Билердің биі – Әнет баба

Билердің биі – Әнет баба

«Жеті жарғыны» жазушылардың бірі, үш жүздің бас билеріне ақыл-кеңесін айтып, батасын берген, ел ішін даудан, ел сыртын жаудан қорғаған, бүкіл ғұмырын, бар күш-жігерін қазақ елінің ынтымағы мен тұтастығы үшін сарп еткен, билердің биі атанған Әнет баба Кішікұлы 1628 жылы туып, 1725 жылы (кейбір  деректерде 1626-1723 жылдар аралығында өмір сүрген делінеді) 97 жасында өмірден озған. Сүйегі Түркістанда «Әзірет Сұлтанда» жерленген. Ахмет Ясауи кесенесіндегі Көктасқа Баба есімі жазылған.

Әнет баба – қоғам қайраткері
Әнет бабаның есімі иісі қазақ баласына әйгілі Әз Тәуке хан заманында жасалған «Жеті жарғы» мемлекеттік, праволық, әдет-ғұрыптық заң жүйесінің ережесіне айналған тарихи құжат­ты жазушылардың бірі ретінде белгілі. Бұхар медресесін оқып бітіріп, Әнет Кішікұлы ғұлама атанады. Медреседе алған білімін қазақ елінің бірлігін, тұтастығын нығайтуға арнайды. Оған талай тарихи дерек куә. Қазақ совет энциклопедиясында «Әнет баба Кішікұлы (1626-1723) – Орта жүз биі, тобықты руынан. Бұхар медресесінде оқып, ғұлама атанған.Түркістанда хандық құрған Әз Тәукенің кеңесші биі болған, әдет заңы – «Жеті жарғыны» жасасқан. Әнет баба – қазақ хандығын ны­ғай­туда, қалмақ-жоңғар шапқын­шы­лы­ғынан елін қорғауда ақыл­шы мәмлегерлігімен халық сеніміне ие болған, Әнет баба атан­ған» деп жазады. Ал Шәкәрім Құдайбер­ді­ұлының жаз­баларында мынадай жолдар кездеседі. Ол кезде оқу­ды тауыс­қан соң, әрбір шәкірттің қабілетіне қарай құжат бе­рі­­леді екен.
Әнет баба өзімен қатар оқыған бала­лар­дан үздік шығып, ғұлама-даммула­лар­дың батасын алып, жолға шыққалы тұр­ғанда, Бұхардың дінбасы Шейх ұл-ис­лам оған былай деп сұрақ қойыпты: 
– Әнет, міне, сен ғұлама болдың. Қа­да­мың құтты болсын! Енді Түркістанға жүр­ге­лі отырсың. Бірақ онда біз сайлаған имам бар. Ол – бір қасиетті адам. Саған муф­тиліктен басқа лауазымды лайық көр­мей отырмыз. Не істеген жөн?
– Әміріңізге құлдық, Шейх ұл-ислам. Мен Түркістанға барғанда лауазым іздеп ба­ра жатқан жоқпын!
– Енді не іздеп барасың?
– Елімді іздеп барамын. Ен сахараны ер­кін жайлаған қазақ деген халқым бар. Сол халыққа қызмет ету үшін барамын, – депті Әнет баба.
Сол сөзді өміріне мәңгі серік еткен Әнет баба бар саналы ғұмырын қазақ елінің тұтастығына, тәуелсіздігіне арнайды. Көзі тірісінде-ақ ел ішінде шешендігімен, әділдігімен, мәмлегерлігімен аты аңызға айналған.
Әнет баба – билердің биі
Үш жүздің бас билері – Төле би, Қа­зыбек би, Әйтеке би Әнет бабаның ақыл-ке­ңесін тыңдап, батасын алған екен. Ол жайлы талай тарихи дерек, ел аузында аңыз болып сақталып қалған әңгімелер баршылық. Бірде Мамашәріп би Төле биден:
– Уа, Төле би, біз адассақ, сізден ақыл сұ­раймыз, сіз адассаңыз, кімнің ақылына жүгінесіз? – деп сұрапты.
Сонда Төле би:
– Әнет баба бар емес пе?! – деген екен.
Төле би төбе би болып сайланған соң, өзін сынатайын деп Әнет бабаға келеді. Келсе, Әнет баба он екі қанат ақ боз үйдің қақ төрінде төрт қабат төселген көрпенің үстінде көкірегіне құранды қойып, шалқасынан жатыр екен. Төле амандасып, өзін таныстырып, жай-күйін айтқан соң, Әнет баба Төле биге арнап төбел бие сойдырып, төрткілдеп ошақ қаздырып, қонақасы беріпті. Кететін кезінде қасына шақырып алып, керегеде ілулі тұрған қорамсақты нұсқап:
– Төлежан, анау қорамсақтан бір жебе суыршы, – депті.
Төле Әнет бабаның айтқанын істеп, қозы жауырын қу жебені суырып алып, бабаға ұсыныпты.
– Жоқ, бұл жебені өзің ал, Төле. Алып, ортасынан сындыр, – депті Әнет баба.
Төле тізесіне қойып, басып қалғанда жебе орта белінен морт сыныпты.
– Енді тағы үш жебе сындыр, – дейді Әнет баба.
Төле үш жебені сындырып, алты шыбық жасапты.
Енді осы алтауын сындырып көрші, – дейді Әнет баба.
Төле алты шыбықты әрі майыстырады, бері майыстырады, сындыра алмаған соң, қорамсағына салып алыпты да, Әнет бабадан қол жайып бата сұрап, батасын алған соң, жолға шығыпты.
Былай шыға бере, Төленің жанындағы жолдастары түкке түсінбей:
– Төке, Әнет бабаның мұнысы несі? Бізді жебе көрмей жүр дегені ме? – деп сұрапты.
– Жоқ, сендер түсінбедіңдер. Әуелі жалғыз жебені сындыртқан себебі – жалғыз болсаң, кез келген қарулы қол беліңді сындырады дегені. Алты бірдей шыбықты сындыр дегені егер басың бір, ауыз­бір­шілігің бір, тобың бір болса, алты алаштың ба­ласына ешкімнің шамасы келмейді де­гені еді, – дейді Төле би жолдастарына. «Көп­тің аты – көп, бірліктің аты – бірлік. Әй, ар­уағыңнан айналайын Әнет бабам-ай, бір күні сен де кетесің-ау бұл қу дүниеден», – деп Төле би көкірегі жалын атып күрсінген екен деседі.
Ал қаз дауысты Қазыбек би ақыл-ке­ңесін тыңдап, білім-біліктілігін үйрену үшін Әнет баба ауылының іргесіне көшіп ке­ліп, екі-үш жыл көрші отырған екен. Әнет ба­ба­ны ұстаз тұтқан. Ұлы баба да Қа­зы­бек би­­ден білімін, ақыл-кеңесін ая­мап­ты. Ел да­­уы, жер дауы, жесір дауы көбейіп, Қа­зы­­бек би Ордабасы, Күлтөбеге аттанғалы жа­тып Әнет бабаға кіріп, бата сұрайды.
– Жортқанда жолың болсын, Қыдыр ата жолдасың болсын! – деп батасын бе­ріп­­ті Әнет баба.
Кіші жүздің биі Әйтеке би де үнемі Әнет ба­­бамен кеңесіп, ақылын тыңдап отырған. Ел ішінде «Әйтеке айтқан сөзінен айны­май­тын адал, шешен, ірі, нар тұлғалы адам болған. Әрі батыр, әрі шешен, әрі көсем Әй­теке биді Әнет баба осы қасиеттері үшін қат­ты сыйлаған. Ол да Әнет бабаның ақыл-кеңесін тыңдап жүреді екен. Түр­кіс­танға, Күлтөбеге билер кеңесіне бара жа­тып та, келе жатып та Әйтеке Әнет бабаға ар­найы келіп, хабарын айтып, амандасып өтеді екен» деген сөз қалған.

Әнет баба және дін
Ұлттың ұлт болып қалыптасқанын анықтайтын негізгі факторлар – тіл, дін, тарих, дәстүр, жер. Діні мықты елдің іргесі мықты. Әз Тәуке ханның кеңесшісі болған Әнет баба да жастайынан дін іліміне ерек­ше көңіл бөліп, шариғат ережелерін жітік біл­ген. Бұхардағы Көкілташ медресесін тә­мам­дап, ғұлама атанған. Ол тек қазақ хал­қы арасында ғана емес, бүкіл Орта Азия халықтары арасында араб, парсы тілдерін жетік меңгерген ғұламалардың қатарында болған. Әнет бабаның шариғат заңдарын жете білуі қазақтың ең алғашқы заңдар жинағы – «Жеті жарғыны» жазуда көп кө­ме­гін тигізген. Ел бірлігіндегі діннің рөлін жете түсініп, дін беріктігін де насихат­таған.
Бүгінде Семей қаласындағы қос мұ­на­ралы орталық мешіт ұлы баба – Әнет баба Кішікұлының есімімен аталады.
Ұрпақтары ұлы бабаны ұлықтады
Бар ғұмырын қазақ елінің бірлігі, ынты­ма­ғы, тұтастығы мен тәуелсіздігі жолына ар­­наған ұлы бабалар есімі ескерусіз қал­мақ емес. Тәуелсіздіктің арқасында өлге­ні­міз тіріліп, өшкеніміз жанып, ұлы баба­лар­­дың қазақ елі үшін істеген істерін мақ­тан етіп айтып, жазып, ұрпақтарының ұлық­­тауына жол ашылды. Билердің биі атан­ған Әнет баба Кішікұлы да бүгінде өз ба­ға­сын алып, ұрпақтары тарапынан ұлық­тал­ды.
Шығыс Қазақстан облысы Абай ауда­ны Қарауыл ауылында желтоқсанның 2-сі күні Әнет баба Кішікұлына қойылған ескерткіш ашы­лып, этнограф, шежіреші Молдабек Жан­болатовтың «Әнет баба» атты кітабы­ның тұсаукесері болып өтті.
Салтанатты жиынға облыс әкімі Бер­ді­бек Сапарбаев, аудан әкімі Тұрсынғазы  Мүсәпірбеков, ескерткіш авторы Әскербек Сәкіжанов,  «Әнет баба» тарихи-танымдық кітабының авторы Молдабек Жанболатов, бірқатар қоғам қайраткері мен аудан жұрт­шылығы қатысты.
Салтанатты шараны Шығыс Қазақстан облысының әкімі Б.Сапарбаев ашты.
Бердібек САПАРБАЕВ, облыс әкімі:
– Әрбір саналы адам ата-бабала­ры­н­ың еліне сіңірген еңбегін ескерусіз қал­дырмауы тиіс. Тарихсыз ел болмай­ды. Ал сол тарихын білмеген ел ілгері да­мымайды. Осы тұрғыдан келгенде, Әнет бабаның тарихтан алар орны ора­сан. Ол –  ел бірлігі, тұтастығы, тәуел­сіз­дігі үшін мол еңбек сіңірген ғұлама, тарихи тұлға. Біртұтас Қазақ мемлекетін қалыптастыруда еткен еңбегі ұмы­тыл­мақ емес. Тәуелсіздік алғанға дейін ұлы ба­баның елге сіңірген еңбегін ескеріп, тиіс­ті бағасын беруге кеңестік мем­ле­кет­тің саясаты мүмкіндік бермеді. Міне, бүгін Тәуелсіздіктің арқасында ұлы ба­ба­ны ұлықтап отырмыз. Бүгін қазақтың өлгені тіріліп, өшкені жанып, жоғалғаны та­былғандай. Әнет баба айтқан өсиет­терді жинақтап, ол жайлы кітап жазып, оған ескерткіш орнату – ұрпаққа мол өне­ге. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қар­саңында Әнет бабаға ескерткіш орнату – бұл ұлылар мекені Абай елінің ұлы­лы­ғының бір көрінісі және Тәуелсіздіктің же­місі.
Салтанатты шараға жиналған Абай елі­нің жұртшылығы Шығыс Қазақстан облы­сы­ның әкімі Бердібек Мәшбекұлы Сапар­баев мырзаға тілек хатын жеткізді. Бұл хат­та аудан жұртшылығының облыс әкі­міне:
– Семей, Өскемен, Астана қалаларында ба­ба атына көше беру;
– Семей, Өскемен, Алматы, Астана Шым­кент, Түркістан қалаларында Әнет баба ескерткішін  орнату;
– Семей, Өскемен, Алматы, Астана қа­лаларындағы жоғары білім беретін  әділет, заң оқу орындарының біріне баба есімін беру және онда Әнет баба жетілдірген ар ілімін, құқық қорғау ісін және ұлттық дү­ние­­та­ным, салт-дәстүр үлгісін зерттеп, на­си­хаттау орталығын құру;
– еліміздегі ұлағатты заңгер, құқық қор­ғаушылар мен озат студенттерге ар­найы жүлде тағайындап, төсбелгі шы­ғарып, жыл сайын салтанатпен табыстау туралы тілегі айтылған.
Сонымен қатар Абай елінің жұрт­шы­лығы Бердібек Мәшбекұлының бұл шара­лар­ды облыс көлемінде шешіп, респу­бли­калық мәртебедегі құзырлы орындардың алдына мәселе етіп қоятындығына кәміл сенетіндігін жеткізді.

Әскербек СӘКІЖАНОВ, мүсінші, ескерткіш авторы:
– Тәуелсіздік алған тұстан-ақ Әнет баба мүсінін сомдауға кірістім. Ол кісінің суреті жоқ. Сондықтан Әнет бабаның шығармашылық портретін жасауға тура келді. Ол үшін көп із­деніп, көп мағлұмат жинап, дерек­терге сүйене отыра, баба портретін жасап шықтым. Ұлы бабаны тұғырлы орнына қондыруға бүгінгі Тәуел­сіз­діктің арқасында ғана қол жеткізіп отырмыз.

Молдабек ЖАНБОЛАТҰЛЫ, «Әнет баба» тарихи-танымдық кітабының авторы:
– Ел ішінде Қарлығаш әулие де­ген құрметті атқа ие болған, ке­зінде заман тауқыметін көтерген Әнет баба кейін солақай саясаттың тезіне түсіп, әділ бағасын ала алмай келді. Саяси құрсау сөгіліп, Тәуелсіздіктің туы тігілгеннен бастап Ұлы баба жай­лы сөз қозғаудың сәті түсті. Әнет бабаның сүйегі қасиетті Түр­кістан жерінде  жерленгені анық­та­лып, есімі Қожа Ахмет Ясауи мав­зо­лейіндегі Көктасқа жазылды.

Ұлы бабаға ескерткіш орнатып, ол жайлы тарихи-танымдық кітап шығаруға қол жеткізу Тәуелсіздіктің шапағаты деп білемін.

Серғазы ҚАЛИЕВ, педагогика ғылымының докторы, профессор, Әнет бабаның ұрпағы:
– Ұлы бабаның қазақ еліне сіңірген ең­бегін, халыққа қалдырған өсиетін жи­нап, жарыққа шығару, оған ескерт­кіш орнату ел үшін де, ұрпақ үшін де өте маңызды. Бірнеше жыл із­деніп, қажырлы еңбек еткен «Әнет баба» та­ри­хи-танымдық кітабының авторы Мол­­дабек Жанболатовқа, ескерткіш ав­­торы Әскербек Сәкіжа­новқа шексіз алғыс айтамын. Әлі де болса Өзбек­стан, Иран, Ресей елдерінің мұрағат­та­рынан Әнет баба жайлы тың дерек­тер­ді тауып, ел игілігіне жаратсақ, игі іс болар еді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста