Болашақ баспагерлер шетелде де шыңдала алады
Бүгінгі таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тәуелсіз Қазақстанның кадрлер дайындайтын негізгі орталығының бірі деуге әбден болады.
Университетімізде болған ірі құрылымдық өзгерістердің нәтижесінде кафедралар ірілендіріліп, білім мен ғылымды, инновацияны дамытуға нақты бағыт алды. Бұл бағыттар факультеттің, кафедраның және әрбір оқытушының индикативті жоспарында оқу жылының басынан бастап белгіленді. Индикативті жоспарға сәйкес қызмет атқарған оқытушылардың жыл соңындағы сандық көрсеткіштері де нәтижелі болмақ. Нақты нәтижеге бағытталған осындай менеджмент жүйесін таңдаған оқу орнында шын мәнісіндегі жаңару, жандану құбылысы орын алған.
Баспа ісі мамандығы – университетте 1998 жылдан бастап ашылып, еліміздің баспагер-редактор кадрлерін даярлауға елеулі үлесін қосып келе жатқан, өзіндік ерекшеліктері бар мамандықтардың бірі. Ол 1976 жылы құрылған журналистік шеберлік және әдеби редакциялау кафедрасы негізінде тұсауын кесті. Қазіргі кезде кафедра баспа ісі және дизайн кафедрасы деп аталады. Заман талабына сай, кітап редакторы тек қана мәтінді редакциялаумен шектелмей, кітаптың немесе баспа өнімінің техникалық және көркемдік безендірілу шеберлігін де үйренуге тиіс. Осы мақсатта кафедра 2011 жылы екінші дизайн мамандығын ашты. Ең бастысы – осы мамандыққа оқуға келетін жастардың редакторлықтың, баспагерліктің, дизайнерліктің қыр-сырларын үйренуге деген құлшынысының болуы аса маңызды болып табылады.
2010 жылдан бастап кафедра республикалық дәрежеде «Болашақ баспагер-редактор» байқауын өткізуді дәстүрге айналдырды. Байқаудың мақсаты – мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру, олардың баспа ісі жөніндегі түсінік-танымын кеңейту, кітап дайындау, шығару, тарату кәсібіне баулу, баспа ісі және редакциялау, дизайн мамандықтарына қызығушылығын ояту. Бұл байқауды өткізудің нәтижесінде осы мамандыққа шын мәнінде қызығушылық білдірген жастар пайда болуда.
Биылғы оқу жылында кафедра өзінің жұмысын жастарды ғылыми-зерттеуге баулуға және баспагер-редактор әрі дизайн мамандығының қыр-сырларын үйретуге бағытталған үйірмелерді ашумен бастады. Бұл үйірмелерді ашудағы мақсат – кафедраның әрбір студентін осы үйірмелердің жұмысына тарту, бос уақыттарында да олардың өнер-білімге қызығушылығын арттыру.
Кафедраның үйірмелері болашақ баспагерлердің көрнекті ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің, жазушылардың өмірі мен шығармашылығын зерттеуіне үлкен мән береді. Мысалы, биыл кафедрамыздың негізін қалаған ғалым, ұстаз, профессор Т.С. Амандосовтың туғанына 90 жыл толуына орай студенттер арасында ғалымның өмірі мен еңбектері жөнінде ғылыми-зерттеу жұмысын жазу, жас ақындар арасында жыр мүшәйрасын өткізуден бастап жазған оқулықтарын, мақалаларын қайта жаңғыртып шығару жұмыстарына дейін қолға алынды.
Жыл сайын кафедра студенттері «Серік Әбдірайымұлы оқулары» атты апталықты да асыға күтеді. Серік Әбдірайымұлы – осы кафедраның студенттеріне бірнеше жыл бойы дәріс берген, елге танымал публицист, «Санат» баспасының негізін қалап, республикадағы кітап басу ісінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған белгілі баспагер, көрнекті журналист және қоғам қайраткері.
Белгілі ғалым, тарихшы Мәмбет Қойгелдімен студенттердің кездесу, сұхбаттасу кеші де өте мазмұнды және әсерлі өтті. Кафедра сонымен бірге Қазақстандағы жетекші баспалардың ұжымымен кездесіп отыруды дәстүрге айналдырған. Белгілі редакторлардың, баспагерлердің арнайы келіп өткізетін шеберлік сыныптарын да студенттер жоғары бағалайды.
Жазу шеберлігін шыңдауға арналған арнаулы пәндер де жыл сайын оқу бағдарламасына енгізіледі. Мысалы, жазу машығы, редакциялаудың логикалық негіздері атты практикалық сабақтар – болашақ баспагерлер үшін нағыз шеберлікті шыңдау мектебі.
Студенттердің шығармашылық жағынан шыңдалуына ықпал ету мақсатында кафедрада «Менің ертегім» атты жоба дүниеге келіп, студенттер өз шығармаларын өздері кітап етіп шығарып, оның суретін де өздері салып, жыл сайын өнімдерін университетте өтетін кітап көрмелеріне қойып жүр. Биылғы оқу жылында орыс бөліміне түскен студенттер де «Менің ертегім» жобасын орыс тілінде жазып дайындады.
Сонымен қатар студенттердің жыл сайын өткізілетін ғылыми-зерттеу конференцияларында да кафедра студенттері Қазақстандағы кітап ісінің өзекті мәселелері туралы, шетелдік жазушылардың кітаптары бойынша өз ойларын ортаға салып, талқылайды.
Мемлекетіміздің басшысы ұлттық университеттердің алдына аса ауқымды міндеттер қойып отыр. Осы тұрғыда университетіміздің негізгі үш даму бағыттары ретінде: басқару жүйесі, білім беру үдерісі және заманауи талаптарға сай ғылым жүйесі анықталды. Зерттеу университеті қазіргі қоғамның жаңаша білім алған мамандарға сұранысын қанағаттандыруға, ғылыми жетістіктерді экономиканың нақты бағыттарында жүзеге асыруға және еліміздің адамзаттық құндылықтарын қалыптастыруға қызмет етуі тиіс. Ғылым мен білімді және инновацияны шоғырландыру негізінде алдымызға қойылып отырған ең басты міндет – университет түлектерінің дүниежүзінің еңбек нарығында сұранысқа ие болуы.
Жастардың мұндай сұранысқа ие болуы үшін қазір университетімізде шетелдердің алдыңғы қатарлы оқу орындарымен халықаралық қатынастар жүзеге асырылуда. Соның бір жарқын көрінісі – баспа ісі мамандығы бойынша оқитын студенттер шетелдік баспагерлермен онлайн жүйесі арқылы сұхбаттасты. Онлайн конференция ағылшын және қазақ тілідерінде жүргізілді. Американың Флорида штатында тұратын баспагер әрі белгілі ғалымдар Джейн Вуд пен Фрэнсис Кейсер студенттердің сұрақтарына аса үлкен ыждағаттылықпен жауап берді. Америкалық жастардың қандай кітаптарды көбірек оқитындығы, ондағы кітаптың бағасы мен таратылу жүйесі туралы сұрақтарға біздің студенттер толыққанды жауаптар алып, бұл кездесуден үлкен әсер алды. Америкалық баспагерлердің айтуы бойынша, қазір Американың білім беру жүйесі электронды кітаптарды пайдалануға көшуде. Осындай шаралар студенттердің өз алдына нақты мақсат қоя білуіне, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуіне ықпал етеді.
Ұлы ақын Абай Құнанбаев та өзінің отыз екінші қарасөзінде: «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі. Шала мейір шала байқайды. Екінші – ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек» деп, білім-ғылымды үйренуге адам баласы адал ниетімен кірісуі қажеттігін айтады.
Жаңадан қабылданған «Ғылым туралы» Заңда да ұлы ақын айтқандай, білім мен ғылымға шын көңілмен мақсат қойып, содан дұрыс нәтиже шығару үшін еңбектену қажеттігі айтылады.
Баспагер-редактор мамандығы, ең алдымен, тіл сауаттылығын, жан-жақты білімдарлықты қалайды. Шетел баспагерлерімен өткен кездесуде бір студентіміз: «Америкадағы сіздің баспаңыздан тәжірибеден өтуге бола ма?» деп сұрақ қойды. Иә, студенттердің тарапынан мұндай ұмтылыс болса, өте қуанарлық жағдай. Өйткені бүгінгі күннің талабы да сол: жастар білім мен ғылыммен шұғылдануға бейім болса, ұлы Абай бабамыз айтқандай, ғылымға «шын мейірленсе», сонда ғана еліміз дүниежүзінің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің қатарына қосылады.
Б.ӘСЕМБАЕВА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ баспа ісі және дизайн кафедрасы меңгерушісінің орынбасары