Бейбіт Құсанбек атындағы байқау мәресіне жетті
Жуырда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультеті, «Қазақстан» ұлттық арнасы және «Хабар» агенттігі бірлесе отырып ұйымдастырған Бейбіт Құсанбек атындағы жас журналистердің республикалық байқауы мәресіне жетіп, жеңімпаздары анықталды.
2008 жылдан бері журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында өткізіліп келген байқаудың мақсаты – журналист Бейбіт Құсанбектің шығармашылығын өнеге ете отырып, жас тележурналистердің шеберлігін шыңдау, ұлттық тележурналистиканың дамуына ықпал ету, жас таланттардың жаңашылдығына жол ашу. Ұсынылған жұмыстарды жинақтау, саралау, байқаудың қорытындысы бойынша жеңімпаздарды марапаттау шарасын Қазақстан Журналистер одағы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультеті және Бейбіт Құсанбек атындағы қоғамдық қоры бірлесіп атқарды.
Бейбіт Құсанбек атындағы тележурналистердің V республикалық байқауының қорытындысы бойынша «Ұзақ жасаудың сыры неде немесе қан тазалығы» атты тақырыптағы жұмысымен I орынды «Жетісу» телеарнасының бас продюсері Неля Берікқызы ұтып алса, II орын «Қазақстан-Атырау» телеарнасының редакторы Елнұр Елмұратқа бұйырды. «Кереку – қай мемлекеттің қаласы?» атты жұмысымен Ғабит Бөкенбайұлы III орынды қанағат тұтты.