Beibytbook

Beibytbook

Желідегі ойталқы
Ата атымен қыз түгіл, бөз өтер
Бірер уақыт бұрын Алматы қаласындағы автобустардың маңдайшасынан ру аттарын оқып таңғалғанбыз. Әр шопыр өзінің атасының атын өркендеп жазып қойыпты. Ру аттарын жеңіл көліктердің артқы терезелерінен де көптеп кезіктірдік. Соңғы уақыттарда ру аттары жазылған баскиімдер, футболкалар сатылымға шықты. Әр бала өз атасының атына сай киімін сатып алып киіп жүргенін де көзіміз көрді. Соңғы уақытта ата аты жазылған сағат шығыпты. Бұл, әрине, бір рудың ақсақалдарының жиналып алып, кеңесіп шығарған дүниесі емес. Бір адамның жасаған тірлігі екені анық. «Ата атымен қыз өтетінін» білетін біреу, бөзді де өткізгісі келген шығар. Бір құмалақ тағы да бір қарын майға зиян келтірмек. «Жалпы, осы киім-кешекке, тұтыну заттарына ру атын жазу ненің белгісі, пайдалы ма, зиян ба, жақсы жағы қайсы, жаман жағы қайсы?» деген сауалды желідегі жұрттың талқысына салған едік. 

Ахметбек Нұрсила: Сол сағатты шығарған адамнан басқа адамға пайдасын көре алмай отырмын!
Айдос Сарым: Әрине, пайдасы жоқ дүние. Одан да "арам", "надан", "мәрт", "кесел", "ақымақ", "нағыз жігіт", "асыл азамат" т.с.с. деген сағаттар мен футболкалар жасатып, бір-бірімізге сый­ла­ғанымыз дұрыс. Бәлкім, сонда қоғамымыз түзелетін болар.
Қобыланды Әбенов:  Зияны көп, рушылдық өршіп кетеді.
Асқар Наймантаев: «Үш жүз" деген пойыз шығарсақ... Ойбой, неше вагон болар еді?
Мақпал Шайхистамова: Ру-руға бөлiнiп, сол арқылы бiр-бiрi­не соғыс ашкан қазақты көрмедім. Бөлiнедi, кояды. Онда тұр­ған ештеңе жоқ. Үйiнiң сыртына үлкен қылып жазып қойса да қар­сы емеспін.
Мақсат Раджұлы: Қанша ру бар, соның барлығы да жазатын жерде жазып, айтатын жерде айтып жүр, өздерінің аталарының атын. Мұны тоқтату мүмкін емес.
Әсем  Чапай: Қазақ деген бәрімізге ортақ атымыз бар. Осы руға, жүзге бөлінуді жақсы көретін жандарды түсінбеймін. Бөлін­бейікші.
Пердехан Мұсырманқұл: Өткен ғасырдың 50-60-жылдары басталған трайбализмнің бүгінгі жемісінің түрі ғой.
Серік Анафияұлы: Бұл – бөлiну емес! Жақсы жағын жарна­ма­лайық! Армани, Гучи дегеннен гөрi найман, керей, дулат жақсы ғой. Әлемдiк брендтердiң барлығы дерлiк қожайын тегiне сәйкес аталады!
Мақпал Смайылова: Бір қазақтың баласы «руымды білмеймін» десе, не дер едіңіздер? «Атаң, әкең жоқ па?» деп жан-жактан қаумалар едіңіздер. Сол үшін руын айтудың еш зияны жоқ, білсін, білуге тиіс нәрсені. Қазақ қазаққа болыса алмаса, ең болмаса руласына болыссын.
Жүкел Хамай: Дұрыс! "Найман", "Керей", "Арғын", "Дулат", "Уақ", "Қоңырат", "Жалайыр", "Алшын", "Төре"... деп ірі тайпала­ры­мыз­ды ұлықтап, ежелгі салтымызды қайта жаңғыртып, елдігімізді бекемдеп, қайратымызды жігерлендіру керек!.. Тай­па­лардың аты естілсе, рушылдық деп ойлайтын бодандық ұғымнан арылып, патшалық орыс идеологиясынан қашуымыз, оны ет-тері­мізден сыпырып тастауымыз керек!!!
Ескендір Қарбаев: «Бөлінгенді бөрі жейді». Ертеде қазақ жүз­дері жоңғарға қарсы күресте бөлінгеннің кесірінен көп қыры­лып қалған. Сол үшін бөлінбейік.
Орынбасар Райханов: Бауырлар, бұл қытайлардың ақша табу айласы шығар. Маркетинг деген нәрсені түсіну керек.
Смағұл Жұмаділ: Бұл жақсылықтың белгісі емес. Өткен жолы Қытайға барғанымда қазақтың жас балалары қазақ деген жазуы бар футболка киіп алыпты. Қатты қуандым.
Самат Сүлей: Жариялап, жүрген жерінде сұрау салып, менің албаным, дулатым,шөмекейім қайда демей, әр қазақ руын іштей білуі керек қой. Шежіресін айтып шер тарқатқысы келсе, баласына, немересіне түсіндірсін. Қазаққа бірлік, достық қатты қажет қашанда.
Ролан Дүйсенбаев: Бұрындары әр рудың өз таңбасы болған және сол таңбамен жылқыларын таңбалаған. Әр рудың өзіндік киім үлгілері болған, соған қарап, кімнің кім екенін ажы­ратқан, енді келіп бір рудың аты жазылған кепка немесе футболка, сағат шықса, байбалам саламыз. «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» деген Төле би де өз руының үлгісінде киінген. Сон­да біздің бабалар ақымақ болған ба, қалай ойлайсыздар? Ортасында кресті бар, ағылшындардың туы бар футболка киіп мешітке баратын жастарды неге айтпаймыз? Nike деген өркениеті өрістеген батыстағы бір елдің құдайының аты, оны да киіп жүрміз. Өз тілінде сөйлеуге болмайтын, өздерін өздері бағалай алмайтын, ең соңы өз руын өзіне айтуға тыйым салатын, тек өзгелерге табынумен күн кешетін ел жоқ шығар ғалам­да?! Қазақтың ұлттық идеологиясы рулық қатынас арқылы бекі­ген, өзіңнің ата-бабаңды, руыңды сүймей тұрып, жалпы, Алаш баласын сүйемін деу бекершілік!
Алмас Темірбай: Бұлай кете беретін болса, алдағы уақытта руы қандай екен деп біреулердің білегіне үңіліп жүретін шығармыз. Бұрынғы қазақ бір-бірінен руын сұраса, бөліну үшін сұрамаған! Ал қазіргі мәңгүрт, рушыл қазақтар бөліну үшін немесе етегінен тартып, аяқтан шалу үшін сұрайды.  Қысыр әңгімені қысқартайық. Үлкендер бөлінсе де, біз бөлінбейік. Мен өз басым руға бөлінгенді өресі төмен адам санаймын. Рулық деңгейде емес, жалпыұлттық деңгейде ойлай алатын қыз-жігіттер менің осы сөзімді қолдайтынына сенімдімін!


Желідегі сұхбат
«Үрейсіз қоғамды аңсаймын»

Бүгінгі сұхбатты «Болашақ» бағдарламасымен Лондонда білім алып жүрген Әуесбайдың Қанатымен жүргіздік.

Бейбіт: Қанат, салаумалейкүм. Интернет игі­лігінің арқасында айшылық алыс жерде жүр­сең де, жылдам хабар алысып жүрміз. Қал-­жағ­да­йың қалай? Ағылшын тілінен қиын­дық көріп жүр­ген жоқсың ба?
Қанат: Қалым жақсы. Британияға келіп, күн­нің шуағын сағынып қалыппыз. Соңғы екі апта ғана болды, күннің жылуын сезінгелі. Тер­мо­метр көрсеткіші 30-ға көтерілгелі бері күллі ағылшын «неткен аптап» деп өрекпіді. Бірақ бұдан зорын көріп өскен бізге ол ыстық майдай жақты. Айтуларына қарағанда, мұндай аптап британ жерінде соңғы 30 жыл көлемінде болмағанға ұқ­сайды. Тілді айтсам, қиындық көріп жүрген жоқ­пын. Өйткені мектеп бітірген жылы не тәр­жімашы, не жур­налист боламын деген мақса­тым болды. Сол мақ­сат­пен ағылшын тілін те­реңдетіп оқығаным бар. Университет­те де тіл ұстартуды жалғас­тыр­дық. Одан өзге, шет­ел­дерге талай сапар­лат­қанның да себі мол тиді.
Бейбіт: Қазанда қайнап жатқандағы көз­қарас бөлек қой, сырттай қарағанда туған елің, Қазақстаның қалай көрінеді екен?
Қанат: Шетелде жүріп жақсы мен жаманды айыра білетін талғампаз болуды үйреніп келе­мін. Яки жақсыны көрсең – үйренбекке, жаманды көрсең – жиренбекке. Өз басым «ой, шетелде жақсы, Қазақстанға жету қайда» деп үзілді-кесілді ойлайтындардың қатарынан болғым келмейді. Әлбетте, шетелде жүрсең, өз елің­дегі кемшіліктер айқын көрінеді. Тиісінше, шет­елде жоқ, бірақ өз еліңде бар игіліктерді көріп жұба­насың. Оларды айта беруге шағын сұхбатымыз­дың аясы тар келер. Кемшілік­терді мен айтпай-ақ білесіздер. Мен қазір, бәл­кім, жауыр болған сөзді айтармын. Бірақ біздің елді ел ретінде сақ­тап қалатыны –ұлт­тың тілі, ділі, мәдениеті. Осылар дамымаса, ел де дамымайды. Өйткені ол­арды білмей, адам­ның отансүйгіш болуы екі­талай. Ал отан­сүйгіш, пат­риот адам ғана елге пайдасын тигізуді ойлайды.
Бейбіт: «Болашақ» бағдарламасы бо­йынша білім алып жатырсың. Дамыған ел­дің аты дардай университеті сонша қар­жы шы­ғындауға тұрарлық білім беріп жатыр ма?
Қанат: Ағылшындық білім беру жүйесінің кереметтігі – тек ағылшын тілінде. Өзіңіз ой­ла­ңыз, ағылшын тілін қазір бар әлем меңгеріп жатыр. Ағылшын тілі қазір ағылшын тілдес мем­лекеттер үшін қосымша зор инвестиция­ның көзі болып отыр. Өзіңіз ойлаңыз, ағыл­шын тілінде оқу­лық, әдебиеттің өз талғамы­ңызға сай милл­лиардт­та­ған түрі шығып жатыр. Ол­ар­дың бар­лығының са­тып алушы­сы бар. Одан бөлек, ағыл­шын тілін оқимын деп қыруар қар­жы жұмсайсыз. Тест тап­сырып, шетелдік оқу орнында оқисыз. Осының бәрі мол қаржы көзін құйып жатыр. Тиісінше, қар­жы мол жерде бәсе­келестік орнайды. Ал бәсе­ке­лестік бар жерде сапа да бар. Оның үстіне, әлемнің мен деген ға­лымда­рын ағылшын тіл­дес мемлекет­тер өзде­ріне шақырып алады, бар мүмкіндігін пайдала­нады. Осыдан кеп «ақыл көші» туын­дай­ды. Тү­йіндей айтсам, ағылшын тілі қазір бар жылы-жұ­м­сақты өзіне ғана жи­нап жатқан эго­ист баланың кейпін елестетеді өзіме.
Бейбіт: Мемлекет «Болашақ» бағдарлама­сын елдің болашағы үшін білікті мамандар­дың санын арттыру мақсатында жасағаны бел­гілі. Сол игі мақсатты жеке бастарының пай­дасына асырып, сол жақта қалып кетіп жа­татын бауыр­ларың жайында не ойладың?
Қанат: Өз басым оларды құптамаймын. Кө­ңіл­деріне тисе де айтайын, олар – «дайын ас­қа тік қасық» болғандар. Еуропада бәрі бірден бола қойған жоқ. Олар дамудың даңғыл жолына бір­не­ше ғасырлар бойы жетті. Яғни «асы әбден пісіп, бабына келді». Ендеше, жас мамандарымыз әлі «шикі» біздің елді келіп дамы­тудың орнына «да­йын асты» тәуір көреді. Сөздерім біршама па­фосты болып көрінуі кәдік. Бірақ осы ойымнан тан­баймын. Әдетте олар Қазақстанда оқыған білі­міне сәйкес жұ­мыс таба алмай сенделіп жүр­ген­де, шетелдік компаниялар біздің маман­ды өздеріне шақыра­ды. Сондай кездері жас ма­ман «шетелде біраз істей тұрайын, Қазақстан­ға біраз тәжі­ри­бе жинап, түбі қайта оралар­мын» деген ойға елі­тіп, жат жерде қалып қоя­ды. Бірақ жат жерде айлығы жоғары болғасын, әб­ден тұ­рақ­тап қалғасын, елге қайтуды ке­йінге шегере бе­ре­ді. Алайда Қазақ­станда жұ­мыс жоқ деген тек сылтау ғана. Тіпті болмаса, жастар оқуға кетер кезде елге қай мамандық қажет екенін біліп алуға тиіс қой. Елімде жұмыс таба алмадым десе, ыңғайлысын саралай алмағаны үшін өзі кінәлі.
Бейбіт: Өзіңнің не мақсатың бар? Жақсы қызмет ұсынып жатса, қалып кетіп жүрмеймі­сің?
Қанат: Елден кетерде біраз жанашыр аға­ларым реті келсе біраз жыл сонда жұмыс істеп, тәжірибе жинап кел деп үгіттеген болатын. Қалам десем, жұмыс табылмайды емес. Оның үстіне, ағылшын тілінің upper intermediate яки ағылшынша білімім­нің жоғары деңгейі де оған мүмкіндік береді. Бірақ осында жүрген жарты жылдың ішінде көз жеткіз­генім мен қазақи көздер мен қазақи сөздерсіз өмір сүре алмайды екенмін. Оның үстіне, желік қуып жүретін жас­тан асып кеттім. Тағы бір қызық. Осында ке­лер­дің алдында біраз шетелде болып келген тәжірибесі бар өрендер «шетелге барғасын қа­зақ­тармен араласпаңыз, әйтпесе тілді дұрыс игере алмайсыз, ағылшындармен араласыңыз» деп үгіттеді. Басқалар солай істеген болар, бірақ өзіңді түсінетін, қайғыңа ортақтасып, қуаны­шың­ды бөлісе білетін өз ұлтыңның өкі­лімен қалай араласпай қоясың? Соны түсінбе­дім. Қазір мұнда ағылшындармен де, қазақтар­мен де араласа беремін.
Бейбіт: Екі күнге мүмкіндік берсе, қайда барып үлгерер едің? Астана, Алматы, Тараз атты үштіктің қайсысына деген сағынышың басым?
Қанат: Үш аптадан соң, Алла қаласа, елге келіп кетемін. Үш қаланың үшеуін де бөле-жар­ғым кел­мейді. Таразда туып-өстім, Алматы­да оқу тү­гесіп, қызметіміздің алғашқы баспал­дақ­тары­нан ат­тадық, Астанада журналист­ік түрлі атақ-ма­рапаттарға ие болып, аты­мыз одан ары таныл­ды. Сондықтан үш қалаға деген сағыны­шым үш түр­лі. Осы барғанда үш қалаға да соқпай кет­пеймін.
Бейбіт: Шетелдің ауасымен тыныстап, сол қоғамның заңдылығымен өмір сүріп жүр­сің. Осы тұрғыдан алғанда, бойыңда қандай да бір арман бой көтерді ме, шіркін-ай, біздің ел осын­дай болса ғой деген?
Қанат: Әлбетте, кезінде жарты әлемді билеген британ империясының мұрагері болған елде жүргенде «бізде де осындай болса екен» де­ген сезімдер көп болатыны айтпаса да ұғы­нық­ты. Бірақ біздің елде бәрі бар. Тек енді қатаң заң мен тәртіп бола түссе екен, халық соған бас исе дейсің. Ең бастысы, адамның жан тыныш­тығы ғой. Жасырып қайтем, біздің елі­міз­де ав­тобуста кетіп бара жатсаң, әмиянымды ұрлап ала ма деп қал­таң­ды қымтап ұстап, үнемі сақтанып жүресің. Және түннің жарымында емін-еркін жүре алмайсың, артыңнан біреу келіп, басыңнан соғып жібере­тіндей үрейде жүресің. Мұнда келгелі ол үрейімнің ұшты-күйлі болғанын байқадым. Менің елім «әй, осы лақтырып кетеді» деген қорқыныш психоло­гия­сынан арылып, тек тәртіпке бағынып, тыныш өмір сүрсек деп армандаймын.


Желідегі өсиет
Бақыт Тушаевтың парақшасынан
Дала заңымен жазылып, ата-бабаларымыздан бері келе жатқан үш қасиетіміз:

Беретініміз
Үлкенге – сәлем,
қуантқанға – сүйінші,
соғымнан – сыбаға,
егіннен – кеусен,
малдан – көгендік,
балаға – базарлык,
киімге – байғазы,
сәбиге – көрімдік,
төркіндеген қызға – қалауын,
жаңа көршіге – ерулік,
отау тіккендерге – отқа шақыру шәйін,
досқа – естелік,
жетімге – қолқайыр,
мүсәпірге – садақа,
байлыктан – шүлен,
тойға – сияпат,
қуанышка – шашу,
жас босанған анаға – қалжа,
алыстағы ағайынға сәлемдеме беруіміз керек!

Сұрайтынымыз
Алладан – денсаулық,
Пайғамбардан – шапағат,
Қыдырдан – бата,
данадан – өнеге,
батырдан – сауға,
аңшыдан – сыралғы,
аурудың – көңілін,
қарттың – қал-жайын,
жетімнің – жай-күйін,
саудың – амандығын,
ағайынның – бүтіндігін,
олжадан – тәбәрік,
қонақтан бұйымтай сұраймыз!

Тілейтініміз
Барға – тәубе,
жоққа – сабыр,
ауырға – төзім,
жақсылыққа – алғыс,
болашаққа – сенім,
жетістікке – шүкір,
өткенге – салауат,
қалғанға – береке,
басқа – амандық,
денге саулық тілейміз!
Мұны әр қазақ білуге міндетті.


Ғаламтор-мүшәйра
Мүшәйраның бұл жолғы тақырыбы төмендегі сурет болды. Дауыс беру нәтижесінде оқырмандар тарапынан 54 дауысқа ие болған Ерлан Жүніс жеңімпаз атанды.

Ерлан Жүніс:
Ұлы мейірім патшалығын құрғанша,
Жүректерде солады екен гүл қанша?!
Жер бетінің жеті миллиард адамы,
Осы жеті періштедей бір болса!..

Есей Жеңісұлы:
Тарттыңдар, орадыңдар, бүктедіңдер,
Күн сайын – жарқын тілек, құт көңілдер.
Сендердің думаныңда шаруам жоқ,
Қарным ашты, тезірек сүт беріңдер!..

Еркебұлан Қайназар:
Ертеңгі ел қорғаны – құтты ұғымдар ,
Қазақтың сәбиінен мықты кім бар?!
Бәрі үнсіз, командирі бұйырып тұр:
"Сарбаздар, түзеліңдер, тік тұрыңдар!"

Жанайдар Болатбекұлы:
Мына сәби несіне шыңғырады,
Құлағында қалды ма мұңды зары?
Шетелге сатады деп ойлады ма,
Қазақтың қаныпезер жындылары.

Аслан Тілегенов:
Телміріп бақытына мәңгі ұзаған,
Асығар Алатаудай арманға әлі.
Жұбанып жалғанына жалғыз адам,
Жыласып өтеді ғой қалғандары…

Қалқаман Сарин:
Терең ойға беріліп сәл азырақ,
Талғам жетсе көрейік таразылап.
Баласынан кетпесін АНА ажырап,
Жетім қалып жатпасын бала жылап.

Исатай Батыр:
Сәбимін. Дей алмаймын жөнді білем.
Өзімді барлығына жеңдіріп ем.
Тар болса жатқан жерің, киген киім,
Не пайда дүниенің кеңдігінен.

Сыйлыхан Жұмасалық:
Алты әлем арманына бар таласым.
Ешбірінің базары тарқамасын.
Қазығы, қайманасы Қазақ жері,
Алты сәби айбарлы алты Алашым.

Қазірет Бердіхан:
Пенденің періштедей таза шағы,
Сәбилерге бәрі де жарасады.
Тиіспендер, әлдилеңдер, аялаңдар,
Аман өссін қазақтын болашағы!

Жасұлан Серік:
Жылап ал, қарғам,
Тiрлiкте биiк қылсыншы мұнараңды
                                                         Аллам.
Ата-бабаң да жылап кеп,
                                     жылап кеткен-дi,
Тұрлаусыз тірлік, бес күндiк мына
                                                жалғаннан!

Болатбек Тоқмырза:
Дертім көп, оны қалай жасырасың?
Әкелер перзенттерін асырасын.
Әйелдер біреу емес, алтау тапсын,
Қазақтың санын солай асырасың!


Әлеуметтік әзіл
Қуандық Шамахайұлының парақшасынан
Әлем елдеріне арнап БҰҰ таратқан бір сауалнама жауапсыз қалған екен. Мәтіні мынандай: «Өзге елдердегі азық-түлік жетіспеу­шілігіне қатысты жеке пікірлеріңізді шынайы түрде білдіріп, көмек­тесулеріңізді сұраймыз». Оны қабылдаған:
– Африкалықтар «азық-түлік» дегеннің не екенін;
– Шығыс еуропалықтықтар «шынайы түрде» дегеннің қандай сипатта екенін;
– Батыс еуропалықтар «жетіспеушіліктің» қандай болатынын;
– Қытайлар «жеке пікірдің» қалай білдірілетінін;
– Латын америкалықтар «көмектесудің» не істеу екенін;
– Америкалықтар «өзге елдер» дегеннің дәл кімдер екенін ұқпай қойыпты.


Боямасыз бейне
Нұржан жақсылықтың парақшасынан

 


Бейбіт САРЫБАЙ

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста