Бердібек Соқпақбаевтың қанатты сөздері
Белгілі жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романынан алынған қанатты сөздер топтамасы:
Қазақ асықпай-саспай, бабымен тойлағанды ұнатады.
***
Соғыста өлем-ау немесе жараланып, өмір бойы қор болып, кемтар болып қалам-ау деген ой онша күйзелтпейді. Өлетіндер өздерінің нашарлығынан, ебедейсіздігінен өліп жататын тәрізді.
***
Соғыс деген ол сұмдық! Соғыс ол апат! Соғыс адамды қор ету!
***
Жаман әдет жұқпалы деген рас…
***
Ауыздан шыққан анттың бәрі орындалса адам адам емес, баяғыда-ақ періште болған болар еді…
***
Ерді намыс өлтіреді деген рас сөз. Ауыр тұрмыс адамның тауын шағып, мұқатады екен.
***
Әйел затын, жалпы, нәзік деп атайды ғой. Бос сөз. Мықтының ең мықтысы, көнбістің ең көнбісі әйелдер екеніне мен кіммен де дауласуға бармын.
***
Еркектер зорығып өлетін ауыр жұмыстарды бұ күндері қыңқ деместен әйелдер атқарып жүр. Оның сыртында, үй тіршілігін істейді, бала өсіреді, кәрі ата, енелерін күтеді.
***
Иә, адам өмірі деген тесік шелекке құйылған су тәрізді болады екен. Тіршіліктің оны-мұны шаруа қамымен күйбеңдеп, басың қатып жүргенде, бір күні сарқылып бітіп қалғанын білмей де, байқамай да қалады екенсің!