Батырлық тағылымы
Қазақ халқының ұлы перзенті, қаһарман жауынгер, даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, әйгілі жазушы Бауыржан Момышұлы – XX ғасыр биігінде тұрған дара тұлға. Биылғы жыл басталысымен, еліміздің барлық өңірлерінде Б.Момышұлының 100 жылдық мерейтойына арнайы іс-шара, мерейтой мен ғылыми конференциялар өтіп жатыр.
Осы игі шаралардың жалғасы ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Халық батыры Бауыржан Момышұлы және қазіргі заман» атты Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияның мақсаты – қазіргі заман тұрғысынан батыр Бауыржан Момышұлының өмір жолын жан-жақты және терең қарастыру, халық батырының өнегелі мұрасы арқылы жастарға патриоттық тәрбие беру. Конференция жұмысына қатысу үшін Ресей, Түркия, Қырғызстан, Беларусь, Өзбекстан елдерінен де бірқатар білікті ғалымдар шақырылған. Аталған жиынға сондай-ақ батыр мұрасын зерттеуші жергілікті ғалымдар мен ақын-жазушылар қатысып, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Кездесу барысында жиынның арнайы қонағы Б.Момышұлының ұлы, белгілі қаламгер Бақытжан Момышұлы және келіні Зейнеп Ахметова естеліктерімен бөлісті.
Конференция жұмысы басталарда алдымен қонақтардың назарына батыр туралы түсірілген деректі фильм ұсынылды.
Нұрлан ОРАЗАЛИН, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы:
– Батыр Бауыржан – дүниеге жаратылысы ерекше қазақ болып келіп, қазақ екенін дәлелдеп кеткен тұлға. Бауыржан секілді ұлы батырларымыз қазақ халқын сақтап қалған. Қабырғалы қаламгер Тахауи Ахтанов айтқандай, ол – «стандартты дәуірдің шеңберіне сыймай кеткен стандартсыз тұлға». Баукеңді «ноқтаға басы сыймай кеткен тұлға» деп айтсақ та болады. Өткен тарихымыз ұлты үшін туған осындай алыптардың арқасында ұрпақтың жадында мәңгі сақталады деп сенемін.
Бауыржан Момышұлы соғыстан соңғы жылдарда аса көрнекті жазушы ретінде танылды. Оның қаламынан шыққан әскери және көркем шығармалар, роман-әңгімелер, хикаяттар ел игілігіне айналды. Өз өмірін халқына арнаған, елі үшін ерен ерлік жасаған, өнегелі ұрпаққа үлгі болып қалған ұлы тұлға. Туған елінің бақыты үшін күрескен қаһарман перзенттерін халқы шексіз сүйіп, өнегесін үлгі-құрмет тұтады, мәңгілік есте сақтайды. Ел Тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасымыз ұлт батырының рухын әспеттеп, «Халық Қаһарманы» деген атақ берді.