Біржан салға арналған кітап
Жуырда Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында жазушы Ғалихан Ахметовтің «Біржан сал» кітабының тұсауы кесілді. Айтулы шараға Көкше өңіріне танымал қаламгерлер мен ақын-жазушылар, театр актерлері мен облыстық филармонияның өнерпаздары және студенттер қатысты.
Көкше өңірінің қос жұлдызы Біржан сал мен Ақан сері халқының сүйікті ұлдары екені даусыз. Бұл марғасқа тұлғалардың тағдыр соқпағы жазушылар мен ғалымдардың зерттеуге тұрарлық сүбелі тақырып десек те қателеспейміз. Қос дүлдүл де қазақ өнерін дәріптеуде биліктің қатыгез жандайшаптарымен күресіп, байлармен алысып өтті. Асқақ та арынды әндерімен елдің көңілін көтеріп, халық жадында жатталып қалды. Сол үшін де олар елдің ерке серілері атанды. Біржан сал туралы 18 бөлімнен тұратын алты бірдей кітаптың авторы Ғ. Ахметовтің мамандығы – инженер. Шынында да, қалам иесінің құдіреті оның мамандығына қатысты болмайтыны осы жолы тағы бір мәрте дәлелденгендей болды. Мұны кешке жиналғандар да растады.
Салтанатты кешті Кенжебек Күмісбеков атындағы Қазақ халық аспаптары оркестрі және Біржан сал атындағы Көкшетау музыка колледжі хорының сүйемелдеуімен мәдениет қайраткері Гүлжан Ахметова мен Мереке Бекмағамбетов «Біржан мен Сара» операсымен ашты.
Ғалихан АХМЕТОВ, «Біржан сал» романының авторы:
– Бұл кітапты жазуға барлық күш-жігерімді арнап, кейіпкерімді барлық қырынан зерттеуге тырыстым. Жылдар бойы жазған еңбегім арқылы Біржан атамыздың қиындыққа толы өмір жолы халыққа таралғаны – мен үшін зор мақтаныш. Сондықтан да өзім бүгін мойнымдағы үлкен бір міндеттен құтылғандай болдым.