«Біржан сал» бір сілкіндірді
Әдетте қай нәрсенің болса да, болуынан гөрі «боладысы» қызық шығып жатады. Алайда «Алатауға» «Біржан салды» көруге келген жұрт жай көрермен болып келіп, бойында рухы асқақтаған қазақ болып қайтты десек, өтірік емес. Неліктен? Өйткені, біріншіден, фильмге арқау болған кейіпкердің өзі – қазақтың кесек тұлғаларының бірі, серілігімен есімі дүйім елге белгілі болған Біржан сал. Екіншіден, әншінің қайталанбас бейнесін жасауға режиссер, сценарийст, әрбір актер, оператор, қысқасы, барлық түсіру тобы ерекше ынта-ықыласпен, ұлтына деген сүйіспеншілігімен кіріскен. Тұсаукесер басында сөз алған фильмнің режиссері әрі басты рөлді сомдаушы Досхан Жолжақсынов туындыға атсалысқан әрбір адамға алғысын білдірді.
Құрылыс материалы сапасыз болса, онда одан ешқандай мықты үй тұрғызу мүмкін еместігі секілді, сценарийі мықты болмаса, ешқандай жақсы фильмнің шықпайтыны да анық. Әр кейіпкердің аузынан шыққан сөз, іс-қимылынан түгелдей қазақтың иісін аңқыта білген сценарий авторы – белгілі жазушы Таласбек Әсемқұлов. Осы іргетасты әрі қарай «кірпішпен» өріп әкеткен, яғни режиссер жұмысы да асқан шеберлікпен жүзеге асып, Біржан және оның қасына ерген серілері арқылы қазақтың бай өнері, салт-дәстүрі керемет насихатталған. Фильмде басы артық кейіпкер жоқ. Әркімнің өз орны, көрерменге берері бар. Мәселен, Әпіш – қазақтың парасатты бәйбішесінің керемет үлгісі. Өзіне қаншама ауыр тисе-дағы, Біржанның қалауына, ішкі сезіміне түсіністікпен қарап, еркіндік береді. Ел ішіне барғанда көзі түскен Ләйлім сұлуға ұрын барудың Біржанның салдығына сын екендігін ескертіп, одан да бабалар салтымен айттыруды өзі ұсынады. Бұл – бір, екінші тағы көрерменді тәнті етер бір тұсы – Әпіштің хал үстінде жатқан жерде айтқан сөзі. Азынабайдың қолшоқпары Поштабайдан таяқ жеп келген Біржан бәйбішесінің жағдайын сұрай келеді. Сонда өзі өлім аузында жатса да, Әпіш қамшының құнын даулауға аттандырады. «Ау, бәйбіше, сен мұнда төсек тартып жатқанда, мен қайдағы құнды даулап жүргенім қалай» деген Біржанға: «Мені Құдай алар деймісің, азаматтың ары тапталып жатқанда, бір қатынның жаны садаға». Міне, қазақ әйелін көкке көтеру осындай-ақ болсын! Сондай-ақ Ләйлім арқылы малға сатылып, өз сүйгеніне жете алмаған талай қазақ қыздарының тағдыры көрсетілген. Біржанның өзі бұза алмаған осынау салт қазақ даласын жайлаған қасірет еді. Біржан, бір жағы – сол қасіреттің құрбанына айналса, екінші жағынан, бодандыққа біртіндеп бой алдырған қазақтың жағдайы да салды өмірінің соңында құсалыққа түсірді. Мұны іштегі шерін айдалаға барып ақтарған Біржанның: «Бұл – менің басыма тиген қамшы емес, Алаштың басынан күні тайған екен. Қазақ қартайыпты. Барлығы пәс, барлығы еңкіш», – деген сөзінен аңғаруға болады.
Фильмнің режиссурасына келсек, мәселен, Біржанның көңілдесі Мақпалмен болған түннен кейінгі әңгімеде Мақпалдың Біржанға «мен сен үшін түнде жанып, таңда өшетін шам құрлы ғана екенмін ғой» деген диалогына сәйкес жанып біткен білтешамды береді. Сондай-ақ Біржан мен Ләйлімнің қоштасар сәтінде екеуінің көз жасын режиссер құйып тұрған нөсер арқылы дәл берген. Ал шеберліктің шыңы – фильмнің әу басында қасқырды орыс шенеуніктерінің бір-ақ оқпен тарс еткізіп атып алуы. Себебі режиссер сол қасқырмен бірге қазақтың өр рухының жеңіліс тапқанын көрсетуді көздесе керек.
Қыркүйектің 3-і күні Алматыда тұсауы кесілген фильм 15 қыркүйекке дейін Қазақстанның барлық қалаларында көрсетілетін болады.