Бізде неге балаларға арналған тәрбиелік сайттар жоқ?
...Осыдан он жыл бұрын қазақ даласындағы кез келген мегаполисте тұратын әлдебір танысыңды кез келген сәтте іздеп табу қиямет-қайым болатын. Дәл сол кездері енді бір бес-он жылда іздегеніңді ұялы телефон арқылы қапысыз тауып, интернет арқылы қиналмай сөйлесе береміз деп ойладық па? Жоқ!
Электронды байланыс құралдары мен ұялы байланыс Ыбырай атамыз жырлаған «айшылық алыс жерлерден айтқызбай хабар алдырған» кереметіңіз, міне – осы! Қалтафоннан таппаған танысыңыз, майл.рудың агентінде отырады немесе интернет иірімінің бір түкпірінде ол туралы нақты ақпарат кездестіре аласыз. Қош делік. Енді алдағы бес-он жылда виртуал-интернет әлемінде қазір біз ойлап, қиялдай алмайтын керемет жаңалықтар болып жатпасына кім кепіл? Ал біз – таңнан кешке дейін Ресейдің www.mail.ru әлеуметтік пошта желісі ұсынған тегін тілдескіші арқылы, ұялы телефон арқылы жұмысыңды да, бизнесіңді де шешуге дағдылана бастаған қазақ келер онжылдықтағы өзгерістерге әзірміз бе?
Мәселен, қазір балабақшалар мен бастауыш сыныпта оқитын балдырғандарымыз ертең есейе келе, бүгінгі кітап оқымайтын ұрпақтың анық ізбасары болары сөзсіз. Қазір кез келген мектеп оқушысы таңнан кешке дейін әлгі атышулы агентте отырады! Ертең «агентщик» балалардың жеке-жеке блогы, сайты болары анық…
Осы жайттарды салмақтап қарап отырсақ, Қазақстанда балаларға арналған арнайы сайт жоқтығы туралы мәселе көлденең шыға келеді. Неге бүкіл дүниежүзі алты жас пен он екі жас аралығындағы бала-шағасын тәрбиелеу үшін ашып қойған сайттар бізде жоқ?! Әлде электронды тәрбие құралдары, насихат, ақпарат қазаққа жат па? Интернеттің іздеу қызметі арқылы «қазақ тілінде балаларға арналған сайт» деп іздестіріп көрсеңіз, ештеңе таппайсыз. Ал орыс тілінде жазып, іздеп көріңіз. «Дети сети.ру», «Мурзилка.ру», «Теремок.ру» деп басталып, жиырма шақты сайт айқара ашылады. Ішіне бас сұқсаңыз, кірсе шыққысыз. Көршілеріміз бала тәрбиесін басқадан артық игерген. Ал ағылшын, неміс, қытай тіліндегі балаларға арналған сайттар тіпті біздің ел болып жабыла жасаған керемет сайттарымызды он орап алады!
«Баланы – жастан…» деп, «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп мақалдауға әуес бола тұрып, неге балаларға арналған бір сайтымыз жоқ?! Тәрбиенің жаңаша үрдістері классикалық кітап арқылы, балабақша арқылы тәрбиелеуден басып озып бара жатқанда, біз неге сол жаңалықтарды игеруге талпынбаймыз?! Қазір мектеп қабырғасында оқып жүрген балалардың барлығы дерлік ұялы телефондағы «агент» арқылы әңгіме-дүкен құрып, уақыт өлтіретінін жоғарыда айттық. Бала түгіл бойжеткендер мен бозбалалар, ересектер де осы тегін тілдескіштің тетігін еркін игерген қазір. Пайдасы да бар, ал зияны шаш-етектен! Бұл туралы, әрине, әңгіме бөлек. Оның үстіне, интернеттің әлеуметтік-психологиялық зияны мен денсаулыққа, ойлау жүйесіне тигізетін кері әсері туралы қазақ тілінде ақпарат та тапшы. Ал жазу мен әңгімелесуді агент арқылы үйренген бала күні ертең кім болып шығады? Өзге елдің өнегелі, өрелі дүниеге және біздің танымға жат дүниеге бала жастан бой алдырған балдырғанды буыны қатқан соң үйіріне қайта қоса алмасымыз анық…
Қамбар АХМЕТОВ, «БАҚ.КЗ» ақпараттық порталының бас редакторы:
– Қазіргі балалардың барлығы дерлік интернетте отырады. Қызметтегі үлкендердің дені интернетті пайдаланады. Компьютерлендіру күн санап дамып барады. Келер жылдары кеңжолақты интернет ауылдық жерлерді қамтымақ деп жоспарлануда. Қала баласы интернеттің иіріміне түсіп кеткен, енді ауыл баласы осыған дайындалып отыр. Үкімет тарапынан қолға алып, бақылау жасамаса, жас ұрпаққа тәрбие ісін беруде орны толмас олқылықтар кетіп қалуы әбден мүмкін.