Біз Америкадан мультфильм жасау жағынан жүз жылға қалып қойдық

1-шілде күні Астана қаласының «Керуен» ойын-сауық сауда орталығында орын тепкен «Кинопарк-7» кинотеатрында Астана қаласы әкімінің қолдауымен Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы мен Астана қаласының 13 жылдығы құрметіне балаларға арналған «Бәйтерек» атты мультфильмнің тұсаукесер көрсетілімі болады. Жаңа жобаның авторы – белгілі режиссер-аниматор Әбдіқадыр Сабыр. Жаңа анимациялық жоба қазақ балаларының сүйіп көретін туындыларының біріне айналады деп сенім білдіре отырып, қазіргі қазақ мультфильмінің жай-күйі турасында режиссердің өзімен аз-кем тілдескен едік:
Әбдіқадыр САБЫР, режиссер-аниматор:
– Шетелдерде балаларымызды теледидарға жіпсіз байлап тастайтын небір мультфильмдер бар. Тіпті көпшілігі сол мультфильмдердің кейіпкеріне айналып кетуге сәл-ақ тұрады. Солардың «Wаlt Disney» секілді анимациялық студиялардың өнімдерін балалар тұрмақ, ересектердің өзі сүйсініп көреді. Біздегі аниматор, мультипликаторлардың басын қосып, осындай мультфильм индустриясын жасауға болмас па? Теледидар алдына «байлап қоятын» сиқырлы мультфильмдер жасай алмаймыз ба?
– Жалпы, қазақ мультфильмінің дүниеге келуіне Камал Смайыл ағамыз себепкер болғанын білесіздер. Үш сом ұрлап, үш жылға сотталып кететін кеңестің қиын заманында ағамыз жоспарда көрсетілмеген дүниеге 30 мың сомды бөліп Мәскеуге барып, басын бәйгеге тіккен. Міне, бір адамның асқан ерлігі мен парасаттылығының арқасында Қазақстанға мультфильм келді. Ол кісі әкелмесе де, әйтеуір ерте ме, кеш пе, басқа біреу әкелетін еді. Енді бізге сол мультфильмді дамыту ғана керек болып тұр. Әрине, қазақстандық аниматорлардың басын қосып, мультфильм индустриясын дамыту бағытында небір үлкен жұмыстар жасауға болады. Бірақ бұған Камал Смайыл ағамыз секілді мықты ұйымдастырушы керек. Әйтпесе, «аққу, шортан һәм шаян» болып, жан-жаққа тартумен іс бітпейді. КСРО кезінде мұндай дүниелер идеологияның күшімен жасалатын. Бізде қазір ондай идеология болмай тұр. Кеңес Одағы кезінде комсомол ұйымдастырушысы деген болатын, барлығы соның айтқанына көніп, айдағанымен жүретін. Ал қазір әркім өз арбасын сүйреген заманда бәрінің басын бір арнаға тоғыстыру қиынға соғып тұр. Мәселен, Шымкенттегі студияның өзіндік бағыт-бағдары бар. Олардың сурет салу стилі де мүлдем бөлек. Мектебі де басқа. «Қазақфильмнің» өз жолы бар. Қостанайда да студия бар. Ол да өз алдына бір бөлек бағыт ұстанған. Сондықтан да қазір бәрінің басын қосу қиынға соғады-ау деп ойлаймын.
– Біздің білуімізше, мультфильмді әртүрлі бағытқа пайдалануға болады. Біреулер идеология ретінде пайдаланса, енді біреулер табыс көзі ретінде қарайды. Ал біреулер оны балалардың ермегі ретінде жасаса, басқалары таза өнер ретінде көреді. Осы жағынан келгенде, біз мультфильмді қалай пайдалануымыз керек?
– Міне, бізге дәл қазір осы жағын ажыратып алу керек. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде мультфильм жасайтын анимациялық студиялар АҚШ-та, Германияда, Кеңес Одағында да жұмыс жасаған. Олар мультфильмді саясатқа бұрып идеологиялық қару ретінде қарады. Гитлердің өзі теңдесі жоқ студия жасаған екен. Соғыс кезінде «Том және Джерри» мультфильмінің өзі екі рет Оскар сыйлығын алды.
«Көшпенділер» фильмінде түсіру тобының суретшісі болдым. Сонда жүргенде американдар бойын сергіту үшін бәрі жиналып қатарға тұра қалып, «Микки маус» пен «Том және Джерридің» әндерін айтатынын байқадым. Міне, мультфильм адамдарға қандай сана қалыптастырып тастайтынын осылардың әрекетінен-ақ байқайсыз.
Тағы бір қызық айтайын, кезінде Америкадағы Ақ үйдің әкімшілігі, Пентагон, ЦРУ Голливудқа мультфильм түсіруге тікелей ақша бөліп отырған екен. Қазір де бөліп отырады. Голливуд өзгенің ақшасына қарап қалған бейшара студия емес. Керісінше, өзі өзгеге ақша беретіндей жағдайда. Сөйте тұра, Голливудқа ақша бөліп отырған. Ондағы мақсаттары сол кездегі КСРО-ны басып озу болған. Яғни «америкалық» деген идеологияны өркендету үшін. Ал Пентагон не үшін ақша бөледі дейсіз ғой?! Аниматорлардың қиялы тым тереңге кетеді екен. Олардың қиялы қару-жарақ жасайтын арнайы ғылыми институттардан да асып түсетін көрінеді. Яғни Пентагон аниматорлардың қиялынан туған қару-жарақтарды, солардың идеясын ғалымдарға ұсынады екен. Осындай қару жасауға бола ма, жоқ па дегендей. Олар дәп сондай болмаса да, соған ұқсатып соғыс технологияларын ойлап табады. Көзге көрінбейтін ұшақ, әскери роботтар деген дүниелердің бәрі осындай қиялдан туса керек. Осылайша, көбіне олар өздерімен терезесі тең елдерден озық тұрады.
Міне, бізге де мультфильмді идеологиялық қару ретінде қалыптастырып, осы бағытта жұмыс істеуіміз керек. Оған тек балалардың дүниесі деп қарауға болмайды.
– Шетелдің мультфильм индустриясынан біз қаншалық қалып қойдық? Қалай ойлайсыз, оларға жақын арада жету мүмкін бе?
– Біз Америкадан мультфильм жасау жағынан жүз жылға қалып қойдық. Мен ғылыми тұрғыда зерттеу жасап көрдім, сондағы көз жеткізгенім – 2D форматтағы мультфильм бойынша дамылсыз жұмыс істегенде және мемлекеттің қолдауына ие болған жағдайда біз Американы – үш жылда, ал 3D форматта кемі бес жылдың ішінде қуып жете алады екенбіз. Ресей болса, кино саласын мемлекеттің қолдауымен жақсы дамытып алды. Бұл салаға биліктің өзі араласып, кино туралы заң шығарып, мемлекеттен қыруар қаржы бөлінді.
Осыған алғашқы жылдары «бұлардың пайдасынан шығыны көп. Ақша бөлудің қаншалықты қажеті бар, бұған дейін де өздерімен-өздері күндерін көріп келді ғой» деген желеумен Дума депутаттары наразылық білдіре бастады. Бірақ Кремльдегілер олармен келіспеді, қаржыландыруды тоқтатпады. Сөйтіп, түрлі сериалдар мен анимациялық фильмдер лек-легімен шыға берді. Кейін Ресей қазынасы сол кинолардың шығынынан бөлек 4 миллиардтан астам АҚШ доллары көлемінде пайда таба бастаған.
– Біздің мультипликаторлар біліктілігін арттыру үшін шетелге барып тұра ма? Қазіргі қазақ мультфильмдерінің сапасы сын көтермей тұрғандығының бір белгісі – тәжірибе алмасудың жоқтығынан емес пе?
– Шетелге барып көре бергеннен пайда жоқ. Керісінше, біз сол жақтан мықты мамандарды арнайы шақыртуымыз қажет. Олар осында келіп оқытсын, үйретсін. Біздікілер шетелге барса, олардың кілті аспанда болады. Ал осында келетін болса, олар өз қызметтерін ұятқа қалмау үшін жасайды.
– Әңгімеңізге рақмет! Бұйыртса, бұл әңгімеміз жоғарыдағыларға жетер...
Оқшау ой
Мультфильм – сананы қалыптастыратын үлкен идеологиялық қару. Сондықтан да егер біз мультфильмді қолға бүгіннен алмасақ, 50 жылдан кейін біздің ұрпақ моламыздың басына келіп жынойнақ жасайды, о баста дұрыс тәрбие бере алмағандығымыздан. Біздің фольклорымыз ертегі кейіпкерлеріне бай. Көлтаусар, таусоғарларымызды бүгінде шетелдіктер пайдаланып кетіп жатыр. Сондықтан да оны өзіміз ертерек кәдеге жаратуымыз керек. Ал осы мәселені кешіктірмей, мемлекет болып қолға алатын болсақ, онда 500 жыл өтсе де, ұрпағымыз басымызға келіп Құран оқып тұратын болады. Ұрпағының «технологияның дамыған заманында да бабаларымыз дұрыс дүние жасай алмапты ғой» дегені кімге жақсы?





