Бексұлтан Нұржекеевтің 13 томдығы жарық көрді
Таяуда ҚР Ұлттық кітапханасында белгілі жазушы, «Құрмет» орденінің иегері, «Жалын» баспасының директоры Бексұлтан Нұржекеевтің «Сиқыр сезімдер симфониясы» атты шығармашылық кеші өтті және жазушының жақында ғана шыққан 13 томдық шығармалар жинағы оқырман қауымның назарына ұсынылды.
Бексұлтан Нұржекеевтің шығармашылығымен жақсы таныс оқырманға мәлім, жазушының әр шығармасы жүректердің қылын шертіп, адамға әдемі музыка естігендей ерекше сезім сыйлайды. Адам баласына ғана тән ең сұлу, ең сиқырлы да сырлы сезімдерді өзінің шығармашылығына арқау еткен жазушының оқырманы ешқашан азайған емес. Соған орай қаламгер де әрдайым өз оқырмандарын тың дүниелермен, қызықты да, тартымды хикаяттарымен, терең де, шұрайлы романдарымен, батыл жазылған мақалаларымен қуантып отырады.
Жазушының «Қыз сезім», «Күтумен өткен ғұмыр», «Ерлі-зайыптылар» секілді шығармаларын оқығаннан кейін әлемде Бексұлтан Нұржекеев секілді адам жанын, соның ішінде нәзікжандылардың сезімі мен құпиясын, жанын түсінетін ер азамат жоқ шығар деген ойға қаласың.
Қыз бала, әйел, жар, ана – Бексұлтан Нұржекеевтің өмірлік тақырыбы. Ол: «Әйел жарықтық – пәни дүниенің жалғыз жұмағы. Ондай тәттіні тату, аз, оған табыну керек» дейді.
Дулат Исабеков, жазушы: – Бексұлтанның алғаш қыздар, әйелдер туралы шығармалары шыға бастағанда оның шығармаларын жұрт сүйсініп оқығаны соншалық, ұзатылып жатқан қыздардың жасауына оның кітаптарын қосып беріп жататын. Мұның өзі оның халықтық қаламгер екенін көрсетеді. Бір ғана «Кәрістің қызы» деген шығармасы қаншама адамның жүрегінен орын алды. Бексұлтан – адам жанының суреткері, әйел жанының зерттеушісі. Кейбір сыншылар Бексұлтанды Ги де Моппасанға ұқсатып жатады. Меніңше, Бексұлтан махаббат деген ұлы сезімге қаламымен ескерткіш орнатқан қаламгер.
Бексұлтан Нұржекеевтің шығармашылық кешіне қатысқан зиялы қауымның, жазушылардың, ғалымдардың сөзін бір ауызбен түйіндесек, Бексұлтан – жазушы, тарихшы, зерттеуші, көркем сөзші, ең бастысы елін шын сүйетін халқының перзенті. Жер жәннаты Жетісуда дүниеге келген жазушы қазақтың арғы-бергі тарихын өзінше зерттеп, зерделеп, қазақ деген халықтың парасатын насихаттап жүрген адам.
Бексұлтан Нұржеккев 1941 жылы 22 ақпанда Талдықорған облысының Ақжазық ауылында туған. 1965 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірді. Оның алғашқы повесі «Кінәлі махаббат» 1968 жылы «Жұлдыз» журналында жарық көрді. Жазушының осы уақытқа дейін жазған барлық шығармалары осы 13 томдыққа кірді. Ол бүгінде «Жалын» баспасының директоры. Бексұлтан Нұржекеев Алматы облысының және Панфилов ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.