Бір сахнаға үш театрдың басын қалай сыйғызамыз?
Бүгінгі таңда халық техниканың көмегіне әбден сүйенгені рас. Алайда көрермен кино мен техникадан шаршамады деуге де болмас. Ондай кезде адамдардың жан-дүниесі тыныс тауып демалып қайтатын бір орын бар. Ол - театр. Өйткені, театр – тірі организм. Табиғи. Бәрі жанды. Театр халық тарапынан қашан да сұранысқа ие болып келген. Қазір де сол деңгейінен түскен емес. Бірақ театрдың қазіргі жағдайы сұранысқа лайық па? Ақтөбе театрының бүгіні жайлы актер, режиссер, театр өнерінің магистрі Елтай КЕМАЛМЕН болған сұхбатты оқи отырыңыз.
–Қазақстанның театр өнері қандай бағытта дамып келеді?
–Бізде бір ғана мәселе бар. Қазақтың ұлттық театрын қандай күйде, қандай деңгейде және қандай мағынада көрсетуіміз керек? Міндетті түрде үстіне ұлттық шапан киіп алып, қолға қамшы ұстап, жүзімізге сақал-мұрт жабыстырып алып сахнада шауып жүру емес қой. Сосын театрға көрермендер келе ме дейді? Келмейді. Себебі, көрермендердің ой-өрісі мен ойлау қабілеті өсіп кетті. Қойылымды жаңа бағытта қою керек. Көрерменді баяғы қойылымдар түк те қызықтырмайды. Елу жылда ел жаңа дейтін едік. Сол мақал мен үшін тозған, әбден ескірген. Қазір үш жылда адамның адамның ойлау процесстері өте қатты өзгеріп жатыр. Сондықтан да қазір жаңа бағыттағы театр сұранып тұр. Театрға барып рахаттанып күліп келдік, жылап қайттық деген спектакль қоймауымыз керек. Бізге қазір көрерменнің ішіндегі толқып жатқан сезімдерін уақытында, нақты тап басуымыз керек. Олай болмаған жағдайды кеш қалдың. Баяғы сүйем, күйем, арзан тұрмыстық тіршілікке арналған қойылымдар қазір тозды, көнерді. Философиялық ойдан тұратын, рухты көтеретін, көрермен бір рет келіп көріп, бір жылдан кейін емес, сол қойылымды екінші қайтара келіп көріп, талдап ой түйетін, танымдық қойылым керек.
–Бізде сол қойылымдарды көрсетуге не кедергі?
–Режиссер жалғыз өзі ештеңе жасай алмайды. Жүргеновтің қара шаңырағын бітірген жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар таңдаулы актерлар керек. Олар хореография мен вокалды иленген терідей сайма сай, театр элементтерін бойына сіңірген, ойлау қабілеті кең, яғни білімді, сауатты. Режиссердің айтқанымен ғана жүріп-тұрмайтын, режиссермен бірге біте қайнасып, өзінің ойын айта алатын актерлер керек. Ондай әртістер Ақтөбеге келе ме? Келмейді. Бірақ келтіруге болады. Мәселен, Ақтаудағы Н.Жантурин атындағы драма театрының жағдайына қызығамын. Мәдениет басшылары әртістерді таңдап тұрып әкеліп берді. Үйлерін берді. Жағдайын жасады. «Осымен бітті, сендерден құтылдым» демейді. Олармен араласып әрі қарай да жағдайларын біліп отырады. Бізге сондай басшылық керек. Біздің басшылық қалай? Бір ғана драма театрымыздың ғимаратында екі труппа бар. Орыс және қазақ. Екі труппаның үстіне апарып «Екі Езу» сатиралық театрын әкеп мінгізіп қойды. Бір ғимаратта үш театр. Бір сахнаға үш театр қойылым қойғанда қандай сапалы өнер туғызуға болады? Режиссер мен актерлерге обал емес пе?! Одан басқа сырттан келіп кететін қонақтар бар. Жалға алады. Ресейдің жеке табыс табатын жеке театрлары келіп, сахнаны босатпайды. Көкшетаудағы болған жағдай ды өздеріңіз білесіздер. Ресейдің Панин деген актері, араққа тойып алып қазақтың театрда қызмет жасайтын жұмысшыларын балағаттап аузына келгенін айтты. Ал... Біздегі бір сахна кімге жетеді? Қазір ақтөбелік көрермендердің психологиясы бұзылды. Ол жерге кім деп барады? «Екі Езу» деп бара ма? Әлде орыс театры деп пе? Қазақ театры деп бара ма? Санаға сыймай кетті. Есімін дырдай қып берген - Тахауи атамыздың әруағынан ұялмай ма..... ???
–Жастар театрын ашу керек деп бастама көтеруіңіздің сыры да осында екен ғой...
–Иә, Ақтөбеге жастар театры керек. Басшылық солай ұйғарса,амал не ??? Тахауи Ахтанов атындағы драма театры қашан мәселесі шешілгенше солай қалсын делік.... Солай екен деп бәріміз бір театрдың бетіне қарап отыра бермеуіміз керек қой. Халықты, оның ішінде жастарды аяуымыз керек емес пе? Басшылар ата-аналарға «жастар бұзылды, жастар клубтан шықпайды» дейді. Неге шығады? Жастарға арналған поэзиялық кеш ұйымдастырылмаса, жастарды қанағаттандыратын спектакльдер қойылмаса. Жалпы, жастардың бас қосатын өздерінің орталығы болу керек қой. Клубтарды ашып береміз, барыңдар дейміз! Кетеді олар. Бірақ жастардың бәрі солай деуден аулақпын. Неге десеңіз, қазір жастардың ой санасы өсті. Үш тілді қатар меңгерген. Өз қызым үш тілді қатар меңгерумен қатар - Шетел классиктерінің туындыларын оқиды. Оның замандастары да солай. С.Бәйішев кітапханасының ішінде ағылшын тілінің орталығы бар. Көп жастар сонда жүр. Жастардың үнімен, тілімен мейлі ол поэзиялық түрде болсын, мейлі мюзикл түрде болсын жастарға бөлек арнайы театр керек. Бізде қаншама ЖОО-ы бар. Солардың көбі мені әділқазы ретінде шақырады. Бірақ соңғы кезде бармайтын болдым. «Қыз сыны» болсын, «Жігіт сұлтаны» сынды көптеген іс-шараларда міндетті түрде бір тақырыпты театрға арнайды. Сондағы қойып жатқан театрлық қойылымдарын көрсем, ол жерде отырғым келмей кетеді. Театр дейді де, үстіне ебіл-себіл етіп бір қазақша көйлекті киіп алады. Қозы Көрпеш Баян Сұлу дейді. Қолдарына микрофон беріп қояды. Сапасы өте нашар. Бес-он минуттық, не басы жоқ, не аяғы жоқ. Оның үстіне кәсіби емес. Осылай-ақ театрдың қадірін қашырады. Дұрысы, ондай шараларға театр элементтерін кіргізбей-ақ қойғаны. Театр деген ұғымды қорламасыншы! Бір жүрген баяғы сорлы Қозы Көрпеш - Баян Сұлу. Сорлы бір Төлеген мен Қыз Жібек. Осындайларға қатты қарным ашады. Оның орнына ЖОО басшылары облыстық жергілікті әкімшіліктен, яғни халықты рухани-материалдық тұрғыда қамтитын басшылардан талап етуі керек. Жастар өздері бас болып мәселе көтеруі керек. Бізге кәсіби жастар театры керек. Мен жеке театр ашқым келіп ұмтылдым. Бірақ, жеке адамның қалтасына бұл өте қиын. Актерларды ұстап тұру, жалдау залын алу, олардың киім кешегі, оларды сапалы түрде спектакль қоюы, олардың күнделікті кәдімгі би мен вокал жаттығуларын есептеп келгенде менің жеке қалтам көтере алмады. Сондықтан да жастардың өздері облыстық мәслихаттан талап етсін.
–Ақтөбеде жастар театры ашылса, оның жұмыс бағыты қандай болмақ?
–Қазіргі Т. Ахтанов атындағы драма театрдан айырмасы болуы керек. Қайталамайтын боламыз. Сол себепті жастар театры нағыз эксперименттік-лабороториялық театр болып ашылуы керек. Труппаның өзі де тек қана жастардан құралуы керек. Басқа емес, 20-30 жас ортасындағы жастар ғана. Ол бір. Екіншісі, эксперименттік-лабороториялық дегенде жұрт бірден ойлап қалуы мүмкін. Шетелдің боқдүниесін әкеліп қояды деп. Жоқ. Өзіміздің қазақ драматургияларын классика болсын, қазіргі заманауи тақырыптағы болсын, солардың өзін эксперименттеп жасау керек. Сонда ғана жастардың көзіменен, жастардың үніменен, тіліменен ғана қойылымды көрсетсек дейміз. Аз да болса қоғамға, соның ішінде театрды жақсы көретін студент жастарға деген біздің облыс басшыларының сыйы болар еді. Егер сондай мүмкіндік болып жатса, жергілікті болашақ театр әстістері де жұмыссыз қалмақ емес. Жастар театры өзімізден ашылса, өзімізде оқытылып жатқан актерлар бар, өзіміз-ақ қамтып ала аламыз. Бізге басшылық тек жағдай жасаса болды. Бізге 500 орындық мәдениет үйінің қажеті жоқ. Үйдің жертөлесінен болса да, 50-60 адамға арналған кәсіби тілмен айтқанда, камералық сахна ашып берсе жетеді. «Малая сцена» дейді. Мәскеуде 350-400- ге жуық театр бар. Біз сонда оқуға барғанда сол театрлардың 10-ын ғана көріп үлгердік. Сол он театрдың бағыты әр түрлі. Бір-біріне ұқсамайды. Біздегі театрлардың бәрі бір бағытта істейді. Мәскеу театрларындағы эксперименттік-лабороториялық театрлар негізінен жастардан құралған. Өте көп. Таң қалдым. Біз де соны өзіміз жасай аламыз ғой. Тек мейрамхана салдыра береміз. Тек қана тойды қуаттаймыз. Ішіп-жеп, той-тойлағанға мәзбіз. Ақтөбенің экономикалық өсуі шүкір ғой. Жастарға неге бір кішігірім театр ашып бермеске? Театр ашылса, жұмысқа кіріскелі дайын тұрған жастар өте көп ұсыныс жасар еді. Музыкалық аспаптарда ойнай алатын қаншама жастарымыз бар. Осы мәселені жастардың өзіне қалдырам. Мәселе қылып көтерсін.
–Сұхбатыңызға рахмет! Ойлаған арман-мақсаттарыңызға жетіңіз!