Би байқауы қорытындыланды
Ақтөбеде қазақтың тұңғыш балеринасы, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі Нұрсұлу Тапалованың 90 жылдығына арналған ІІ республикалық «Назерке» би байқауы өтті.
Байқауға Астанадағы «Ренессанс» би мектебінің бишілер тобы, Қарағанды облысынан «Қуаныш» үлгілі, Қызылорда облысынан «Дидар» халықтық этнографиялық-фольклорлық, Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданынан «Қарлығаш» халықтық би ансамбльдері мен ақтөбелік бірнеше би ұжымдары қатысты. Әйгілі биші, Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Талпақова бастаған өнер саңлақтары кезінде Абай атындағы опера жєне балет театры сахнасында Галина Уланова, Майя Плисецкая сынды би саласының майталмандарымен тең дәрежеде өнер көрсеткен тұңғыш қазақ балеринасының бүгінгі ізбасарларының өнерін бағалады.
Қызылордадан келген «Дидар» халықтық би ансамблі бас жүлдеге ие болды. «Ренессанс» би мектебінің бишілер тобы мен Ақтөбе мемлекеттік педагогика институтының «Гүлнәр» би ансамблі, Ақтөбе қаласының «Дуэт» топтары да байқау жеңімпаздары атанды.
Бұл шара би ұжымдары үшін тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік берді. Н.Талпақова жас бишілерге шеберлік сабақтарын өткізді. Оның айтуынша, аталған байқау – еліміздегі би өнерінің жақсы дамып келе жатқандығының бір айғағы.