Бішкекте Абай ескерткіші бой көтерді
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров Қырғызстан астанасындағы "Театр" гүлзарының орталық аллеясына қойылған Ұлы Абай ескерткішінің ашылу салтанатына қатысты.
Мемлекет басшысы бұл күнді қазақ пен қырғыздың рухани өміріндегі ерекше күн ретінде бағалап, Бішкек төрінде Абай ескерткішінің бой көтеруін қырғыз елінің қазақ халқына деген айрықша құрметінің белгісі деп атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы игі бастамаға қолдау көрсеткені үшін Садыр Жапаровқа зор ризашылығын білдіріп, бұл қадам Алатаудың бөктерін қатар жайлаған екі елдің бауырластығын бекемдей түсетінін айтты.
"Ағайын елдердің тамырластығын кезінде Абай да айтқан. Ұлы ақын қазақтың тарихына тоқталған кезде қырғыз бауырларды ерекше атап өткен. Ол "Еш қазақ қырғыз бен қазақтың бір тұқымдас екеніне таласпайды" деген. Шын мәнінде, екі ұлттың тегі мен тілі бір, жүрегі мен тілегі бір. Айыр қалпақты ағайынға біздің ықыласымыз қашанда ерекше. Көп ұзамай елімізде Манас ескерткіші бой көтереді. Бұл есім қазақ арасында өте танымал. Әйгілі Манасқа құрметіміз ерекше. Манастану ғылымының негізін қалаған Шоқан Уәлиханов екенін еске салғым келеді. "Манас" жырының тағдыры тартысқа түскен кезде оған Мұхтар Әуезов араша түскенін білеміз", – деді Қазақстан президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев осының бәрін бір-бірімізге деген жанашырлық пен тілектестіктің көрінісі деп атап өтіп, екі елдің бауырластығы мен достығы ешқашан мызғымайтынына сенім білдірді. Сондай-ақ қырғыз халқына бақ-береке тіледі.