Бейбарыс есімі араб жұртының санасына аңыз болып сіңіп, құлағына қорғасын болып құйылып қалған
Рақымжан ОТАРБАЕВ, жазушы, драматург:
Тән адамның пәни дүниедегі кебіні ғана десек, онда ол, яғни тән құлдықта бола ма, жоқ, өзі туған өлкеден шалғайда жүре ме, маңыздысы – жанның азаттығында. Себебі жанын азат, рухын өр сақтай білген адам түбінде өз мақсатына ғана емес, биік мәртебеге де жететіні сөзсіз. Бұған бір ғана мысал – қасиетті Бейбарыс бабамыз. Дешті Қыпшақ жерінде туған айбынды ұлан небары он жасына дейін ғана туған топырағын басып, тұнық ауасын сіміре жұта алса-дағы, құлдыққа сатылғаннан кейін де оның азат рухын ешкім таптай алған жоқ. Осылайша бір кезде «қара табан құл» болып барған қыпшақтың өр ұланы көп ұзамай мәмлүк жерінің кемеңгер билеушісіне айналды. Алайда ол соншалық жанкешті күрескерлікпен жеткен патша тағы мен хан сарайын бір-ақ нәрсеге ойланбастан айырбастауға даяр еді, ол жусан иісі аңқыған туған жердің топырағы болатын.
Таяуда М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Бейбарыс сұлтан» атты жаңа туындының тұсауы кесілді. Көптен бері қойылған шығармалар арасынан көзге жас үйіріп, жүректі тебіренткен қойылымның әсерінен арылмаған күйі біз осынау тарихи драма авторы, белгілі жазушы, драматург Рақымжан Отарбаевпен сұхбаттасқан едік.
– Рақымжан аға, Алаш жұртынан сүйінші сұрарлықтай жақсы туынды дүниеге келіпті. Ол үшін сізге рақмет және аяқ алысы құтты болсын дейміз. Ал енді, айтыңызшы, Бейбарыс сұлтан бабамыз жайлы тұтас туынды жазуыңызға не түрткі болды? Жалпы, бұл тақырыпқа қалай келдіңіз?
– Мұны мен осыдан 13 жыл бұрын жазғанмын. Жалпы, бұл былай болды: 2000 жылы Иманғали Тасмағамбетов Атырауда әкім болып тұрған еді. Содан бір күні ойламаған жерден мені өзіне шақыртты. Сөйтті де: «Сіз кәсіби драматургсіз ғой, Бейбарыс бабамыздың 775 жылдық тойына орай Атырауда бабамыздың ескерткішін қойғалы жатырмыз. Сізден көмек болсын, Бейбарыс жайлы жақсы бір пъеса жазсаңыз», – дегені. Сондықтан бүгін қандай да бір жақсы шығарма дүниеге келсе, оған менен бұрын ұйытқы болған – Иманғали Тасмағамбетов. Әйтпесе, шыны керек, мен Бейбарысты зерттеп жүрген адам емес едім. Ал содан мойныма үлкен жауапкершілік жүгі артылды. Сондықтан «жақсылап жазу керек» деп, мен шығармашылық ізденіске кірісіп кеттім. Жазбас бұрын алдымен Мысырдағы Бейбарыс бабамыздың ізі қалған Каир, Александрия қалаларын араладым. Каир қаласында күні бүгінге дейін 240 мың студенті бар әл-Ақсар мешіті бар. Соны бір кездері біздің ержүрек бабамыз Бейбарыс сұлтан салдырған. Сондай-ақ Каирдің Ұлттық кітапханасында бабамыздың 3 мың беттік еңбегі жатыр. Жалпы, Бейбарыс сұлтан есімі араб жұртының санасына аңыз болып сіңіп, құлағына қорғасын болып құйылып қалған. Жалпы, Мысырды Мәмлүк сұлтандары 300 жыл билеген ғой. Соның ішінде ерекше құрметпен аталатындары – Қайтпай, Қалауын, Бейбарыс. Әсіресе Бейбарыстың есімін неліктен арабтар алдыңғы екеуінен де жоғары қояды? Неліктен бір емес, тұтас сегіз ғасыр бойына ол есімді әуез қылып айтады. Себебі... Тағдырдың қызығын қараңыз, өзі моңғолдың тұтқынына түсе тұра, төрткүл дүниені жаулап, жайпап келе жатқан моңғол қоңтайшысы Құбағұлдың қалың қолын дәл Мысырға келген кезінде тас-талқанын шығара жеңіп, араб әлеміне кіргізбей қойған Бейбарыс! Оның осы бір ғана ерлігінің өзі араб халқының өле-өлгенше қастерлеп өтуіне жеткілікті. Себебі Бейбарыс күллі араб әлемін, мұсылман жұртын моңғолдың құлдығынан құтқарып қалды ғой. Екіншіден, әлем тарихынан білесіздер, Крест жорығы деген болды. Людовиг ІХ бастаған француз әскері Мысырға келген кезде, тоғыз мемлекетті кесіп өтетін алып Ніл өзенін байлап, осылайша жер-әлемді тітіренткен кресшілерді түгел суға батырып, ешкімге бас имеген королі Людовигтің өзін тұтқынға алған да – Бейбарыс. Ол тектен-тек сұлтан болған жоқ. Бейбарыс Жаратушының өзі солай жаратқан ұлы әскербасы, жаужүрек батыр. Әйтпесе, әдейі мұсылман әлеміне қарсы бағытталған Крест жорығын ешкім ауыздықтамағанда бүгін мына біздер кім болар едік? Басқасын айтпағанда, осы екі ерлігінің өзі-ақ – Бейбарысты мәңгілік қастер тұтуға жетерлік себеп.
– Бейбарыс бабамыз әскери қолбасшы ғана емес, ұлы реформатор болған десеңізші...
– Иә, тұтас өркениетті тудырған тұлға ғой. Айта берсек, Бейбарыс сұлтанның қолымен атқарылған іс көп. Бабамыз Мысырда үлкен мешіт салдырды. Онымен ғана шектелген жоқ, жалпы, имандылық жолын нығайтуда айтарлықтай ұлы істерді жүзеге асырды. Арабтар Ислам діні келгеннен кейін де бірден имандылық жолына түсіп кете қойған жоқ. Қараңғылық пен надандықтың бір ғана дәлелі – олардың арасында Ислам келгеннен кейін де дінді мойындамағандары, екі ғасырға дейін дүниеге қыз бала келсе, жерге көміп тастайтын жантүршігерлік іс-әрекеттерін доғармағаны. Соған қатаң түрде тыйым салып, ол тыйымға мойынсұнбағандарды жазалау арқылы қыз атаулыны жерге көмуді тоқтатқан да – Бейбарыс. «Ұлы сөздің ұяты жоқ» деген, арабтарда бұрын әкесі өлсе, өгей шешесін балалары алатын болған. Бейбарыс сұлтан болған тұсында осыны тоқтатқан, сондай-ақ монша салғызып, канал қаздырған, ал бұл өз кезегінде елдің отырықшы өмір салтына көшіп, егін салуына зор ықпал еткен. Салдырған моншасының кесімді бағасы болмаған. Кімнің қолында қанша ақшасы бар, соны тастайды да, тазаланып шығады. Ал біле-білгенге мәдениеттің атасы – тазалық, яғни монша емес пе? Міне, осындай істері ғой бабамызды «жат жұрттан ауып келген құл» дегізбек былай тұрсын, 800 жыл өтсе де, араб жұрты Бейбарыстың әрбір ісін күні кеше ғана өмірден өткендей ауыздан тастамай келеді. Әйтпесе, тұтқынға түсіп, қаңғып келген мәмлүк аз ба еді?
– Қазақ елі өзінің түп негізі қыпшақ деп білсе, сол қыпшақтан шығып, әлемді аузына қаратқан Бейбарыс бабасын бүгінде қаншалықты қадірлей алып жүр?
– Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Каир қаласының қақ ортасындағы үлкендігі сөзбен айтып жеткізгісіз алып мешітті жөндеуге 4 миллион доллар қаржы бөлді. Ағылшындар бір кездері оған шошқа қамаса керек. Сирияның Дамаск қаласындағы Бейбарыс бабамыздың басын, яғни зиратын жаңартуға қаржы бөлді. Арабтардың Мәдениет министрлігі менің бір том кітабымды басып шығарған, енді тағы осы пъесамды сұрап алдыртып, араб тіліне аударып, кітапша етіп шығарғалы жатыр. Әлгі мешіттің жөндеуі бітіп, ашылған кезінде осы туындыны сол жерде сахналаймыз деген, бірақ аяқ астынан дүрбелең басталып кетті де, бұл әңгіме аяқсыз қалды.
Мен бүгінде Бейбарыс әлеміне енгеніме сондай қуанамын. Себебі осы тақырыппен бірге менің алдымнан араб әлеміне айқара есік ашылды. Каирдің «Өлі қала» деп аталатын қабірстанында заманында Мысырды билеген 120 шеркеш сұлтаны жатыр. Мен соның он шақтысының басына барып, Құран оқыдым. Олардың аттарын айтқаннан-ақ таңғаласыз, Қоңқабай, Тұманбай, Ақсұңқар, Қарасұңқар, Қорықпас, Қашпас т.с.с. Қазақ екені аттарынан-ақ белгілі болып тұр ғой? Сондағы шырақшы болып отырған арабтар да: «Мынау өздеріңнің мәмлүктерің, қыпшақтар. Бірақ іздейтін адам жоқ», – дейді. Соған намыстанып, ел екенімізді көрсетіп, тым құрыса, 2-3-еуінің болса да, басын жаңартайық деп, Асанәлі ағамыз бастаған 12 адамнан құралған делегацияны алып барғанымда тағы да елде көтеріліс басталып кетті де, ол іс те аяқсыз қалды. «Әттеген-ай» дейтінім – сол! Бірақ әлі де болса, бір сәті туар.
– Рақмет, аға! Алла сәтін салсын!