"Бөлінген қаражатты мен ойлап тапқан жоқпын!": Сәкен Майғазиев өзіне таңылған сынға жауап берді
Соңғы күндері әлеуметтік желіде Шымкентте тойланған наурыздың бюджетіне қатысты дау болып жатыр. Ондағы таяқтың бір ұшы танымал әнші, «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы» МКҚК директоры Сәкен Майғазиевке де тиді. Алдымен "Шындық шалбарын кием дегенше, өтірік жарты әлемге жетіп үлгереді" деген әнші, келесі жазбасында түсінік беруге тырысқан. Сәкен Майғазиев: "Ассалаумағалайкум, ардақтыларым! Естіп те, көріп те жүрмін. Бүкіл әлемнің байлығын берем десе де, қасықтап жинаған абыройымды шелектеп төгуге келіспес ем. АЛЛАh - білуші. Мерекелік мәдени іс-шаралар кеше кешкісін мәресіне жетті. Жұртты жинап алып, жын ойнақ жасағандай көрсетудің қажеті жоқ, жақсылар. Шымкент қаласы Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты 19 мекеме атсалысқан 100-ден аса шараға бөлінген қаражатты мен ойлап тапқан жоқпын. Қала әкімі қолдап, орынбасарлары оңтайландырып, басқарма бекітіп, мәслихат мақұлдап, жұмыла жасалған жұмыс. Бүгінде Шымкент "жасыл" аймақта тұрған ҚАЗАҚСТАНдағы жалғыз қала. Елдің аузында жүрген сомма тек наурыз мерекесіне ғана қаралған қаржы емес. 572 миллион теңге (565 млн емес), жыл бойы мәдени іс-шаралар өткізуге бөлінген қаржы. Соның ішінде Наурыз мерекесінде 10 күн бойы өткен 103 іс-шараға 213 миллион теңге жұмсалды. Наурызға қатысты іс-шаралар наурыздың соңына дейін, тіпті сәуір айына дейін жалғасады. Айтайын дегенім, 213 миллион теңгенің өзі кейбір блогерлер жазып жатқандай 5-6 іс-шараға бөлінген жоқ. "Наурыз айтысқа" келейік. 40 миллион теңге "Наурыз айтыс" атты үлкен жобаға бөлінген қаржы. Оның ішінде 2 ауқымды іс-шара бар. Екі күндік ақындар айтысы, ақын-жазушылардың проза және поэзия бағыттары бойынша өткен байқауы мен мүшайрасын косыңыз. Бұл қаржының ішінде жүлде қоры, қатысушылар мен қазылар алқасының гонарары, олардың келу-кету мен орналастыру, тамақтану мен транспорт өзге де көптеген шығындары бар. Мемлекеттік сатып алу конкурсы бір көзден сатып алу тәртібімен өткізіліп, "Quraq group" компаниясының авторлық жобасы болғандықтан тікелей келісімшарт жасалды. Оның үстіне бұл іс-шараларды компания өз қаржысына өткізді. Біз бұл компаниямен сәуір айында есептесеміз. Жиһаз өндіру — бұл компания қызметінің бір ғана бағыты. Іс жүзінде ол мәдени іс-шаралар ұйымдастырумен де айналысады. Соның ішінде ақындар айтысын ұйымдастыруға лицензиясы бар. Бұл компания осындай іс-шараларды ұйымдастырып жүрген белгілі продюссерлермен бірлесіп жұмыс істейді. Наурыздағы барлық іс-шараларды санитарлық талаптарды қатаң сақталды. Бір сөзбен айтқанда, бөлінген бюджет бабамнан қалған қаржы емес...".
Осылай деген әншінің жазбасына пікір білдірушілердің саны көп. Олардың көп бөлігі карантин кезінде мұндай көлемдегі қаражатты жұмсап, мерекелік шаралар өткізгеніне қапалы. Олардың ішінде әлеуметтік желінің белсенді қолданушылары, блогерлер де бар. Мысалы, батыстық блогер, кәсіпкер Салтанат Серікболқызы: "Наурыз болды ма көшеде? Әр жерге әр жекеменшік киіз үй құрып, өздері ішіп, өздері жеп, жаттанды ән мен би билеп, алтыбақаннан өлдім түспейтін тобыр мен базардан сатып алып екі есеге сататын шар, ойыншық алаңына қызықпаймын. Сол ма наурыз?" десе, енді бірі, "Милон аз емеспа Сәкен Аға Наурызға Айтарым Елге пайдасы жоқ жайындарын жинастырып Ауырып шет елде Жатқан Өлімін күтіп жатқан сәбилерге Беріп Аман Алып қалайық деп Идия айтпайсыңдарма Емге ақша жеткізе Алмай әләуметік желіде күн сайын жылап көмек Сұрайды Адамдардан сондай Бауырларымыз баларымыз Қыйналып жатқанда Айтыс Наурыз тойлау не теңдерің Ақталып Қайтесіз Шынымен Ақ Адам Ақталмайды Сәкен Аға Мәдинетің ішіне Тек ән той күй емес кіретін рахмет!", тағы бірі, "Не деген ақша далаға шашылып жатқан, бір жыл концерт бермесе де көрмесек те өмір сүріп келеміз. Сол ақшаны жағдайы нашар отбасыларға бөлсеңіздер болмайды ма? Наурыз неге тойланады халық жағдайы мүшкіл кезде?, Қазақстанда ауру тарап жатса Шымкент неге бөлінеді жасыл аймақтамыз деп. Халықпен бірге неге отырмайды тыныш? Жоқ сол ақша қалталарын түртіп жатыр ма жоғарыдағылардың" деген сынды ойларын жазуда. Әрине арасында сүйікті әншілерін қолдап, оның "тазалығына" шек келтірмеген жанкүйерлері де бар.
ERNUR.KZ