Біржандай әнші бар да, Абайдай тыңдаушы жоқ...

Біржандай әнші бар да, Абайдай тыңдаушы жоқ...

Баласы Қожағұлдың Біржан салмын,
Ешкімге зияным жоқ жүрген жанмын.
Кісіге өзім деген бас имеймін,
Өзім әнші, өзім сал, кімге зармын?» –

деп қазақ көгінде еркін самғаған, Арқаның ақ­берен әншісі, ақын, сазгері, ақпейілді Ал­­ланың арда жаратқан, қазақтың маң­дай­алды ұлы – Біржан сал. Қоянды жәр­меңкесін алғаш ашқандардың бірі Бір­жанды үлгі тұтпаған әнші-ақын жоқ. Қа­зақ­­тың бас ақыны Абаймен кездесіп, Абай­­дың «Біржан-ау, өзіңдей қазақта ен­ді әнші тумас» деген сөзіне: «Абай, мен­дей әнші туар, бірақ өзіңдей тыңдаушы ту­мас!» – деп қос талант бір-бірінің қа­ді­ріне жете білген. Біржан, Ақандардың ізін басқан інілері бар бұл заманда олардың алтын басын бағалар Абайдай бір тың­дау­шыға зар болғанымыз өтірік емес. 2009 жылы күзде көрерменге жол тартқан «Бір­­жан сал» фильмінде салдың: «Мен бо­лашақта қазақтың жақсы өнерпазының ба­сы табалдырықта қалып, өнерсіз, на­дан­дар төрге шығып кете ме деп қор­қамын!» – деген жері бар. Расында, Бір­жан қауіптенген қорқынышты зар заман ке­ліп жетті. Арзан қол, жеңіл ән етектен ба­сып, төске өрлеген, нағыз әнші тың­дал­май тұрған уақытта не істемек керек? Дәс­түрлі ән өнерінің өзі толыққанды дә­ріп­телмей жатқан қазіргі кезеңде бұрынғы өткен сал-серілерімізге қатысты тарихи де­ректер бір арнаға тоғыстырылмаған. Бір ғана осы Біржан салға қатысты айтсақ, ел арасында «Біржан мен Сараның ай­тысы тарихта болмаған» деген де пікірлер ай­тылып жүр. Әрине, бұл ақиқатты бұр­малап, барды жоқ дей салумен бірдей.
Біржан – Сара айтысы тарихта болған ба?
Осы айтыс туралы кезінде ғалым Бей­сем­бай Кенжебаев ұзақ айтысқан. Ол: «Бізде бұл айтыстың кітап болып басылған екі нұсқасы бар. Олардың бірі – «Біржан сал мен Сара қыздың айтысқаны» (1898), екіншісі «Біржан сал мен ақын Сараның айтысқаны» (1899) деп аталады. Біз ай­тыс­тың соңғы нұсқасын Әріп шығарған деп білеміз» (Кенжебаев Б. ХХ ғасыр ба­сындағы әдебиет. – Алматы: Білім, 1993, 181 б.), – деген. Бұл пікірді Мұхтар Әуезов ауыз­ша қолдаған. Алайда жазбаша қол­дауға бармаған. Ол турасында Е.Ыс­ма­йы­ловтың «Біржан сал» деген зерттеуінде: «Аны­ғында, – дейді Мұхтар Әуезов, – Бір­жан мен Сараның айтысы болған, бірақ то­лық күйінде, алғашқы айтысқан жердегі түп­нұсқасы толық сақталған жоқ. Кейін көп­шілікке өз редакциясын айтып беруші Са­ра болады. Ал кейін сол Сараның ай­тыс­қаны да көпке дейін ауызда жүреді. Көп айтушы ақындардың аузынан өтеді... Осын­дай айтушының, ең алғашқы хатқа тү­сірушінің бірі – Әріп» (Кітапта: Әдебиет жай­лы ойлар. «Ақындық өнер мен ақын­дар туралы». – Алматы: Жазушы, 1968, 104 б.), – делінген.
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, өнер зерттеуші, әнші:
– Біржан мен Абайдың кездесуі 1868-69 жылдары болған. Біржан – Са­ра айтысы 1969 жылы өткен деседі, се­бебі әнші Абайға Жетісуға бара жат­қан жолында кездеседі. Бірақ ке­йі­ні­рек­те Абай мен Біржанның Шыңғыс­тау­дың Барлыбай жайлауындағы кез­де­суі 1875 жылы болды дейді. Жазушы Ас­қар Сүлейменов ағамыз да «Адас­қақ» романында осылай деген. Абай­дың Лермонтовтан аударған «Мен көр­дім ұзын қайың құлағанын» өлеңі 1898 жылы жазылған. Бұл өлең шы­ға­рыл­ғанда Біржан сал өмірде жоқ. Де­рек­терге сүйенсек, Біржан сал ең ұза­ған­да 1897 жылы өмірден өткен. Кей де­рек айтыс 1896 жылы болған, себебі Сара 1878 жылы дүниеге келген дейді. Олай болуы мүмкін емес. Себебі Тө­ре­бай мен Сара айтысында Төребай ақын­­ның Біржанмен айтысының қай жы­лы болғанын, қалай айтысқанын айт­қан­ды­ғы сақ­тал­ған. Төребайдың де­регіне сү­йенсек, Са­ра 1853-54 жыл­дары ту­ған болып есеп­теледі. Меніңше, осы де­ректің жа­ны бар. «Біржан – Сара айтысын» жазды де­ген Әріп ақын 1924 жылы 62 жа­сын­да қайтыс болған. Ай­тыс болған кезде Әріп – 10-12 жас­та­ғы бала. Әріп 1882 жылы Ресей-Қа­зақ шекарасын бөлген кезде сол экс­пе­ди­ция­ның құ­ра­мында болып, Сараның өз ау­зынан жа­зып алған деген деректер бар. Сон­дай-ақ бұл айтысты тұңғыш рет бас­па­дан шығарған Жүсіпбек Шайх­сләм да бұл айтысты Сараның өз аузынан жа­зып алғандығын айтқан. Ай­тыста Бір­жан Абайды «жас жол­барыс» деп су­рет­тейді, мұның өзі ай­тыс­тың 1869 жы­лы болғанына ай­ғақ, өйткені «айтыс 1896 жылы болса, ол кезде мосқал тар­тып қалған Абайды «жас жолбарыс» деу­ге кел­мейді» деп тұр. Айтыстың бол­ғанына тағы бір де­рек: жазушы Сәбит Мұқанов Біржан сал­дың ағасы Нұржанның баласы Ах­мет­­жанмен кез­десіп, тілдескенін, сол жо­лы Ах­мет­жанның Біржанға атқосшы болып Же­тісуға барғанын, айтысты өз кө­зі­мен көр­гендігін айтып берген. Өзім Еш­кі­өл­мес тауының баурайына арнайы бар­­дым. Оразхан деген кісі айтыс бол­ған орын­ды көрсетті. Ол жер әлі күнге де­йін То­ғызқұмалақ деп аталады екен. Бір­жан – Са­ра айтысы болмаған деген­дерді тү­сінбеймін.
Біржанды «әннің атасы» десек, оған дейін қазақ сахарасында әнші-ақын, саз­гер болмаған деген сөз емес. Қазақ мә­де­ниетінің қарыштап дамыған тұсы – ХІХ ға­сыр. Ән мен күйді шығар биігіне жеткізіп, «ал­тын ғасыр» атанған бұл кезең Біржан, Ақан, Абай, Жаяу Мұса, Тәттімбет, Құр­ман­ғазы сынды қаншама дарынды саң­лақты түлетті. Сол дәуірдегі сал-серілердің көш басында Біржан тұр. Әнші-ақынның өзі «Ұстазым – Нияз сері, Сегіз сері, Олар­дан тәлім алған Біржан сері» деп өлеңінде айтқандай, ілгеріде өмір сүрген Сегіз сері мен Нияз серіні өзіне ұстаз тұтқан. Мұның өзі бүгінде кей білгіштер «өмірде бол­ма­ған» деп жүрген композиторлардың нақ өмір сүргендігін және баға жетпес жақұт жыр­ды қазақтың қазынасына қос­қан­ды­ғын дәлелдейді. Естай ақын «Сал Біржан, Ақан сері қасына ердік» дегеніндей, Бір­­жанның інілері өнер жолында Бір­жан, Ақан ағаларын үлгі тұтқан. Әнші ба­ба­ла­ры­мыздың әндері осылайша үзілмей, ауыздан-ауызға жеткен жайы бар.
 «Бұл күнде арық қойдан бағам төмен,
Үш жүздің ортасында Біржан едім», –
деп шырқаған ел еркесінің басы тәтті, аяғы қатты болған өмір жолын әндері-ақ ашып беріп тұр. Әлеумет ардақтысының туыс­тары неге қадіріне жете алмады? Өз­ге­ден бол­мысы да, таланты да ерек туған Бір­жанды алақанда аялай алмағаны қалай? Тыңдаушысыз қалған халық мұрасының күйін Біржан бабамыз сонау ХІХ ғасырда сезген екен ғой. Әрісі Сегіз сері, одан кейін Біржан сал, Ақандар, берісі Ғарифолла, Дә­неш, Жәнібектер кө­­зінің ағы мен қа­ра­шығындай сақтап келген саф өнердің «арық қойдай» күн кешкені – тарихқа қия­нат, бабалар алдында кешірілмес күнәдай. Ұлт­тық мұраның жой­қыны күшті жеңіл му­зыканың та­сасында кетпеуі үшін жан­кеш­тілік, ерекше сүйіспеншілікпен ғана жүр­ген бүгінгі ұлттық ән-күйді орын­дау­шыларға таңым бар. Қазақты қазақ қылып көр­сететін жалғыз белгі – ұлттық мұраның мәр­тебесі өсіп, демеу көрмесе, ұлт ре­тіндегі атымыздың құрып кетуі не­ғайбіл.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста