Бір ғимараттың тарихы немесе Бекметевтер әулеті
Қарағанды облысындағы Қарқаралы қаласында «Көк үй» деген ғимарат бар. Осынау «Көк үйде» туып-өскен есімдері елге танымал әйгілі адамдар және олардан тараған ұрпақтар аз емес. Бұл ғимаратқа қатысы бар әйгілі тұлғалар қаншама. Абай келген, Құнанбай түстеніп кеткен, әйгілі заңгер, қоғам қайраткері – Жақып Ақбаев осы үйдің қызына үйленген, белгілі қоғам қайраткері, публицист, Ахмет Байтұрсыновқа қамқор болған Мұхаммед-Мақсұт Бекметов – осы үйдің баласы – осынау тізімді соза беруге болады. Бұл «Көк үйді» салған әйгілі көпес Хамит Бекметев пен оның ұлы Халиулланың есімі де кезінде кеңінен белгілі болған.
Қарқаралы қаласындағы ұлы Абай түскен Халиулла Хамитұлы Бекметевтің осы «Көк үйін» көруге жылына қаншама адам келіп жатады. Жас кезімнен ойда жүрген бір арманым – бабамның «Көк үйіне» фотокөрме ұйымдастыру еді, сол көрме арқылы көпшілік қауымды Қарқаралы уезінің қоғамдық өміріне белсене араласқан, Алаш қайраткерлерімен достық қарым-қатынаста болған, Қарқаралыда мешіт салдырған, қаланың көркеюіне өз үлестерін қосқан Бекметевтер әулетімен таныстыру болатын. Сол мақсатпен 2007 жылдың желтоқсан айында Қарқаралыға барып, қасиетті «Көк үйде» көрме ұйымдастырдым.
Көрме мұсылмандардың қасиетті кітабы – 1901 жылы Қазан қаласында басылған «Құран Кәрімнің» фотосуретімен ашылды. Ол Құран кітап Мұхаммед-Мұхтар Халиуллаұлы Бекметевтікі еді. Көрме залының оң жағында Абай Құнанбаевтың 1952 жылы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан жарық көрген «Таңдамалы шығармалар» жинағының фотосуреті ілінді. Бұл кітапты менің әкем Кәмел Мұхтарұлы Бекметев қолынан түсірмей оқитын.
Көрме залының ортасында ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатынан алынған құжаттың көшірмесі (шамамен 1884 жылғы) берілген. Онда Хамит Яхияұлы Бекметевтің отбасы мүшелерінің тізімі бар. Бұл құжат мәнерлеп жазылған, одан Хамит Яхияұлының төрт әйелінен жиырма баласы болғанын білеміз.
Тарихи суреттердің ішінде Бекметев Халиулла Хамитұлының фотосуреті ерекше орын алады. Сурет 1884 жылы Омбы қаласында түсірілген, қасындағы әскери форма киіп түскен бала Хакімжан – Омбы кадет корпусының кадеті. Ол – Халиулланың әкесі Хамиттің үшінші әйелі Атине Тукинадан туылған бала. Хакімжанды Халиулла асырап алған. Бекметев Халиулла Хамитұлы 1833 жылы туған. Қарқаралы өңірінің зиялы және құрметті адамы болған, көпес әрі кәсіпкер. Халыққа жасаған қайырымдылығы үшін орыс императорлары III Александр 1888 жылы Станислав ленталы күміс медалімен, ал II Николай 1904 жылы Анна ленталы алтын медалімен марапаттапты.
Көрмеде қатар орналасқан Халиулла Хамитұлының төрт баласының суреттері бар, олар: Мұғин, Гүлбахор, Гүлнахар, Мұхсен. Халиулла Хамитұлының қазақ әйелі Ғайниден туылған кенже ұлының есімі Мұхсен болатын. Ол кісі 1890 жылы Қарқаралы қаласында туған. Қарқаралы прогимназиясын, қалалық училищені бітірген. 1917 жылдың 18 тамызына дейін Қарқаралы уездік азық-түлік комитетінің мүшесі. 1917 жылдың 20 наурызында Қарқаралы атқару комитетіне сайланды. 1917 жылдың 17 сәуірінде Мұсылман комитетінің алқа мүшелері Мұхсен Халиуллаұлы Бекметевтің кандидатурасын уездік милицияның бастығына ұсынады. Ол Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» атты жинағын таратқаны үшін 1911 жылдан Семей облысы жандарм басқармасының бақылауында болды. Саяси репрессияға ұшырайды. 1931 жылы Қарқаралыда қайтыс болды. Мұғин Халиуллаұлы Бекметевтің Қарқаралы қаласында мануфактуралық дүкені болған. Өткен ғасырдың басында қызыл кірпіштен салынған дүкен осы күнге дейін сақталған, ол тарихи және сәулет өнерінің ескерткіші болып табылады. Мұғинның баласы Ханафия мерген болатын. 1930 жылдың қазан айында Қазақстанның он жылдық мерейтойына орайластырып, Алматы қаласында Екінші бүкілқазақ мергендер сайысы өтті. Сол сайысқа Қарқаралы уезінен алты мерген қатысқан екен, солардың ішінде 1911 жылы туған Ханафия Мұғинұлы Бекметев те болған.
Көрмеде әжем Бибінұр Мұхаммед-Қасымқызының суреті бар. Ол кісі – жүз жасаған адам. Ескіше білім алған. Сегіз жасынан намаз оқыған. Сол әжем бала кезінде ұлы Абайды көрген екен.
Тағы бір тарихи сурет – ХХ ғасырдың басындағы белгісіз фотограф түсірген Қарқаралы қаласының көрінісі. «Көк үйдің» оң жағында бақ болған екен. Ол бақты отырғызған – Хамит Яхияұлы Бекметев. Қазір ол бақ жоқ, сол жағында менің атам Мұхтар Халиуллаұлының үйі көрініп тұр. Сурет кешке қарай түсірілген болуы керек, үйдің шамы жарқырайды. Сурет астында «Көк үйге» байланысты 2002 жылы жарық көрген «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы 4-томының 702-бетінен алынған мынадай деректер жазылған: «Құнанбай аға сұлтан болып тұрғанда, Халиулла баймен жақын араласып, кейіннен бұл үйде Абай да жиі болып тұрған. ХХ ғасырдың бас кезінде бұл үйде Алашорда қайраткерлері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ә.Ермеков, Ж.Ақбаев, Р.Мәрсеков тағы басқалар жиі-жиі бас қосып отырған. Белгілі алаш қайраткері Жақып Ақбаевтың әйелі Гүлбахор — Бекметевтің туған қызы».
Бекметов Мұхаммед-Мақсұт Хамидуллаұлы – қазақ елінің тарихында өзіндік із қалдырған адам. 1999 жылы басылған «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясының 2-томының 720-бетінде ол кісі туралы мақала берілген. Мақаланың мәтіні мынадай: «Бекметов Мұхаммед-Мақсұт Хамидуллаұлы (1883, бұрынғы Семей обл. Қарқаралы у. – 1912, Орынбор) – қоғам қайраткері, публицист. Бай әулеттен шыққан. Қарқаралы мен Омбыда білім алған. 1900 жылдан бастап Омбы почта-телеграф кеңсесінің қызметкері болған. Елін азаттыққа шақырған іс-әрекеті үшін 1906 жылы тұтқынға алынып, Қазан қаласына жер аударылды. Осы кезден өмірінің соңына дейін полицияның бақылауында болды. Саяси-әлеуметтік, мәдени-танымдық мазмұнда мақалалар жазып, қазақ және орыс баспасөзіне белсене араласқан. Екінші рет тұтқындалып, Орынборға жер аударылды. 1909 жылы Санкт-Петербургте шығатын «Речь» газетінде Семей түрмесінде азап шеккен А.Байтұрсыновқа бостандық берілуін талап еткен мақаласы басылды. Сол жылы Қазан қаласында «Қазақ өлеңдері» атты жинағы жарық көрді.
Шығ.: Киргизский поэт. Оренбургский край, 1909, номер 394.Әдеб.: Айқап, 1912, №2 (Мүнәқыб)».
Мұхаммед-Мақсұт Бекметов – 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде 14500 адам қол қойған Қарқаралы петициясы авторларының бірі. (Нурмагамбетова Р.К. Движение Алаш и Алаш-Орда. Историография проблемы. 1920 – 1990-е годы ХХ века. – Алматы, 2003. – 153 с.)
Көрмеге Орталық ғылыми кітапханадан алынған Мұхаммед-Мақсұт Бекметовтің 1908 жылы Қазан қаласында жарық көрген «Қазақ өлеңдері» жинағының көшірмесі қойылған. Кітаптың түпнұсқасы Қазан университетінің ғылыми кітапханасында бар.
Балқаш қаласының қасында Гүлшат деген кент бар. Елді мекен ХІХ ғасырдың 80-жылдары осы маңда өмір сүрген кен өндіруші кәсіпкер Хамидулла Бекметевтің қызы Гүлшаттың есімімен аталған. Гүлшат Мұхаммед-Мақсұттың қарындасы болатын.
Қазақтың көптеген игі жақсылары «Көк үйдің», яғни Бекметевтер әулетінің, қыздарына үйленіп, өніп-өскен. Олар: белгілі Алаш қайраткерлері Жақып Ақбаев, Райымжан Мәрсеков, қазақтың тұңғыш дәрігерлерінің бірі Әміре Айтбакин, мемлекет қайраткері, жазушы Шәріп Өтепов, қазақ оқығандарының бірі, фельдшер, 1917 жылы Қарқаралы уездік қырғыз (қазақ) комитетінің мүшесі Әмірхан (Әбет) Сембаев. «Көк үйдің» қызы Гүлғасыл Мәжитқызы Бекметева орыстың белгілі жазушысы, Социалистік Еңбек Ері Анатолий Степанович Ивановтың жары екенін жұрт біле бермейтіні анық. А.С. Иванов – «Тени исчезают в полдень», «Вечный зов» атты тамаша романдардың авторы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері. А.С. Иванов қазақ жерінде – Шығыс Қазақстан облысында туып-өскен. Гүлғасыл апамыз 2008 жылы мамыр айында Қазақстанға келіп, А.С.Ивановтың 80 жылдығын атап өтуге ұйытқы болды.
Көрмеде 1914 жылы Айтбакин Әміре Дұрманұлының өз отбасымен бірге Қатонқарағайда түскен суреті, Жақып Ақбаевтың жары – Гүлбахор Халиуллақызының суреті, Райымжан Мәрсековтің жары – Гүлнәзи-Бұлбұл Абдул-Ғазизқызы, қызы Раузамен және Гүлғасыл Мәрсекованың балалары – Софья және Равильмен Семей қаласында 1926 жылы түскен суреті, Шәріп Өтеповтің жары – Дильнуз Мұхаммед-Асатқызының суреті бар. Сондай-ақ Бекметова Наубагар Хашимқызының отбасымен бірге түскен суреті де көрме залына ілінген. Ол кісінің жұбайы – Сеитов Сұлтанбек Жұманұлы орман – тоғай шаруашылығы саласында жұмыс жасаған. Сұлтанбек Сеитов – Алаш қозғалысының қайраткері Мұсылманбек Сеитовтің және дәрігер, қоғам қайраткері Асылбек Сеитовтің ағасы. Сурет 1956-58 жылдары түсірілген.
ХХ ғасырдың басында Қарқаралы қаласында өз қаржыларына мешіт салдырған Уәлиулла Жағфарұлы Бекметев ұрпақтарының көрмеде алған орындары ерекше көз тартады. Тарихшы, этнограф, имам Құрбанғали Халид өзінің 1910 жылы Қазандағы «Өрнек» баспасынан жарық көрген «Тауарих хамса» («Шығыстың бес тарихы») атты кітабында мынадай дерек келтірген: «1896 жылы Қарқаралының ең абыройлы, қадірлі саудагерлерінен молла Уәлиолла Бекметов Шәуешекке келді... Мұндай далалық кісінің осынша тарихи деректерді білгеніне таңғалдық...».
Уәлиулла Жағфарұлының бала-шағасын тізіп айтсақ, олар: қыздары – Мунби-Гүл-Әнуар, Сүрер, Биби-Мәлике-Зарен, ұлдары – Мұхаммед-Жалиль, Мұхаммед-Жамиль, Мансұр, Абдул-Ғазиз. Биби-Мәлике-Зарен Уәлиуллақызы Бекметева – белгілі ғалым, Социалистік Еңбек Ері, Қазақстан ҒА-ның академигі Сағынов Әбілқастың анасы.
Көрмеге Мансұр Уәлиуллаұлының суреті де қойылған. Ол кісі 1890 жылы Қарқаралы қаласында туған. Қарқаралы гимназиясын, 1907 жылы қалалық училищені, 1917 жылы 2-Омбы прапорщиктер мектебін бітірген. Кейін Қырғыз университетін бітіріп, Фрунзе қаласының №12 орта мектебінде, Қырғыз университетінде география пәнінен сабақ берді. 1960 жылы Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласында қайтыс болды. Ол кісі қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, әдебиетін, мәдениетін жетік білген.
Сондай-ақ көрмеде Абдул-Ғазиз Уәлиуллаұлы Бекметев ұрпақтарының суреттері бар. А.-Ғ.Бекметевтің өмірі жайлы айтсам, ол кісі Қарқаралы қалалық училищесін және Сібір кадет корпусын бітірген. Қарқаралы уезі әкімшілігінің аудармашы қызметін атқарған, штабс-капитан шенінде отставкаға шыққан. Отставкаға шыққаннан кейін Қарқаралы уездік әкімшілігінің қызметкері болды.
1906 жылы К.А.Абдинмен бірге Қарқаралы мұсылман жұртынан Мемлекеттік думаға сайлаушылардың бірі болды. Мемлекеттік думаға Ә.Бөкейхановтың кандидатурасын ұсынды. Қарқаралы уездік сотына алқа билер мүшесі болып сайланды.
Сондай-ақ А.-Ғ.Бекметев «Дала уалаятының газетінің» 1894 жылғы 3 шілдедегі № 26 санына «Қазақтардың қайдан шыққаны турасынан бұрынғыдан қалған сөз» атты мақала жазған.
А.-Ғ. Бекметевтің Сібір кадет корпусында оқығандығын анықтау үшін 2002 жылы Омбы облысының мемлекеттік мұрағатына хат жаздым. Омбы ОММ-нан келген жауап: «Согласно представленным Вами реквизитам (Ф.19, оп.1, д.243, лл.3,81) в архивном фонде Сибирского кадетского корпуса имеется документ: «Список кадетов среднего и младшего возраста, получивших награды за успехи в учебе и поведении», датированный августом 1886 года. В нем упоминаются следующие учащиеся:
Айтбакин Темир Г., учащийся 2-го класса – похвальная грамота.
Корнилов Лавр, учащийся 4-го класса – похвальный лист.
Бекметев (имя не указано), учащийся 1-го класса – благодарность».
Сібір кадет корпусының кадеті Темірғали Айтбакинді үйінің іші Теміршот деп атап кеткен екен. Туған інісі Омар да осы кадет корпусын бітірген. Кейін олар Ресей армиясының Бас штабы жанындағы Әскери академияны және Әскери-инженерлік училищені бітірген. Теміршот Айтбакиннің әскери қызметі Кавказда өтті. Сол жерде черкес ханзадасының қызына (княжнаға) үйленген.
Ресей империясының генералы Лавр Корнилов Қарқаралыда туғаны мәлім. Л. Корниловтың немере қарындасы, Алматы қаласының тұрғыны Маргарита Порфирьевна Корниловаға телефон шалып, өзімді таныстырғанымда, ол кісі бірден: «Сіздердің әулеттеріңізді жақсы білемін, 6-сыныптан бастап Қарқаралыда 4 жыл апайыңыз Кәмилә Мұхсенқызы Бекметевамен бір сыныпта оқыдым, бір партада отырдық, екеуміз дос едік. Өте зерек, үздік оқушы болған. Ол кезде көпестердің балаларын көбінесе үйде оқытатын. Мен алтыншы сыныпқа дейін үйде оқыдым. Кезінде Қарқаралыда көп ұлттың өкілдері тату-тәтті өмір сүрді. Жасырақ кезімде жыл сайын жазда елге барып тұрушы едім. Шіркін, туған жердің табиғаты да, адамдары да ерекше ғой. Біздің үйде бұрынғыдан қалған көп фотосуреттер болған. Өкініштісі, қуғын-сүргін кезінде қорыққанымыздан отқа жағып жібердік, солардың ішінде Лавр Георгиевичтің де суреттері болған еді.
Жоғарыда айтқандай, көрмеде Абдул-Ғазиз Бекметевтің ұрпақтарының суреттері бар: ұлдары Шерулла, Нұрулла, қыздары Норғаин, Кәукен, жиен немересі Мирдадинова Тамара Хайдарқызы, (01.05.1925 – 22.03.2003) — Алматы қаласы Совет ауданының халық сотында сот қызметін атқарған. Шерулла 1917 жылы Семей гимназиясын бітіріп, сол жылы Қарқаралыда қайтыс болған. Ол туралы «Сары Арқа» газетінің басқармасы 1917 жылдың 1 тамызындағы №7 санында көңіл айтып жазған: «Қарқаралылық, биыл Семей гимназиясын бітірген Чиралла Бекметов деген жігіт әнеугүні Рамазан айтта аттан жығылып, опат болыпты. Басқарма: Марқұмның топырағын жеңіл қылып, қалғандарына сабыр берсін». Нұрулла Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, Нұрулланың ұлы Асхат туралы мағлұмат 1998 жылы жарық көрген «Боздақтар» кітабының 3-томында бар. Сол кітаптың 543-бетінде былай деп жазылған: «Бекметов Асхат – 91 гв. АД 279 гв. АП взвод командирі, лейтенант, Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында туған. 24.05.1942 жылы Қарқаралы АӘК-ден шақырылған. 10.04.1945 жылы қаза болды. Шығыс Пруссияда, Гольдбах мекенінде жерленген».
Осы «Боздақтар» кітабының 1-томында мынадай дерек жазылған:
«Бекметов Агильбум Қасымұлы 22 А. 837 АП жауынгері. 1919 жылы Қарағанды облысында туған. Сталин АӘК-ден шақырылған. 28.12.1942 жылы қаза болды. Калинин облысы Нелидов ауданында Миндюри деревнясында жерленген».
Ұлы Отан соғысына қатысқандардың тізімін жалғастырсам, олар:
Бекметов Ахсан Қасымұлы (1890-1952) Қарқаралы қаласында туған. Бастауыш білім алған, жұмысшы. Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1945 жылдың 9 мамырында «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.
Бекметов Әусат Қасымұлы (18. 7. 1896 – 11.12.1985) Қарқаралы қаласында туған. Бастауыш білім алған, жұмысшы. Ұлы Отан соғысына қатысқан. 3-Белоруссия майданында Армия генералы И.Д. Черняховскийдің армиясында шайқасқан. «Даңқ» орденімен, 1941–45 жылдардағы Отан соғысының «Жеңіс» медалімен марапатталған. Кёнигсберг қаласын фашистерден азат ету үшін ұрысқа қатысқан. Ұлы Отан соғысының мүгедегі болған.
Бекметов Мұхаммадияр Хашимұлы Қарқаралы қаласында туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Екі мәрте «Даңқ» орденімен марапатталған. Соғыстан кейін қайтыс болды.
Бекметов Асфендияр Хашимұлы 1914 жылы Қарқаралы қаласында туған. Қарқаралы қалалық ІІ сатылы мектепті бітіргеннен кейін Қазақ ауылшаруашылық институтын, 1934-1935 жылдары Ленинградтың агропедагогикалық институтының өсімдіктану факультетін бітірген.
1944-45 жылдары Кеңес армиясы қатарында болды.
Бекметев Ришат Мәжитұлы (27.07.1925 – 15.12.1978) Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1943 жылдың маусым айынан 1945 жылдың мамыр айына дейін №1474 атқыштар полкінде барлаушы болды.
1943 жылы «Ерлігі үшін», 1945 жылы «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
Заитов Галим Абдрахманұлы.
Әкесі – Заитов Абдрахман.
Шешесі – Бекметева Гүлнахар Халиуллақызы.
Мәскеудің теміржол институтын бітірген, ұзақ жылдар теміржол саласында қызмет жасады. Уфа қаласында тұрды. Көрмеде Галим Абдрахманұлының 1941 жылдың тамызында Мәскеу қаласында түсірілген суреті берілген.
Құсаинов Мұқатай Құсайынұлы.
Әкесі – Көшенов Құсайын.
Шешесі – Бекметова Бибінұр Мұхаммед-Қасымқызы.
Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірген. Қазақ КСР-і оқу-ағарту министрлігінде сектор меңгерушісі қызметін атқарған.
Ұзақ жылдар өзі оқыған оқу орнында тарих пәнінен сабақ берді. Көптеген ғылыми-методикалық еңбектердің авторы.
Ұлы Отан соғысының ардагері. Брянск, Прибалтика және 2-Белоруссия майдандарында атқыштар ротасының командирі болған. «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысының бірінші дәрежелі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
Мәжитов Мұффазал Мәжитұлы.
Әкесі – Бекметев Мәжит Халиуллаұлы.
Шешесі – Хабиба Хисметқызы Фаизова.
Мұффазал Мәжитұлы Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыстан жараланып қайтқаннан кейін қайтыс болды.
Мәжитов Мұффахар Мәжитұлы (1914-1970).
Қарқаралы қаласы гимназиясын, 1930 жылы Қарағанды тау-кен комбинатының арнаулы дайындық курсын бітірген. 1941 жылы соғысқа кетіп, жаяу әскер қатарында взвод командирінің көмекшісі болды. Курск доғалы, Белгород шайқастарына қатысып жараланды, бір қолынан айырылды. Әскери шені – сержант. Ұлы Отан соғысының ардагері болған.
Мәжитов Гафар Мәжитұлы. Ұлы Отан соғысына өз еркімен жіберілген. Сталинград шайқасында ерлікпен қаза тапты. Екі мәрте «Даңқ» орденімен марапатталған.
Бекметева Рауза Мұхсенқызы 1944 жылы Мәскеудің тоқыма институтын бітірген. Жау Мәскеу түбіне жақындағанда ополченияда болған. Соғыстан кейін ұзақ жылдар Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінде жауапты қызмет атқарды.
Қарқаралы аймақтық оқу бөлімінің 1930 жылғы 25 майдағы жарлығымен Қу ауданының 7 жылдық мектеп оқытушысы Бекметев Ескендір осы жылы 20 майдан бастап қара шаруа мектебінің оқытушылығына тағайындалған.
Ескендір ағамен өмірінің соңына дейін хат алысып тұрдық. Ол кісі Ресейдің Калинин- град қаласында тұрса да, туған жеріне деген сүйіспеншілігі ерекше еді. Алматыға, Қарағандыға, туып-өскен жері Қарқаралыға келіп, туыстарымен қауышып қайтатын. Мектеп бітіргеннен кейін Ескендір аға біраз уақыт туған жерінде мұғалім болып қызмет істейді.
Оқуға түсерде ол кісі көп кедергілерге тап болды. Алматы, Ташкент қалаларының оқу орындарына түспек болып құжаттарын тапсырғанымен, қабылдамай қояды. Ақыры Қазан қаласына кетіп, Қазан университетінің медициналық факультетіне түсіп, оны 1935 жылы аяқтайды. Сол жылдан бастап Қызыл әскер қатарында болды. Камчаткада, Владивосток, Калининград қалаларының әскери гарнизондарында аға дәрігер қызметін атқарды. Подполковник шенінде отставкаға шықты. Ұлы Отан соғысының ардагері болған. Ескендір Махмұтұлы Бекметев 1974 жылы Калининград қаласында қайтыс болды.
Қарқаралы қаласында өсіп-өнген үлкен әулеттің тарихына үңілсек, Қазан қаласынан қазақ еліне XIX ғасырдың басында ағайынды Хамит және Жағфар қажы Бекметевтер келген екен. Сауда жасаумен қатар олар қазақ жерінде мектеп, мешіт, медресе ашқан, Қазан қаласынан мұғалімдерді және діни сауатты кісілерді алдырған.
Қарқаралы қаласындағы Абай түскен Халиулла Хамитұлы Бекметевтің «Көк» үйі
Бекметев Халиулла Хамитұлы ұлы Хакімжанмен 1884 жылы Омбы қаласында түскен сурет
Бекметев Мұхсен Халиуллаұлы
Бекметев Мұхаммед-Фатих Ғұбайдуллаұлы (сол жақта). 1910 жыл
Бекметева Гүлбахар Халиуллақызы
Гүлнәзи-Бұлбұл Абдул-Ғазизқызы Бекметева қызы Раузамен және Гүлғасыл Мәрсекованың балалары Софья және Равильмен Семей қаласында 1926 жылы түскен сурет
Бекметева Кәукен Абдул-Ғазизқызы (1-қатарда, сол жақта) Шара Жиенқұловамен
Сеитов Сұлтанбек Жұманұлы жұбайы Бекметова Наубагармен және балаларымен. 1960 жыл
Бекметева Махфуза Ғұбайдуллақызы балаларымен және інісі Фатихпен түскен сурет
Бекметев Ескендір Махмұтұлы. Калининград қаласы, 1970 жыл