Бесік жырын айтып жүрміз бе?
Сәби тәрбиесі мен мінез-құлқын қалыптастыруда бесік жырының орны бөлек. Ол баланың көкірек көзін ашады, жан-жүйесін тербейді. Сезімін сергітеді, көңіл күйін көтереді. Әже мен ананың әлдиі сәбидің алғашқы өнер мектеді екені баршаға белгілі. Ұлы Абайдың «Туғанда дүние есігін ашады өлең» деуі тегін емес. Бесік жырында ұлттық тәрбиенің үздік үлгісі жатыр. Алайда соңғы жылдарда бесік тербетіп отырып бесік жырын, өлең айтатын әже, ана азайды. Бесік тербетуге жараған баланың өзі бөпесін өлең айтып ұйықтататын. Бұрын ананың бесік жырын сәби ғана емес, ауыл балалары, тіпті үлкендер де құлағын салып тыңдап отыратын болған. Кейінгі кезде жастардың халық әніне назар аудармауы, өлең-жыр, домбыра әуеніне әуестенбеуінің бір себебі-осы бесік жырының ұмытылуында болса керек.
Бесік жырының үлгілері өте көп. Баланың жасына да байланысты айтып отырған.
Бесік жыры
Әй-әй бөпем, әй бөпем.
Ән айтайын, бал бөпем.
Ән тыңдағын келсе егер,
Және айтайын, жан көкем…
Бөпем менің ай ма екен?
Шекер ме екен, бал ма екен?
Ойнақтап бір бәйгеден
Озып келер тай ме екен?!
Тас бұлақтар тауда екен,
Жас құрақтар сайда екен.
Көлбең-көлбең ұшатын
Көбелектер қайда екен?!
Қара қарға қарда екен.
Жапалақтар жарда екен.
Балпаң-балпаң басатын
Балапандар қайда екен?!
Әй-әй бөпем, әй бөпем,
Ұйықтадың ба, бал бөпем?
Алдағанға көнетін
Аңқау бөпе қайда екен?!