Болат БОПАЙҰЛЫ, жазушы-этнограф: Қазақ Наурызды Уыз мереке деп атаған
Жер бетіндегі тіршілікке жан бітіріп, қайта түлететін төл жаңа жылымыз Наурыз да келіп жетті. Ұлтымыздың Ұлық меркесінде Жер Ананың тоңы жібіп, күннің көзі күлімдеп, айнала нұрланып адамзатты ерекше бір күйге бөлейді. Адамзаттың аузы аққа, малдың аузы көкке тиетін табиғаттың ең көркем мерекесі Наурызда қыс бойы сақтаған сүрін қазанға тоғытып, жеті түрлі дәмнен тіл үйірер көже пісіретін әжелеріміз өздерінің балалық шақтарында осынау әз Наурызды қалай тойлайтындарын әңгімелеп отыратын. Осындай көнекөз қариялардың көзін көріп, солармен тіледесіп, қазақтың төл жаңа жылы, салт-дәстүрі, ырым-тиымдары туралы зерттеп жүрген жазушы-этнограф Болат Бопайұлы «Алаш айнасының» тілшілерімен сұқбаттасып, Наурыз туралы біраз құнды деректерімен бөліскен еді.
– Болат аға, барша түркі тілдес халықтарға ортақ мереке Наурызды жылдан жылға төл жаңа жылымыз ретінде тұрақтандыруға талпынып келеміз. Шүкір, нәтиже де жоқ емес. Дегенмен шырша мен аяз ата, ақшақардың орнын Қызыр баба, Наурыз ханым, Ақпан-тоқпан толық баса алмай жатқан секілді...
– Наурыз мерекесі арғы тегіне баратын болсақ, рауаят бойынша Нұх пайғамбардан қалған деп айтылады. Адам ата мен Хауа анадан кейінгі адамдарды топан судан аман алып қалған Нұх пайғамбардың кемесі бір деректерде Қазығұрттың, тағы бір деректерде Жуда тауының басына тоқтаған деседі. Кемеде аман қалған тіршілік иелерінің жаңа өмірі осы күн мен түннің теңелген Ұлыстың ұлы күні басталады. Нұх пайғамбардың кемесінде топан судан аман қалған адамзат кемеде қалған жеті дәннен тілек көже жасап, айналаны балшықтан тазартып, бұлақ көзін ашып, қисайып қалған ағаштарды түзеп, бұтақтарын көбейтіп, бір-бірімен құшақтасып көріскен деседі. Бұл барша түркі халықтарына, жалпы мұсылман халықтарына ортақ үлкен мереке, біздің төл жаңа жылымыз.
Христиандарда ұлы мерке Рождество, будда дініндегілерде Шаған, мұсылмандарда Наурыз болып саналады. Алайда араб елдерінде Наурыз мереке деп қабылданбаса да, бұл мұсылмандыққа тән тазалық пен ізгілік, мейірім мен кешірім мерекесі.
Биыл еліміздің оңтүстігінде Наурыз мерекесі тоғыз күн тойланбақшы екен. Бұл өте жақсы қуанарлық жағдай. Әрбір мерекелік күнді тағзым күні, жүлен күні, бұлақ көзін ашу күні, тайқазан күні деп белгілепті.
Ұрпақ ауыса келе төл жаңа жылымыз христианның жаңа жылын ысырып, өз күнтізбемізге де келетін күн алда деп ойлаймын. Өйткені ұлтты ұлт ретінде сақтайтын салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тілі мен ділі. Ал дін имандылық үшін керек.
– Бүгінде кейінгі ұрпаққа Наурыз қаншалықты насихатталуда деп ойлайсыз?
– Осыдан жиырма жыл, он жыл, тіпті 2-3 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда Наурыз мерекесін атап өтуде, насихаттауда біршама алға жылжушылық бар. Біз наурызды мемлекет ретінде жаңа жыл деп қабылдауымыз керек. Мысалы Иран мемлекеті жаңа жылды 9 күн, ал Қытай 5 күн тойлайды. Біз Наурыз мерекесін тойлауда кейінгі жастарға үлгі болатындай әрекеттер жасауымыз керек. Өйткені Наурыз мерекесіне қатысты жастарға тәлім-тәрбие, өнеге боларлық мыңға тарта ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрып, наным-сенім, ырым-жырым, ойын-сауық, бата-тілек, спорттық ойындар бар. Айталық, наурызда христианның жаңа жылындағыдай шырша қиылмайды, қайта ағаш отырғызылады. Жас буын наурыз тойында ақсақалдардан бата алса,
тазалықпен айналысса, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетсе ғажап емес пе? Наурызды мемлекеттік тұрғыда жаңа жыл мерекесі мәртебесіне жеткізу үшін ұрпақтың санасына осы Ұлыстың ұлы күні туралы ізгілікті құя беруіміз керек. Барлық ұлттық шараларды, ақын-жазушыларымыз, жастарымызды, өнерпаздарымызды марапаттау салтанаттарын осы наурызға қарайластырып ұйымдастырған жөн. Өйткені материалдық құндылық рухани құндылықтың сыңар қанатындай. Егер халықты наурыз мерекесіне орай ынталандыра білсек, онда бірте-бірте жастарымыз шырша мен аяз атаны емес, наурыз мерекесін қуана күтетін болады.
– Байырғы қазақ халқының наурызды тойлауы туралы айтып беріңізші.
– Ата-бабаларымыз Наурызды уыз мереке деп атаған. Наурыз сөзі көп ғалымдардың айтуынша. парсы тілінен аударғанда «жаңа күн», «жаңа жыл» деген мағынаны білдіреді деп жүрміз ғой. Әрине, дұрыс, бірақ жаттанды сөздер. Байырғы қазақтар көктемнің осы айын уыз айы деп неге атаған? Өйткені осы айда төрт түлік мал төлдейді ғой, халықтың аузы аққа тиеді, малдың аузы көкке тиеді «Уыз – сүт сұлтаны, ақ ұлтаны», «уызға жарымаған өмірі ештеңеге жарымайды» деген мақал осындайдан қалған. Ата-бабаларымыздың мына бір өлеңінде осы уыз мерекесі тамаша суреттеледі:
Уыз айы туғанда, көкте ай толғанда,
Қозы, лақтар маңырап, қой мен қозы жамырап,
Рахаттанып қаласың, уызға қарын тойғанда.
Уыз айы болғанда, ай қараңғы солғанда,
Ақ көбейіп бұл маңда, қыраңдап бір қаларсың,
Уыз айда уыз бай, уызға келер қонақ сай
Уыз ішіп қыдырып, қонақ болып жүрдім жай,
Уыз айым керемет, қадірін мұның кім білед?
Уыз айда сары уыз ас орнына сол жүред.
Уыз айы келгенде қадірін оның білгенде,
Бәйбішелер қуанып сылқ-сылқ күлгенде
Уыз айы таңдайда балдай болып қалғанда
Келер жылы уыз ай қашан, шіркін, келер деп,
Сарыла бір тосқанда
Қозы, лақ жамырап, өрістен мал қосқанда,
Сары уыздай сарғайып қиял кезіп босқанда
Сағындырып уыз ай күткізеді санаңда
Уыз ай деп қазағым мал азабын ұмытқанда
Қайда қалар азабың мал уызын жұтқанда.
– Көз алдыңа тамаша көріністерді елестетін өлең екен...
– «Иә, мерекелі ел, берекелі ел» деп тегін айтылмаған ғой. Наурыз дейік, уыз дейік, бұл ұлттар мен ұлттарды, ұлыстарды жақындастыратын – алтын арқау, күміс тұтқа. Жалпы наурыз меркесіне мемлекет қайраткерлерінен бастап ақын-жазушылар, өнер иелері, әнші-жыраулар, күйші-бишілер, барлығымыз бір адамдай атсалысуымыз керек.
– Бір сөзіңізде болашақта төл күнтізбемізге көшетін күн де келеді деп қалдыңыз. Сіздің «Қазақтың аспан есебі» деген кітабыңызда халқымыздың жұлдызға қарап жорамал жасағаны туралы айтылады. Қазақ жұлдызшыларының есебінде ғылыми негіз бар ма?
– Бүгінде дүниежүзі Григориян күнтізбесі бойынша жүреді. Сондай-ақ Хамалия және Шәмси деген, яғни ай есебі, күн есебі деген күнтізбелер бар. Мұсылмандар ай есебімен жүреді. Біздің халқымыз күн есебін дұрыс деп санаған. Асқар тауды тұрақ ете жүріп, долы өзенді қуа жүріп, арқыратып ат мініп, ен дала төсінде малын баға жүріп бұлттың көшуіне, жұлдыздардың жымыңдауына, аңдардың ағылуына қарап ауа райын болжай білген дана халқымыз. Қазақ күнтізбесінде 24 амал, он үш тоғыз, табиғаттағы үлкен 7 белгісі, 13 мүшел жыл, бір ғасыр деген ұғымдар бар. Мысалы бүгін айдың он тоғызы. Бүгін кеште әз дейтін амал кіреді, аспан күңіренеді. «Әз болмай, мәз болмайды, шағала келмей, қаз болмайды» дейді қазақ мұндайда. Сол сияқты «таразы туса таң салқын, тары бидай піседі», «сүмбіле туса, су суыр» деп жұлдыздардың орналасуына орай күннің жылынатынын, суытатынын, жауын-шашынның боларын нақты біліп отырған . 24 амал жиырма төрт жұлдыздың орны. Осы амалдарды зерттеп жүргеніме 40 жыл болды. Халықтың амалға қатысты айтқан болжамдары айнымай келеді. Қазақ халқы қыстау, жайлау, күзеу секілді қоныстарына қашан көшу керектігін, қай уақытта жолға шығуға болатын, болмайтынын біліп отыратын. «Есепшінің есебі кісесінде, есепсіздің есебі тізесінде» деген сөз бар. Кісе деген есепшінің ауа райын болжаған кітабын салып қоятын дорбасы. Қажет уақытында осы кісесін ашып жіберіп, кітабына қарап жұлдыздардың амалын есептеп отырған. Кісе атадан балаға мұра болып отырған. Сондай-ақ адам баласы өзі компьютер сияқты ғой. Ауа райының бұзылатынын ағзасы сезеді, үлкен кісілер жауын-шашын боларда аяқ-қолым қақсайды деп жатады.
– Дана халқымыз табиғи апаттарды да алдын ала болжап біліп отырған ғой?
– Дұрыс айтасың. Бүгінде дамып кеткен Жапон елі алапат зілзаланы алдын ала болжай алмады ғой. Жалпы ата-бабаларымыздың зерделеуінше зілзаланың екі түрі бар. Бірі ғайыптан болатын сілкініс, екіншісі жер асты қопарылысы. Аспанда алқа жұлдыздар айналып тұрады. Күндердің бір күнінде алқадағы бір жұлдыз тартылып кетеді. Мәселен, түйелерді бір-біріне жалғап байлап жүргізіп қойсаң, біреуі тартып қалуы мүмкін ғой. Яғни жерге тартылыс күші беріледі. Бұл міне, ғайыптан болатын зілзала. Ал жер астындағы жанартулар, мұнай, газдар қопарылатын зілзаланың жөні бөлек. Осыдан кейін қазақты ғалым емес деп кім айта алады.
– Сонау ерте замандарда дәрі-дәрмек өндірілмеген уақытта ата-бабаларымыз өз денсаулықтарын қалай сақтаған?
– Таяуда менің «Қазақтың гүлтану мәдениеті» деген кітабым шығады. Бұл кітап алғаш Қытай жерінде шықты. Осы кітапты жазу барысында менің бір аңғарғаным халқымыз шөп біткеннің бәрі гүл, гүл біткеннің бәрі дәрі деп білген. Қай өсімдік қай уақытта гүлдейді, буыны қашан қатады, қай уақытта ойдың қара оты, қырдың көксірігі піседі, осының бәрін біліп отырған. Апа-әжелеріміз үйде отырып-ақ мал сойылғанда ішегінің ұзын, қысқалығына, майлы, майсыздығына, құмалағының қаттылығына қарап жайлаудағы шөптің піскен-піспегенін біле қояды екен. Шөп пісіп, дәріге айналған кезде малды апарып жая қояды. Одан кейін сол малдың еті де, сорпасы да, сүті де, ірімшік, майы да дәрі болып шыға келеді. Мысалы, үркерге қарап сорпа пісті деп болжаған. Біздің халқымыз ең саналы, ең сұлу, ең иманды, ең мәдениетті, көреген халық. Халқымыздың осы қарапайым күнделікті шаруашылықта пайдаланған әдіс-тәсілдері бүгінде кітап етіп жазылып, еңбектер қорғалып, оқулықтарға енгізілуі керек. Кезінде мал екеш малдың да сапасы керемет еді ғой. Қандай тұлпарлар болды қазақ даласында. Ал қан тазалығын, әлемде генетика деп жүрген саланы қазақ рулық жүйесімен сақтай білді. Ұрпағын да күші толысқан уақытта дүниеге әкелуге есеппен қараған халық.
– Аға, өзіңіз қазақтың ырым-тиымдарын да жақсы зерттедіңіз ғой. Қазіргі таңда осы ырымдар біздің өмірімізге қаншалықты қажет?
– Қазақтың ырымы қазақтың ғылымы деуге болады. Бұл халықтың наным-сенімі, тәлім-тәрбиесі. Ислам дініне дейінгі рулық, тайпалық кезеңде халықты осы ырым-тиымдар арқылы тәртіпке шақырып отырған қазақ. Қазір табиғатты қорғау үшін қат-қат қағаз шығарып, шегарамызды сым темірмен қоршап, қалың әскермен қорғаймыз. Ал бұрынғы кезде халқымыз баласына былай үйрететін.
«Торғай деген атым бар,
Бір жапырақ етім бар.
Жұмыртқамды шақсаңдар,
Әкең жауға кеткенде
Шешең өліп жетім қал, дейтін. Сондай-ақ көк шөпті жұлсаң көктей соласың дейтін. Мұны естіген бала қиянатқа бармайды. Меніңше, қазақтың ырымының жаманы жоқ. Бұл қажет деп ойлаймын.