Батыс әдебиетін қазақша тәрбиелеген тұңғыш аудармашы
Абай – ұлы аудармашы. Қайткенде де, ақынның аудармалары – өзінің төл туындылары секілді, елдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған туындылар. Абай – Батыс әдебиетіне аудармашы ретінде алғаш жол салушы. Ол қазақ әдебиетін Лермонтовтың «Бородиносынан» бастап, аударманың небір жауһар үлгілерімен толықтырды.
Біріншіден, Абай – талғампаз аудармашы. Адамгершілікті дәріптеуге, жаман мінез-құлықты шенеуге құрылған аудармалар М.Ю.Лермонтовты аударудан бастау алды. Идеялық мазмұн мен көркемдік эстетиканың үндескен тұсы да осы болса керек. Кезінде Мұхтар Әуезов өте жоғары баға берген «Қанжар», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Теректің сыйы», «Желкен» секілді аудармалары – ақын шығармашылығында бір төбе. Абай Лермонтов шығармаларына неліктен ден қояды? Бірқатар зерттеушінің осы тақырыпқа бара бермеуі абайтану ғылымының күңгірт тұсы болса керек. Тура аударма мен еркін аударманың парқын бізге Абайдың аударма дәстүрі ажыратып бергендей. Сөзбе-сөз аударма шумақ, бунақ, буын ұйқастарына қарай өзара екіге бөлінеді. Кейбір өлеңдерді аударғанда Абай өлеңнің шумағын да, ұйқас түрлерін де берік сақтайды. Аударған өлеңдерінің буынын қазақша дәл беру мүмкін болмаса, саны жағынан соған жақын келетін өлеңмен аударады. Абай Лермонтов өлеңдерін аудару барысында әлеуметтік-эстетикалық танымы мен шығармашылық нысанын білдіретін ұғымдардың аттарын аударуда ықшамдау принципін ұстанады. Абай аудармаларындағы мазмұны дәлме-дәл аударылған «Менің сырым, жігіттер, емес оңай» («Я не хочу чтобы свет узнал») деген өлеңнің көлемі екі тілде де – 16 жолдан. Бұлай аудару үлкен шеберлікті танытқанын айтсақ, орынды. Айта берсе, Абай аудармалары шетінен оның асқан талант иесі екенін дәлелдейді. «Көңілім менің қараңғы, бол, бол, ақын» шығармасы да – осындай әсерлі өлеңдерінің бірі. Бұл – Байронның «Моя душа темна» атты туындысын еркін аударған М.Ю.Лермонтов нұсқасы. Ақынның көзі тірісінде орысша нұсқасы «Отечественные записки» журналында басылып, кейін өзінің жинақтарында бой көрсетті. Абай осы өлеңнің алғашқы сегіз жолын ғана аударып, 1933 жылға дейінгі жинақтарда «Бол, бол, ақын» «Бұлбұл ақын» болып басылып келгені аян. Алғашқы басылымдарда «Еврей күйі» деп берілсе, кейінгі басылымдардың барлығында «Лермонтовтан» деп қана беріліп жүргендігі – Абай аудармаларын зерттеушілердің назарына ілігер дүние.
Мәтіндерді салыстырайық.
Түпнұсқада:
Душа моя мрачна! Скорей,
певец, скорей!
Вот арфа золотая:
Пускай персты твои,
промчавшиеся по ней,
Пробудят в струнах звуки рая.
И если не навек надежды рок унес,
Они в груди моей проснутся,
И если есть в очках
застывших капля слез -
Они растают и прольются.
Аудармада:
Көңілім менің қараңғы.
Бол, бол, ақын!
Алтынды домбыраңмен
келші жақын.
Ішек бойлап он саусақ жорғаласа,
Бейіштің үні шығар қоңыр салқын.
Егер сорым түбімен әкетпесе,
Керек қой көңілді үміт тебірентсе.
Қатып қалған көзімде
бір тамшы жас
Төгілмей ме, бой жылып, ол да ерісе?!
Лермонтовтың ойы, көңіл күйі аудармада анық, дәл түпнұсқадағыдай берілген. Абай «арфа» сөзін «домбыра» деп, «звуки рая» тіркесін «бейіштің үні» деп қазақ оқырманының тіліне сай етіп, өте жатық аударыпты. Сол заманда арфаның не екеніне барлау жасайтын оқырманды таппассыз. Аудармашы «Пускай персты твои, промчавшиеся по ней» – «Ішек бойлап он саусақ жорғаласа» деген тармақтың да баламасын ұйқасқа қарай да, мағынаға қарай да тауып қолданады. Абай аудармалары әркез жоғары бағаланып келеді. Филолог ғалым Қажым Жұмалиев кезінде: «Абайдың орыс классиктерінен алған өте бір құнды әдісі – сөз арқылы қаһармандарының мінез-құлық, ішкі сыр-сипатын ашу. Бұл – психологиялық суреттеуде ерекше әдіс», – деген. Себебі орыс әдебиетінің құр өлең формалары мен дәуірдің тынысын беруден гөрі, оның психологиясына барлау жасаудағы бірінші қадам Абайдікі еді.
Абайдың өз шығармаларының аударылуына келсек, Абайды аударуда аудармашылар, негізінен, оның қара сөздеріне ден қояды. Ұлы ойшыл өзінің қара сөздерінде қазақ халқының мінезін, бітімін, ойларын нақты көрсеткен. Ұлы ақынның ой маржандары Кеңес үкіметі кезінде орыс тіліне аударылып, 15 республикадағы 150 ұлтқа таралған болатын. Кейіннен ұлы ойшылдың артына қалдырған сөздерін әлемдегі ең көп қолданылатын он шақты тілге аударған «Халықаралық Абай клубының» еңбегі зор. Қоғамдық бірлестіктің ұйымдастырушысы әрі орыс тілінде жазатын жазушы – Роллан Сейсембаев. Кейіннен Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз т.б. көптеген әлем тілдеріне аударылды. Ал Жақында Белоруссияда Абайдың «Дала еркіндігі» атты кітабы белорус тілінде жарық көрді.
Әуезхан Қодар, ақын, мәдениеттанушы:
– Абай аудармаға өзінің төл шығармасы ретінде келген. Қазірде «мәдениетке шөлдеу» деген түсінік бар. Абай – осы мәдениетке шөлдеген ең бірінші қазақ. Оның бар шығармашылығы осы мәдениетке шөлдеуден туған. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы». Осы сөзбен-ақ ол қазақтың дәстүрлі поэтикалық болмысын сынайды. Мен Абайды керемет, ұлы, ғажап адам деп санамаймын. Тек қана қатардағы талантты адам деп санаймын. Мұным – Абайды кемсіту емес, әрбір адам талантты деген сөз. Абай – жай аудармашы емес, философ аудармашы. Ол кісіні өзім де аударғанмын. Бірақ 1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай Мәскеуден келген бригаданың аудармалары көңілімнен шықпады. Себебі жұтаң аударып, Абайдың мінезін таныта алмады. Оның ең әйгілі лирикалық туындысын былай аударады: «Ты – зрачек глаз моих, пламень уст дорогих». Қазаққа әсер еткен дүние, әрине, мұндай аудармадан кейін ешқандай әсер ете алмайды. Мен оны: «Ты – очей моих свет, Ты – души моей цвет, Заболел я тобой, исцеления нет», – деп аудардым Абайды аудару үшін оған өміріңді арнауың керек. Абайдың қара сөздерін В.Шкловскийдің «Русские видят мир и мы должны учиться у русских» деп аударғаны бар. Ал Абайда ондай сөз жоқ. Абайдың «орыстан үйрену керек» деп жазғанын солай таяз түсінген болуы керек. Абайды аударғанда, меніңше, одан алшақтап кетпеу керек. Шынын айтқанда, қазір Абайға жаңаша көзқарас жоқ. Кезінде мен осыған қатысты аудармамда өз ойымды айтқанмын. Қазір Абайдың қара сөздерін «книга слов», «слова-назидания» деп аударып жүр ғой. Мен бұған қарсымын. Арабтың «ғақлия» деген сөзі «ой» деген мағынаны береді. Сондықтан оны орыс тіліне «размышление» деп, әрбір сөзін «монолог» деп аудару керек. Сонда біз Абайды тура Еуропа мәдениетінің ортасына шығарамыз. Өйткені Абай – әлемдік әдебиеттің ірі өкілі.