Біржан мен Сара айтысы – түпнұсқада
ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ ауыз әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі Сара Тастанбекқызы деуге толық негіз бар. Себебі 13 жасында ел аузына ілініп, ақындығымен аты шыққан Сараның айтыс өнеріндегі қолтаңбасы ерекше болатын. Қалың қазақ арасына Сараның Тәсібек, Ермек, Құдайберген, Төребай секілді азулы ақындармен айтыстары тарап кеткен. Бірақ олардың ішіндегі шоқтығы биігі – Біржан салмен арадағы айтысы. Жұрт жадында жатталып қалғаны да – осы айтыс.
XVIII-XIX ғасырдың ақындары туралы деректердің көпшілігі ауыздан-ауызға тарағандықтан құжаттамалық мәліметтер өте аз. Сондықтан кітаптың құрастырушылары Қазан қаласының мұрағатынан «Қисса, Біржан мен Сара қыздың айтысқаны» деген атпен 1900 жылы Қазан қаласында басылып шыққан Жүсіпбекқожа Шайхысламұлының айтыс мәтінінің түпнұсқасын көшіріп алып келген.
Біржан мен Сараның айтысы тарихта болмаған, оны Қазақтың талантты ақыны Әріп Тәңірбергеновтің жазғаны деп дауласып жүргендер әлі күнге дейін табылады. Бірақ өткен ғасырдың 70 жылдары Ғабит Мүсірепов бұл мәселенің нүктесін қойған еді. Араға 40 жыл салып бұл мәселенің түбі шикі деп шүйлігетіндер тағы бой көтерді. Қазақтың дүлдүл ақын қыздарының бірегейі Сара Тастанбекқызы туралы оқырман қолына тұшымды туынды, тыңғылықты зерттелген, ғылыми негізі бар дүние ұсыну үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері жазушы-журналист Шәрбану Бейсенова мен филология ғылымының кандидаты, ақын Жанат Әскербекқызының аз тер төкпегені көрініп тұр.
«Сара саңлақ» деп аталатын бұл кітап – Сара Тастанбекқызы туралы толық ақпаратты қамтитын «Тордағы тоты» атты кітаптан кейінгі екінші басылым. Оған да 30 жылдай уақыт өтіп кеткен екен. Дәл осындай сауапты істің басы-қасында қазақ руханиятының жанашыры «Алтын Қыран» халықаралық қайырымдылық қорының президенті Исламбек Төлеубайұлы Салжанов мырзаның жүргені келген көпшілікті бір серпілтіп тастады. Кітап мазмұны әдебиет пен айтыс өнерін зерттеп жүрген ізденімпаздарға және жалпы оқырманға таптырмас құндылық деп білеміз.