Берлиндегі Мұстафа басына неге ескерткіш тұрғызбаймыз?

Жер жаһанды дүр сілкінткен ІІ дүниежүзілік қырғын қызып тұрған 1941 жылы Батыс Еуропада эмиграцияда жүргенде аса жұмбақ жағдайда қайтыс болған Алаш арысы Мұстафа Шоқайдың биыл 120 жылдық мерейтойы. Сыр өңірінде туып, Алаш жұрты үшін аянбай еңбек еткен Мұстафа Шоқай тірлігінде туған өлкесін билеген кеңес өкіметі саясатының кесірінен батысқа эмиграцияға кетуге мәжбүр болды.
Ел үшін жасаған қызметінің түпқазығы түркі халықтарын біртұтастандыру боп саналған қайраткердің биылғы мерейтойы аясында бірқатар шаралар өткізіліп келеді. Алаш арысын еске алу, ұрпақ жадында жаңғырту шараларының басы бұрнағы жылы түсірілген кинофильмнен бастап, түрлі ғылыми конференция, ас-жиындармен ұласуда.
Мұстафа Шоқай тұлғасының сан қырлылығы, оның тағдырының жұмбаққа толы құпиялары зерттеушілер нысанасына ілігіп, жаңа құжаттар, жаңа деректер аз да болса табылып келеді. Тиянақты шаруалар мұнымен тыйылмаса керек.
Осы жайлардың бір парасын тізбелей келе, биылғы жылғы шаралардың басында Мұстафа Шоқайдың Берлиндегі бейітінің басына Қазақстан тарапынан ескерткіш белгі орнату керектігін ұмытқан тәріздіміз. Берлиндегі Мұстафа Шоқай жерленген қорымда аяулы арыстың есімі немісше жазылған белгітас қана тұрғанын Германияға барып келген, Берлинде болып, арысымыздың тәні берілген тұсқа тәу еткен әр азамат айта алады. Біздіңше, биылғы жылы атқарылар шаралардың бастыларының бірі – Мұстафа Шоқайдың басына Қазақстан халқы атынан ескерткіш қою болса керек.
Жалпы, жат жерде қаза болып, тәні туған топыраққа жеткізілмеген арыс азаматтардың басына тұтас ел атынан ескерткіш қою әр заманда тәжірибеде бар жағдаят қой. Алысқа бармай-ақ, Қарағандының іргесіндегі Спасск-Көкөзек қолатындағы Карлаг тұтқындарының қорымын мысалға келтіруге болады. Спасскідегі әскери тұтқындар жерленген қорымға соңғы он жылдың көлемінде Жапония, Румыния, Польша, Ресей, Венгрия бастатқан бірнеше мемлекет басшылары, елшілері, көптеген лауазымды тұлғалары келіп, ескерткіш тастар қойысты. Тіпті Жапон елінің өкілдері келіп, ескерткіш тасқа «Біз әлі ораламыз, бауырлар!» деп ойып жазған болатын.
Қалай болғанда да, ел үшін аянбай ғұмырын арнаған арыс азаматтарды қастерлеу елдік, мемлекеттік деңгейде атқарылар игі шаруа болса керек. Оның сыртында, биылғы жыл Германияның Қазақстандағы жылы болса, өткен жыл Қазақстанның Германиядағы жылы ретінде өткізілді емес пе! Екі ел арасындағы татулық пен ынтымақтастыққа бастайтын шаралардың ішінде арысымызды асқақтату жолындағы осындай игілікті рәсім атқарылса, құба-құп болар еді.
Биыл Мұстафа Шоқайдың туғанына 120 жыл болса, келесі жылы дүниеден озғанына 70 жыл толады. Бәлкім, биыл ескермеген шаруаның орнын толтыруға келер жылы үлгіретін шығармыз!
Гүлжауһар КӨКЕБАЕВА, тарих ғылымының докторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры:
– Мұстафа Шоқай – қазақтың азаттығы үшін күрескен ұлы тұлға. Ол тірлігінде кеңес өкіметінің қол астындағы мемлекетте тұрған жоқ. Эмиграцияда жүргенде жазған еңбектері арқылы кеңес өкіметінің аса қатал, әділетті сыншысы болды ғой. Сондықтан да кеңес өкіметі оны «сатқын» деп айыптаған. Мұстафа Шоқайдың бар ғұмыры қазақ азаттығы, егемендігі үшін арналып еді. Сондықтан да біз ұлы тұлғаның алдында бас июіміз керек. Арысымыз жатқан жерге ел атынан ескерткіш тұрғызу асыл парызымыз болар еді!





