"Біз естімеген бір ән, бір күй" тыңдарманмен қауышпақ...
«Ел іші — өнер кеніші» демекші, халықтың арасында қаншама ғаламат дүниелер көмескіде қалып жатыр десеңізші?! Осыдан біраз бұрын Күнгейде қолға алынған «Біз естімеген бір ән, бір күй» жобасы елдің қазынасын халықпен қайта қауыштыруда хал-қадерінше жұмыс жүргізді. Жақында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Ә.Бектаевтың төрағалығымен халық әндері, терме-толғаулары, күйлері мен композиторларының шығармаларын жинақтау, нотаға түсіру, үнтаспаға жазу және арнайы кітап етіп шығаруға байланысты өткен жиында көкейтесті мәселелер қаралып, осы бағытта жұмыс жүргізген топтың есебі тыңдалды.
Әли БЕКТАЕВ, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:
– Қазақтың әр өңірінің өзіндік ерекшелігіне сай дәстүрлі әндері, толғау, жырлары, термелері бар. Оны ыждағаттықпен жинап, халыққа қайтару тәуелсіздік жылдарындағы қазақ баласының мойнына артылған міндет. Сондықтан сала мамандары әлі де халық арасында, жиын-тойда айтылып жүрсе де, кеңінен таралып үлгермеген дүниелерді жинақтауды қолға алған болатын. 3-4 ай көлеміндегі атқарылған шаруалар өз жемісін берді. Міне, сол бабалар негізін салған дәстүрлі ән өнерінің мақамын бұзбай, өңдеп халыққа жеткізуді өзімізге мәртебе санадық
Облыстық мәдениет басқармасының ұйытқы болуымен облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы, саз колледжі сынды өнер ұжымдарының мамандары, белгілі музыкатанушы ғалымдар, күйшілер мен әншілерден құралған топ аудан-ауылдарды аралап, халық арасынан 950-ге жуық шығармалардың жинақталуына ұйытқы болған. Жиын барысында Әли Әбдікәрімұлы Оңтүстіктің әндері Алтайдың, Арқаның, Батыстың, Сырдың, Жетісудың әуендері секілді бояуы қанық, кең тынысты, мақам саздары қалыптасқанын айта отырып, өлкемізде ежелден өзіндік орындаушылық мектебі қалыптасқанын, өнерде де өз өрнегі бар екеніне тоқталды.
Нұрлан ӘДІЛХАНОВ, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры:
– Бүгінге дейін орталыққа жинақталған халық әндерінің саны — 114. Оның 105-нің нотасы бар. Жиырмасы жаңадан нотаға түсірілді. Ал композиторлардың жинақталған әндері — 528. Оның ішінде 140-ы іріктеуден өтіп, 12-сі өңделіп, 105 әннің нотасы жаңадан жазылды. Оңтүстікте көп таралғаны шертпе күй мектебі десек болады. Осы негізде 150-ден астам күй жинақталды. Оның 135-і іріктеліп, 39 күй нотаға түсірілді. Әйгілі термешілер тудырған өлкеде жұртты ынтымақ-бірлікке шақыратын термелер де молшылық. Міне, сондай 160-тан астам терме-толғау жинақталып, оның ішінде 130-ы іріктеліп, 57-сі нотаға түсірілді. Алдағы уақытта жинақтау жұмысы онан әрі жалғаса бермек.
Қуантарлығы, ұмыт болып бара жатқан бабалар мұрасын қайта жаңғырту, Оңтүстік өңірінен шыққан көрнекті тұлғалардың қолжазбаларын, ән, күй, жыр-термелерін халық жадында қалдыру, орындаушыларға қолдау көрсету және талантты дарын иелерін жарыққа шығару, дәріптеу ұлттық өнерімізді өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау мақсатында 17 мамырда Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда «Біз естімеген бір ән, бір күй» облыстық байқауы өтеді. Ол үшін ел құлағына жете қоймаған халық әндерін облыстық мәдениет басқармасына әкелсеңіз болғаны, халық шығармашылығына қосқан үлесіңіз мәңгілік ел қазынасында сақталары хақ.
Халық фольклорын тану үлкен дайындықты қажет етеді. Мұнда жүрдім-бардым, салдыр-салақтық танытуға болмайды. Музыкатанушы Райымқұл Темірбаев әр өңірдің халық әндері әлі де болса толық жүйеленіп бітпегенін, орындаушылардың да бір әнді сан құбылтып, әуелгі әуенін бұзып жүргендігін айтып, ел арасында қалай айтылса, солай нотаға түсіру керектігін ортаға салды. «Мәселен, «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы бір бағдарламада жас музыкант «Қоғалы–ай» әнін Торғай өңірінікі депті. Кейіннен сол бағдарламаға барып ол туындының Оңтүстік өлкесінің әні екендігіне тарихи дәлелдер көрсетіп, көздерін жеткіздім»,— дейді ол.
Тағы бір айта кетерлігі, халық арасынан шыққан өнер туындыларының насихаты ақсап тұр. Себебі, бүгінде газеттерді қоспағанда отандық телеарналарда ұлттық ән өнерінің, оның ішінде, дәстүрлі ән өнері, толғау-терме, күйлерге берілген эфир уақыты қысқа екендігін тілге тиек еткен сала мамандары, ұлттық руханиятымызды көтеру үшін жақсы жарнама керектігін атап өтті. Бұл мақсатта республикада дәстүрлі БАҚ-тан тыс әлеуметтік желілерде де жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, республикада «В контакте» әлеуметтік желісінде «http://vk.com/dasturlі_ander тобы» тыңдарман назарына ғасырлап жеткен қазақтың халық әндері мен халық композиторларының әндерін ұсынып келеді екен.
Әрине, бұл жоба республикада алғаш болып күнгей өлкеден бастау алғаны кісі қуантарлық жағдай. Сондықтан оның жалғасы болатыны анық. Әнші Сапарәлі Серікбаев, саз коллеждінің оқытушысы Ардамұрат Көшербаев, Әлімжан Серікбаев, Сайрам аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сейдолла Темірбаев дәстүрлі өнер туралы ойларын ортаға салды. Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев өнер саласының басшыларына, өнертанушыларға ағымдағы жылдың мамыр айында ауыл-аймақтан жинақталып, нотаға, оркестрге түсірілген туындыларды тыңдарман назарына ұсынуды міндеттеді.
Иә, ауылдағы сауыншы жеңгейлер мен той-томалақтың өлеңші, жыршысы атанған әжелердің көмейінде жүрген, алысқа ұзай алмаған қаншама қазақтың әні мен жыры бар. Сүйрік саусақтың қағысында қалып, тоғыз перне, екі ішекпен ауыл кешін думанды етіп жүрген қаншама күйлер тартылмай жүр? Міне, сол көмескіде жатқан көркем туындыларды жарыққа шығаруға ұлт болып ұйысуымыз керек-ақ.