Біздің қазақтың «әй, қап» демейтұғын қай ісі бар?
Қазақтың жалпыұлттық журналы атанған «Айқапқа» биыл бір ғасыр толып отыр. Қазақтың жаншылған рухын серпілту үшін дүниеге келген осынау басылымның деңгейіне әлі ешбір қазақ журналы көтеріле қойған жоқ десек, артық айтқанымыз емес. Себебі «Айқап» сол кездегі қазақтың қотырына – дәру, жарасына дауа болған журнал. Оның үстіне бүгінде Тәуелсіздігімізді алған тұстың өзінде бірде-бір қазақ журналы жалпыұлттық атанып, халықтың сұранысына соншалықты ие болып отырған жоқ. Бұл жағынан «Айқаптың» орны ерекше. Дәл осы кезеңде қазақ баспасөзі тағы бір басылымға толықты. Ол «Қазақстан» газеті еді. Қазақты «қырғыз» деп жүрген кезде «Қазақстан» деп жар салып шыққан газет атауының өзі басылымның мақсат-мүддесінен хабар береді. Ұлттық мүддені көздеп, мақсаты бір болған осындай журнал мен газетке биыл 100 жыл толыпты.
Кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті осыған байланысты «Мерзімді баспасөз эволюциясы: адамзаттық құндылықтар мен елдік мүдде мәселелері» атты конференция өткізді. Жиынға қатысқан ЕҰУ проректоры Дихан Қамзабекұлы, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Ханкелді Әбжанов, «Отырар» кітапханасы ғылыми-зерттеу орталығының директоры Тұрсын Жұртбай, журналистика және саясаттану факультетінің деканы Намазалы Омашев мерейтойы болып отырған газет пен журналдың, оның ғана емес, жалпы қазақ баспасөзінің қыр-сырын, журналистика ғылымының өзекті мәселелерін ашып берді.
«Біздің қазақтың «әй, қап!» демейтұғын қай ісі бар? Газет шығармақшы болдық, қолымыздан келмеді. Пұлы барларымыз ынтымақтаса алмадық. Пұлы жоқтарымыз ынтымақтассақ та, ақшасыз істің жөні табылмады. «Қап, пұлдың жоқтығы, қолдың қысқалығы-ай» дедік. Жақсы жерлерімізді қолда сақтау үшін қала салмақ болдық. Басымыз қосылмады. Қолайлы жерлер қолдан кетті. «Қап, ынтымақсыздығымыз-ай» дедік. Болыс, би, ауылнай боламыз деп таластық, қырылыстық. Жеңілгеніміз жеңген жағымызға: «ендігі сайлауда көреміз, қап, бәлем-ай!» дедік. Осындай біздің қазақтың неше жерде «қап» дегізген қапияда өткен істеріміз көп болған соң, журналымыз да өкінішімізге лайық «Айқап» болды», – деп журналдың редакторы Мұхамеджан Сералин басылымның тұңғыш санында атауына қатысты осындай қысқаша түсінік бере кетеді. Мұны жазып отырған себебіміз, өкінішке қарай, М.Сералиннің «Біздің қазақтың «әй, қап!» демейтұғын қай ісі бар?» деген сөзі әлі күнге дейін өзектілігін жоймай келе жатыр.
Енді журналистика ғылымының өзіндегі проблемаға келер болсақ, Намазалы Омашевтің айтуынша, Үшкілтай Сұбханбердинаның жинақтап шығарған «Айқап» журналының өзі әлі толық емес. Оны толықтыратын ешкімнен ынта байқалмайды. Ал он сегіз шақты нөмірі шыққан «Қазақстан» газетінің басын әлі күнге дейін құрай алмай отырғанымыз тағы бар. Бұл – қазақ баспасөзі тарихымыздың жарымжан екендігінің айғағы. Оны қазақ баспасөзін зерттеуге тер төккен, сол үшін бірталай мұрағаттың табалдырығын тоздырып жүрген «Астана» журналының редакторы Мақсат Тәж-Мұраттың өзі мойындап отыр.
«Қазақстан» газетінің 18 нөмірі шыққан. Оның екеуі жоғалып кетіп, 16-сы ғана қалған екен. Ол Санкт-Петербургтің Салтыков-Щедрин мұрағатында сақталған. 90-жылдардың басында Ғұмар Қарашты зерттеп жүріп, Санкт-Петербургке бардым. Бір мақсатым – «Қазақстанды» іздеп табу. Бұған дейін еліміздің Кітап палатасы газеттің фотокөшірмесін алдырған еді. Ол көшірмелер сапасыз, оқуға жарамайды. Содан әлгі мұрағаттағы адамдар «Қазақстан» газетіне байланысты анда жіберіп, мұнда жіберіп, сабылтып қойды. Ақыр аяғында неше түрлі сылтаумен ол газеттер жоқ болып шықты. Каталогта тұрғанымен, өзі «табылмай» қойды. Қысқасы, бергісі келмеді. Міне, сөйтіп, өзгенің қолында кеткен өзіміздің дүниемізді ала алмай отырмыз», – дейді Мақсат Тәж-Мұрат. Оның айтуынша, бұл газеттің бір ғана нөмірі Алматыдағы Орталық академиялық ғылыми кітапханада тұрған екен. Осыдан алты-жеті жыл бұрын газеттің ол нөмірі де қолды болып, табылмай кеткен көрінеді. Қазіргі уақытта «Қазақстан» газетінің қолда бірде-бір түпнұсқасы жоқ. Өзгелер бұл қылығымызды көрсе, «бұл не деген салғырттық» дейтін шығар.
Жиында айтылған тағы бір мәселе – қазақ баспасөзінің, Алаш көсемсөзінің бүгінгі таңда тек тарихшы, мәдениеттанушы, саясаттанушылар тұрғысынан ғана зерттеліп жатқандығы. «Баспасөз журналистика ғылымының объектісі емес пе?! Осы жағынан келгенде, бізде ондай зерттеулер өте аз», – дейді Намазалы Омашев. Ол бұл тұрғыдан зерттелген Қайыржан Бекхожиннің сары ала кітабы – «Қазақ баспасөзі тарихы» еңбегін ғана атауға болатынын айтты. Одан басқаларының бәрі осы кітапты қайталау ғана деп есептейді ғалым. «Әр баспасөздің тарихын шындыққа сүйеніп жеткізу – біздің борышымыз, міндетіміз. Арыстарымыздың еңбектерін қозғаусыз, сол қалпында қалдыру – біз үшін үлкен сын», – дейді ол.
Міне, ел болып, етек-жеңімізді жинадық дегенімізбен, ғылымымыз ойдағыдай болмай тұр. Мемлекет болып қолға алмаса, қазақ журналистикасы ғылымының тасы өрге домалайды деу – бекершілік.