүзеге асырып біткенше, оның орнын келесі ой алмастырады. Бәлкім, ақын өмірі сонысымен де қызық, сонысымен де құнды шығар...
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ, ақын:
Жүрсіннің 70 өлеңін 70 томға айырбастамас едім
– Жүрсін екеуміз Сарыарқаның екі пұшпағынанбыз. Ол – Ұлытаудан, мен – Ақтоғайдан, 12-13 жасымыздан бастап Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне қатар шығып тұрдық. Бір-бірімізді газет арқылы танитынбыз. Жүрсіннің алғашқы өлеңдері Б.Байсейітов, Ж.Бектұров сияқты белгілі ақындардың алғысөзімен, жылы лебізімен жарияланып жататын. Бірақ ол әдеби ортаға менен бұрын барып, менен бұрын танымал болды. Жүрсін – шөптің де, шөңгенің де өлең емес екенін жақсы түсінетін, өлеңге үлкен жауапкершілікпен қарайтын, өте дарынды ақын. Мысалы, бізде өлең кітаптарын он томдап, жиырма томдап шығарып жатқан адамдар бар. Ал ұлы Абайдың өзінің бүкіл жазған-сызғаны түсіндірмесімен ғана бір томға әрең жетеді. Жүрсіннің өте талғампаз ақын екендігі соншалық – осыдан үш жыл бұрын «Таңдамалы 70 өлең» деген кітап шығарды. Мысалы, осы 70 өлеңді мен халтурщиктердің 70 томына айырбастамас едім.
Екінші бір айтарым, Жүрсін – керемет реформатор адам. Ол қазақтың өліп бара жатқан айтысын аман алып қалды. Орыстар мұндай адамды «подвижник нации» дейді. Бұл – былайша айтқанда, өзінің қарақан басын ұмытып, ұлт үшін, ұлыс үшін еңбек ететін адам деген сөз. Мысалы, орыстар Третьяков галереясын ашқан көпес Третьяков, алғаш атом бомбасын жасап, кейін оған өкінген академик Андрей Сахаров сияқты адамдарын «подвижник нации» дейді. Қазақтың айтысын аман алып қалған Жүрсінімізді біз де солардың қатарына қоса аламыз.
Жүрсін айтысты дүркіретіп өткізіп, айтыс ақындары машинадан-машина мініп жатты ғой. Сонда Қадыр ағаның: «Айтыс ақындарына бір-бірден машинадан берсеңдер, онда біздің әрбір кітабымызға екі машинадан беріңдер», – дегені бар болатын. Қасым Аманжоловтың Қарқарада тойланған 90 жылдығында мен Қадағаңның осы сөзін Жүрсінге айтып: «Айтыс ақындарының жағдайы қазір жақсы. Бірден емес, тіпті бестен, оннан машина мінгендері бар. Ал қазақ поэзиясы далада қалды ғой», – деген едім. Жүрсін: «Оның бәрін білемін, түсінемін. Алматыға барысымен Тәуелсіздіктің 10 жылдығына арнап ақындар мүшәйрасын өткіземін», – деді. Сөйтіп, өз қаржысымен мүшәйра өткізді. Одан кейін ол тұрақты түрде «Бір өлең – бір әлем» деген мүшәйра ұйымдастырып тұрды. Осы бір жаңаша жобаны дәстүрге айналдыруға болушы еді. Бірақ әртүрлі себептермен тоқтап қалды. Қалай болғанда да, бұл Жүрсіннің тек айтысқа ғана емес, жалпы қазақ поэзиясына деген жанашырлығын, азаматтығын көрсетеді.
Жалпы, ақын өте мықты ақын болуы үшін ол ең әуелі мықты азамат болуы керек. Мықты азамат болғаннан кейін ғана Жүрсіннің жүрегінен осындай өлеңдер туып жатыр, мықты азамат болғаннан кейін ғана Жүрсін осындай аса маңызды қоғамдық әрекеттерге барып жүр. Ал нашар адамнан жөні түзу өлең де, ірі іс-қимыл да шықпайды.
Бақытжамал ЕРМАН, ақынның жары:
Ол – жүрегі өте жұмсақ адам
– Жүрсіннің бүкіл журналистік қызметі телевизиямен байланысты. Жүрсінді Жезқазған облыстық теледидарында қызмет істеген кездерінен білетін Қазақ телевизиясының басшылары әуелде үгіт-насихат редакциясына алды да, артынша жастар редакциясының бас редакторы етіп бекітті. Өз ісіне мейлінше адал, еңбекқор Жүрсін сол редакцияның жұмысын көтеруге көп үлес қосты. Маңайына талантты замандастарын, жастарды тартты. Мысалы, Сағат ағаны да телевизияға ең бірінші әкелген Жүрсін болатын. «Жүректен қозғайық» деген хабар ашып, сол кісіні жүргізуші еткен. Сол кезде Дулат Исабеков жастар редакциясынан апта сайын хабар жүргізетін. Жүрсін форматы да, тақырыбы да таптаурын, көрерменге ешқандай берері жоқ сол хабарды жауып, орнына жаңа жобалар ашты. Бірақ осының салдарынан өзіне қарсылас тауып алды. Ақырында телевизиядан кетуіне де осы себепкер болды. Дулат ағамыз Жүрсіннің аяғынан шалғанымен қоймай, кейінгі жылдарда тіпті «Бүгінгідей компьютер, технология заманында айтыс не керек?» деп бүкіл айтыс өнеріне күл шашуға көшті. Бірақ халқымыздың қасиетті өнерінің де киесі бар ғой. Кім не десе де, одан айтыстың туы жығылмайды.
Өзі ақын болғаннан кейін де, Жүрсін айтысты жандандыруға Жезқазған телевизиясында жүрген кезінен көңіл бөле бастаған. Бірақ ол кезде айтыс өте сирек және үлкен мерекелерге орай ғана ұйымдастырылатын. Қазақ телевизиясының әдеби драмалық хабарлар редакциясында қызмет еткен кезінде Жүрсін айтысты шындап қолға ала бастады. «Сонау соғыс жылдарының өзінде өлмеген, жоғалмаған халықтық өнерді қайта жандандырайық» деп барынша тырысты. Ол кезде айтысты біреу алдын ала жазып беретін де, екі адам соны домбырамен орындайтын. Міне, содан қазіргі дәрежеге жеткенге дейін айтыс қаншама кезеңнен, қаншама сатыдан өтті! Ең басындағы айтыстарды білетін адам оның қазіргі деңгейіне, айтыскерлердің ой ұшқырлығына, суырыпсалмалығына таң-тамаша қалады.
Бір қараған кісіге Жүрсін дөрекі мінезді адам болып көрінуі мүмкін. Бірақ үйде оған қарағанда менің мінезім қатқылдау. Ал ол – жүрегі өте жұмсақ адам. Маңайындағы жұрттың жақсы бір қырын көрсе, соған риза болып, аузынан тастамай айтып жүреді. Балаларына өте мейірімді. Үш баламыздың үлкені Қызғалдақ – «Хабар» агенттігінде бағдарлама режиссері, ұлымыз Дархан – Ресейдің осындағы «Вираж» деген автосалонының бөлім директоры, кенжеміз Ардақ – тіл маманы. Осы үш баламыздан 11 немере сүйіп отырмыз.