БАТА
Құрметті оқырман ел аузындағы бата-тілектерді жинасытырып назарларыңызға ұсына бастадық. Бұл игі іске алып-қосар ойыңыз немесе өз жаныңыздан шығарған, ел аузынан, қадірлі қариялардан естіген баталарыңыз болса alashainasy.kz сайтына пікір жазып немесе мына почтаға (alashbata@mail.ru) хат жолдаңыз!
Мерейтой батасы
Той дастарқаны мол болсын.
Берекелі қол болсын,
Тойға келген қонақтың.
Бәріне сәтті жол болсын.
Тілектерің оң болсын,
Жұқармайтын қоң болсын.
Екеуіңнің кигенің,
Алтын жағалы тон болсын.
***
Немереңді өсіріп,
Шөбереңді жетектеп,
Шашқан Алла ырзығың,
Тере бергін етектеп,
Құт болып, мекен тұрағың,
Жайқала берсін құрағың,
Лайланбасын бұлағың.
Жарқырай берсін шырағың,
Жастарың жүзге жеткенше
Тарқамасын бір-біріңе құмарың.
Әумин.
***
Қабыл ғып Алла тілекті,
Қуанта берсін жүректі.
«Алтын тойым болғай» деп,
Тілеумен қанша күн өтті.
Тілекті Алла бергені,
Тойың өтіп дүбірлеп,
Осынша жанның келгені.
Бақытты жандар болыңдар,
Мерейі биік елдегі,
Аруақтар қолдасын,
Жамандық ешбір болмасын.
Дәулетің тасып бұдан да,
Тепсең кетпес басыңа,
Баянды бақыт орнасын.
Ұзақ болып жастарың,
Қызығын көріп балалардың,
Ашық болсын аспаның.
Әумин.
***
Құтты болсын күміс той,
Той дегенің ырыс қой.
Алтын жамбы берсем де,
Екеуіңе дұрыс қой.
Күміс тойдың аяғы,
Алтын тойға жалғассын.
Жарылқасын жандарың
Жүзіндей ақ алмастың.
Таси берсін дәулетің,
Жарасып сән-сәулетің.
Қара қауым ел болып,
Өсіп-өнсін әулетің.
Сыйлы болып бастарың,
Ажарамай жұптарың,
Жүзге жетсін жастарың.
Әумин.
БАТА
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Құрметті оқырман ел аузындағы бата-тілектерді жинасытырып назарларыңызға ұсына бастадық. Бұл игі іске алып-қосар ойыңыз немесе өз жаныңыздан шығарған, ел аузынан, қадірлі қариялардан естіген баталарыңыз болса alashainasy.kz сайтына пікір жазып немесе мына почтаға (alashbata@mail.ru) хат жолдаңыз!
Дастарханға бата
Ардақты үй иесі,
Әуелі бердің шай,
Көңілің болсын жай!
Екінші бердің ет,
Таппасын көңілің,
Ешбір дерт!
Үшінші бердің сорпа,
Болмасын бағың орта!
Әумин!
***
Ауылдарың малды болсын,
Жылқыларың жалды болсын.
Азаматтарың аянбай еңбек етіп,
Ағайынның алды болсын!
Әумин.
***
Бата бердім, бақ тіледім,
Ақ дастарқан басына,
Я, құдайым, шын тіледім,
Келсін деп менің қасыма!
Көңілің көлдей болып,
Көргенің түстей болып,
Қыдыр қонсын басыңа!
Әумин.
***
Я, Тәңірі, құдірет,
Мал - бастарын аман ет,
Басына бер бақыт,
Асына бер берекет,
Өмір жасын ұзақ ет,
Мехнат, зақметтен аман ет,
Дұшпанының күнін жаман ет,
Ұрпақтарын асыл ет,
Дүниедегі жақсылықты,
Дәл осы үйге нәсіп ет!
Әумин.
***
Тәңір жарылқасын,
Кімді жарылқаса
Соның жағында қылсын;
Жақсының жанында қылсын;
Жаманның алдында қылсын!
Жортқанда, жолың болсын,
Адассаң жолға салып жүрсін,
Сүріндірмей алып жүрсін,
Мың бір бәле, жүз бір қатерден қағып жүрсін!
Әумин.
БАТА
kazakhistory.ru
Құрметті оқырман ел аузындағы бата-тілектерді жинасытырып назарларыңызға ұсына бастадық. Бұл игі іске алып-қосар ойыңыз немесе өз жаныңыздан шығарған, ел аузынан, қадірлі қариялардан естіген баталарыңыз болса alashainasy.kz сайтына пікір жазып немесе мына почтаға (alashbata@mail.ru) хат жолдаңыз!
Діни баталар
Құдайдың құлымын дегейсің,
Мұхаммед үмбетімін дегейсің.
Шадияр досым дегейсің,
Имам ағзамның қауымында қыл,
Шайтанның сәрінен сақта,
Патшаның кәрінен сақта,
Намаздың қазасынан сақта.
Пайғамбардың туында қыл,
Аузы кәусардың суында қыл,
Иман байлығын бер,
Деннің саулығын бер.
Әумин.
***
Е, құдайым оңдасын,
Оң жолыңа бастасын.
Бір жарылқап тастасын.
Жамандыққа жазбасын,
Жақсылыққа бастасын!
Мал иесі Мұхаммед!
Жан иесі хазірет,
Не тілегін әзір ет,
Еткен ниетін қабыл ет!
Әумин.
***
Тәңірім өзі оңдасын,
Әулиелер қолдасын.
Дүниедегі ізгілік
Алдыңнан шығып қарсы алсын.
Тар қабірің кең болсын,
Күндізгідей күн күлсін,
Шамшырағын жаққандай,
Тас қабірдің ішінде
Тас бүркеніп жатсаң да,
Рахатқа бата гөр,
Күн шығып таң атқандай.
Жанатта жаның жай тапсын,
Жаратқан жаппар құдірет,
Көп батасын қабыл ет,
Күнәдан пәк жандардың
Ақ тілегін мақұл ет!
Әумин.
***
Әуелі Алла оңдасын.
Пайғамбар болсын жолдасың.
Өткендерді ойласаң.
Аруақтар қолдасын.
Сыртыңнан ғайбат айтқан жан
Тап өзіңдей болмасын.
Ризығың, дәулетің қолыңнан кетпесін.
Иманың жерге жетпесін.
Қайырлы ғып дәулет берсін.
Өмірлі ғып перзент берсін.
Анам деп есіне алған жанды
Екі жалғанда қорғаушы боп.
Пайғамбар қасына алсын!
Әумин.
***
Міне бата, ақ ниет,
Бола берсін берекет.
Қиын дейді қиямет,
Жақын дейді ақырет.
Құлшылық қыл Аллаға,
Қыл көпірден таймай өт!
Кірсін дәулет,
Шықсын бейнет,
Алла атымен ниет ет.
Жоқ-жітікке рақым ет.
Тәңір сені қолдасын,
Уайым-қайғы болмасын.
Қабыл болсын, оразаң,
Әулетіңді оңдасын!
Әумин!
БАТА
kazakhistory.ru
Құрметті оқырман ел аузындағы бата-тілектерді жинасытырып назарларыңызға ұсына бастадық. Бұл игі іске алып-қосар ойыңыз немесе өз жаныңыздан шығарған, ел аузынан, қадірлі қариялардан естіген баталарыңыз болса alashainasy.kz сайтына пікір жазып немесе мына почтаға (alashbata@mail.ru) хат жолдаңыз!
Дастарханға берілетін баталар
Ас бергенге бас берсін,
Өмірі ұзақ жас берсін.
Кетпес дәулет, кең пейіл,
Қайырымды дос берсін.
***
Құдай жарылқасын,
Бақ қарасын.
Қыдыр дарысын!
Айдан аман,
Жылдан есен қылып,
Үйдегі, түздегі
Мал-басты
Аман қылсын!
... Бұл үйдің бізге берген дәмі тары екен,
О да өзінің бары екен.
Бұл үйге қас қылған адамды
Көтеріп тұрған жер ұрсын,
Аспандағы көк ұрсын!
***
Шалқар көлдей көп болсын
Қымыз бенен айраның.
Атаның мен атыңнан
Жұртқа түссін қайраның!
Айдағысыз малды бол,
Ағайынның алды бол,
Отыз ұлды орда бол,
Ұман жұрттың басы бол!
Мал-жанға берілетін баталар
Е, Құдайым, оңдасын,
Мың саулығың қоздасын.
Сегіз түйең боталап,
Сегіз келін қомдасын.
***
Жүзге жетсін түйеңіз,
Үш жүз болсын биеңіз!
Әлдеріңнің келгенінше
Жығылғанды көтеріп,
Сүйенгенді сүйеңіз!
Тарығып келген адамға,
Бермесек, отқа күйеміз,
Бергенді тым-ақ сүйеміз.
Жомарттық қылып қолдасаң!
Әр бір жерде жар болсын
Бір жасаған – Иеміз!
***
Аладан алпыс бие құлындап,
Алқалап ұлың байласын.
Желіден жетпіс інген боталап,
Қыз-келіншек қызығымен қомдасын.
... Ораздыны көшіріп,
Шиеліде қонысып,
Отыңның басы
Перзентке толысып.
... Әр елге әр перзентің
Патша болсын!
Батамыз біздің берген
Қабыл болсын!
Тілек бата
... Ағайынмен тату бол,
Жаз кигенің құлпы бол!
Қыс кигенің түлкі бол!
Бағаналы таудай бол!
Шағалалы көлдей бол!
... Есігіңнің алдында,
Елу інген боздасын
Қораңда бес жүз саулық қоздасын!
... Жылқың сенің мың болсын!
Жылқы деген жақсы мал,
Бес өлкеге бақтырып,
Бес айдыннан суарып,
Бетегелі тауға жабысып,
Сиырың сенің мың болсын!
Қысың қатты болғанда,
Қамысты жерге айдап сал,
Бісмілла, Аллаһу акпар!
***
«Әмин!» деп қолыңды жай,
Қабат тусын Күн мен Ай.
Алғаның болсын сайма-сай
Қапалық болмай кезінде
Ылғи болсын мамыражай.
Қос-қостан тауып ұл мен қыз,
Мінгені болсын жорға тай.
***
Е, Құдайым, жарылқа!
Жарылқасаң малды қыл!
Біткен жұрттың алды қыл!..
Аллаһы ақпар!
Е, Құдайым, бала берсін!
Мал мен басты және берсін!
Саған қас қылған дұшпанды.
Табаныңның астына сала берсін!
Аллаһу акпар!
БАТА
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Құрметті оқырман ел аузындағы бата-тілектерді жинасытырып назарларыңызға ұсына бастадық. Бұл игі іске алып-қосар ойыңыз немесе өз жаныңыздан шығарған, ел аузынан, қадірлі қариялардан естіген баталарыңыз болса alashainasy.kz сайтына пікір жазып немесе мына почтаға (alashbata@mail.ru) хат жолдаңыз!
Cүндетке отырған балаға бата
Қол жайыңдар халайық, сүндетке арнап,
Құдай құлы Мұхаммед Үмбетке арнап.
Қырық парыздың біреуі осы дейді,
Исламда атқарар міндетке арнап.
Айың жарық, күндерің ашық болсын,
Пәле-жала қырық кез қашық болсын.
Жүрегіне ізгілік нұр құйылып,
Өміріне жететін нәсіп болсын.
Ақ бата әрқашанда орындалған,
Ашық қылсын жар болып жолыңды Аллам.
Ғайып Ерен, Қырық Шілтен қорғап жүрсін,
Азамат бол Қыдыр ата қолыңды алған.
Әмин!
Дастархан батасы
Дастарханың бай болсын.
Қазан-ошағың май болсын.
Төрт түлігің сай болсын.
Көңілің толып жай болсын.
Ұлың қонып қияға,
Қызың қонып қияға,
Келінің бибі атанып,
Ұлың болсын би аға.
Бергеннен Алла танбасын,
Көбейе берсін мал басың,
Өсе берсін жан басың,
Арманың көкке самғасын.
Досыңнан көңілің қалмасын,
Жағаңнан дұшпан алмасын,
Жолың болып жортқанда,
Жолыңды Қызыр жалғасын.
Әмин
Азаматқа бата
Берекең ешбір қашпасын,
Беліңді ешкім баспасын,
Адал болып алғаның,
Арыңды күлдей шашпасын.
Бақыт болса бастасың,
Мейманың, сірә, таспасын,
Тірлікте түзу жол тапсаң,
Тәңірім берер басқасын.
Әмин
БАТА
Ә. Қастеев, «Амангелді Иманов»
Құрметті оқырман ел аузындағы бата-тілектерді жинасытырып назарларыңызға ұсына бастадық. Бұл игі іске алып-қосар ойыңыз немесе өз жаныңыздан шығарған, ел аузынан, қадірлі қариялардан естіген баталарыңыз болса alashainasy.kz сайтына пікір жазып немесе мына почтаға (alashbata@mail.ru) хат жолдаңыз!
Амангелді батырға Қараман Досай шешеннің берген батасы
Уа, барша әлеумет,
Сардарға бата берейік.
Біріміз қалмай, бәріміз,
Батырға түгел ерейік.
Кәріміз бен жасымыз,
Патшаға қарсы аттанып,
Ер қаруы бес қару,
Бойымызға ілейік.
Бостандық үшін ту ұстап,
Батырға өмір тілейік.
Қаһарман қол – сарбаздар,
Көк тілгендей жарқылдап,
Найзағайдай төнейік.
Қарсы келген дұшпанды,
Жермен-жексен көмейік.
Батыр киген ақсауыт,
Оқ дарысын демейік.
Алтын жапқан ақжебе
Көздеген жерден дәл тиіп,
Дәлдеп түйреп найзамен,
Жау қабырғасын сөгейік.
Алмас қылыш қолда ойнап,
Жауды өлімге бөгейік.
Батырға ерген ерлерге,
Батагөй болып жебейік.
Ата менен аналар,
Соңдарыңнан ереміз
Неге жүрсін демейік.
Боздақ үшін жан пида,
Көзіміздің қарасы,
Көңіліміздің санасы.
Өміріміздің мұрасы –
Жалғыз-жалғыз боздақты,
Жауға не деп береміз?
Бермеймізде ереміз,
Бізде қару қолға алып,
Атамыз тартқан сұржебе,
Садақтан оқты себеміз.
Уа, халқым!
Көтеріңдер, қолдарыңды!
Өңшен жас ұландарым,
Жолдарыңа жан садаға,
Жараса жанды береміз.
Ботамыздан айырылып,
Бұл жерде не деп жүреміз?
Шыр айналып шырғалап,
Жандарында жүреміз.
Жасаған ием жар бол деп,
Жанамыз да күйеміз!
Тілегімізді берер күн,
Алыс емес жақын тұр.
Бақыт күнін орнатар,
Ақсұңқар құс – алыбың,
Қол бастаған көсемің,
Қасыңда тұр анау батырың!
Батар күнмен батуға,
Атар күнмен атуға,
Тілек тілеп, қол жайып,
Отыр мынау халқың да.
Құтты болсын бағыңыз,
Құтты болсын тағыңыз.
Ғаділдік қылып халқыңа,
Жаққан үстіне жағыңыз.
Патшадан көрдік зәбірді,
Қайғылы тұрған шағымыз.
Қайғыдан халқың арылсын,
Алтын ерлі ақ боз ат,
Астыңызда арысын.
15 мың сарбаз – қолыңа,
Қаһарман ерлік дарысын!
А, Құдайым оңдасын,
Барша әулие қолдасын!
Ғайып Ерен, Қырық шілтен,
Жан-жағыңнан қоршасын!
Күнің тусын оңыңнан,
Айың тусын солыңнан.
Ай мен күннің сәулесі,
Өмір бақи сөнбесін,
Қашанда болса жолыңнан!
Қолаң шашты қиғаш қас,
Ай мен күндей бір сұлу,
О да жүрсін соңыңнан!
Қабыл болсын бұл батам,
Пана болсын Хау Ана, Адам Атам!
Өзім өлсем артымда,
Сөзім қалсын халқыма!
БАТА
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Құрметті оқырман ел аузындағы бата-тілектерді жинасытырып назарларыңызға ұсына бастадық. Бұл игі іске алып-қосар ойыңыз немесе өз жаныңыздан шығарған, ел аузынан, қадірлі қариялардан естіген баталарыңыз болса alashainasy.kz сайтына пікір жазып немесе мына почтаға (alashbata@mail.ru) хат жолдаңыз!
Үй иесіне бата
Шаңырағың шалқи берсін.
Керегең кеңи берсін.
Осы үйге ән-күй келсін,
Дұшпаныңкемиберсін.
Дастарханғаберекеберсін.
Күндемерекеболсын.
Қастық ойлағандар,
Қабағыашылмайкелекеболсын.
Әмин
Сақтық бата
Дұшпанның табасынан сақта,
Достың наласынан сақта.
Өмір бойы жазылмайтын,
Жүректің жарасынан сақта.
Шарасыз шерменде болғаннан сақта,
Мезгілсіз солғаннан сақта.
Ағайынға көзтүрткі болып,
Сүмірейтіп қорлаудан сақта.
Сенгенің сатып кеткеннен сақта,
Дұшпан алдында шөккеннен сақта.
Қарғап сілеп тамам жұрт,
Қаһарын төккенен сақта.
Үгіліп жылағаннан сақта,
Араша сұрағаннан сақта.
Амалың құрып есеңгіреп,
Қайтып тұрмастай құлағаннан сақта.
Кесапаттың зәрінен сақта,
Патшаның кәрінен сақта.
Қол жайып тілеген пендеңді,
Пәле жаланың бәрінен сақта.
Фариза Оңғарсынованың жас жұбайларға берген батасы:
Сезімнің пәктігін берсін,
Көңілдің ақтығын берсін,
Жылулы отбастарыңа
Сәбидің шаттық үнін берсін!
Пейілдерің тарылмасын,
Есіктерің жабылмасын,
Шаршап-шалдыққандар
Төрлеріңде дамылдасын!
Көлденең кеселден,
Күңкіл өсектен сақтасын,
Дау-жанжалдан сақтасын,
Достан көңіл қалғаннан сақтасын!
Шайтанның азғыруынан,
Елдің жазғыруынан сақтасын,
Асып-тасқаннан сақтасын,
Алшаң басқаннан сақтасын!
Отауларың елге сән болсын,
Өмірлерің бал болсын,
Бибі Фатима анамыздың аруағы
Өздеріңе жар болсын!
БАТАЛЫ ЕРГЕ БАҚ ҚОНАР
Құрметті оқырман ел аузындағы бата-тілектерді жинасытырып назарларыңызға ұсына бастадық. Бұл игі іске алып-қосар ойыңыз немесе өз жаныңыздан шығарған, ел аузынан, қадірлі қариялардан естіген баталарыңыз болса сайтқа пікір жазып немесе мына почтаға (talgat_74@mail.ru) хат жолдаңыз!
Төле биге Қарасай батырдың берген батасы
– Қарағым Төле, айтқаның әділ болсын,
Тілегің қабыл болсын.
Дұшпаныңның қарғысы жетпесін,
Атқан оғы өтпесін.
Басыңнан бақыт кетпесін.
Бабам Бәйдібектің батасы,
Жауыңнан қорғап, септесін.
Қасыңдағы жолдасыңа берекең артып жүрсін,
Дұшпаның өзіңе қорғалап,
Досың болып, басын тартып жүрсін.
Көзіңді жақынға салма, алысқа сал,
Ниетіңді қалысқа сал.
Сиынғанға кие бол,
Халқыңа ие бол.
Әумин!
Ер-азаматқа бата
Сұрасаң бата берейін,
Үстем болсын мерейің.
Ықыласпен қол жайсаң,
Ақ тілекті төгейін.
Дастарханың мол болсын,
Абыройың зор болсын.
Көре алмаған бағыңды,
Сындыра алмаған сағыңды,
Дұшпандарың жер болсын.
Жортқанда жолың болсын.
Жолдасың қыдыр болсын
Отбасың басқа толсын,
Қазаның асқа толсын,
Өрісің малға толсын,
Басыңа бақыт қонсын.
Ел жұртың аман болсын,
Бақытты заман болсын,
Үйіңе береке кіре берсін,
Бала шағаң, туыстарың
Бақытты өмір сүре берсін.
Әумин!
Жас отауға бата
Сезімнің пәктігін берсін,
Көңілдің ақтығын берсін.
Брекелі отбасыңа
Сәбидің шатты үнін берсін,
Пейілдерің тарылмасын,
Есіктерің жабылмасын…
Дау жанжалдан сақтасын,
Асып тасқаннан сақтасын…
Өмірлерің бал болсын,
Отауларын елге сән болсын…
Әумин!
Той иесіне берілетін бата
Құрметті той иесі,
Ісіңді тағдыр оңдасын,
Қайда жүрсең қолтықтап,
Қыдыр бабаң қолдасын!
Жамбылға ұқсап көп жаса,
Денеңде дерт болмасын,
Тойың тойға ұласып,
Жан-жүрегің толғансын,
Күннен-күнге көбейсін,
Дос-жараның, жолдасың.
Бақытың тассын әманда,
Бергенін тәңірі алмасын!
Өміріңді ұзартып,
Балаң менен немерең,
Шөберең мен шөпшегің,
Туажаттар жалғассын!
Әумин!
БАТА ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТТЕР
ДЕРЕК:
Қазақ халқының бата үлгілерін, түрлерін Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов, Василий Васильевич Радлов, Александр Васильевич Васильев, Григорий Николаевич Потанин, Әубәкір Ахметжанұлы Диваев,Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Ахмет Жүнісов, Сейіт Кенжеахметұлы, Нұргелді Уәлиұлысияқты көптеген ғалым-зерттеушілер,этнографтар жинастырып жариялаған.
БАТА ТУРАЛЫ МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕР
Азасыз бата — мазасыз.
Бата бұзған барқадыр қалады.
Баталы құл арымас,
Батасыз құл жарымас.
Баталы құлға бақ қонар.
Бота алғанша — бата ал.
Жаңбырмен жер көгереді,
Батамен ер көгереді.
Сілеу алма, тілеу ал.
Желінсау қой қосақка кірмейді,
Құр табаққа бата жүрмейді.
Көп дұғасы — көл.
Жақсы сөз – жарым ырыс
Халқымыз «Батамен ер көгерер, жаңбырмен жер көгерер», «Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас». «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп текке айтпаған. Адамның адамдығын тілеуіне, пейіліне қарап өлшейтін қазақ баласы айтылған сөзге, тілеген тілекке, берілген батаға ерекше мән берген. Сондықтан той-томалақта, келелі жоралғыларда бір-біріне тілек тілеп, қадірлі қариядан бата алу ықылым заманнан дәстүрімізге айналып, тұрмыс-тіршілігімізбен біте қайнасып кетті. Қазақ бата арқылы ұрпағын адамгершілікке, имандылыққа, ақылдылық мен парасаттылыққа, шешендікке баулыған. Дуалы ауыз қариядан алған ақ бата адамға рух беріп, жігерлендіріп отырған.
Алты алаштың ардақтысы болған би-шешендеріміздің берген баталары ел аузында сақталып халық мұрасына айналып, қазақ фольклорының дербес, шағын жанры ретінде қалыптасты. Ұйқасты, ырғақты болып келетін, тұрақты образдарға негізделетін бата халқымыздың жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық, обал-сауап тұрғысындағы моральдық-этикалық түсініктерінің айғағы іспетті. Киелі сөзге айналған бата екі түрге бөлінеді: ақ бата, теріс бата. Ақ бата игі ниеттен туғандықтан ел аузында сақталып, жаңғырып дамып отырды да, жақсылыққа ғана құштар халқымыз теріс батаны ұмытуға тырысты. Сондықтан ақ батаның – нәрестеге бата, асқа бата, ұлға бата, қызға бата, келінге бата, жолаушыға бата, жастарға бата, сүндет той батасы, наурыз батасы, ораза айт батасы, жарапазан батасы ас қайыру батасы сияқты түрлері көп. Бата үлгілеріне В.Радлов, Ш.Уәлиханов, А. Васильев, Г. Потанин, сияқты көптеген зерттеушілер назар аударып, жинастырды.
Біз оқырман назарына ел аузындағы бата-тілектерді жинасытырып жариялай бастадық. Бұл игі іске алып-қосар ұсынысыңыз немесе ел аузынан, қадірлі қариялардан естіген батаңыз болса сайтқа пікір жазып немесе мына почтаға talgat_74@mail.ru хат жолдаңыз!
Жас балаға бата
Асан Қайғы бабадай саналы бол,
Ғаріпте әз Жәнібектей паналы бол.
Керейде Дәстем салдай бағалы бол,
Атақты Келден бидей саналы бол.
Ер Дәулендей халқыңның батыры бол,
Махамбеттей жұртыңның ақыны бол.
Дау-жанжал болдырмасқа ат салысқан
Қараменде шешендей мақұлды бол.
Маралдай көпке тисін шарапатың,
Шөңкедей арта берсін салтанатың.
Жетім-жесір жарлыға пана болған,
Жоландай елге тисін шапағатың.
Тобықты Әнет бидей баталы бол,
Кіші жүз Әйтекедей аталы бол.
Бекердей қамқа киген оқалатып,
Еменәлі Жабадай опалы бол.
Балтада Итікедей қарулы бол,
Қанжығалы Жантайдай азулы бол,
Кіші арғын Жәнібектей ер атанып,
Өлеңде, дастанда да жазулы бол.
Қазыбектей халқыңның данасы бол,
Қарабастай жұртыңның баласы бол.
Елің қорғап, дұшпанға соққы берген,
Үш жүздің Бөгенбайдай панасы бол.
Қазақта әз Тәукедей тақытты бол,
Керейде Есенейдей бақытты бол.
Топ болсақ қобыз тартып, өлең айтып,
Ән шырқап Салқарадай шабытты бол.
Үш жүздің Абылайдай тілегі бол,
Марабайдай ақыны – жүрегі бол,
Төре, биге тізгінін бермей өткен,
Найманда Барлыбайдай салмақты бол.
Сүйіндік Олжабайдай келбетті бол,
Тәттіқара жыраудай зейнетті бол,
Сыбан Шондай елінің сен ұйшысы,
Тәттімбеттей халқыңның күйшісі бол.
Белгібай, Күлекейдей білекті бол,
Беріште Исатайдай жүректі бол.
Халқының қамын жеген ертелі-кеш,
Қарауыл Қанай бидей тілекті бол.
Тоқсан бидей көп жаса жүзге келші,
Зілқарадай мал-басың өсіп-өніп,
Кетпес байлық, таусылмас қаржылы етер,
Түсіңде көнек берсін қыдыр келіп.
Жыраудың Бұқар сынды өрені бол.
Алды-артын ойлап келіп, пішетұғын
Адамның Қарабидей зерегі бол.
Көшебеде Тәбейдей беделді бол,
Сүйіндікте Көшетай өнерлі бол.
Кіші Арғында Жанақтай жауырынды,
Үмбетедей жырға бай, кемелді бол.
Нашандай қан-майданда айбатты бол,
Ер Асхаттай шайқаста қайратты бол.
Қабанбайдай жігіттің берені бол,
Сардардың Ер Тарғындай Ерені бол.
Ер Сары мен Баяндай әулетті бол,
Едіге би бабаңдай сәулетті бол.
Ғаскері ат, түйемен жабдықталған,
Керейде Тұрыпбердідей дәулетті бол.
Орынбайдай еліңнің шешені бол,
Ер Сырымдай халқыңның көсемі бол.
Көшебе Майлы бидей тым көреген,
Даулы істе сөзге ұста, көшелі бол.
Кіші Арғын Шоқай бидей алымды бол,
Атығай Шал ақындай шалымды бол.
Шектіде Арыстандай биязы бол,
Таузарда Жанкісідей дарынды бол.
Құрсары Әлдибектей шешімді бол,
Ашамайлы Тілешідей кесімді бол.
Құйса толмай, толғанда аспайтұғын,
Жаңбыршы Малдыбайдай есімді бол.
Көрсеткен бұқараға үлгілі жол,
Толыбай сыншыдайын жолбасшы бол.
Жауларға қарсы шығып, бастайтын қол,
Керейде Ақпанбеттей қолбасшы бол.
Ұлы жүз Төлебидей айлалы бол,
Кіші Арғын Бөгенбайдай пайдалы бол.
Қиын, қыстау кезеңде қоршау бұзған,
Тарақты Байқозыдай айбарлы бол.
Керейде Тұрлыбектей табанды бол,
Шәукерде Байдалыдай амалды бол.
Қиналғанда ерлерге қайрат берген,
Малайсары батырдай жайдарлы бол.
Төле би бабаңдай зейнетті бол,
Тамада ер Есеттей келбетті бол.
Бикеде Манақадай аяулы бол,
Мәуелі бәйтеректей саялы бол.
Тіліне ғазәзілдің ермейтін бол,
Дұшпанға тізгініңді бермейтін бол.
Өнерге өсе келе құштарланып,
Қияға құлашыңды сермейтін бол.
Әумин
Жолаушыға бата
Иә, құдайым оңдасын,
Оң жолына бастасын.
Жортқанда жолың болсын,
Жолдасың періштелер болсын.
Жер жүзіндегі қатерден
Жаппар Иеме тапсырдым!
Судан келер қатерден,
Сапардағы қатерден
Жаратушы жан Ием,
Сақтай гөр - деп тапсырдым!
Бір Аллаһ Өзіңе тапсырдым!
Қайырлы дәулет берсін
Халыққа татулы өмір берсін!
Өткенге иман берсін
Тіріге – береке берсін
Жастарға ғұмыр берсін
Халқымызға бірлік берсін!
Әумин, Аллаһ әкбар!
Көшке берілген бата
Көштерің көлікті болсын,
Жолдарың көрікті болсын,
Қоныстарың құтты болсын,
Босағасы мықты болсын,
Ауру-сырқаудан аман болыңдар.
Бастарыңа айырылмас бақ қонсын,
Мейірбанды Алла сендерге жақ болсын!
Әумин
Дастархан иесіні бата
Берейін бата асыңа,
Амандық берсін басыңа.
Бөденедей жорғалап,
Қыдыр келсін қасыңа,
Бар екем деп тасыма,
Жоқ екем деп жасыма.
Еңбек етсең ерінбей,
Дәулет келер қасыңа.
Көре алмаған дұшпанның,
Жуа бітсін жолына.
Бақытың жетсін төтелеп,
Дүние малды жетелеп,
Аузыма түскен батаның,
Жатырмын бәрін түгендеп!
Көтердік міне білекті,
Ақтардым түгел тілекті,
Мынау тұрған балаңыз,
Батыр болсын жүректі.
Әумин
Бауыржан Момышұлының батасы:
Иллаһи құдая,
Тілегімізді қабыл ет,
Иманымызды кәміл ет.
Дозақтың отынан сақта,
Қаңғыған оқтан сақта,
Парақор соттан сақта,
Кірлі сумен жуыстан сақта,
Ынтымақсыз туыстан сақта,
Қара жүрек батылдан сақта,
Көк долы қатыннан сақта.
Адамды қадірлемес есерден сақта,
Нанды басқан кесірден сақта,
Татымсыз қызыңнан сақта,
Ұятсыз ұлыңнан сақта,
Қайырымсыз жекжаттан сақта,
Жалқау бала, тек жат тексізден сақта,
Түнере атқан таңнан сақта,
Жаңбырсыз шаңнан сақта!
Жастарында әдеп жоқ,
Өлгеніне батуа жоқ,
Құр айғай, шат-шәлекей даңнан сақта!
Әумин
Ақ бата мен ақ тілек
Жақсы сөз – жарым ырыс
Халқымыз «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер», «Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас». «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп текке айтпаған. Адамның адамдығын тілеуіне, пейіліне қарап өлшейтін қазақ баласы айтылған сөзге, тілеген тілекке, берілген батаға ерекше мән берген. Сондықтан той-томалақта, келелі жоралғыларда бір-біріне тілек тілеп, қадірлі қариядан бата алу ықылым заманнан дәстүрімізге айналып, тұрмыс-тіршілігімізбен біте қайнасып кетті. Қазақ бата арқылы ұрпағын адамгершілікке, имандылыққа, ақылдылық мен парасаттылыққа, шешендікке баулыған. Дуалы ауыз қариядан алған ақ бата адамға рух беріп, жігерлендіріп отырған.
Алты алаштың ардақтысы болған би-шешендеріміздің берген баталары ел аузында сақталып халық мұрасына айналып, қазақ фольклорының дербес, шағын жанры ретінде қалыптасты. Ұйқасты, ырғақты болып келетін, тұрақты образдарға негізделетін бата халқымыздың жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық, обал-сауап тұрғысындағы моральдық-этикалық түсініктерінің айғағы іспетті. Киелі сөзге айналған бата екі түрге бөлінеді: ақ бата, теріс бата. Ақ бата игі ниеттен туғандықтан ел аузында сақталып, жаңғырып дамып отырды да, жақсылыққа ғана құштар халқымыз теріс батаны ұмытуға тырысты. Сондықтан ақ батаның – нәрестеге бата, асқа бата, ұлға бата, қызға бата, келінге бата, жолаушыға бата, жастарға бата, сүндет той батасы, наурыз батасы, ораза айт батасы, жарапазан батасы ас қайыру батасы сияқты түрлері көп. Бата үлгілеріне В.Радлов, Ш.Уәлиханов, А. Васильев, Г. Потанин, сияқты көптеген зерттеушілер назар аударып, жинастырды.
Бүгіннен бастап ел аузындағы бата-тілектерді жариялай бастамақпыз. Бұл игі іске алып-қосар ұсынысыңыз немесе ел аузынан, қадірлі қариялардан естіген батаңыз болса сайтқа пікір жазып немесе мына почтаға talgat_74@mail.ru хат жолдаңыз!
Дастарханға бата
Дастарханыңа береке берсін,
Үйлеріне мереке берсін,
Астарыңа адалдық берсін,
Бастарыңа амандық берсін,
Дендеріңе саулық берсін,
Үйіп-төгіп тау ғып берсін!
Әумин!
Жастарға берілетін бата
Әуелі құдай есендігін берсін,
Тосылмай сөйлер шешендігін берсін.
Атымтайдың пейілін берсін,
Алғыр жанның зейінін берсін.
Достың адалын берсін,
Ғалымның талабын берсін.
Байдың бақытын берсін,
Білімнің жақұтын берсін.
Ердің көңілін берсін,
Елдің сенмін берсін.
Мұқалмас жігерін берсін,
Құлатпас тірегін берсін.
Ең бастысы адам бол,
Қайда жүрсенде аман бол!
Әумин
Жолаушыға бата
Жортқанда жолын болсын,
Көкірегінде сенім болсын.
Жолдасын қызыр болсын,
Соқпағын түзу болсын.
Аман барып, сау қайт
Әумин
Мал-жанға берілетін бата
Қозыға толсын көгенің,
Уыз болсын жегенің.
Құтты болсын құрығың,
Тартылмасын құдығың.
Қияқты болсын сұңқарың,
Тұяқты болсын тұлпарың.
Өрісті болсын жайлауың,
Ырысты болсын қыстауың.
Арыстандай болсын айбатың,
Жолбарыстай болсын қайратың.
Гүлге толсын өңірің,
Көңілді өтсін өмірің.
Асқа толсын табағың,
Ашық болсын қабағың.
Әумин
Шәкір Әбеновтың Елбасымызға берген батасы
1991 жылы қараша айында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Абай, Шәкәрім, Мұхтарларды тудырған киелі топыраққа тағзым етіп, Шыңғыстау өңіріне арнайы келгенде берген Шәкір ақсақалдың батасы:
Сарыарқа – туған жерім, елім – қазақ
Қазақ елі ежелден көкседі азат.
Көп естіп, көпті көріп, аз білсем де,
Мен бір ғасыр куәсі – экспонат.
Біз көрген зобалаңда, қуғын-сүргін,
Енді ешкім көрмес үшін қанды қырғын,
Бар ұлттың тілін тауып, табыстырған,
Нұрсұлтаным, жұлдызың жанды бүгін.
Зерек ақыл, зерделі ой, батыл жүрек,
Жаманат жапсыра алмас жатың тілеп.
Қарадан хан туған деп қадірлеген,
Қазағың ғұмырыңды отыр тілеп.
Абылайым бүгінгі Сен емес пе?
Қазағым өзге жұртпен тең емес пе?!
Халқыңа Тәуелсіздік нұрын шаштың,
Тар асу, тайғанақ жол, кер белесте.
Ақ киізге көтеріп, хан сайласқан,
Қарт атаң тоқсан бірде мен емес пе?!
Халқың сүйген перзенті екенсің, енді сол халқың айтар бата берейін. Қазақта бата деген екі түрлі болады: бірі — негізгі бата, екіншісі – лебізді бата. Негізгі бата – халықтікі. Халық қастерлеген басшысына адал қызметі үшін батасын өзі береді. Лебізді бата дегеніміз – халықтың тапсырған аманат-тілегі, келешекке үміт-сенімі. Ол, негізінен, үш міндетке саяды:
1. Дүниенің бар игілігін өндіретін жұмысшы, диқан, мал өсіруші қауымның табан ақысын, маңдай терін зая кетірмей, ысырапқа ұшыратпай ұқсатып, халықтың қажетіне, игілігіне жарату;
2. Осыған кедергі жасап, кесел келтіретін суыққол сұғанақтарға, қиянатшыл-зорлықшыл зұлымдарға тыйым салу;
3. Қошеметшіл жағымпазға бой алдырмай, өз ісіңе де, өзгеге де сын көзбен қарап, қате кетсе, өзің түзей білу. Осы үш талап үдесінен көрінген басшы ел сенімін ақтары шүбәсіз, анық. Ендігі менің лебізді батам, тұжырым-түйінім мынау:
Иллаһи әумин!
Халыққа береке, мынау қиын заманда бірлік беріп, ел тізгінін ұстап, еркіндікке жеткізген Нұрсұлтанның атақ-даңқы, абыройы зорайып, тарихтың бетіне басылатын болсын!.. Аллаһу акбар!
(«Абай» журналы, 1992, №1, 77-бет)
БАТА
Құрметті оқырман ел аузындағы бата-тілектерді жинасытырып назарларыңызға ұсына бастадық. Бұл игі іске алып-қосар ойыңыз немесе өз жаныңыздан шығарған, ел аузынан, қадірлі қариялардан естіген баталарыңыз болса сайтқа «Алаш айнасы» пікір жазып немесе мына почтаға (talgat_74@mail.ru) хат жолдаңыз!
Жамбылдың Бауыржан Момышұлына берген батасы:
Батырдың жолы болсын!
Самсаған қолы болсын!
Түсі де суық екен,
ісі де долы болсын!
Аллаһу акбар!
Қарияларға бата
Түндерің тыныш болсын,
Үйлеріңе ырыс толсын!
Келіндерің есті болсын,
Ұлдарың сесті болсын.
Балаларың қуаныш әкелсін,
Немерелер жұбаныш әкелсін.
Орындарың төр болсын,
Дастарқандарың мол болсын.
Қатарларың көп болсын,
Уайым-қайғыларың жоқ болсын.
Жастардың қазасын көрмеңдер.
Зұлымдардың жаласын көрмеңдер
Еліңде бірлік болсын.
Жарасты тірлік болсын!
Әумин.
Жас нәрестенің шілдеханасында берілетін бата
Нәрестенің бауы берік болсын,
Ата-анасына серік болсын!
Азамат болып ер жетсін,
Ақсақал болып төрлетсін.
Жігіт болсын көрікті,
Жарасқан әсем көлікті.
Дос-жараны көп болып,
Жақсыдан жисын серікті.
Азамат болсын ардақты,
Мінезі болсын салмақты.
Топқа түссе тосылмас,
Өнері болсын жан-жақты.,
Аллаһу акбар!
Үй иесіні бата
Бастарыңа бақ берсін,
Не берсе де нақ берсін!
Қырда жүрген Қызырды
Үйлеріңе ап келсін!
Карындарың тоқ болсын,
Қайғыларың жоқ болсын!
Шүпірлеген үйіңде,
Балаларың көп болсын!
Бата бердім, бақ тіледім,
Ақ дастарқан басына.
Я, құдайым, шын тіледім,
Келсін деп менің қасыма!
Көңілің көлдей болып,
Көргенің түстей болып,
Қыдыр қонсын басыңа!
Әумин!
Жас отауға берілген бата
Босағаларыңа жамандық жетпесін,
Төрлеріңнен жақсылық кетпесін.
Ұлдарың он шақты болсын,
Қыздарың моншақты болсын.
Бастарыңа бақ қонсын,
Жаратқан ием жақ болсын.
Ынтымақ серік болсын,
Шаңырақ берік болсын.
Несібесі иіп келсін,
Құт берексін үйіп берсін.
Дастарқаның кең болсын,
Байларменен тең болсын.
Ауылың мерекелі болсын,
Өмірің берекелі болсын.
Жолдарың ақ болсын,
Молшылық тап болсын.
Сән-сәулетің ассын,
Бақ-дәулетің тасысын.
Әумин!
БАТА
kazakhistory.ru
Құрметті оқырман ел аузындағы бата-тілектерді жинасытырып назарларыңызға ұсына бастадық. Бұл игі іске алып-қосар ойыңыз немесе өз жаныңыздан шығарған, ел аузынан, қадірлі қариялардан естіген баталарыңыз болса «Алаш айнасы» сайтына пікір жазыңыз немесе мына почтаға (talgat_74@mail.ru) хат жолдаңыз!
Қанжығалы Асаубайдың батасы
Көтер білекті,
Берсін тілекті.
Әуелі құдай оңдасын,
Әжді-әулие қолдасын.
Қызыр менен Қырық шілтен,
Пірің болсын - жолдасың.
Асада жұртқа барғанда,
Қадірлі болсын өз басың.
Сегіз інген боталап,
Сексен саулық қоздасын.
Сегіз келін қоңдасын,
Сені көздеген дұшпанды
Бір Алла өзі жондасын.
Дәрежең аса берсін,
Дұшпаның саса берсін.
Сені көздеген дұшпанды
Пәлекет баса берсін!
Аллаң жар болсын!
Фатихам қабыл болсын.
Кеткенің келіп,
Кемтігің толсын!
Әумин.
Дастарқанға бата
Бата бердім, бақ тіледім,
Ақ дастарқан басыңа,
Я, құдайым, шын тіледім,
Береке бер деп асыңа.
Көңілің көлдей болып,
Дәулетің тасып толып,
Бақыт қонсын басыңа!
Әумин.
Жас балаға бата
Ел үмітін ақтап өс,
Ата салтын сақтап өс.
Топқа түскен сәттерде,
Бермейтін бол жатқа дес.
Елдің ұлы бол,
Ортаңның гүлі бол.
Мақтан тұтар ағайын,
Жақсылардың бірі бол.
Әумин
Әскерге аттанған жастарға
Оң болсын, балам, сапарың,
Мол болсын дәм-тұз татарың.
Туған елің тапсырған,
Аманат саған Отаның.
Барып келіп жатыр ғой.
Өзіңдей жастар – қатарың.
Сом темірдей білекті,
Батырлардай жүректі.
Азамат болсын өренім,
Бере гөр Аллам тілекті!
Әумин.
Келінге бата
Құтты болсын қадамың,
Келін болдың, қарағым.
Салтын ұстап ардақта,
Бұрынғы ата-бабаның.
Отша лаулап сөнбегін,
Еш жамандық көрмегін.
Бақытты бол келінжан,
Сәбидің жуып жөргегін,
Ошақтан от кетпесін,
Үйіңнен көп кетпесін,
Қосағыңмен қоса ағар,
Дұшпанның көзі өтпесін.
Адал болып жарыңа,
Қанағат қыл барыңа.
Қайғы мен мұң түспесін,
Ақ қағаздай жаныңа.
Әумин!
БАТА
kazakhistory.ru
Құрметті оқырман ел аузындағы бата-тілектерді жинасытырып назарларыңызға ұсына бастадық. Бұл игі іске алып-қосар ойыңыз немесе өз жаныңыздан шығарған, ел аузынан, қадірлі қариялардан естіген баталарыңыз болса «Алаш айнасы» сайтына пікір жазыңыз немесе мына почтаға (talgat_74@mail.ru) хат жолдаңыз!
Бекентай пірәдардың батасы:
Әуелі құдайым оңдасын,
Оң жолына бастасын.
Ғайып Ерен Қырық шілтен
Қолдаушың боп қорғасын.
Малың менен басыңа
Еш жамандық болмасын.
Бақыт берсін басыңа,
Береке берсін асыңа,
Келмесін дұшпан қасыңа.
Бата беруші біздерден болсын,
Қабылдаушы Құдайдан болсын.
Ішкенің адал болсын,
Айтқаның әділ болсын.
Таразылы, берекелі бол,
Ақ жүзді кеңпейіл бол.
Қаз дауысты Қазыбек,
Қара балуан Жәнібек,
Адассаң жолға сала жүрсін,
Пәле-жаладан қаға жүрсін.
Түркебай атам аруағы қолдасын,
Баталы ата торласын.
Дастарханға бал төксін,
Қызыл ала нар шөксін.
Бақ қарасын,
Қыдыр дарысын.
Берген батам қабыл боп,
Жарылқасын құдайым.
Аллаһу акбар!
Сақтық батасы
Далақтаған даудан сақта,
Жалақтаған жаудан сақта.
Ашыққан бөріден сақта,
Қара жердің көрінен сақта!
Ашынған ұрыдан сақта,
Құлқыны құрыдан сақта
Дауылдың кәрінен сақта
Жыланның зәрінен сақта
Аяқ-астынан кезігер –
Бәле-жаланың бәрінен сақта!
Әумин
Ер-азаматқа берілетін бата
Тілек Сізден болсын,
Ықылас, ниет бізден болсын.
Жақсы-жаманды көріп бақ.
Бар мен жоққа көніп бақ.
Ащы-тұщыны татып көр,
Тайыз-тереңді батып көр!
Ел басына түскен сынды,
Түз кешіп, түн қатып көр.
Жиында топқа түскенде,
Жүйрігің баптаулы болсын,
Жортуыл, жорық жолықса,
Найзаң саптаулы болсын.
Нөкерің сақтаулы болсын.
Аман сақтап,
Абырой берсін!
Жорытқанда жолың болсын!
Әумин
Үй иесіне бата
Шаңырақ шалқи берсін.
Осы үйге ән-күй келсін,
Керегең кеңи берсін.
Дұшпаның кеми берсін.
Дастарханға береке берсін.
Күнде мереке болсын.
Қастық ойлағандар,
Қабағы ашылмай келеке болсын.
Әумин
БАТА
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Құрметті оқырман ел аузындағы бата-тілектерді жинасытырып назарларыңызға ұсына бастадық. Бұл игі іске алып-қосар ойыңыз немесе өз жаныңыздан шығарған, ел аузынан, қадірлі қариялардан естіген баталарыңыз болса сайтқа пікір жазып немесе мына почтаға (talgat_74@mail.ru) хат жолдаңыз!
Керей тоқсан бидің батасы:
Қарада Қазыбектей бақытты бол,
Ақсүйек Ахметтей тақытты бол!
Жаппаста Жарасбайдай түйелі бол,
Қыпшақта Кенебайдай биелі бол.
Керейде Жәнібектей ақшалы бол,
Бұғының мүйізіндей шақшалы бол.
Нәсілің Құрайыштың ғибласындай,
Қожахмет Яссауидей киелі бол.
Сері Ғалы арыстандай балалы бол,
Бір түнде бесжүз намаз ада қылған,
Шапатлы Батимадай аналы бол.
Шақшақта Қазыбектей аталы бол,
Ұлы жүз Сәуенедей баталы бол.
Абылайдан кем болмасын
Жұмсаған Алатауға сансыз мың қол.
Тәуфікте төрт ғиблан түгел болсын,
“Әумин” деп, қолыңды жай, айтарым сол.
Болғанда тағам сізден, ыхлас бізден,
Енді қандай тілейсіз бата бізден?!
Әмин
Ер азаматқа бата
Мен батамды берейін,
Тілегімді төгейін.
Алладан тілеп жақсылық,
Бүлкілдесін көмейім.
Дастарханың тарылмасын,
Құт-береке арылмасын.
Жарқылдап жүр жұрт алдында,
Аяғын тасқа шалынбасын.
Бала шаған аман болсын,
Тыныш заман болсын.
Әрбір адымын,
Сәтті қадам болсын.
Әмин
Үй иесіне бата
Әумин десең маған,
Құдай берсін саған!
Оң жағына қарасаң,
Алтыннан терек орнасын!
Сол жағыңа қарасаң,
Күмістен терек орнасын!
Еш жамандақ болмасын,
Аман болсын мал-басың!
Әмин
Жастарға бата
Жарылқа, Тәңір, қабыл ет,
Жарылқаудың қамын ет!
Бере гөр мына жастарға
Ізет-абырой, бақ-дәулет.
Береке орнап бақ қонсын,
Баянды боп нақ қонсын.
Талап қылса әрнеге,
Тек жақсылық тап болсын.
Жастығы өтсін гүлдей боп,
Төрт құбыласы бірдей боп.
Бере көрме оларға,
Жан төзгісіз бір бейнет.
Жолдары болсын әманда,
Пайдасы тисін қоғамға.
Тәңірім өзі қолдаса,
Бақ қонады адамға.
Әмин
Үйленген жастарға
Құдай қосқан қосағың,
Құтты болсын босағаң.
Қолға қонған құсыңды,
Тұғырлы қылсын Жасаған.
Уйленген мынау жастарға,
Болсын батам арнаған.
«Таубе» дейік Аллаға,
Қабыл болмай мұндайда,
Ешбір тілек қалмаған.
Баянды болсын махаббат,
Екеуінді таңдаған.
Жоламасын Әзәзіл,
Сан сезімді жалмаған.
Періштелер күзетсін,
Ақ төсекті ортада,
Екеуіне арнаған.
Сенім оты сөнбесін,
Қос жүректі жалғаған.
Кабыл болсын тілектер,
Аруақтарын қолдаған.
Некелерін килсын,
Мешіттегі молдадан,
Кияметтік жар болу,
Бұйрықты болсын Алладан!
Әмин
БАТА
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Құрметті оқырман ел аузындағы бата-тілектерді жинасытырып назарларыңызға ұсына бастадық. Бұл игі іске алып-қосар ойыңыз немесе өз жаныңыздан шығарған, ел аузынан, қадірлі қариялардан естіген баталарыңыз болса Алаш айнасы сайтқа пікір жазып немесе мына почтаға (talgat_74@mail.ru) хат жолдаңыз!
Әбдірахман Өлмесқұлының батасы:
А, құдайым, оңдасын,
Оңдағанның белгісі,
Қайырлы етіп басыңа
Бақ пен қыдыр орнасын.
Дұшпаның үстем болмасын.
Әулие, аруақ көтеріп,
Ғайып Ерен, Қырық шілтен қолдасын.
Маңайың үбірлі-шүбірлі болсын.
Оларға және ғұмыр берсін,
Аузындағы сөзі дуалы болсын,
Тең құрбыларының алды болсын.
Келген Қыдыр кетпесін,
Жамандық келіп жетпесін.
Сапар жүрсең, жолың болсын,
Қалтаң толған пұлың болсын.
Жарылқасын қорғауышың,
Ғажайып әулиедей пірің болсын!
Үй-іші, бала-шағаң аман болсын,
Тынышты халқымызға заман болсын.
Табиғат таусылмайтын ризық берсін,
Тартылған дастарқанға тағам болсын.
Абырой, амандығың арта берсін,
Бақ-дәулет мал-жаныңа қоса берсін.
Ер жетіп, балаларың батыр болып,
Өмірлері қызықты бола берсін.
Үйіңе жақсы адамдар келе берсін.
Тауфықты, инабатты келін берсін.
Ақ көңіл, ата-анаға жақын болып,
Қызығын ел-жұрттың көре берсін.
Әумин
Үй иесіне бата
Ордалы болсын еліңіз,
Құрметті болсын төріңіз.
Ұрпағын өсіп артыннан,
Қызығын оның көріңіз.
Келінің болсын келісті.
Құрсағы болсын өрісті.
Ұлын болып арқалы,
Болмасын қызын кемісті.
Асың болсын табақты,
Баспасын қайғы қабақты.
Қоныс жерін қонды боп,
Туын болсын барақты.
Асын болсын қазанды,
Иманын болсын азанды.
Тыныш болып айналан,
Алмасын ешкім мазаңды.
Торқалы болсын тойыңыз,
Отарлы болсын қойыңыз.
Біз келгенде қонаққа,
Семізінен сойыныз.
Әумин
Дастарханға бата
Аумин десең маған,
Құдай берсін саған.
Алтыннан болсын жағаң,
Күмістен болсын тағаң.
Оң жағыңнан кетпесін
Күрпілдек қара сабаң.
Жортсаң жолың болсын,
Жолдасың қыдыр болсын.
Тілеуің қабыл,
Мұратың асыл болсын.
Ішкенің қымыз,
Жегенің сырбаз,
Кигенің түлкі болсын,
Жүрген жерің ойын-күлкі болсын!
Әумин
Ер-азаматқа берілген бата
Еліңнің қамын ойла деп,
Жеріңді жаудан қорға деп,
Ғұмырың ұзақ болсын деп,
Жуадай жауың солсын деп,
Әкең берген ақ бата
Басыңа қонсын бақ бата.
Қызығың сенің алда деп,
Қатарыңнан қалма деп,
Бетінен жанның алма деп,
Жаныңа жара салма деп,
Анаң берген ақ бата,
Басыңа қонсын бақ бата.
Құйрық бауыр жегізген,
Мың жылдық құда дегізген,
Астыңа жорға мінгізген,
Үстіңе шапан кигізген,
Құдаң берген ақ бата,
Басыңа қонсын бақ бата.
Қонақсыз үйің құрысын,
Үйіңе өзің ұрысың,
Қырықтың бірі қыдырың,
Бақ дәулетің ырысың,
Қонақ берген ақ бата,
Басыңа қонсын бақ бата.
Әумин
БАТА
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Құрметті оқырман ел аузындағы бата-тілектерді жинасытырып назарларыңызға ұсына бастадық. Бұл игі іске алып-қосар ойыңыз немесе өз жаныңыздан шығарған, ел аузынан, қадірлі қариялардан естіген баталарыңыз болса сайтқа пікір жазып немесе мына почтаға (talgat_74@mail.ru) хат жолдаңыз!
Сейіт Кенжеахметұлының батасы
Торғай облысының Аманкелдi ауданында тұратын Айнагүл мен Сақтапберген Кенжеахметовтердiң отбасында сәби дүниеге келіп, нәрестеге ырым қылып Сейiт деп жазушы ағаларының атын қойыпты. Сол бала 1994 жылы алғаш мектепте барғанда ата-анасы Сейіт Кенжеахметұлын тойға шақырыпты. Сонда ол кісі жас Сейiтке былай деп бата беріпті:
Айналайын, аттасым,
Талантың судай қаптасын,
Атағың Абайдай болсын,
Абыройың Абылайдай болсын,
Жүректi болсаң Қабанбай жебесiн,
Бiлектi болсаң Бөгенбай жебесiн.
Наурызбайдай батыр бол,
Бауыржандай батыл бол,
Жалғыз болсаң Алланы есiңе ал,
Жарлы болсаң пайғамбарды есiңе ал,
Азамат бол, арлы бол,
Қатарыңның алды бол,
Бiлiмiңмен әлдi бол!
Халқың болсын тiрегiң,
Берiк болсын бiлегiң,
Қабыл болсын тiлегiң,
Жүз жыл соқсын жүрегiң.
Дос-жараның сүйiнсiн.
Дұшпаның iштей күйiнсiн,
Басыңа бақыт құйылсын!
Әумин!
Үй иесіне бата
Өрістен қайтып жамырасқан,
Шуылдасып маңырасқан.
Қошақанның енесі,
Қоңыр қой толсын қораңа!
Тұяқтары сартылдап,
Мүйіздері жалтылдап.
Бұзаулардың енесі,
Сиыр толсын қораңа!
Шудаларын шаң басқан,
Екі өркешін қом басқан.
Ботақанның енесі,
Інген толсын қораңа!
Құйрық жалы төгілген,
Шапса көбесі сөгілген.
Құлыншақтың енесі
Бие толсын қораңа!
Әумин!
Дастарханға бата
Дастарханың кең болсын,
Төрт құбылаң тең болсын.
Мерейің тасып асқақтап,
Маңайына ел қонсын.
Ғұмыр жасың ұзың болсын,
Түтінің түзу болсын.
Беделіңді өсірер,
Ұлың мен қызың болсын.
Әумин!
БАТА
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Құрметті оқырман ел аузындағы бата-тілектерді жинасытырып назарларыңызға ұсына бастадық. Бұл игі іске алып-қосар ойыңыз немесе өз жаныңыздан шығарған, ел аузынан, қадірлі қариялардан естіген баталарыңыз болса «Алаш айнасын» сайтқа пікір жазып немесе мына почтаға (talgat_74@mail.ru) хат жолдаңыз!
Төле бидің батасы
Бірде бір топ жас жігіт бата сұрап бидің алдына жүгініпті. Төле жарықтықтың тоқсаннан асқан кезі екен. Топ басшысынан:
– Анауың кім, мынауың кім? – деп сөзге тартып, былай депті. – Жас кезде адам кәрілікті аңсайды. Өйткені әркімнің көп жасағысы келеді, әркім дүниенің қызығын, артта өсіп келе жатқан бала-шағаларының, ұрпағының азамат боп есейіп, елге қызмет еткенін көруге асығады. Ол дұрыс та ғой.
Кәрілік әр адамға әртүрлі жолмен жетеді. Ең жақсысы – бойыңнан күш, аузыңнан сөз кеткенде сені құрметтеп, сыйлайтын елге қадірлі ұл-қызың болса, қарт кісінің ар-намысы, адамшылық парасаты жойылмай, кісілігінің төрт көзі бойынан табылса, жақсы. Мұндай жағдайда жүз жас та көп емес. Одан кейінгі бәрін реттеп, жөндейтін ең керектісі – денсаулық.
Дүниеде кездеседі, кездесіп те жүр, қайсыбір жанның адам айтса сенбейтін жақсылығы болады. Оның жолына жаныңды қиғың, немесе, жаныңнан кейінгі қымбат мүлкіңді сыйлағың келеді. Ол екеуін де алмайды, алғанды ар көреді. Тек шын көңілімен өзі қасиет тұтқан кісінің, не қасиетті қара шаңырақ иесінің батасына ынтығады.
Осылай дей келіп Төле би бабамыз әлгі келген жастарға «қолдарыңды жайыңдар» дейді. Олар қарсы алдына шөкелей отыра қалып, қолдарын жаяды
– Көздеп арман асқарын,
Талпын алға, жастарым.
Қонар жерлерің ой болмасын, дөң болсын,
Етек-жеңдерің кең болсын,
Түндей түнерген жандарға,
Айтқан сөздерің ем болсын.
Ұрпақтарың көбейіп,
Елге қосылған ел болсын.
Мақсаттарыңа жеткенше
Маңдай терлерің сел болсын.
Ия, аруақ, қолдай гөр,
Ия, Құдай бере гөр.
Берсең, жаздай бер,
Жаздай берсең, жазбай бер.
Берсең, күздей бер,
Күздей берсең, үзбей бер.
Берсең, қыстай бер,
Қыстай берсең, қыспай бер.
Берсең, көктемдей бер,
Көктемдей берсең, көптен бер.
Жастарым, көктеңдер.
Кәрілердің көңілін тауып, ептеңдер. Әумин – деп сақалын сипаған екен.
Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ
Ер-азаматқа бата
Жай қолыңды азамат,
Сөз сөйлейін шамалап.
Бата бер деп келіпсін,
Жақын тартып ағалап.
Тіледім саған барлығын,
Алланың сұрап жарлығын.
Қайда жүрсен адаспай,
Ізімен жүр арлының.
Жақсылармен теңелсен,
Еңкеймесін өр еңсен.
Әрбір ісің еленіп,
Марапатқа бөлен сен.
Өмірің болсын шырайлы,
Үмітпен қарсы ал күн-айды.
Қуансанда, қорықсанда.
Ұмытпа қалқам Құдайды.
Қиындақтан қашпа тым,
Орындалар мақсатың.
Ұзақ жасап өмірде,
Артыңда қалсың жақсы атың!
Әумин
БАТА
kazakhistory.ru
Құрметті оқырман ел аузындағы бата-тілектерді жинасытырып назарларыңызға ұсына бастадық. Бұл игі іске алып-қосар ойыңыз немесе өз жаныңыздан шығарған, ел аузынан, қадірлі қариялардан естіген баталарыңыз болса alashainasy.kz сайтына пікір жазып немесе мына почтаға (alashbata@mail.ru) хат жолдаңыз!
Сәкен қажы берген бата
Қайырлы береке берсін,
Тауфық, дәулет берсін,
Бақ пен сәулет берсін,
Ізгі перзент берсін.
Кәсібіңе береке берсін,
Деніңе саулық берсін,
Көңіліңе шаттық берсін,
Халыққа бірлік берсін,
Отанға тыныштық берсін.
Берілген бата, тілеген тілек
Қабыл болсын, Аллаһу акбар!
Жас отауға берілген бата
Әуелі Құдай оңдасын,
Періште болсын жолдасың.
Тілеуіміз ақ болсын,
Ақ ордаңа бақ қонсын!
Жас отауың басқа толсын,
Дастарханың асқа толсын.
Мың бір атты пәледен сақтасын.
Жүз бір атты қатерден сақтасын,
Ханның қаһарлы зілінен сақтасын,
Тілдінің тілінен сақтасын.
Көздінің көзінен сақтасын,
Кезенгеннің кезінен сақтасын.
Өсек, аяң күндеуден сақтасын,
Ортаға алып жүндеуден сақтасын.
Пәле-жаланың бәрінен сақтасын,
Зәрлінің зәрінен сақтасын!
Әумин, Аллаһу әкбар!
Үй иесіне берілеген бата
Бар қылсын, бай қылсын,
Төрт түлікті сай қылсын,
Кетпес дәулет берсін,
Тозбас сәулет берсін.
Қалталарың тоқ болсын,
Уайым-қайғы жоқ болсын.
Көре алмаған қаскөйдің,
Іші күйіп шоқ болсын.
Ризық, нәсібің тасып,
Көйлектерің көк болсын.
Бала-шағаң ер жетіп,
Қырық рулы ел болсын,
Дұспандарың жер болсын,
Дәулетің шалқып, сел болсын,
Пейілдерің кең болсын,
Терезең ханмен тең болсын.
Той-қуаныш мол болсын!
Қайда барсан жол болсын!
Біздің бата сол болсын. ӘУМИН!!!
БАТА
kazakhistory.ru
Құрметті оқырман ел аузындағы бата-тілектерді жинасытырып назарларыңызға ұсына бастадық. Бұл игі іске алып-қосар ойыңыз немесе өз жаныңыздан шығарған, ел аузынан, қадірлі қариялардан естіген баталарыңыз болса alashainasy.kz сайтына пікір жазып немесе мына почтаға (alashbata@mail.ru) хат жолдаңыз!
Ғабит Мүсіреповтың батасы
Балаңның басы үлкен болса, милы болсын,
Алыс-жақын елдерге сыйлы болсын.
Есенейдей болмасын,
Іздегені дау болмасын, өнер болсын!
Ойынан өлеңі,
Қолынан өнері төгілген шебер болсын!
Аллаһу акбар
Тілек бата
Өмір берсең, бақытты қып бер,
Дәулет берсең, қайырлы қып бер.
Ұл берсең, ұнамды қып бер,
Қыз берсең, қылықты қып бер,
Ат берсең, жүрісті қып бер,
Бала берсең, ырысты қып бер.
Ұл балаға берілетін бата
Жортқанда балам, жолың болсын,
Кеудеңде өшпес сенім болсын.
Қалтаң ділдаға толсын,
Бір толмасын, жылда толсын.
Сөйлегенде шешен бол,
Топқа түссен көсем бол.
Алып жығар алымды бол,
Шалып жығар шалымды бол.
Қатарыңнан озар, ерен бол,
Жас кезінде терең бол!
Сынай қалса, құлақ сал,
Мақтай қалса — керең бол!
Әумин!
Қыз балаға берілетін бата
Талдай бой берсін,
Сұңғыла ой берсін.
Жаздай жамал берсін,
Нәркес жанар берсін!
Анаға шуақ болсын,
Ағаға қуат болсын,
Нәзік жаны болсын,
Елінің ары болсын,
Басына өнердің бағы қонсын,
Ақ орданың шамы болсын!
Әумин!
Тұсау кесерде берілетін бата
Жас ұрпақ өмірлі болсын,
Тұрмысы көңілді болсын.
Ата-анаға мейірлі болсын,
Ағайын-туысқа пейілді болсын.
Өнеге-білімге зейінді болсын,
Он саусағы майысқан шебер болсын.
Ел қорғайтын батыр болсын,
Шындықты айтар ақын болсын.
Халқым деген жүрегі болсын,
Жұртының қамқор тірегі болсын.
Абыройы өрлесін,
Жаманшылық көрмесін!
Әумин!
БАТА
kazakhistory.ru
Құрметті оқырман ел аузындағы бата-тілектерді жинасытырып назарларыңызға ұсына бастадық. Бұл игі іске алып-қосар ойыңыз немесе өз жаныңыздан шығарған, ел аузынан, қадірлі қариялардан естіген баталарыңыз болса alashainasy.kz сайтына пікір жазып немесе мына почтаға (alashbata@mail.ru) хат жолдаңыз!
Бауыржан Момышұлына әкесінің берген батасы:
Ақ жүрек болып жолдасың,
Адалдық сені қолдасын.
Жақсылық үшін тірессең,
Жаныңды арың қорғасын.
Арынды болсын шабысың,
Алымды болсын табысың,
Найзадай болсын намысың.
Ер жігітке бәрі сын.
Қиындық көрсең, мұқалма,
Ауырлық көрсең жұқарма,
Қамқоршы бол кішіге
Үлкенді үлгі тұт аға.
Тұсау кесер батасы
Тұсауың кесілді, құлама,
Тізеңді жаралап жылама.
Құлындай құлдырап жүгірші,
Кәніки, өзіңді сына да.
Секірсең құздардан сүрінбе,
Шыңдарға шыққанда бүгілме.
Болаттай қабырғаң қатайып,
От ұшқын ойнасын түріңде,
Ұзақ боп ИншаАллаһ өмірің,
Тасысын шаттықтан көңілің.
Жарқырап күн санап өсе бер,
Жарқырап семсердей сенімің.
Әумин!
Ұл балаға бата
Бір үйдің баласы болма,
Бүкіл елдің санасы бол!
Бір елдің баласы болма,
Бар елдің данасы бол!
Бір тонның жағасы болма,
Көп қолдың ағасы бол!
Ақты ақ деп бағала,
Қараны қара деп қарала!
Өзегің талса, ел ішін арала.
Басыңа іс түссе, көпшілікті сағала.
Өзіңе-өзің кәміл бол,
Халқыңа әділ бол!
Жауыңа қатал бол,
Досыңа адал бол!
Әумин!
Ер азаматқа бата
Жазықсыз жаладан сақтасын,
Арқаңа ауыр жүк батпасын.
Сөйлесең шешуші сәттерде,
Сөзіңе ағайын тоқтасын.
Еңбегің еленсін әрдайым,
Арайлап жайнай бер таңдайын.
Ер болып туған соң анадан,
Ойлай жүр халықтың жағдайын.
Қиын бір сәттерде жасыма,
Бар болсаң мақтанып тасыма.
Үрей боп көрініп қасыңа,
Шуақ боп төгілгін досыңа.
Анаңды аялап ардақта,
Атаңды құрметтеп салмақта.
Адал бол, әйтеуір түзу жүр,
Жағымсыз жағдаймен жан бақпа.
Әумин!
БАТА
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Құрметті оқырман ел аузындағы бата-тілектерді жинасытырып назарларыңызға ұсына бастадық. Бұл игі іске алып-қосар ойыңыз немесе өз жаныңыздан шығарған, ел аузынан, қадірлі қариялардан естіген баталарыңыз болса alashainasy.kz сайтына пікір жазып немесе мына почтаға (alashbata@mail.ru) хат жолдаңыз!
Жамбылдың Сәбит Мұқановтың үйінде берген батасы
Құдайым осынау үйге дуа берсін,
Тілдерін дұшпандардың буа берсін.
Келіннің балағынан бала саулап,
Салпы ерінді сары ұлды туа берсін.
Тұсау кесер батасы
О, халайық, қол жайып,
Той тілеуін қолдайық.
Ата-баба заңдарын,
Барша ағайын қорғайық.
Тоқ ішек пен ала жіп,
Жасыл шөппен жарасып.
Үш түрменен кесейік,
Тұсауды біз санасып.
Әл-қуатын білетін,
Қуаныш қылып күлетін.
Жүйрік болсын балаңыз,
Мыңнан озып жүретін.
Қамқор болып халқына,
Берік болсын антына.
Есейгенде қымбатты,
Сыйлы болсын жалпыға.
Бүлдіршінім танып ал,
Көп тілеуін қабыл ал.
Тіл мен көзден сақтасын,
Бойға тұмар тағып ал.
Қызықтарың халайық,
Той думан ғып тарайық.
Балақайым өссе екен,
Ел жұртына лайық.
Сақтық батасы
Уа, жаратқан ием,
Тілегімізді қабыл ет,
Иманымызды кәміл ет.
Ынтымақсыз алауыз,
Қырқыстан сақта.
Әрі тарт, бері тарт,
Жұлқыстан сақта.
Төріңді билер жатыңнан сақта,
Көк долы қатыннан сақта.
Руға бөлінген наданнан сақта,
Жақсылығы өзінен арылмас адамнан сақта.
Қара жүрек есерден сақта,
Нанды аттаған кесірден сақта.
Кеуде көрген көргенсіз келіннен сақта,
Мезгілсіз келген өлімнен сақта.
Татымсыз тұзыңнан сақта,
Көргенсіз қызыңнан сақта.
Бетіңе күлген сұмнан сақта,
Бетімен кеткен жыннан сақта.
Жалғасқан бәледен сақта,
Бас кетер жаладан сақта.
Қайырсыз малдан сақта,
Қазымыр шалдан сақта.
Адасқан елден сақта,
Ез болған ерден сақта,
Төтенше нәубеттен сақта,
Міндетшіл жекжаттан сақта.
БАТА
kazakhistory.ru
Құрметті оқырман ел аузындағы бата-тілектерді жинасытырып назарларыңызға ұсына бастадық. Бұл игі іске алып-қосар ойыңыз немесе өз жаныңыздан шығарған, ел аузынан, қадірлі қариялардан естіген баталарыңыз болса alashainasy.kz сайтына пікір жазып немесе мына почтаға (alashbata@mail.ru) хат жолдаңыз!
Бапан бидің баталы сөзі:
Бір Алла бере берсін тілегіңді,
Түзетіп иманменен жүрегіңді.
Бақ қонып, өмір жасап денсаулықпен,
Мал мен бас түгел берсін керегіңді!
Тілек бата
Иә, жаратқан,
Өмір берсең, жайлы ғып бергің,
Дәулет берсең, сайлы ғып бергің.
Әйел берсең әдепті болсын,
Алыс-жақынның көңілі толсын.
Ұл берсең от болсын,
Қыз берсең шоқ болсын.
Келін берсең келісті болсын,
Келешегі өрісті болсын.
Құда берсең жолдасыңдай болсын,
Құдағи берсең сырласыңдай болсын.
Ата-баба жолынан кім ассын,
Құдалық мың жылға ұлассын.
Екі жастың бақытын берсін,
Екі жас қызықшылығын көрсін!
Әумин!
Жас жұбайларға берілетін бата
Алтыннан болсын жағаң,
Күмістен болсын тағаң.
Тасқа тары өңгенше
Таршылық көрмеңдер!
Мұзға бидай өңгенше
Мұңшылық көрмеңдер!
Жүздерің жайнап,
Келісті болыңдар!
Толған айдай
Өрісті болыңдар!
Қатарларыңнан озыңдар
Қоздаған шоқтай қозыңдар!
Ең алдымен
Берекешіл болыңдар!
Көпке бірдей
Елшіл болыңдар!
Көкорайдай желпілдеп,
Желкілдеп тұрыңдар!
Сексенге келіп
Селкілдеп тұрыңдар!
Әумин!
Басылымда жарияланған баталарды төмендегі сілтемелерді басу арқылы таба аласыз!
Төле биге Қарасай батырдың берген батасы
Жақсы сөз – жарым ырыс
Ақ бата мен ақ тілек
Жамбылдың Бауыржан Момышұлына берген берген батасы:
Қанжығалы Асаубайдың батасы
Бекентай пірәдардың батасы:
Керей тоқсан бидің батасы:
Әбдірахман Өлмесқұлының батасы:
Сейіт Кенжеахметұлының батасы
Төле бидің батасы
Сәкен қажы берген бата
Ғабит Мүсіреповтың батасы
Бауыржан Момышұлына әкесінің берген батасы:
Жамбылдың Сәбит Мұқановтың үйінде берген батасы
Бапан бидің баталы сөзі: