Баукеңнің «қанмен жазылған» кітабы
Биыл – даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, көрнекті жазушы, ұлтын сүйген ұлы тұлға Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойы. Осыған орай аудармашы Мұхтар Қазыбек «Қанмен жазылған кітап» атты жинақты кеше жиналған қауымға таныстырды. Оның айтуынша, кітапқа Бауыржан Момышұлының жеке мұрағатында сақталып келген аса құнды әрі сирек кездесетін мұраның бірегейі – Екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан кезде, 1944 жылдың 19-26 қаңтары аралығында, Ғылым академиясының қазақ филиалында ғылым, әдебиет, өнер қызметкерлерінің алдында оқыған дәрістері кірген екен.
ҚР Ұлттық кітапханасында өткен кітаптың тұсаукесеріне ғалымдар, қоғам қайраткерлері, әскери қызметкерлер қатысты. Жиналған жұрт Баукеңнің 100 жылдық мерейтойын пайдаланып, батырдың қазақ қоғамына, тарихына сіңірген еңбегін насихаттады. Мұхтар Қазыбек: «Жауынгер жазушының соғыс психологиясы жайындағы әңгімесінің стенограммасы, жазушылармен кездесу кешінде сөйлеген сөзінің стенограммасы, өзінің ұстазы генерал И.В.Панфилов туралы жүрекжарды сырлары мен пайымдаулары, майданнан жазған хаттары үлкен тебіреніске толы. Ал оның сөздері мен баяндамаларының, бұйрықтары мен жауынгерлерге берген мінездемелерінің орны ерекше», – деп Баукеңнің мұрасына бойлады. Ғалымдар Бауыржан Момышұлының соғыс психологиясын терең меңгергендігін, сол арқылы «Волоколамское шоссе» еңбегін майданда жазғандығын сөз етті. Мұхтар Қазбектің айтуынша, кітапты жазуда белгілі дәрежеде қиыншылықтар туындаған. «Аударудан алдын арнайы әскери терминдерді жинап, қазақша мағыналарымен салыстырдым. Барлығын түсінген соң, қолыма қалам алдым. Жалпы, Баукеңдей әскердің, соғыстың психологиясын зерттеген қолбасшылар жоқтың қасы. Өйткені бұл кісі, ең алдымен, шығармашылық тұлға, жазумен айналысатын азамат болды. Мәскеуде Баукеңді «сіз жазушысыз, ойшылсыз, ерекше бітімді жауынгерсіз» деп жоғары бағалаған. Баукеңнің өзі 1943 жылы сөйлеген сөзінде интеллектуалды кеңес офицерінің бейнесін жасау керектігін алға тартқан. Ал біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев интеллектуалды қазақ ұлтын қалыптастыруды талап етіп отыр. «Интеллектуалды» деген терминді біздің ғалымдарымыз әлі күнге дейін айта алмайды. 7-ақ сыныптық біліммен осы сынды ойлар айтқан Баукеңді мойындамасқа болмайды. Осыдан Баукеңнің әдебиет теориясын терең меңгергендігін байқасақ болады. «Соғыс жылдарында мен 100-ге жуық кітап оқып шықтым» деген Баукеңнің сөзі бар еді», – дейді Мұхтар Қазыбек.
Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы:
– Біз соғыстан кейінгі ұрпақпыз. Баукең Мәскеудің түбінде шайқасқан батыр ғой. 1970-1975 жылдары Мәскеудің шығыстану институтында оқып жүрген кезімізде батырдың соғысқан жерлерін өз көзімізбен көрдік. Мұхтар Қазбек Баукең туралы жақсы баяндама оқыды. Баукеңнің мұрасын сүйіспеншілікпен тыңдадық. Мұхтар айтқандай, Баукеңді мектептерде оқытуымыз керек. Бауыржан Момышұлын оқыған шәкірт тез есейеді. Жалпы, Баукең ашылмаған феномен сияқты. Оның жазушылығы, парасаты, ойлылығы, даналығы – таусылмайтын әңгіме.
Мұхтар ҚАЗЫБЕК, М.Х.Дулати қоғамдық қорының директоры, «Қанмен жазылған кітаптың» аудармашысы:
– Бауыржан Момышұлының бұл еңбегі 1990 жылы «Психология войны» деген атпен жарық көрді. Келесі жылы аталмыш кітапты қазақшаға аударып шықтым. Алдымен Баукеңнің 31 сағат оқыған лекциясын мен сөздік жасап аударып шықтым. Кітаппен алты айдай жұмыс істедім. Бүгін кітапқа «Қанмен жазылған кітап» деп ат қойып, 40 000 тиражбен шығардық. Ол кісінің 100 жылдығына орай, Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен 30 томдық еңбегі жарық көрді. «Қанмен жазылған кітаптың» Баукеңнің басқа еңбектерінен жаңашылдығы – Панфилов дивизиясының шейіт кеткен қаһармандарына әдеби ескерткіш орнатуы. Олардың жасаған ерліктерін тарихқа енгізу. Ол дивизия, негізінен, қазақ, қырғыз әскерлерінен тұрған.
ҚОЛБАСШЫ КҮНДЕЛІГІНЕН:
Қолбасшы – шығармашылық тұлға. Біздер әдебиетшілерді, суретшілерді, композиторларды шығармашылық еңбектің адамы деп есептейміз, алайда ұрыс пен соғыс – бұл ғылым ғана емес, сонымен қатар өнер де. Сондықтан да бұл өнердің ұйымдастырушысы шын мәнінде шығармашылық еңбектің адамы болып табылады.