«Біз екеуміз Шмагамыз» деуші еді Мұқағали...
Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА, Қазақстанның Халық әртісі:
...1950 жылдардың басы еді. Екеуміз де радиода істейміз. Ол – диктор, мен – әнші. Мұқағали, кейін білгенімдей, сол кезде институтта оқиды екен, мен консерваторияның студенті едім. Таңертең жұмысқа ерте келеміз. Мұқағали хабарлар оқиды. Сосын концерт береміз. Ол кезде қазіргідей дыбысты жазып алып, кезек-кезек беріп отыру деген жоқ. Бәрі тікелей эфир арқылы жүреді.
Қалжыңбас еді. Өр еді. Мінезі тік екені аңғарылатын. Көңіліне әлдене жақпай қалса, дереу айтып тастайтын.
Мені қатты сыйлайтын. Өнерімді де, өзімді де қадірлейтін. Кездесе қалсақ, мені иығымнан құшақтап: «Біз екеуміз Шмагамыз ғой», – деп күлуші еді. Алғашында неге Шмагамыз дейді екен деп біліңкіремей жүрдім. Сөйтсем, «Без вины виновата» дейтін орыс спектаклінде бар образ екен бұл. Бос жүрген, кедей, жағдайы жоқ адам. Бір күні сол қойылымға арнайы барып көрдім. Шмага, былайша айтқанда, жағымды кейіпкер емес. Мұқағалидың мені неге осы кейіпкерге ұқсатқанына түсінбегеніммен, кейін екеуміздің де сол кезде қосымша жұмыс істеп, нан тауып жүргенімізге байланысты айтқанын аңғардым.
Өз басым Мұқағали туралы түрлі әңгіме естігеніммен, оның нашар мінезін көрген емеспін. Қашанда күліп жүретін еді. Өзіне жарасымды жымиыспен күлетіні бар-ды. Шашы қалың еді, дода-дода болып жүретін. Жұрттың шырқын бұзып, бейберекет сөйлеген кезін көрген жоқпын. Мұқағалидың өзі маған өлең арнағанын айтқан емес. Мұқағалидың да, Жұбан Молдағалиевтің де маған өлең арнағанын кейін ол кісілер марқұм болып кеткенде бір-ақ білдім ғой.
Мұқағали өз уақытында көп бағаланған жоқ. Мұқағали, Оспанхан Әубәкіров... Бұл кісілер әлемге сыймай жүруші еді. Бәлкім, Мұқағали сөйтіп асып-тасып, арнасынан төгіліп жүрмесе, артында қазір қалың жұрт сүйіп оқитын өлеңдері қалмас па еді... Қалай дегенде де, ақынды түсіну қиын ғой.
Есей Жеңісұлының сұхбатынан ықшамдалып алынды.
(«Мұқағали» журналы, №1, 2005 жыл)