Beibytbook
Қазақша интернет Авгийдің атқорасын еске салады
Қаласақ та, қаламасақ та ғаламтордың өміріміздің бір бөлшегіне айналып кеткені рас. Күніне 10 сағат ғаламторда отыратындар баршылық. Дәл қазіргі заманда бұнсыз жұмыс істеу мүмкін болмай бара жатыр. Интернеттің игілігін көбіне-көп тілшілер қауымы көріп келеді. Ақпарат алмасуда, керегін табуда, барын жарнамалауда байланыстың бұл түрі өзінің тиімділігін әлдеқашан дәлелдеген. Ал қарапайым жұрт уақытын қызықты өткізу үшін бас сұғады.
Пайдаланып келе жатқанымызға біраз уақыт өтсе де, бізде ғаламтор мәдениеті қалыптасты деп айта алмаймыз. Бұл, әсіресе әртүрлі мақалаларға жазылған пікірлерден көрінеді. Адамның жеке басына тиісу, қаралау, даттау тыйылмай тұр. Әртүрлі сайттардағы мақалалардың астына жазылған пікірлерді оқысаңыз, жағаңызды ұстайсыз. Былапыт сөздердің неше атасы өріп жүреді. Пікірді кімнің жазғаны көрінбейтін болғандықтан, ешкім айылын жияйын демейді.
Ал әлеуметтік желілер бұндай былапыттардан таза. Өйткені ол жерде жасырын жаза алмайсыз. Кез келген жазбаның авторы айқын көрініп тұрады. Бірақ бұл жерде де кейде сынағанның жөні осы екен деп аузына келгенін айтатындар кездесіп жатады. Пікір жазу мәдениетін қалыптастыра алмай келе жатырмыз. Сауатты, ойлы пікірлер аз. Көбісі «жақсы екен», «маған ұнамады» деген сынды болымсыз пікірлер қалдырады. Жақсы болса несімен жақсы, ұнамаса қандай кемшін тұстары бар? Осыны талқылап айту керек емес пе? Қазірше ондай биікке көтеріле алмай тұрмыз. Біз күткен биіктен табылатындар жоқ емес, бар. Бірақ, тым аз. Сол азшылық көпті тәрбиелеуге ықпал ете алмай отыр.
Facebook әлеуметтік желісінде қоғамдық пікір қалыптастыратын, ой тудыратын, қандай да бір оқиғаны талқылаған жазбалар жеткілікті. Бірақ болымсыз нәрселерді жазу, қарауға көз ұялатын фотосуреттер салу сияқты қисынсыз қылықтар да аз емес. Осындай келеңсіздіктердің кесірінен әжептәуір әлеуметтік желі Авгийдің атқорасына ұқсап кететіні бар. Сол Элида патшалығындағы Авгийдің атқорасын Зевстің ұлы Геракл бір күнде тазаламаушы ма еді? Бұл желіге де бір Геракл керек болып тұр... Ортақ ойдың алаңын қоқыстардан тазартып алсақ, әдемі әңгімелерді жалғастыруға болады.
Достарымның жазбалары
Жүрсін Кәрімнің жазбасы:
Ұста үшін түкке тұрмас нәрсе
Қожайын қайығын сырлату үшін шеберді шақырады. Қайық ұстасы қайықты сырлап жатып түбіндегі тесікті көріп оны жақсылап бекітеді де, жұмысын аяқтап, ақысын алып кетіп қалады. Ал ертеңіне оған қайық иесі асығып келеді.
– Мына ақша сізге қайықты жөндегеніңіз үшін деп оған ақша толы әмиянды ұсынады.
– Не үшін? – деп таңғалды шебер. – Мен еңбекақымды алып қойған едім ғой.
– Иә, – деп қоштады қожайын. – Ол қайықты сырлағаныңыз үшін, ал мынау жөндегеніңіз үшін, – деді.
– Сондай арзымайтын нәрсе үшін бе? – деп таңғалды қайық шебері. Оған көп күш кеткен жоқ әрі пәлендей уақытымды да алған жоқ. Ондай ұсақ-түйек үшін ақы сұрау ойымда да болған жоқ деді.
– Сіз айтқандай сол ұсақ-түйек нәрсе менің бала-шағамның өмірін сақтап қалды – деді қайық иесі. – Мен қайық түбіндегі тесік жайында айтуды ұмытып кетіппін, сізбен есептесіп болған соң өз ісіммен асығып кетіп қалып едім. Ал балалар болса сол екі арада қайықты алып, ашық теңізге шығып кетеді. Қайық түбіндегі тесік есіме түскен кезде қатты қорықтым, ол теңізге батып кеткен шығар деп ойладым. Ал балаларым аман-есен оралған кезде олардың аман-есен оралғаны үшін сізге қарыздар екенімді түсіндім.
Анар Әлдибекованың жазбасы:
Әйгілі боксшы Мұхаммед Әлидің керемет пікірін оқыдым. Сіздермен бөліскім келеді.
«Мен шылым шекпеймін, бірақ үнемі қалтамда сіріңке жүреді. Менің жүрегім күнәға қарай тайқып бара жатса, сіріңкені жағып, алақаныма тигіземін де: «Әли, сен мына ыстыққа шыдай алмай тұрғанда тозақтың жан төзгісіз отына қалай шыдамақсың?» – деп өзімді тоқтатамын».
Бекарыс Нұримановтың жазбасы:
Рамазан айында ораза ұстамағандарға!
Бірде бір журналисті мешіт имамы ораза ұстауға шақырып, біраз уағыз айтады. Оған ол әр нәрсені сылтауратып, аузын бекіте қоймайды. Рамазан айының жартысы өткеннен кейін әлгі тілшінің басшысы ұжымындағы барлық қызметкерлерін жинап алып, «кім ораза ұстады» деп сұрайды. Сонда жартысы «мен» деп қол көтереді. Сол сәтте бастығы ауыз бекіткендерге 10 000 теңгеден үлестіреді де, қалғандары бос қалады. Осы жағдайды телеарна өздерінің жаңалықтарынан көрсетті. Ертесіне мешіт имамы тілшіге: – Бастығыңыз ораза ұстағандарға деп сыйлық бергенде қандай күйде болдыңыз? Ертең қиямет күнінде Алла тағала «кім ораза ұстады» деп шақырады. Сонда оларға оразасының сыйлығын есепсіз қылып береді. Ал сіз болсаңыз, бұ дүниеде бастығыңыздың сыйлығынан құр қалғаныңыз секілді, қияметте Алланың да сыйлығынан құр қалмақсыз ба? Әлі де кеш емес, ойланыңыз, ораза ұстаңыз, – дейді.
Осы әңгімеден кейін журналист ораза ұстапты.
Ғаламтор-мүшәйра
Бұл жолғы мүшәйраны төмендегі суретке жарияладық. Фейсбук қолданушылары әдеттегідей белсенділік танытты. Дауыс беру нәтижесінде 42 адамның қолдауымен ақын Қалқаман Сарин I орын алды.
Қалқаман Сарин:
САУАП пенен білсейші ОБАЛДЫ әркім,
Қарт сыйламай бар сірә, оңалған кім?
Қолымдағы АТАМНЫҢ орындығы,
Жұмақтағы орыным болар бәлкім...
Алмас Темірбай:
Атасы артта келеді, бала – алдында...
Не сездің, ойға батып қарар мұнда?!
...Орындық табылар-ау, ей, Адамдар,
Өмірден өз орныңды таба алдың ба?
Дос Бектұр:
Артыңдағы ақсақал ма, қария ма, Ол маңызды!
Алдыңдағы өзен бе, дария ма, Сол маңызды!
Қартты көрсең қадір тұт, дариядан өтерсің,
Қазір бала болғанмен, қарияға жетерсің!
Нұрғиса Асылбеков:
Сүйенішім, тірегім-ау, немерем,
Сақал шықты... Саған, қалқам, не берем?
Бар айтарым - тек ілгері баса бер,
Сен өрлесең мен бақытқа кенелем...
Айбек Емберген:
Мол тәрбие қарттыққа тартқан сыйын,
Немере атасының баққан күйін.
Безбүйректер баладан үлгі алсашы,
Әкесін паналатпай Қарттар үйін!
Исатай Батыр:
Әкенiң тәрбиелi болғанда ұлы,
Ол да болса қоғамның оңғандығы.
Таяқ ұстар жасыңда қандай жақсы,
Арқа сүйер балаңның болғандығы.
Жандос Еспенбетов:
Қарияға қолғабыс боп баласы,
Сауап жинап, қуануын қарашы?
Батаменен өскен бала көгерер,
Иманменен сусындаса санасы.
Сыйлыхан Жұмасалық:
Хақ дінді таныса елім көркейеді.
Үлкенге құрмет қылу ер тілегі.
Ешқашан еңкеймесін Ақсақалдар,
Сәждеге онсызда олар еңкейеді.
Нұртас Тұрғанбек:
Аллам өзі пендесін жебейді екен,
Есті халқым суретке не дейді екен?
«Болар бала боғынан» дегенінше,
Көтерген орындығынан демей ме екен...
Желідегі ойталқы
Шығару мен жеткізудің арасын ажырата алдық па?
Әншілер мен актерлерден «творчествоңызда не жаңалық» деп сұрап жатады. Осы дұрыс па? Меніңше, әнші де, әртіс те творчество адамы емес сияқты. Рас, олар – ерекше таланты, айрықша дарынды өнер иелері. Бірақ шығармашылық адамы емес деп санаймын. Бұл сөзіміздің дәлелі ретінде творчество сөзін талдайық. Творить – тудыру, жазу, салу, шығару. Творитель – тудырушы, жазушы, салушы, шығарушы. Демек, жоқ нәрсені бар ету. Ақын өлең жазды. Бұрын ол өлең жоқ еді. Суретші сурет салды. Ол сурет бұрын жоқ еді. Композитор ән шығарды. Ол ән бұрын жоқ еді. Енді бар. Демек, олар жоқтан бар жасады. Ал әнші, актер еш нәрсені жаратпайды. Барды орындайды. Демек, олар орындаушы, жеткізуші. Жоқты бар қылмайды, барды жеткізеді. Осы ойды әлеуметтік желі пайдаланушыларының талқысына салған едік, 134 адам Laik белгісін басып, қолдайтындығын білдірген. Ал 50-ден аса адам өз пікірлерін айтқан. Қарсы шыққандар да бар. Төменде сол пікірлерді ықшамдап беріп отырмыз.
Айгүл Есенәлиева: «Тарихта қалған, қайталанбас образдарды тудырған актерлер ше? Оларды қалай шығармашылық адамы емес деп айта аламыз?»
Алтынай Ауанова: «Пікіріңізге қосыламын. Барды жеткізе алмайтындар да бар ғой, өнер тудырмақ түгіл».
Аян Садуақас: «Ойыңыз дұрыс. Дегенмен ақындар мен сазгерлер де жоқтан бар жасаушы емес. Жоқтан бар жасаушы бiр Алла ғана. Сондықтан ақындар мен сазгерлерді дарындылар деп, әншілер мен актерлерді өнерлілер деп атағанымыз жөн».
Бағдат Тоқтарбеков: «Меніңше, бұл оймен келісуге де, келіспеуге де болады. Бір жазушы-драматург пьеса жазды делік. Жоқтан бар жасап. Режиссер оны сахналады делік, жоқтан бар жасап. Енді сол пьесадағы кейіпкерді әртіс сомдады дейік. Оны бұрын ешкім ойнамаған болса, ол кейіпкерге бұрын ешкім өзіндік қолтаңбасын қалдырып, өзіндік характер бермесе, осының бәрін жасап шыққан әртістікі жоқтан бар жасау емес пе? Бір қарағанда рөлді ойнау шығармашылық емес болып көрінгенімен, бұл жерде көзге көріне бермейтін қаншама деталь жатыр. Егер әртістік дайынды жеткізу ғана болса, онда Асанәлі Әшімов сан қилы образдарымен халық ықыласына бөленбес еді. Бұл, әрине, менің обьективті пікірім».
Ролан Дүйсенбаев: «Мәселеге бір жақты қарамау керек. Мысалы, Әміренің айтқан әнін дәл солай салатын әнші бар ма? Күләштің, Бибігүлдің, Розаның бұлбұл үндерін қайталаушылар болғанымен, дәл солардай мақаммен орындай алады деу қиын. Әлде оларға сөзін не әнін жазған ақын, сазгерлер халыққа тап солардай жеткізе ме? Сахнада бір рөлді жүз адам сомдасын, бірақ сол бір кейіпкердің бейнесін әркім өзінше шығарады және бірінің жасаған образын бірі қайталай алмайды».
Олжас Бейсенбай: «Баяғыда Болат Атабаев ағамыз «творить», «творение» деген сөздер «тварь» дегеннен шыққан деп айтып еді. «Тварь» деген сөздің мағынасы о баста қазіргіден бөлек болған екен. Яғни Жаратушының жасағаны деп қабылдайтынымыз «тварь» болса керек».
Гүлмира Ахметова: «Келіспеймін! Әнді де жанын жеп айтатындар бар емес пе... Өзгенің жүрегіне жол табу – шығармашылықты қажет етпейді дегенге келісу қиын».
Ерғали Бақаш: «Әншілер өздерін халықтың адамымыз дейді. Негізі, сахнаның адамдары ғой. Кім көрінген халықтың адамы бола бермейтінін естерінен шығарып алмаса жақсы-ақ болар еді».
Орынбасар Бегалина: «Әншi де, әртіс те –шығармашылық иесi. Сол дайын берiлген дүниеге жан бiтiредi, олай болса ол – тудырушы».
Алтай Чултуков: «Орындаушы ғой. Кейбіреулер әнші мен орындаушы деп екіге бөліп жатады».
Елжас Қонысбай: «Серке Қожамқұлов, Шәкен Айманов, Асқар Тоқпанов, Елубай Өмірзақов, Әмина Өмірзақова, Фарида Шәріпова сынды өнер үшін жанын төккен актер ата-апаларымызды Халық әртісі деп ауыз толтырып айта аламын! Актер ол өмірде де актер болмауы керек! Өмірде өмір сүру қажет»!
Жандос Байділданың парақшасынан
Оразадағы оқиға
Менің есімде, бұрындары ауылда тек егде тартқан кісілер ғана ауыз бекітетін. «Мұсылмансың ғой, ауыз бекітсейші!» деп бірін-бірі қинамайтын. Қазір ғой, көпшіліктің діни сауаты артып, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін ораза ұстайтыны.
Осыдан 15 жыл бұрын. Ауылдағы Шәрипа апамыз да (ауылда ол кісіні Шапок дейді сыртынан) сауапты молынан жинағысы келді ме, күйеуін де, балаларын да ауыз бекітуге «азғырады». Шиеттей бала-шаға ораза ұстаудың шарттары мен ережелерін білмесе де, Шәрипа апамыздың дегенін қылып, соңынан ереді. Сірә, шешелері туған баласына жамандық ойламас деді ме, әлде «айттым, бітті» деген жарлығына қарсы тұра алмағандықтан ба, бәрі еріксіз келісе кетеді. Содан қасиетті Рамазан айы да басталып, Шапок апамыздың шаңырағы түгел ауыз бекітті. Ауыл біткен оларды үдере әңгіме қылды. «Қаршадай балаларын да қинап қойғаны несі» деп сыбап алғандар да болды. Өзі ауылдың шетінде тұратын отбасын сырттан кеп біреу уағыздап кетті ме деген де алып-қашпа сөздер жүрді. Сол Шапок апамыздың Ақкенже атты 10-сынып оқитын қызы болатын. Сынып жетекшісі Гүлімай апай Ақкенжені үлгерімі нашар болса да, ораза ұстағанын айтып, құрдастарына үлгі етеді. Мұғалімдердің барлығы Ақкенжеден сабақ сұрамай, өздерінше сауап іс тындырдық деген оймен әуре. Ақкенженің қағанағы қарқ, сағанағы сарқ.
Мұғалімдердің Ақкенжеге мейірімділік танытуы сыныптастарының қызығушылығы мен қызғанышын қатар оятты. «Ұстаса өзі үшін» деп кейігендер де кездесті. Аяқ астынан «пірадар» қызға айналған сыныптасына қызығушылықпен сұрақтар қойғандар да кездесті. Құралай (сыныптасы әрі құрбысы) бір топ қыздардың басы қосылғанда: «Ақкенже, ораза ұстаған қызық па? Таң атқаннан кеш батқанға дейін нәр татпай жүрген қиын емес пе», – деп барлығының көкейінде жүрген жалғыз сұрақты қойды. Өзін басқалардан өзгеше санап жүрген Ақкенже де сол сұрақты көптен бері күтіп жүрсе керек, ойланбастан: «Қиын түгі де жоқ. Түнде тұрып, бәріміз сәресі ішеміз. Ағам мен әкем кешке дейін малдың соңында. Ал мен түсте сабақтан қайтқан соң, апам екеуміз есікті ішінен құлыптап, перделердің барлығын жауып, ешкімге көрсетпей, талқан былғап жеп аламыз», – дейді жаңалық ашқандай жүзі жайнап. Сыныптас құрбыларының барлығы аң-таң. Не дерін білмейді бәрі. «Балалы үйде ұрлық жатпайды» деген осы.
Оны қойыңызшы, сол үйдің отағасы күндіз малға шыққанда «Ең бастысы, тамақтан тыйылсақ болды емес пе?» деп бипаздап насыбайын атып, шырт түкіріп кете баратын көрінеді. Ол кезде қазіргідей хадис білетіндер, діни сауаты мол адамдар жоқтың қасы. Оразаның сыртқы формасын бұзды демесеңіз, көңілі таза, ниеті ақ, аздап әпенділеу жандар.
P.S. Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын!
Мың жылдың сауабын бір айда жинауға тілекшімін! Мәселе, біреудің үстінен қылжақтау емес, осындай әпенділігімен сүйкімді жандардың өмірінен бір естелік алып, жүзіңізге күлкі үйіру. Ұстаған оразаңыз Алла тағала тарапынан жеңілдігімен келсін!
Әсия Бақдәулетқызының парақшасынан
Бәріміз қоршаған ортаның тұтқынымыз
«Анна Каренинаның» кезекті экранизациясын көрдік. Левиннен басқасының образы сұрақ күйінде қалған сияқты. Неге өйтті? Неге бүйтті? Мұнысы дұрыс па?
1. Әйел өзі сүйетін еркекке тиесілі болғысы келеді. Бұл, батысша ойлайтын қазіргі қоғамға түсінікті ой. Бірақ «сезім адамгершіліктен аттаса, құнсызданады» – бүгінгі күн үшін «жаңалық» болуы мүмкін. «Страсть во имя страсти я не приемлю» дейді Левин. «Я люблю тебя» – это не значит «я на всех наплевал» (Б.Гребенщиков). Толстой да махаббаттан ең алдымен мораль, адамгершілік категорияларын іздеген. «Сен менің ұятымды өлтірдің» дейді Каренина. Ал махаббат адамның арына қиянат жасамау керек, қайта жанын биіктетсе керек еді. Яғни «Махаббат махаббат үшін» (Анна-Вронский) емес, «махаббат ізгілік үшін» (Левин-Кити).
2. Еркек әйелінің көзіне шөп салса, заңды құбылыс сияқты қабылданады. Бірақ әйел де дәл солай, сатқындыққа қабілетті. Бір ғана айырмашылық – еркек кетсе де, әйел бар жерде отбасы бар (Долли мен Стива). Ал әйел кеткен жерде отбасы болмайды (Каренин мен Анна).
3. Каренина неге пойыздың астына түсіп өлді? Ұяттан емес. «Злой дух» дейді Анна (кинода – қызғаныш). Ал тереңдеп қарағанда Анна мен сүйіктісінің арасындағы кісіліктің теңсіздігінен.
4. Біз бәріміз өзімізді қоршаған ортаның тұтқынымыз. Біз осы сөздерімізді оқып отырған сіздің, сіз – біздің. Романдағы негізгі «қоғамдық» ойды режиссер декорациялармен ойнау арқылы жақсы жеткізген (әрі үнемдеу). «Ол кезде қоғамдағы қарым-қатынастың бәрі осындай жалған, жасанды болатын» деген ойды оқисыз. (Қазір өзгерді ме?). Табиғат аясында тек қана үш көрініс бар: 1) дворяндық санадан арылғысы келіп, шөп шабатын Левин. 2) Анна мен Вронскийдің бақытты сәті. 3) ең соңындағы, Карениннің өгей қызын бауырға басқан (бәрі-бәрін мейірім жеңді) көрінісі.
Бір қызығы, кинода Анна (Кира Найтли) таяздау көрінсе (максимум назар - сезімге), Каренин (Джуд Лоу) тереңдеу сияқты (әйтеуір жағымсыз кейіпкер емес). Не болса да, түсірілімі жағынан (кейбір жасандылықтарын есепке алмағанда) қызықты экранизация.
Данияр Жаныстың парақшасынан
Демалыс орнынан
Бейбіт САРЫБАЙ