«Бауыржантанудың» бастамасы
Биыл еліміздің әр өңірінде ұлтымыздың қаһарман ұлы, батыр Бауыржан Момышұлының 100 жылдығын атап өтуге байланысты түрлі танымдық мәдени шаралар ұйымдастырылып келеді. Батыр рухына арналған осынау шаралардың заңды жалғасы бүгін таңертеңгі сағат 10.00-де Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде өтпек.
Еліміздің Мәдениет министрлігінің қолдауымен «Ел-шежіре» қоғамдық қоры мен Жазушылар одағы бірлесіп ұйымдастырып отырған бұл шара «Ұлтын сүйген – ұлы адам» деп аталатын ғылыми-практикалық конференция түрінде өткізілмек. Аталған конференцияның мақсаты – түркі халықтарының әскери әдебиетінің негізін салушы, ұлт қаһарманы Бауыржан Момышұлының шығармашылығына тың көзқарас қалыптастыру, «бауыржантану» ілімін жандандырып, жастарды патриоттыққа тәрбиелеу, алдағы атқарылар ғылыми ісшаралардың барысын бағдарлау, батырдың өмірдегі тағылымды жолын кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге ету және осы бағыттағы өзекті мәселелерді кең көлемде талқылау. Сондай-ақ конференция тақырыбының өзегінде ғылыми тұжырым жасап, қоғамдық көзқарастың іргетасын қалау да бар. Бауыржан Момышұлы мұрасына ден қойған жиынға елімізге белгілі ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысады деп күтілуде. Конференция материалдары алдағы уақытта баспасөз беттерінде жарияланып, кейін арнайы жинаққа топтастырылмақ.