Батамен өскен Балтабай
Алдымдағы күнтізбеге қарап отырсам, қарашаның соңына дейінгі сенбі, жексенбі күндерінің бәрінде қонаққа шақырылыппыз. Тәубе дейсің. Атам қазақ «Қасында бол, жанында жүр ізгінің, сонда ұстайсың кісіліктің тізгінін» дейді. Алып-қосары жоқ, анық айтылған ақылды да тәрбиеші сөз осындай-ақ болар.
Бабалар мен даналар сөзін жаныңа дәру етсең, жақсылық жақындап, жамандық алыстап тұратындай. Адам өмір бойы үйренуші ғой. Өмір деген дәу мектептің сабағын өле-өлгеніңше тауысып бітпейсің. Ал сол сабаққа қалай қатыстың, не үйрендің? Әділ бағаңды мектеп, университет, қызмет, тіпті атақ-даңқ емес, уақыт деген патшаның өзі қояды. Сол уақыт мықтыны тиімді пайдаланайын десең, той шақырып қоймайды. Ескіден жеткен: «Көңілден көңіл – су ғана ішетінін» түсінсең, шақырғанға бармау – бір тілеулесіңнің көңілін қалдырып, араң ашылып, соңы жоғалтуға дейін апаратын апат сияқты көрінеді.
Той да – ой. Ол да өмір сабағы қызу жүріп жататын үлкен аудиторияға ұқсайды. Той иесі уақыт-сыншының алдында сынақтан өтіп жатқандай әсер қалдырады. Парасатты адам төрт-бес сағаттық тойдан «Сіз кімсіз? Жиғаныңыз не? Кісілігіңіз қандай?» деген сұрақтарға әділ жауап табады. Сөйтіп, неше ойланып барып тізімге кіргізген құрметті қонақтарыңыз сізді бұрынғыдан да толығырақ танитын болады. Той деген сол – ойланып барасың, ой алып қайтасың...
Елі аман, жұрты тыныш, ырыздық-несібесі мол қазақтың баласы болған соң, жинағанымызды тойға жұмсауға асығамыз. Алла пейілімізді кең қылған соң, қызық-қуанышымызды бірге бөлісіп, шашбауымызды көтерісіп, жақынымызға арқа-жарқа көңіл сыйлағанға не жетсін! Соны білгесін, «тойдан қалу – қатардан қалу» деп шешім жасайсың.
Бүгін – 9 қараша күні әдебиетші ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың филология факультетінің деканы Балтабай Әбдіғазиевтің 60 жасы тойланады.
Біраздан бері баспасөз беттерінде жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасыту ниетімен жазылған, жанға жайлы, жүрекке жылы пікірлер жарық көруде. Сөзбен сарай салуға болғанымен, ақ пен қараны, аласа мен биікті, артық пен кемді ажырата алатын көзіқарақты оқырманды өзіңнің жеке пікіріңмен иландыра алмайсың. Кейіпкеріңнің адамдық қадір-қасиетін адалынан жазсаң ғана сөзің өтеді. Иә, мерейтой иесі Балтабай Әбдіғазиев өмірде қандай болса, ол туралы жазылған, жазылатын сөз де тура сондай. Өйткені ол тумысынан бірқалыпты. Табиғаты солай: «бетегеден биік, жусаннан аласа». Ол қасиеті көпке ұнайды, азға ұнамайды. Азы бізбіз, бір топырақта туған жерлестері. Пенде болған соң, ағамыздың ширегіне жетпеген елдің ағаларына қараймыз. Олар соңынан ерген іні-қарындастарын ептестіріп, септестіріп, жолдарын ашып, көкесі болып шыға келеді. Біздің ағамыз Абайдан қалған:
«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Ақылың мен еңбегің екі жақтап»
деген ұстанымды мықтап ұстап қалғандай. Әрине, мұндай ұстаным жалпы тәртіпке айналса, қандай ғанибет! Өкінішке қарай, тіпті де олай емес қой. Ондай жағдайды өмірде күнделікті көріп жүргендіктен, өз арамызда ағамыздың атына мұң шағатынымыз бар. Білеміз, онымыз дұрыс емес. Бір адам болса да жаратылысында берілген тәңір сыйы – таза мінез-құлқын бұзбай, бүтін сақтап, қадірлеп өтсе, зор нығмет емес пе?!
Балтабай Әбдіғазиевке адамдық – адал да абзал қасиет, ізгілік, ізеттілік, ішкі мәдениет әкенің қаны, ананың сүті, туған жердің құты арқылы берілген. Олай дейтінім, мен ол кісінің шыққан тегі, туған үйі: ата-анасы, бауырларымен етене таныспын.
Жаңаарқада ауданнан шалғай, ақтылы қой өсіретін, халқы мамыражай, береке-бірлігі кемел Ақтау деген ауыл бар. Әкемнің қызмет бабымен ауысып, мектептің соңғы екі жылында мен сонда оқыдым. Сабақ алғандарым – кілең ер мұғалімдер. Бәрі де – еңбекте ысылған, мамандығының жілігін шағып, майын ішкен майталмандар. Марқұмдар Еренғайып, Нәби, Әбдікәрім, Саттар, Сағынжан мұғалімдердің сабағы да, қабағы да тұнған үлгі, өнеге-тін. Ал әдебиет пәнін бүгінде ауылдың абыз ақсақалы атанған жазушы, ұстаз Өмір Кәріпов оқытты. Бір ғажабы, қай мұғалім болса да, бәрінің аузын толтырып айтары, оқушыға үлгі етері – Балтабай Әбдіғазиев.
«...Міне, Балтабайдың 9-класта жазған дәптері. Жазуын қарашы, көркем жазудың өзі емес пе?!.
...Біздің Балтабай 10-класта еркін тақырыпқа шығарманы қалай жазғанын, Қымбат, сен оқып бере қойшы...
...Балтабайда сабақтан қалу, кешігу, «5» алған күннің ертеңінде босаңсып оқымай келу деген атымен болмайтын. Міне, 7-кластағы журналды әдейі алып келдім. Көріңдер», – дейтін.
Ал мектептің кіреберісіндегі қабырғада фотосы ілініп, астында аты-жөні, мектепті алтын медальға бітіргені, ҚазМУ-дың филология факультетінің озат студенті екені жазулы тұратын. Дәлізде жүгірген, алысқан оқушыны тоқтатқан мұғалім «Сен, анау Балтабай оқыған мектепте оқитыныңды ұмытпа, бала!» деп қабырғаны нұсқайтын.
Мен бөтен ауылдан келгендіктен, мынадай әдіс-тәсілге аузым ашылып тұрып қызығатынмын. Жасыратын несі бар, ешкімге тіс жармастан, «мен де осындай болсам ғой» деп дәмеленетінмін. Сол тәрбиенің ықпалы тиді ме, ер балалар білімділікке қатты ден қоятын. Білім бәсекесі кімді де болса өсірмей қоймайтынына сол кезде-ақ көзім жетті. Тағы бір абырой – мектепте оқитын Әбдіғазиевтер: Сыпатай (марқұм), Балғатай, Аманғали, Жанғали – бәрі оқу озаттары әрі тәрбиелі балалар болды. Мектеп жиындарында төр солардың ата-анасына ұсынылатын. Әбдіғази аға мен Дәмежан апа ауылға қарапайымдылығымен қадірлі, еңбекқор жандар-ды. Төрт жылдай көршілес тұрғанда бірауыз артық сөзін, бірде-бір ұнамсыз ісін естіп көрмеппін. Үнемі тап-таза киініп, түп-түзу жүретін. Отбасында қас-қабақпен ұғысу, әрқайсысы өз міндетін тәртіппен атқару көрген көзді сүйсіндіріп тұратын. Ол үйде дауыстап сөйлейтін жалғыз қыздары Гауһардың өзі тұрмысқа шыққан соң қалпына тартты.
Балтабай ағамыздың оқушылық өміріндегі аңызға бергісіз ақиқаттарды өз құлағымен естіген, бір мектепте, бір мұғалімнен оқыған ізбасар қарындасы бола тұра, орайы келгенде ағымнан жарылмасам, әдебиетші-журналистігім қайсы?
Мен өзінен бұрын «атағын» таныған Балтабай ағаны алғаш рет 1974 жылдың көктемінде, Алматыдан оңтүстіктің қызы Нәлдібала аруды келін ғып түсірген жолы көрдім. Жанына жақындау қайда! Есіктен сығалап, жүрген-тұрғандарын қызықтаған сәтіміз есімнен кетпейді. Сол жолы жас жұбайлармен бірге Өтеген Оралбаев деген досы да келді. Ол кезде Балтабай аға екеуінің есімі «Лениншіл жас» газеті арқылы қаймана қазаққа әжептеуір танылып қалған. Ауыл тұрғындары жазғандарын танаулап-талдап жатқа айтқандай болғанда, қос қаламгер әжептеуір мәртебеленіп, марқайып қалғаны да көз алдымда. Бүкіл ауыл тайлы-таяғымен, әсіресе Балтабай ағаның кластас достары жүректерін қолына ұстап, есі шығып қарсы алып, қимай шығарып салғанын да ұмытқан жоқпын. Қуанған жүректерде, айтылған тілектерде шек болсайшы. Әсіресе 90-ға таяған қария таяққа сүйеніп тұрып:
– Жер шалғай деп елден қара үзіп кетпе, балам! Алматы жақсы ғой, ауылға төбеңді жиі көрсетіп тұр. Сен біздің тауымызсың. Бүкіл қарадомалақ саған қарап өскісі келеді. Осыны ұмытпа! – дегенінде, ол кезде қатары сетінемеген қазына қарттар бір босап алып еді-ау...
«Баталы ұл арымас» дегенді айтқан қазақ дана ғой. Қаршадайынан бата алған Балтабай ағам он жеті жасында арман арқалап, өз сеніміне сүйеніп Алматыға келген. Содан бері араның бал жиғанындай еңбекпен білім мен ғылымға бір кісідей-ақ сүбелі үлес қосып келеді. Алаштың ардағы Ш.Құдайбердіұлын халыққа танытуда қазақ әдебиетінде өз қолтаңбасын қалдырды. Жоғары білім алушы студенттерге дәріс оқып тұрып та, декан бола жүріп те «Жігіттің гүлі ғой шіркін!» дегізіп ұқсап бақтырған ұлықтының өзі. Сонымен қоса, ешкімге ұқсамайтын көркем мінезі, шуақты қалпы арқылы жақыны түгіл, жатына да сүйікті, ел сүйер ер-азамат дәрежесіне көтерілді.
Оқыған мектебі, университеті, факультеті бір, оқытқан ұстазы бір, рухтас ағам – ел білетін Балтабай Әбдіғазиевтің мен білетін бір қыры осындай.