«Барсакелместен» – «базарға» немесе ғарышқа ғашықтық қайда апарады?
«Біз уақыт оздырмай ғарышты игеру жайлы сөйлесуге тиіспіз. Түймедейден түйедейге дейін, яғни инеден – тігін мәшинесіне, пышақтан – еттартқышқа, күймеден – автокөлікке, қайықтан кемеге жеткен секілді, аэропланнан реактивті құрылғыға жетуді ойластырып, Күн жүйесін бағындыруды қарастыруымыз керек». Өткен ғасыр басында айтылған бұл ойдың авторы – Ғарыштың атасы деген атқа әдбен лайық Циолковский ақсақал. Осы ұран ұрпақтар ауысса да, адам баласы үшін өзектілігін арттырмаса, жойған емес. Адам баласы ғарышты бағындырғаннан бері 50 жылда біз нені еңсердік? Бір сәт осыған ой жүгіртсек...
Адамның аяғынан гөрі, қиялы әлдеқайда жүйрік. Яғни әлі көзбен көріп, қолмен ұстамаған нәрсеге адам қаншама ғасыр бұрын қиялмен сапар шегіп қоятынын тарихтан, сондағы өткен тұлғалар өмірінен қанықпыз. Аспан әлемі жайлы аңыз-әпсаналарды айтпағанда, адамзаттың Айға ұшуы туралы алғаш әңгімені ХVІІ ғасырда француз жазушысы Сирано де Бержерака жазыпты. Алайда Жерден жатжұрттың ауасын жұтуға біз анағұрлым кешірек, осы алғашқы әдеби туынды дүниеге келгеннен кейін араға үш ғасыр салып қол жеткіздік. Бейтаныс мекенге жол тартқан тұңғыш ғарышкерлер адам емес, жануарлар екенін білеміз. Өйткені адамзат үшін ғарыш әуелде «Барсакелмес» болды емес пе?! Сондықтан ит болсын, басқа да болсын жануарды ұшырып, әуелі ол қайта Жерге орала ма – сол тексерілді. 1961 жылы Ю.Гагариннің күллі ғаламшардағы пенделер арасынан жүрегінің түгі жетіп, ғарышқа ұшқаны сондай бір көзсіз ерлік саналды. Алғаш «Айда ауа бар ма», «Ғарыш кеңістігінде Жер шары қалай көрінеді» деген сұрақтар мазалаған тұста ең болмаса біреу ғарыштық дамудың болашағы нендей адам айтса сенгісіз жайларға жеткізетінін сезді ме екен? Мәселен, бүгінгі ұрпақтың онсыз бір сәт тұра алмайтын ұялы телефоны адамзаттың ақыл-ойы түгіл, үш ұйықтаса түсіне кіріп пе осы? Төрткүл дүниені саусақ ұшындағы бір түймені басып қалып көре беретін боламыз деген ой ше? Болмаса дәл солай бүкіл Жер шарын бір-ақ сәтте күл-талқанын шығармасын деп тіземіз дірілдей күні-түні күзететін әскери техникалар болады деп ең құрығанда біреу жоспарлады ма? Өзі дүниеге келген дәуірден әлдеқайда озып туған әлдебір ғұламалар білген болса керек, бүгінгі біздің қамымызды ойлаған болса керек, әйтпесе қазіргі заманның жетістігі ақылсыздардың әншейін көре салайықшы деген жай қызығушылығынан туған ойыншығы емес!
Осы орайда «өндірісті ғарыштандыру» деген ұғым тіл ұшына тіреледі. Күллі адамзаттың назарын аударған бұл мәселе әу баста ең маңызды үш мақсатты көздесе керек: бірінші – ғарыштағы құбылыстардың біздің ғаламшарымызға ықпалын зерттей отырып, соны біздің өмірімізге күнделікті қолдану, екіншісі – ғарыштық зымырандар техникасын дамытып, оны өндірістің басқа да салаларына енгізу, ал үшіншісі – өзіміздегі кейбір техникалық жүйелерді ғарыш кеңістігіне шығару. Жерден тыс қалықтап жүрген жасанды серіктері арқылы біз:
1) координаттарды анықтау, бақылау қызметіне (геодезия, навигация);
2) ақпарат тарату, яғни, дәлірек айтсақ, телевизиялық, радио тарату, телефон және телеграфтық, ұялы байланыс;
3) жерді бақылау (мұхиттарды зерттеу, геология, гидрология т.б);
4) атмосферадағы құбылыстарды қадағалау (метеорология, ауаны ластанудан қорғау);
5) әскери техникаларды бақылап, басқару секілді саусақпен санап тауыса алмайтындай жетістіктерге қол жеткізіппіз.
Ол аз десеңіз, адамға зиян өндірістік қалдықтарымызды Айға апарып тастау жағын да қарастырып жатсақ керек... Әрине, мұнымен тоқталмасымыз да анық. Жер-Анаға көрсеткеніміз жайлы әңгімеміздің басында айтып кеткен ғұлама ғалым Циолковский «адамзаттың араласуы мұң екен, Жер шары тез қартая бастады» деп текке айтпағаны анық. Сөйте тұра, ғалым уақыт оздырмай, ғарышты игеру жайлы дәл жоғарыда аталған ұранды ортаға шығарған. Тіпті ғарышты игерудің соңы немен бітерін Константин қария болжап, аяғында Жерге нұрын аямай төгіп тұрған Күннің сөнуіне апарып тіреген. Бір қызығы әрі қорқыныштысы да сол: ғалымның болжамдары өзі көрсеткен 16 тізбек бойынша, айна-қатесіз жүзеге асып келетінге ұқсайды. Алайда алда әлі жарты жол бар, сол болжам бойынша... Бір кездері қиял, арман болған аспан кеңістігі – бүгінде қолмен ұстағандай шындық, сол үшін де ғарышты игеруге деген талпыныс күн сайын соншалық «ашқарақтықпен» өршіп келеді. Тіпті бүгінде жұлдызды жекеменшікке айналдырып жатқан пенделердің пайда болуы осыған дәлел емей, немене? Аман болсақ, біз әлі-ақ әуел баста Адам атаны әлдилеген Жер-Ананы қойып, ғарыштың да «шашын ағартарымыз» даусыз. Еш күлкісі жоқ...
• Тілге тиек
«Өлген адам сөйлемейді» деп, үстіне аппақ жамылғысын бүркенген күйі бала Қожа қиялымен тү-у-у ғарыштан бір-ақ шығушы еді ғой. Скафандр киген бала ғарышкер Айдан оралғанда, оны қаумалай қарсы алған қауым ішінде мүләйімси қарап Майқанова апай тұратын. Көзінде – «кезінде сені бағаламағанымды кешір, Қожа» деген жазу. Жанар тұратын «бәрі сотқар, бұзақы деген, мен ғана қорғаушы едім, міне, сол Қожа – ғарышкер» деп. Бұл – Адамзаттың алғаш Айға табаны тиген кезден көп ұзамай түсірілген фильм, баланың бәрі «кім болғың келеді» деген сұраққа ойланбастан «ғарышкер» деп жауап беретін жылдар... Қазақ ақыны Олжас Сүлейменовтің «Адамға табын, Жер, енді» атты туындысы тікұшақпен төбеден жаудырылған кез...