Бармысың, балалар әні
Бүгінгінің балалары «Жазда атасының ауылына барғанда, алдынан ойнақтап шығатын қошақан» жайлы әнді менсінбейді. Оған себеп те жоқ емес. Мектепке дейінгі тәрбие ошақтарында мұғалімдер балаларға арнап жазылған әндердің аз екендігін айтып мұң шағады. Есесіне бүлдіршіндер махаббат жайлы әндерді құшырлана орындайды. Айтайын десе басқа ән жоқ.
Бірде қаладағы мектептердің біріне жолымыз түсті. Музыка пәнінің мұғалімінен рұқсат алып, балалардың қандай ән айтып жүргенін тыңдап көрейік дегенбіз. Бірінен бірі қалыспай ән шырқауға көшкен балалардың алғашқысы «Арман-ай, тым алысқа әкеттің-ау сен мені...» деп шырқай жөнелді. Екіншісі де махаббат машақаты жайлы әнді боздатты. Үшіншісі тіпті «таңдайымызды қақтырды». «Шымкенттің салқын сырасы...» деп балаларды ішімдік әлеміне жетелеп әкетті. Алдап кеткен арман, сүйгені тастап кеткен жігіттің жылаңқы әні... Бүгінгі бүлдіршіндердің аузынан тастамай айтатын әндері осындай. Бізді одан бетер таңдандыра түсейін дегендей оқушылардың бірі «апай, бұл әндер сізге ұнамай ма? Бұлардың бәрі де бүгінгі хит әндер ғой» деді. Пәк көңіл, періште пейілді сәбилердің бүкпесі жоқ ашық әңгімелері талай ойға жетелейді екен. Рас, бүгінде балалар әдебиеті сияқты балалар әні де тоқырау үстінде десек артық айтиқандық болмас. Қазіргі балдырғандарға ұйқасы жеңіл, тез жатталатын ойнақы әндер жетіспейтіні рас. Сосынғысын олар өзге тілдегі әндерді шырқауға құмар болмай қайтсін? Балаларға арналған әндер мүлдем жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Бірақ , жаңа әндер теңізге жұтылып кететін тамшыдай болған соң, айтамыз дағы. Олардың көбісі осыдан ширек ғасыр бұрын шыққан әндер.
Балаларға арнап ән жазатын композиторлар кем. Атақты деген композиторларымыздың әндері бар-ау. Бірақ олар арнау ән болып келеді. Яғни, «Немереме», «Қошақаным», «Балапаным» деген сияқты. Композитор көкелеріміз балаларға арнап ән жазып алтын уақыттарын сарп еткенше, керемет әніне клип түсіртіп, белді әншілерге сатқанды жөн санайтын сықылды. Бәрі емес әрине, кейбірі. Кезінде «Әнші балапан» атты байқау болатын. Бүкіл республиканы қамтыған осы байқау талай тиалантты бүлдіршіннің бағын ашты. Оған қоса көптеген жаңа әндердің тұсауын да кесті. Ал «Әнші болғым келеді» байқауы «Әнші балапанның» орнын баса алған жоқ. «Әнші, жыршы, күйші балапан» деп ән шырқайтын балапандардың бүгінде бағы ашылмай жүр. Бүгінгі рэп стиліндегі әндер сәби санасына сәуле түсіре ме? Ол әндер шынайы өмірді сол қалпында қабылдайтын кішкентай бүлдіршіндерге қандай тәлім тәрбие бермек? Отансүйгіштікке үндеп, патриоттық рухты оятатын әндер жазып сәбилерімізді неге әлдилемейміз? Бізде мәселенің бәрі ақшаға келіп тіреле беретіні белгілі ғой. Осындайда ойға қаласың. Қалталы азаматтарымыз, дұрысы ұлтқа, ұлттың болашағына жаны ашитындар бас болып композиторлар арасында байқау жарияласа, қанекей. Бәлкім сонда балалардың қосыла шырқайтын сүйікті әніне айналар әндер көбейер. Сонда ғана балалар ересектердің махаббат машақаты жайлы әндеріне үйір болып ерте есеймей, өз әлемінде тербелер, бәлкім. Ән - де тәрбиенің бір тармағы. Ендеше Отан, туған жер туралы балалар қосыла шырқайтын әндер жазудың, дұрысы көбейтудің кезі әлдеқашан келген сияқты...
Тақырыпқа тұздық
Жаңа жыл кештерінде бүлдіршіндер сүйсіне орындайтын бір ән бар. Шыршаны айналып жүріп:
Аппақ, аппақ, жапалақтап,
Қар жауады тынбастан.
Қалың орман қар жамылған
Маужырайды түнгі аспан.
Есіңізге түсті ме, ол сіз бен біздің яғни бала кезде айтқан әніміз. Осы ән бүгінге дейін қатардан қалмай келеді. Ал оның орнын басатындай ән... әзірге жоқ. Латиф Хамидидің осыдан 50 жыл бұрын шығарған әні. Ал, «В лесу родилось елочка...» деген Леонид Бекманның әні XX ғасырда шығарылыпты. Ал, бізде ғасырлардан ғасырларға жететін әндеріміз неге кемшін?
Құралай Сәтмұхамбетова, композитор:
Шынында да балаларға арналған әндердің аз екені рас. «Балауса», «Қоңыраулы қошақан» атты облыстық байқауларда әділқазылық етіп жүріп байқағаным, балалардың репертуары жұтаң. Көбіне белгілі әншілердің орындауындағы әндерді айтып жатады. Ол әндері махаббат туралы, сезім туралы болып келеді. Бұл әр аудандағы мәдениет бөліміндегі көркемдік жетекшілердің сауатсыздығын көрсетеді. Мәдениет саласындағы мамандар ізденбейді. Тым болмаса байқау болардан алдын хабарландыру жасап, композиторларға сұрау салса болады ғой. Мәселен, менің өзімде балаларға арналған оншақты әнім бар. Хабарласып, ән сұрап келсе үйретуден жалықпас едім. Тіпті, тегін берер едім. Қазір білесіз, ән де сатылатын болып кетті ғой. Өкінішке қарай, іздеп, сұрап жатқан бірі жоқ. Балалардың халық әндерін де айтқаны дұрыс-ау. Бірақ дауысы келсе, жасына сай болса. Ән таңдауға жетекшілерімен бірге ата-аналары да атсалысса дұрыс болар еді. Би туралы да соны айтуға болады. Мәселен өткенде Арыс қаласында өткен «Қоңыраулы қошақан» атты облыстық байқауда бір ауданнан келген би тобы «Кан-кан» атты биді қойды. Ол түнгі клубтарда, ойын сауық клубтарында биленетін би. Мұндай жағдайлар жетекшілерінің сауатсыздығын көрсетеді. Мұның бәрін де мәдениет бөліміндегі көркемдік жетекшілер қадағалап отыруы керек.