Бейсен Құранбек: Өмір деген – Құдайдың түсірген киносы
Мынау пәни дүниеден сүйкімді болып өту екінің біріне бұйыра бермейтін бақ қой. Бейсен бақиға озғанда, тіпті жарқырап жүрген күндерінде де оның көпшіліктің жүрегіне жол тапқан кілті қайсы деп ойланғанымыз да есте. Әйтпесе, таланттардың тағдырын түсінбейтін, ешкім ешкімді тұлға көре қоймайтын, әсіресе журналист деген қауымды жұрттың бәрі бірдей ұната бермейтін мына заманда осы Бейсен айналасына несімен жақты деген сұрақты өзімізге де қойғанбыз.
Алайда халықтың Бейсенді шындығында жақсы көргенін мезгілсіз қазасы көрсетті. Ол кеткенде қаймана қазақтың да жылағанын көрдік. Әлеуметтік желілерде жоқтамаған адам жоқ. Бірнеше күнге дейін бүкіл қазақ журналистикасы, әріптестері, көзкөргендер толассыз тұлғалы азаматты азалады. БАҚ-тағы ақпараттың барлығы дерлік Бейсен Құранбекті жоқтады.
Өйткені ол әр адамды өзіндей көрді. Журналист қой деп жүгініп, алдына келгеннің барлығының орнына өзін қойды. Әрбір адамды түсінуге, шамасы келсе әркімге көмектесуге ұмтылды.
Ол өзімен қысқа уақытқа болса да кездескен, тілдескен жандардың іші-бауырына кіріп, етене жақынындай сыр тартып, байырғы достардай бір жақсылық жасауға ұмтылып тұрушы еді. Іштен шыққан осынау шынайы құрметімен-ақ адамның жанына шапағат сеуіп тұратын мінезін кім ұмытсын?!
Сондықтан да Бейсенмен тағдыр тоғыстырған адамдарға оны жоғалту қандай қиын болғанын парықтай беріңіз. Алайда БАҚ, әлеуметтік желілерде болсын, Бейсенді қимаған естеліктер толассыз ағылып, сол жазудың майталманы, сөзге шешен, қаламы көсем ең жақын әріптестері әділетсіз келген ажалға сене алмай есеңгіреп қалды.
Сондықтан да бұл естелікті жазу әрі оңай, әрі өте қиын болатынын білгенбіз. Оңай болатыны, ол туралы, оның жақсы қасиеттері туралы айтатын адамдар жеткілікті. Жасындай ғұмырында Бейсен өз өмірінің өнегелі беттерін сауапты, ғибратты жолдармен жазуға ұмтылды. Сөздің нарқын, адамның парқын білетін сұңғыла ақылдың иесі еді.
Бұл естелікті жазу қиын да болды. Өйткені біз білмейтін Бейсенді білетін ет жақындары мен ең жақын достарының көз жастары кепкен де жоқ. Аяулы жары да қазір сұхбат беретін халде емес...
Біз Бейсенмен журналистикаға үзеңгі қағыстыра қатар келген екенбіз. Бұл тәуелсіз елдің азат ойлы журналистикасы қалыптаса бастаған жылдар болатын. Біз «Egemen Qazaqstan» газетінің Президент пулындағы тілшісіміз. Ол «Хабар» агенттігінің пулдағы журналисі. Бұл біздің алаулап жанып тұрған, тәулікпен есептеспей еңбектенген кездеріміз екен. Осынау жылдар бізге егемендіктің елең-алаңындағы барлық айтулы оқиғалардың, тарихи сәттердің тұңғыш куәгері, жаршысы болуды бұйыртты.
Әлі есімде, бірде пулдағы журналистер Елбасының Алматыдағы резиденциясында АҚШ-тың бұрынғы Президенті Билл Клинтонның брифингін түн ортасына дейін күттік. Осындай кездерде әдеттегідей, сөзіміз жарасатын 3-4 журналист оңашаланып, алаңсыз әңгіме-дүкен құрамыз. Армандаймыз. Пікір алмассақ көзқарастарымыз тоғысатын, қалжыңдассақ әзіліміз жарасатын, сырлассаң шыныңды айтатын сол екі-үш адамның бірі – Бейсен еді. Уақыты жеткенде, бәрі де жазыла жатар.
Әркімнің өз Бейсені бар
Ол қандай еді? Өз тұстастарынан несімен ерекшеленді? Нені көздеді, не нәрсеге құштар болды? Ендеше, бозбала Бейсен жайында жан жолдастарының бірі, танымал журналист Амангелді Сейітхан баяндасын.
«Бозбала Бейсен дедік пе... Боздап қаламыз деп кім ойлаған? Ақырғы рет сөйлескенім еске түсе береді. Соңғы көргенімде өзі де мәңгіге бет алғанын ептеп сездірді. Айтпақшы, Гүлмира келіннен қоңырау түскен екен. Естімеппіз. Хабарлама қалдырды. «Ініңіз іздеп жатыр. Сағындым дейді». Сағынған ініден айналасың ғой. Дереу жиналдық та, іздеп бардық. Көргенде көңіл көншіді. Көз жанары жақсы екен. Күліп қарсы алды. Мұңның ізі де жоқ. Емделу кезінде дем беру дұрыс. Сөз арасында әлі-ақ оңалып кететінін айтып, сендіруге тырыстық. Ақылды ғой, басын изеп күлді. Күлді де, күрсінді. Күрсінгенін жасырды бізден. Артынша арқаланып, сөйлеп кетті.
Сол жолы ұзақ сөйлестік. Дәрігер екі келді. Көп мазаламауымызды қалағаны болар. Оған да мән берген жоқпыз. Баяғы шақтан бүгінгі кезге шолу жасап, өмірді әңгіме еттік. Көңілді отырды. Болашақты да бірге кездік. Дәл сол сәтте оңалып кететініне оңай сендік. Өйткені өзгелердің омалып қалмауына өзі себеп болып еді ғой. Сөзімен жігерлендіріп, қиыннан жол тауып беріп, талайлардың аурудан айығып кетуіне күш салған.
Балалық шағын білмейміз. Білеміз, өзі айтқан дәрежеде. Әкені аға деп таныды... Әжені шеше деп білді... Сол соңғы барғанда сырын айтты. «Апамды кіші ағама тапсырдым, қайта оралсам, қолыма аламын ғой». Тапсырдым дегенде, денем селк ете қалды. Сезім деген де тым жүйрік кейде. Бала кезінен талай сыр шерткен. Бозбала кезін жатқа соғамыз. Өйткені қатар өстік.
Алғаш көргенім есімде. «Спорт» газетінде едік. Бас редактор әрі ұстаз телефон соқты. Бөлімге, бөлмеге. Шақырды, кабинетіне. Бардық. Барсақ, алдында бір бала отыр. Мән бердік, бермедік. Ұстаз әрі бас редактор қолыма дәптер ұстатты. «Мынау жігіт «тау қопарамын» дейді. Бәрін біліп тұр. Көрші, мә, жазғандарын». Нес-ағам (Несіп Жүнісбаев) әзілдеп сөйлегенді дұрыс көреді. Кейде шын сөзінің өзін қалжыңға балап алатын кезіміз көп. Баланы ертіп, бөлмеге келдік. Атын айтты, айтпады, анық есте жоқ. Дәптерін қалдырды. Тағы бірде соғатынын білдік. Дәптері қолымызда. Оқыдық, жазуы маржандай екен. Ұқыппен жазылған.
Бозбала Бейсен үздіксіз ізденетін. Кез келген мәдениетті зерттейтін. Қай сала болса да. Тереңдей берді. Табиғат берген қара күші тағы бар. Шығыс жекпе-жектерінің бірнеше түрін жақсы меңгерді. Каратэні көрді. Киокушинкайға барды. Оны кейін Сәрсен інісіне қалдырды. Сәрсен чемпион атанды. Бейсенжан енді айкидомен шұғылданды. Тек қара күшін шыңдаған жоқ. Ерік-жігерін. Ақыл-ойын! Айтып отырады. «Аға, мынау айкидо не деген өнер? Қара күшті тіпті де қажет етпейді. Ақылға құрылған. Не деген мәдениет! Рухты шынықтыруға арналғандай». Тибет медицинасын зерттеген кезі болды. Біздің үйдің бір баласы секілді дедік қой. Әпкем Нұргүлмен көп әңгімелесетін. Музыка, философия, тарих, әдебиетті жақсы біледі. Әпкем айтады: «Бейсен жақсы келе жатыр. Өресі қатты өсті. Өзін қайда дайындап жүр? Ақылды шыңдап келеді. Дене күшін де шынықтырды. Денені ғана емес, нәпсіні де шынықтырып келеді. Бірнеше күн ұйықтамауы мүмкін. Бірнеше күн аш отыра беруі де. Ол қайда дайындалып жүр?» Ол сұрақты тіке қоймасақ та, Бейсенжанға айтам. «Інім! Бір бағытқа дендеп еніп кетпе. Тоқтайтын тұсыңды біл. Дер кезінде тежелу де өренің деңгейіне өлшем. Қазақы қалыптан ажырамау керек. Анау ұлыс былай ауқаттанады, мына ұлттың қорегі осындай екен деп, сүттің қадірі мен еттің қуатын ұмытпа». Інім күліп қояды. «Аға, бәрі бақылауда. Күмәніңіз болмасын».
Староста Бейсен студент кезінде-ақ курсқа қамқор еді
– Бейсекеңді алғаш рет 1993 жылы КазГУ-ге құжат тапсырып жүргенде көрдім. Үстінен ақ костюм-шалбарын тастамайтын оның жүріс-тұрысы, өз-өзін ұстауы аса сенімді көрінгендіктен болар, оны жас мұғалімдердің бірі екен деп қалғанымыз рас. Ал сабақ басталғанда арамыздағы жасының үлкендігі бар, әрі сол кездің өзінде «Спорт» газетінде тілші болып жұмыс істейтіні белгілі болғаннан кейін Бейсенді барлығымыз бірауыздан староста етіп сайлап алдық. Мектепті енді ғана бітірген біз үшін әскерде болып қайтқан курстастан басқа кандидатура қарастырылған да жоқ. Содан ол курстағыларды білу, тану, қорғау міндетіне бірден кірісті. Группаластардың әрқайсысымен сөйлесе келе, кімнің неге әуестенетінін біліп алғаннан кейін әр группаласқа жеке-дара құрмет көрсетіп, сәті келген жерде қолпаштай сөйлейтін әдеті бар болатын. Кейін ойлап қарасам, Бейсекең әр қазаққа қанат бітіріп, көтермелеп сөйлеуді сол кездің өзінде-ақ өмірлік миссиясы етіп алған екен, дейді Дәурен Құдайберген.
...Иә, мен де ел қатарлы қаралы хабар тараған сәттен-ақ қолыма қалам алып, оның азаматтығы, іскерлігі мен жанашырлығы жайында естеліктерді бірінен соң бірін жазып отыруыма болар еді. Бірақ мен олай жасай алмадым, дәтім бармады. Оған үш себеп бар. Бірінші. Досымның өмірден өткеніне сене алмадым, нақтысын айтқанда сенгім келмеді. Олай дейтінім Бейсекеңді білгелі оның бірде-бір рет еңсесі түсіп, тығырыққа тірелгенін, әл-дәрмені құрып, болдырып, шаршағанын көрген емеспін. Себебі оның қашанда мерейі үстем, жүзі жарқын жүретін. Және ол бастаған әрбір ісін соңына дейін жеткізіп қана қоймай, тыңғылықты істейтін. Ал оның нәтижесі бәрімізге белгілі «Айтуға оңай», «Қарекет» секілді бағдарламалар арқылы замандастарымыздың рухани әлеміне олжа болып оралып жатты. Және ол жеңіл-желпі аурулардан өз өзін йога тәсілімен емдеп алып отыратын. Амал нешік, уақыт ұзаған сайын асыл азаматтың бұл өмірмен қош айтысқанына көзім толықтай жеткенде барып, есімді жиғандай болдым. Екінші. Соңғы 27 жылда оның жасаған жақсылықтарын саралап шығуыма маған біршама уақыт қажет болды. Себебі досымның алдындағы қарыз мен үшін тым көп еді. «Сол қарызымды енді қалай өтеймін, қалай жеңілдеймін» деген ойдың шырмауынан шыға алмадым. Үшінші. Өткен жылы «Жетісу» телеарнасының 20 жылдығында соңғы рет көргендегі бейнесі жатсам да, тұрсам да көз алдымнан кетпей қойды. Және сол бейне маған әлденені айтқысы келетіндей әсерде жүрдім. Күттім. Түсіме кірер, аян берер дедім. Бірақ ештеңе демеді...
Соңғы алты жыл Бейсенге ауыр болды
– Соңғы алты жыл Бейсекеңе өте ауыр болды, – дейді «Жетісу» телеарнасы директорының бірінші орынбасары, досы Досан Қызайбекұлы. – Талдықорғанда «Жетісу» арнасының жұмыстары, Алматыда «Айтуға оңай», кейін «Қарекет» хабарының түсірілімдері, арасында басқа да жобалар мен шаруаларды реттеп көп шапқылады. Өзгесін айтпағанда, бір ғана «Айтуға оңай» ток-шоуы қатты қажытты. Жылына эфирге 235 хабар шығады, сүзгіден өтпей, архивке кеткені қаншама. Осы хабарды толық сегіз жыл жүргізді. Енді есептей беріңіз... Хабарға жылап келген қанша мыңдаған кейіпкердің көз жасын сүртіп, бірге егілді, сүйіншілеп келген қанша мыңдаған жұртпен бірге қуанды. Адамның жүрегі – тас, жаны темір емес қой. Күндердің күнінде ол да шаршайды. «Бір адамға болса да пайдамыз тисін» деп, ел үшін, қазақ үшін тыным таппай жүрген бауырымызға құрғыр кеселдің жабысқанын байқамай да қалыппыз.
«Бөрі арығын білдірмес...» Тоғыз ай жаны қиналып, адам төзгісіз азапқа түссе де, сыр білдірмей кетті ғой. Керісінше, көңілін сұрай барған жұртқа басу айтып, жұбатып жататын. Қайран, Бейсеке! «Секе, Досеке, бұл дертті әлі-ақ жеңеміз! Үшеуіміз зейнетке шыққанда көрші боламыз, шығармашылықпен айналысамыз. Немере бағамыз» деген арманы бар еді. Сол арманына қатты асықты. Ауырып жүрсе де, болашақ үйімізді салатын жерді де жылдамдатып алдырған еді. Әттең! Енді, міне, ішіміз күйіп, жанымыз жетімсіреп қалды. Еңіреп жыласақ та, иен далаға кетіп айғайласақ та, іштегі шерден жуық арада арыла қоймаспыз.
«Жылы жүректің иесі еді»
Бұл туралы Еуропа Биранкай Халықаралық Айкидо федерациясының негізін қалаушы, Крис Муни былай дейді: «Бейсенді жоқтап сөйлесу тым ауыр. Біз алғаш рет 2001 жылы кездестік. Содан бері өткен жиырма жылда мен оны таныған үстіне тани түстім. Мен оны саяси журналист ретінде емес, қарапайым Бейсен ретінде таныдым. Айкидо өнеріне құмартқан шәкірт ретінде білдім. Уақыт өте келе оның бойында ерекше ерік-жігер, асқақ рух барын сездім. Ол маған – шәкірт, мен оған ұстаз едім. Бірақ кейін арамыз бұдан да жақындай түсті, ол менің серігіме, досыма айналды. Ол жомарт еді, жүрегі, жан дүниесі кең еді. Менің Қазақстанға ендігі сапарым мүлдем басқаша болады, өйткені Бейсен жоқ. Біз енді жолықпаймыз. Бірақ мен оны ұмытпаймын, оның бейнесі мәңгі жадымда сақталады. Ол Айкидо қауымдастығын Қазақстанда құрып, оны дамыту үшін орасан еңбек сіңіріп, көп көмек қылды. Мен өмірімде осындай адаммен кездескеніме, онымен дос болғаныма ризамын».
Күн сайын көз алдымызда биіктей берді
Бейсенді әлеуметтің журналисі ретінде танытқан «Айтуға оңай» ток-шоуының продюсері, қарымды журналист қарындасы Әлия Құдайбергеннің де естеліктерін кейінге қалдырсақ та, мына жолдардан аттап өтпеу парыз.
«Сіздей адам жоқ екен, осыған күн өткен сайын көзім жете түсуде.
Бірде, ағаның атын атап, қолайсыздау бір жазбалар жазып, сыртынан біраз сөз айтқан адамды жерден ап, жерге сап, шыр-пырымыз шығып отырғанбыз. Аға кіріп келді. «Туысқандар, қалайсыңдар!» деп. Арқасындағы зілдей (іші толы кітап) рюкзагын терезенің алдына қоя салды да, бұрыштағы диванға барып жайғасты. Айтқымыз келіп отыр, әлгі жазба жайлы. Айта алмаймыз. Бір кезде әйтеуір, ебін тауып айттым-ау. Және «Дәл қазір өзіне хабарласып айтыңыз, екіжүзділігін» деймін ғой, зілденіп.
Аға түк таңғалмастан, тура суреттегідей жымиып қана: «Өөй, Әлек-е-е, көрдім оны. Ерунда. Жақсы жігіт ол, әлі-ақ түсінеді қатесін. Оған бола көңілдерің түспесін» дей салды. Болды, тақырып жабылды.
Тағы бірде жап-жас боп ағаға нешетүрліні айтып, сыртынан біраз нәрсе ұйымдастырмақ боп, көңілін ауыртқан адамға арада бірер жыл өткенде ақша беріп жүргенін байқадым. «Аға, бұл не сонда? Не деген ұяты жоқ адам анау?» дегеніме: «Әлеке, қиналып жүр екен. Жағдайын айтып, көмек сұрады. Жарайды, Әлеке, бақытты болсын» деген еді.
«Ағаның алдында бір адамды жамандап, сыртынан сөз етудің қажеті жоқ. Бәрібір қосылмайды. Түк естімеген адамдай монтиып отыра береді» деп күлетінбіз. Рас! Адам деген солай да тәрбиелейді екен ғой, жан-жағын. Бір адам туралы бір ауыз жаман сөз айтпастан, ешкімді сөз етпестен өмір сүру мүмкін бе, жалпы деп, таңғалам! Ағаға сырын айтпаған, мұңын шақпаған адам кемде-кем шығар?! Соның бірін де сыртқа шығармайтын. Айналасына кектену, тістену, біреуден қарымта қайтару, жөн-жосықсыз өкпе-реніш деген атымен жоқ еді ғой, ағада», дейді Әлия Құдайберген.
Өлді демейін, байырғы қазақтарша, қайтты дейінші
Әу бастан Бейсенмен бірге келе жатқан идеялас жан досы, «Жетісу» телеарнасының ендігі директоры, журналист Серік Әбікенұлы не дейді?
«Бейсеке: «Өмірдің соңы – өлім. Кімнің кім екені өлген соң белгілі болады» депсің. Екіұдай ойға қалдыратын сөз... Өлді демейін, байырғы қазақтарша қайтыс болды, қайтты дейінші. Мына ғаламды дөңгелек киіз үйіндей көретін қазақ әр адам шеңбер-сүрлеуі аяқталғанда өз бастауына қайта оралады дейді. Сенің жасаған жақсылық пен жамандығың да сол шеңберді айналады, өзіңе тимесе ұрпағыңа бұйырады, жақсылық болса шапағатқа бөлейді, жамандық болса маңдайын жарады. Бабалардың өткен мен болашаққа тас атудан қорыққаны содан еді. Сенің біреуге тас атқаның есімде жоқ, бауырым. Ал жасаған жақсылығыңды, төккен мейіріңді мыңдап айта аламын. Демек сен өз бабаларыңның, қалтыраған саусақтарын жайып бар адамға жақсылық тілейтін қарт анаңның ізінен жаңылмай ұрпағыңа жарқын, ықылас пен шапағатқа бөлеген жол сілтедің. Әке үшін, азамат үшін бұдан асқан бақыт бар ма?! Шаңырағына құт қондырған ер ғана көпке шуақ шаша алады.
Айтарым көп еді, дәл осылай сөзден қысылам, тосылам деп ойламаппын. Лықсып келіп қысып тұр. Осы шақ пен келер шақтан басталатын сөздің бірден өткен шаққа өтіп кеткені тілге күрмеу болды ма? «Әй, туысқандар, қалайсыңдар?» деген қамшылар лебізіңнің жетпей тұрғаны-ай. Тілдің сөзі тоқтап, жүректің сөзі төгілер сәтте қысылғаным... Есболат Айдабосын да тілге шешен ғой: «Көңілімнің көшесі бос қалғандай, екі досыңыз сол көшеде теректей басы теңселіп барады», депті сенің қаралы жұрт тарқап, құлазып қалған «Арайлыңда» ту сыртымыздан қарап тұрып. Рас...
Е, Бейсеке, азаматтығы бір биік, адамдығы бір биік, адалдығы бір биік, Күреңбеліңдей асқақ жігіт едің ғой. Таудың көк тасындай мықты екенсің, морт кеттің, үгілмедің. Шынтағыңнан демеп әр дәрігердің босағасынан бірге аттап жүрген Ермек Даутов досың «Айкидодан алғаны ғой, сыр бермеді» деді. Рас, спорттың бекзадасы – айкидоның шебері, Биранкай Айкидо федерациясының өкілі, атақты Крис Мунидің шәкірті, бірінші дан иегері екеніңді көп адам біле бермеді. Жауынгер өнердің сардары, талай жекпе-жекте мерейлі болып едің. Ақырғы айқаста да сен жеңдің. Батқан күнмен кеткен жоқсың. Арда ұлға құрмет көрсетейік деп ағылған жұртқа ешкім бөгет болмады. Сонысы үшін облыс басшысы Амандық Ғаббасұлы Баталовқа көп рахмет! Тұтас әлемді тұншықтырған вирустың әлегіне қарамастан азаматтық жасап, қаралы жиын өткізді. Егіліп тұрып сөз сөйледі. Журналиске бұлай құрмет көрсетілгені әріптестеріңе, қазағыңа, мамандығыңа мәртебе болды. Жанарбек Әшімжан інің «Ана тіліне» жария етіп, Журналистер үйіне есіміңді беруді сұрады. Алты алаш тұтас қолдап жатыр. Тәуелсіз Қазақстан тарихында дәл өзіңдей ел сүйіспеншілігіне бөленген азамат аз. Бір кездері саудыраған қаңқасы ғана тұрған жаңа ғимараттың ішіне әр кіріп, телеарна декорацияларының үздік үлгіде жасалуына, елдің түкпір-түкпіріндегі арналар тамсанатындай дәрежеге жетуіне сенің қосқан үлесің өлшеусіз.
Өміріңнің соңғы сәтіне дейін айналаңның амандығын тілеп жаттың. Халқыңмен бақұлдасқанда соңғы сөзің «Ризамын» болыпты. Сен ағайын туыс, сүйген жар, еліңе разы болсаң, олар саған разы. Бәріміз алақанмен қалқалап, жанталаса қорғаған Үміттің әлсіз шырағы жалп етіп сөнді. Бірақ оның сәулесі талай жүректе қалып қойды, қайта маздайды, Бейсеке. Шырағың сөнбесін».
* * *
Бұл жұлдыздай жарқыраған Бейсен Құранбек туралы мақаланың басы да соңы да емес. Бұл жолдар – талантты журналистің тағдырын түгел қамти алмасы да анық. Естелік айтқан, айтар жандардың әлі де өкініші мен өксігі тарқамағандықтан қазірге әріптестері айтар сөз сипаты осындай боларын, болмысыңды бір мақалаға сыйдыра алмасымызды сезген де едік.
Шырағың сөнбесін!
Айнаш ЕСАЛЫ
АЛМАТЫ